Таңдау

2835
Adyrna.kz Telegram

Бүлдіршін кезден бастап, арман тізімін бастаймыз. Есейе келе нағыз"Арман"сөзінің түпкі мәніне жетіп, ғажайып болашаққа көз саламыз. Байқайсың, қорқасың, қадам басасың. Жету үшін ізденесің, ойланасың, түбінде қол жеткізесің. Сонша уақыт шаршағаның арманыңа жеткенде ұмытылып құдды мүлдем қиналмағандай сезінесің. Бұл - сенің тынымсыз еңбегіңнің жемісі.
      Мен де "Арман"-деген ақ құстың қанатына ұстап кейде аспанға самғап, ал кейде жерге қарай құлдилап бара жатқандай сезінемін. Басты мақсат- құзар шыңның биігін бағындыру. Бала бақшада жүрген кезде биші болғым келді, би үйірмесіне қатысып,сахнада өнер көрсетіп, армандаған жетістігіме жеткендей күй кештім. Бірақ, жан дүнием бұл әлемнен жай таба алмады. Өсе келе бойжете бастағанда актриса болуды көздедім. Талпына, тырыса келе, бұл мамандықтың да мендік емес екенін ұқтым. Ақын болдым, өз ортамның алғыры атандым. Шабытым жүйрік арғымақтай жүйіткіген сайын, жыр шумақтары туатын. Бірақ, ұшан-теңіз поэзия әлемінде өзімді өзім алдап жүргендей күй кештім. Өйткені, менің жүрегімнің түбінде, бір парағы да ашылмаған, мен мүлдем қол жеткізе алмайтындай көрінетін асқақтығы асқар таумен, тереңдігі түпсіз мұхитпен өлшенбейтін төртінші билік деген арманым бар болатын. Ақыры, сол арманым мені алға жетеледі. Сол бағытта толассыз ізденіс жолын бастап, ақырын жүріп анық басуға кірістім. Ендігі жерде таңдауым - анық, мақсатым - айқын. Арманым - журналист болу. Мыңның бірі барар, әр сөзіңнің жауабын алар, шыдам менен ізденісті талап етер кәсіп екенін байқадым. Қатты қорықтым, себебі, бұл мамандық- төртінші билік өкілі, менің әрбір сөзім мен қимылым бақылауда. Соған қарамастан, осы армандаған мамандығыма қол жеткізбей қоймаймын деп,тәуекел еттім. Мен жас буын болғандықтан, өз дәуіріміздегі екі жанды үлгі еттім. Дана Нұржігіт, Шах-Керім Кәрмен. Бұл кісілерді көру, сұхбаттасу, сан жылдар бойы көкейімде жүрген сауалдарыма жауап алу мен үшін үлкен белесті бағындырғанмен бірдей еді. Сөйтіп, жүргенде арманымның алтын қақпасы ашылғандай болды. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде тележурналистика курсынан тәлім беретін «Журналист» ғылыми білім беру орталығы құрылған екен. Арманыма деген алғашқы қадамымды бастадым. Ұлттық тележурналистиканың қазанында қайнап жүрген кәсіби мамандардан дәріс тыңдап, солардың бірі Шах-Керім Кәрменмен жолығып, сабақ алып, сұрақ қойып, өмірлік тәжірибесі мен ақыл-кеңесінен құлағдар болып,қолын алу, мен үшін. бала арманымның бір бөлігін толықтырғандай еді. Міне, арман осындай. Құлайсың, тұрасың. Кейде, тіпті, жылап, тастап кеткің келеді. Бірақ,"сен жетесің" деген бір ауыз сөз өң бойыңа күш-қуат береді. Арманда, қиялда, талпын, сендік дүние түбінде саған бұйырады. Ең бастысы, арманыңнан айныма, оған ішкі ізгілігіңмен адал бол!

 Аяжан Таласбаева,

Қарасай ауданы, Үштерек ауылы, 

Үштерек орта мектебінің оқушысы: 

Ғылыми жетекшісі: Ф. Ғ. К, доцент Жидегүл Әбдіжәділқызы

Пікірлер