Ешкіден пайда екі есе

3678
Adyrna.kz Telegram

Келешекте Қазақстан экспортқа шығаратын көптеген мал шаруашы­лығы өнім­дерімен көзге түсуі ықтимал. Со­ның бірі – ешкі. «Есің кетсе ешкі жи», деген ғой атамыз қазақ. Ешкі түлігін өсіру ел экономикасын көтеруге едәуір үлес қосады. Айтайын… Ешкі малы ежелден-ақ қазақ тұрмысында ерекше бағаланған. Оны көп жағдайда түлік басын көбейту мақсатында өсіреді. Өйткені, ешкі өте өсімтал жануар. Қой, сиыр орта есеппен жылына бір рет төлдесе, ешкі жылына екі рет, көбінесе егізден лақтайды. Қонақжай халқымыз ертеректе қонағына қой сойғаны болмаса, былайғы кезде шыртылдатып бөрте лақты жығатын. Ешкі еті қой етіне қарағанда тез қататыны рас. Бірақ, ол сіңімді әрі жеңіл, кенеуі де мол тағам.

Себебі, ешкі – табиғатынан шөптің шүйгінін, яғни 550-ден аса түрін жейтін, судың тазасын ішетін өте талғампаз мал. Алғашқы қар түскенде «аяз түсіп, соғым сойғанша» деп, халық ерекше күтімде тұрған бес-алты жасар серкені соятын. Сол тайыншадай серкеден сере қазыдай май түсетінін көнекөз қариялар жақсы біледі. Қазір осы жайлар ертегі сияқты. Ал серкенің терісінен иленіп, жүні сыртына қаратылып тігілетін тон, ішік жауын-шашынды күндері таптырмайтын киім. Қазіргі замандағы тау халықтары киетін сырт киім осы. Өйткені, ешкі жүні қылшықты болғандықтан, оған су сырғып тоқтамайды. Жауын-шашыны мол Қап, Балқан, Альпі және басқа таулы жерлердегі халықтардың ешкі терісінен тон киетіні осындайдан.

Ешкі жүнінің қасиетін жақсы білген қазақ қыста сыртта тоңазып, суық алып әбден әлсіреген, шалық ұрған адамдарды жаңа сойылған қара ешкінің терісіне ораудың мәнінің зор екенін білген. Осы тәсілді қолдану арқылы ауруынан құлан-таза айығып кеткендерді жиі кез­дестіруге болады. Сондай-ақ, өзіміздің күнде қолға ұстап жүрген домбы­раның шегі де көп жағдайда ешкінің ащы ішегінен жасалады.

Қазақта «Қойлы бай – қоралы бай, ешкілі бай – есепті бай» деген мәтел бар. Бұл халқымыздың ешкіні арнайы бір мақсатпен ұстайтынын, өсіретінін білдіріп тұрғандай. Енді халық ешкіні қандай мақсатпен ұстағанына тоқталайық. Біріншіден – сүті, екіншіден – еті, үшіншіден – терісі, төртіншіден жүні мен түбіті үшін өсіреді. Осы арада ешкі сүтіне ерекше тоқталғанды жөн көріп отырмын.

Ғылым мен техника дамыған қазіргі заманда жас аналар сәби­лерін ана сүтіне жарытпайтын дерт­ке душар болды. Оның себеп­тері көп: емшек ауруынан сүт шықпай қалады, үйде ошақ басында болғысы келмей емізу­ден қашқақтаудан, күнделікті тұр­мыс, жұмысбастылық жағдай­лар­дан нәрестесін емізбейді неме­се емізу­ден қашады. Бұл топқа нәрес­телерін перзентханада тастап кететін әйелдерді, күйеу­сіз өмірге сәби әкелген қыз-келін­шектерді, босан­ған­да медициналық көмектің жоқты­ғынан немесе көмек­тің жеткіліксіз көрсетілуі салда­рынан сәбиге өз жанын беріп, бақилыққа аттанған аналарды қосуға ста­тистикалық мәлімет жетелейді. Бұдан оншақты жыл бұрын рес­публикамызда жүздеген балалар сүтханасы болған еді. Ал, бүгінгі таңда солардың бәрі де жабылып қалған. Сондықтан нәрестелерді немен асыраймыз? Шет мемлекеттерден келіп жатқан сапасы, маңыздылығы және құрамы белгісіз балалар тағамымен, ­зия­н­ды немесе жасанды «сүтпен», быламықпен жас сәбилерді қоректендіріп жүрміз.

Ғалымдардың дәлелдеуінше, ана сүтінің құрамына ең жақын сүт – ешкі сүті. Ешкі сүті жоғары азықтық және биологиялық құндылығы бар ерекше тағам өніміне жатады. Ешкі сүтінің ана сүтіне жақындығы құрамындағы бета-казеиннің мол болуына байланысты. Ешкі сүтінің химиялық құрамы басқа да жануарлардың сүтіндей тұрақты емес және көптеген ықпалдарға: жануардың тұқымына, жасы мен саулығына, лактация кезеңіне, қоректену мен күтім жағдайларына байланысты болады.

Ғалымдардың айтуынша, ешкі сүтінің емдік қасиеттері көп. Әсіресе, асқазан ауруларына, анемияға, көздің нашар көруіне, диатезде өте пайдалы. Швейцарияның таулы шипажайларында туберкулез, анемия мен рахит ауруына шалдыққандарды әу бастан-ақ ешкі сүтімен емдегендерін газет беттерінен оқып жүрміз. Көрші Өзбекстанда ауруханалар мен перзентханаларды сүтпен қамту үшін арнайы сүтті ешкілерді фермаларда ұстайды. Ал ешкі сүтінен жасалған немесе оны қосып ашытқан өнімдердің пайдасы мол. Белгілі швейцариялық ірімшіктердің атағының құпиясы сиыр сүтіне ешкі сүтін қосып жасауында болса керек.

Жоғарыдағы мыңға жуық балалар сүтханасын ұстау мол қаражатты қажет ететіндіктен өзін-өзі ақтамауы мүмкін. Енді солардың орнына ешкі фермаларын ұйымдастырса, көптеген тұрмыстық, әлеуметтік мәселелер өз шешімін табар еді. Әрі экономикалық жағынан да тиімді болмақ.

Сүтті ешкілерді «бүйен емшек ешкі» деп атайды. Төрт осындай ешкінің сүті шет мемлекеттен әкелінген асыл тұқымды бір сауын сиырдың сүті мөлшеріне жетіп қалатыны таңғаларлық жайт емес. Мәселен, бір сүтті сауын сиыр сегіз-он ешкінің азығын жейді екен. 100 ешкіден жылына екі рет лақтағанда – 250, ал бір төлдегенде 150 лақ болады. 100 сиырдың өсімі 85 бұзаудан аспайды. Демек, өсімі орташа 3 есеге жуық.

Әжелерімізден ешкі сүті сиыр сүтіне қарағанда тез іріп кететінін естігенбіз. Осыған байланысты халқымыз ешкі сүтінен гөрі сиыр сүтіне көп көңіл аударса керек. Оған себеп: ешкі сүтінің тез іріп кететіні текелердің өзіне тән ерекше иісі болады. Сол иістің бактерия­сынан ешкі сүті тез бұзылады. Ол үшін текелерді саулық ешкілерден 8-10 шақырым қашықтықта бағу керек. Сонда ешкі сүті тез ірімейді.

Мысалы, Шығыс Қазақстан облы­сындағы Катон­қарағайдағы бұғылардың текесін 11 ай жеке бағады.Тек күз айында ешкілері қашқан кезде ғана бір айдай біріктіреді. Егер осы текелерді жеке бағу әдісін ешкі бағатын шопандар пайдаланса, онда ешкі сүті мол, сиыр сүтіндей тез ірімей, бөпелердің тамағы болар еді. Таулы аймақтарда сауылған ешкі сүтін ешбір электр жүйесі жоқ жерлерде вакуумдық әдіспен сүтті 5 градусқа дейін төмендетіп 3-4 күн сақтауға болады. Бұл – халқымыздан келе жатқан әдіс-амал. Вакуумдық «тоңазытқыш» дегеніміз, үлкен ыдысқа ыстық сүтті немесе сүт пен қант қоспасын сыздықтатып құйғанда ауаның аздығынан сұйық зат бірден ­5 градусқа дейін төмендейді.

Осы вакуумдық «тоңазытқыш» әдісімен қоюлатылған сүт өңдеген кезде электр энергиясын 70% үнемдеуге болады. Қант пен сүтті жоғары температурада қосып, бірден суытқан кездегі технологиялық процесс. Елімізде табиғаттың қатал сынына төзімді әрі көп күй талғамайтын, қыста тебінге мықты жергілікті ешкілерді неге өсірмеске…


Сәдуақас ЕСІМБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

 

Пікірлер