Бұл материалды бiзге екiбастұздық өлкетанушы, техника ғылымдарының кандидаты Серiк Жақсыбаев ағамыз ұсынды. Төмендегi башқұрттың Байық шешенi мен Бұқар жыраудың айтысы – түбi бiр түркi тiлдес елдердiң ерте уақытта өнерi өрелес, мәдениетi мазмұндас болғанының бiр дәлелi. Бiр қызығы, өзiмен тiлi туыстас, төрi ортақ болса да, татар халқына қарағанда башқұрт елiнiң тұрмысы қазаққа бiр табан жақын болғанын, көне замандарда көшпелi тiрлiк кешiп, үйiрлеп жылқы айдап, бие байлап, қымыз ұстағанын бiлемiз. Қазақ пен екi арада барымта-сырымтасы да үзiлмеген. Тiптi Кiшi жүз ауылдарын шауып, маза бермеген соң, башқұрттармен талай мәрте қантөгiс ұрыстар болғаны жөнiнде де тарихи деректер мол ұшырасады.
Белгiлi жазушы, мұрағатшы, марқұм Амантай Сатаевтың жазуынша, өткен ғасырдың алпысыншы жылдары башқұрт тарихшылары өздерiнiң қолжазба қорынан Қанжығалы Бөгенбай батырдың әкесi Ақша батыр мен башқұрттың Қараш атты ақынының айтысы табылғанын қазақ ғалымдарына хабарлаған екен. Бiрақ, кезiнде оны ешкiм назарға ала қоймаса керек. Бiз сол деректердi ана бiр жылдары қайсыбiр тарихшыларға ұсынғанымызда, кәдiмгiдей сенiмсiздiк танытқан едi. Серiк Жақсыбаевтың төмендегi дерегi Амантай Сатаевтың сол сөзiн растай түсетiн секiлдi. Егер байыптап iзденер адам болса, туыстас башқұрт елiнiң мұрағатынан халқымыздың өткенi мен кеткенiне қатысты талай құнды дүниелер табылар-ау деп ойладық.
Сайлау Байбосын
Түркi халықтарының құрамына жататын қазақ пен башқұрт елдерi ежелден iргелес орналасып, көшпелi өмiр белесiнде қарым-қатынаста болғаны белгiлi. Тегi бiр екi жұрттың етене байланысын Бұқар жырау Қалқаманұлы мен башқұрттың Байық шешен Байназарұлының арасындағы әзiл-оспақты қақтығысуы да аңғартады. Бұл қақтығысудың мәтiнi Башқұрт республикасының мерзiмдi әдеби басылымы “Ақедiл” журналының 1970 жылғы 7-санында басылған. Бұл журнал менiң қолыма өткен ғасырдың 70-жылдары iссапармен Башқұртстандағы Кемертау қаласында ашық әдiспен қоңыр көмiр өндiретiн кәсiпорынға барғанымда түскен едi.
Байық шешеннiң кезiнде «тархан» атағын алған әкесi Бұқар жыраудың әкесi Қалқаман секiлдi батыр болған. Байық шешен 1710 жылы Башқұртстанның қазiргi Үшалы ауданында дүниеге келген, яғни ол Бұқар жыраудан 25 жас кiшi деген сөз. Байық табан астында өлең шығаруға шебер шешендiк қабiлетiмен бiрге асқан шебер күйшi де болыпты. Байық шешен 1770-жылдардың басында Башқұрттың әйгiлi батыры Салауат Жолайұлына (Юлаев) арнап өлең, 1812 жылы Напалеон Бонапартты жеңiп елге оралған орыс әскерлерiн қарсы алып, “Байық” атты күй шығарған.
Байық шешеннiң Бұқар жыраумен кездесу себебi былай болыпты. Байназар тарханның Байық, Танып, Тайып, Қайып, Танһық есiмдi бес ұлы болған. Байықтың iнiсi Тайып башқұрттың Азыналы деген ауқатты адамының қызымен жасырын көңiл қосып, қазақ елiне қашады. Осы жағдайға байланысты Байық та қазақ даласына кетуге мәжбүр болады. Сонда Бұқар жырау Байықпен кездесiп қалып, оған мысқылды түрде жұмбақтап айтқаны:
“Естек болдың, бар болдың,
Кең далада зар болдың.
Өзiңе жұмбақ айтайын,
Тапсаң, ұлым етейiн
Таппасаң, құлым етейiн,
Күндiз қойды күтерсiң,
Кешке жүндi түтерсiң.
Ұйқым келдi демессiң,
Күндiз дамыл етерсiң.
Кең далада қос ағаш,
Қос ағаштың қос басы
Бiр қазанға сыймастай.
Қос қошқардың қос басы,
Бар екен ел қасқасы.
Тұрған бейне тақырға,
Ала бөтен қақ емес.
Ай мен күндей екеуi,
Жалғыз-жалқы тақ емес.
Бұқар жыраудың бұл жұмбақ өлеңiн Байық шешен былай шешедi:
Кең далам деп айтқаның,
Елiнен қашқан бұл естек.
Мақтасын деп күткенiң,
Мен де көрген жер екен
Сен де бiлген жер екен.
Ағатасы ту болып,
Жабу жапқан нар қылған,
Жатаған тау сазарып,
Ағаштары қуарып
Төбе-төбе құм қылған.
Емшегiнен сүт тамбас,
Шөлдеген жұтым су таппас
Дала дегенiң – сол екен.
Үрке қашып қасқырдан,
Өз ботасын қорғаған,
Аруана боздаған
Өзге мұңы болмаған,
Мүлгiп жатқан шөл екен.
Жартастағы бүркiтiн,
Тұлпар мiнген жiгiтiн
Алмастырған бiр бүтiн.
Түйе үстiнде жалбаңдап,
Құлақшыны салпаңдап
Қазақ деген ер екен.
Қос ағашым дегенiң –
Кең далада қос ылаш*
Қазағыңды кептiрген.
Кең далада Қос Алаш –
Қос ағаштың қос басы,
Тап алаштың қасқасы –
Бiр қазанға қос антын
Салып бiрге қайнатқан,
Тоқалдай күйеу сыйлатқан
Абылай сұлтан хан екен.
Сонан соң қазақ билерi қолға түсiру үшiн Байықты iздете бастапты. “Елге айдар, жүрекке қанжар болғысы келедi екен”, – деп, оның көзiн құртуға ұйғарыпты, ал Байық болса қашып, Оралына қайтып кетiптi…
Бұқар жырау мен Байық шешеннiң айтысын қазақ тiлiне аударған жазушы Машқар Гумеров.
Башқұртстанның тарих және әдебиет институтының фольклор секторының меңгерушiсi, филология ғылымдарының кандидаты Нұр Зайыповтың айтуынша, аталмыш айтыс ХVII ғасырдың ортасында болған.