Оңүстік Кореяның экс-президенті 10 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін

110
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/gLbHeOLe9Sr4oRrtK3knif5E6NhMIEdEIw1rP871.webp

Оңтүстік Корея прокуратурасы бұрынғы президент Юн Сок Ёльге қатысты қозғалған қылмыстық істердің бірінде 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Бұл негізгі айып бойынша емес, тек айыптардың біріне қатысты, деп хабарлайды "Адырна". 

Арнайы прокуратура өкілдерінің айтуынша, Юн өз әрекеттерін жасыру және ақтау үшін мемлекеттік институттарды «жекешелендіріп», «ауыр қылмыс» жасаған.

«Айыпталушының қылмыстық әрекеттері Корея Республикасындағы заңдылыққа елеулі нұқсан келтіріп, билікті сеніп тапсырған азаматтарға үлкен зиян тигізді», - делінген прокуратура мәлімдемесінде.

Сондай-ақ экс-президент сот процесі барысында өкініш немесе кешірім білдірмегені, керісінше, әскери жағдай енгізу заңды болды деген ұстанымын сақтағаны атап өтіледі.

Сұралған жаза әділ сот төрелігіне кедергі келтіру және соған байланысты бірқатар әрекеттер бойынша қойылған айыптарға қатысты. Айыптау нұсқасына сәйкес, бұл әрекеттер 2024 жылдың желтоқсанында Юн Сок Ёльдің елде әскери жағдай енгізуге жасаған әрекеті аясында орын алған.

Прокуратура дерегінше, экс-президент қаңтар айында тергеушілердің өзін ұстауына кедергі келтірген. Әскери жағдай енгізу жоспары қаралған отырысқа шақырылмаған тоғыз министр кабинетінің мүшесінің құқықтарын бұзған. Әскери жағдай жойылғаннан кейін қайта қаралған прокламация мәтінін жасап, кейін оны жойған.

Сонымен қатар Юнға режим енгізу туралы жалған ақпаратты баспасөзге таратуға нұсқау беру, сол кезеңдегі әскери қолбасшылардың қорғалған қызметтік телефондарындағы жазбаларды өшіру айыптары тағылып отыр.

Айыптаушы тарап эпизодтар бойынша мынадай жазаларды сұрады:

  • 5 жыл — ұстауға кедергі келтіргені үшін;

  • 3 жыл — министрлердің құқықтарын бұзу, шетелдік баспасөзде жалған ақпарат тарату және телефон деректерін жою үшін;

  • 2 жыл — жаңартылған прокламация мәтінін дайындағаны үшін.

Қазіргі уақытта Юн Сок Ёль әскери жағдай енгізуге талпынысқа байланысты тағы үш сот ісіне қатысып жатыр. Оның ішінде негізгісі — бүлікке басшылық етті деген айып.

Әділ сот төрелігіне кедергі келтіру ісі бірінші болып аяқталады: үкім 16 қаңтарда, Юнның қамау мерзімі аяқталуына екі күн қалғанда жарияланады.

Қорғау тарапы бүлік ісі бойынша шешімді басқа іс аяқталғанша кейінге қалдыруды сұрағанымен, сот бұл өтінішті қанағаттандырмады. Бүлікке қатысты істі қарау қаңтардың басында аяқталып, үкім ақпан айында шығуы мүмкін.

Еске салайық, Юн Сок Ёль 4 сәуірде елде әскери жағдай енгізу әрекетінің сәтсіз аяқталуына байланысты қызметінен шеттетілген. Сол кезде ел тарихында алғаш рет қызметтегі президентке қатысты қамауға алу ордері берілген еді.

Пікірлер