Кері байланыс
+7 707 676 6977
adyrnaportal@gmail.com

Азаматтық авиация комитеті: Bek Air бір қосалқы бөлшекті бірнеше ұшаққа кезек пайдаланған

2606
Adyrna.kz Telegram
"Қазақстан авиациялық әкімшілігі" АҚ Bek Air әуе компаниясын тексеру кезінде бірқатар талаптардың өрескел бұзылғанын анықтады.

Мәселенің мәні

Мамандар әуе компаниясының қолданыстағы пайдаланушы сертификатын мұқият тексеру барысында ұшу жарамдылығына қатысты бірқатар талаптардың бұзылғанын анықтаған.

Біріншіден, әуе компаниясы ұшақтардың ұшуға жарамдылығын бақылауды толық және тиісті есепке алмаған. Бөлшектерді бір ұшақтан екіншісіне ауыстыру кезіндегі көрсеткіштер техникалық журналдардағы мәліметтерге сәйкес келмейді. Бұл Bek Air компаниясында бір ұшақтың құрамдас бөлшегін алып, оны басқа ұшаққа орнату үнемі қолданылатынын көрсетеді.

Тиісінше, әуе компаниясының қаржының жеткіліксіздігінен қосалқы бөлшектер алуға мүмкіндігі жоқ екені белгілі болған.

"Ұшақтың қозғалтқышынан сағат пен циклдарды бақылауға мүмкіндік беретін сериялық нөмірлердегі ақпаратты көрсететін деректер кестелері алынып тасталған. Бұл қозғалтқыштардың сәйкестендірілуі мен нақты қанша сағат жұмыс істегенін тексеруге мүмкіндік бермейді", – деп хабарлады Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі.

Тағы қандай ақаулар анықталды

Тексеру барысында әуе компаниясының бірнеше ұшағында проблемалы қозғалтқыш табылған. Бұл Bek Air ұшақтары қозғалтқыштарының сапасына күмән тудырады. Сонымен қатар, Fokker-100 ұшақтарының қозғалтқыштарын өндіруші Rolls Royce компаниясы осы ұшақтар Қазақстанда қолданысқа берілгеннен бастап, оларға аталған қозғалтқыштарды күрделі жөндеуден өткізу туралы ешқандай өтініш түспегенін хабарлаған.

Бұған қоса, Rolls Royce "Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" АҚ-ға деректер кестелерін алуды талап ететін рәсімдер жоқ екенін және қолданыстағы ұшақтардың қозғалтқышына бұл әрекетті жасауға рұқсат бермейтінін мәлімдеген.

 Үкіметтік комиссия: Bek Air ұшағына мұз қатуы – оның апатқа ұшырауының негізгі нұсқасы


"Алматы әуежайындағы бейнебақылау камераларында жазбаларды зерттеу барысында Bek Air әуе кемесінің ұшақтарын ұшуға дайындайтын экипаждың, әдетте, әуе кемесін пайдалану нұсқаулығында талап етілгендей, ұшақ қанатын айнала тексермейтіні анықталды" – делінген хабарламада.

Fokker-100 ұшағын пайдалану жөніндегі нұсқаулықта ұшақтың қанаты әрбір ұшудың алдында тексерілуі тиіс.

Тексеру аяқталғасын не болады.

Қазіргі уақытта Bek Air әуе компаниясын тексеру жұмыстары жалғасуда. Ол аяқталғаннан кейін компания 10 күн ішінде барлық бұзушылықтарды жою үшін "Қазақстан авиациялық әкімшілігі" АҚ-на жоспарын ұсынуы тиіс. Егер бұзушылықтар 6 ай ішінде жойылмаса, пайдаланушы сертификаты мен ұшу жарамдылығы сертификаттары кері қайтарылып алынады.

Әзірге сертификаттардың қолданылуы белгісіз мерзімге тоқтатылған.

informburo.kz

Пікірлер