Құбығұл ЖАРЫҚБАЕВ, педагогика және психология ғылымдарының докторы, профессор:
- Еліміздің тәуелсіздігін ары қарай да нық сақтап қалудың алғышарттарының бірі — халқымыздың ұлттық сипатын сақтау, ары қарай дамыту екені анық. Оның бір құралы ұлттық педагогика мен психологияға келіп тірелетінін жақсы білеміз. Олай екен, біздің қоғам «ұлттық психология» деген ұғымды қаншалықты түсініп, көңіл бөліп, зерттеп отыр?
- Ұлттық психология — әр ұлттың төлқұжаты, мәселен, «ұлттық мінез», «ұлттық мақтаныш», «ұлттық намыс», «ұлттық дәстүр», «ұлттық сана», т.б. ұғымдар ұлттың бүкіл дүниежүзілік мәдениетке үлес қосуында белсене қызмет істейтінін, ұлттық таланттың көзін ашатын ақыл-ойын жинақтап, оларды бір арнаға бағыттайтын катализатор.
«Қазір қазақ ғылымын халықаралық дәрежеге жеткізу керек» деген сындарлы пікір бар. Осы игілікті істің шапағаты, өкінішке қарай, ұлттық педагогика мен психологияға тиер деген үмітіміздің әзірге ақталатын сыңайы жоқ. Ғылымның осы саласына жоғарыдағылардың назары жөнді түспей келеді.
- Бәлкім, бұл салада әлі де мамандарымыз тапшы болар?
- Елімізде қазір тәлім-тәрбие саласындағы сан алуан проблемаларды зерттеп жүрген 350-ден астам доктор, бірнеше мыңнан астам ғылым кандидаты бар. Ал Қазақстанда тек психология ғылымы докторларының саны отыздың үстінде. Ондаған ғылым кандидаты бар. Кезінде «Тәуелсіздік тұсында қорғалған диссертациялардың бәрі жалған ғылым» деген ыңғайсыздау мақала жазылды. Бұл — артық айтылған сөз. Жүз диссертация қорғалсын, соның екі-үшеуі ғана жалған болуы мүмкін. Бәрін бірдей жоққа шығаруға болмайды.
1989 жылы КСРО психологтар қоғамының соңғы съезі өтті. Оған Балтық жағалауындағы үш республика өкілдері қатысқан жоқ. Қалған одақтас елдерден түгел өкілдер қатысты. Сол съезде жалпақ КСРО-да бар болғаны 5 мың ғана психолог бар екені айтылды. Ал АҚШ-та сол кезде 250 мың психолог бар екен, психологияға арналған 70 журнал шығады екен. Екі жылдан соң КСРО тарады да, осыдан кейін орыстар ғылымның осы саласына қамшыны басты. Қазір Ресейдің 56 қаласында психология факультеттері бар, 67 мың психолог маманы бар. Ал Америкада үлкен болсын, шағын болсын, психологы жоқ бірде-бір мекеме таппайды екенсіз.
Ал енді еліміздегі жоғары оқу орындарының көшбасшысы болып есептелетін Қазақ Ұлттық университетінің психология бөлімінде қазір тоғыз бірдей психология ғылымдарының докторы бар. Жалғыз кафедрада бәрі бірдей ұйлығып-шұйлығып отыр. Психология факультеті әлі күнге дейін құрылмай келеді. Қазір философия және саясаттану факультетінің құрамындамыз.
- Ұлттық психология орта мектептерде неге оқытылмайды?
- Кезінде марқұм Шайсұлтан Шаяхметов тапсырма берген соң Әдібай Табылдиевпен бірігіп, мен психология жайын, ол кісі этика жағын қозғап, мектепке жоғары сыныптарға арнап оқулық жаздық. Соны ол кезде «Атамұра» баспасының директоры Мұхтар Құл-Мұхаммед 100 мың данамен басып шығарды. Сол да оқытылмай, қоймаларда шіріп жатты. Хрестоматияны қоса есептегенде 200 мың таралыммен шыққан оқу құралы макулатураға айналды. Профессор Өмірзақ Озғанбаевпен бірге орта мектепке арналған тағы бір төлтума оқулықты бес мың данамен шығарып едік, ол да мектептен орын таппады. Мектеп басшыларына барып жағдайды айтқанымызда, олар: «Білім министрлігінің бұйрығынсыз оқыта алмаймыз» деп жауапты қысқа қайырды. Бұдан 10 жыл бұрын «Жантануға кіріспе» деген атпен оқу құралын мүмкіндігінше қазақыландырып едік. Бір өкінерлігі, ол да мектептен қолдау таппады. «Біз әдеп пен психологияны оқытып жатырмыз, сендердікі не?» деп хат жазады министрліктегілер, білім департаментіндегі шенеуніктер. Бұрынғы кеңестік республикалар тәуелсіздік алған соң баяғы орталықтан келетін ресми бағдарламадан әлдеқашан бас тартқан. Ал біздегі идеология ғылымында Мәскеудің әсері әлі күнге күшті. Ресей болса 3-сыныптан бастап психология пәнін оқытуда. Қасымыздағы қырғыздар 1-сыныптан 11-сыныпқа дейін психология мен этиканы қосып оқытып жатыр. Ал біздегі жағдай жоғарыда айтқандай.
- Ұлттық психология ғылыми-зерттеу институтын ашу мәселесін біраздан бері көтеріп келесіз…
- Қажеттігін дәлелдеудің реті жоқ шығар, мұндай институт республикамыздағы бүкіл ұлттық педагогика, психология проблемаларын бір жерге шоғырландыра алар еді. Елдегі психологиялық мәселелерді үйлестіріп, оған белгілі бағыт-бағдар берер еді. Оның үстіне өз ғылыми орталығы арқылы болашақ педагогтар мен жас ғалымдар ұшып шығатын ұя болар еді. Бұл мекеменің қызметкерлері қоғамдағы күрделі әлеуметтік мәселелерді тиімді түрде шешуге де атсалысар еді. Қазір ұлттық психологиялық ғылыми мекеменің жоқ болғандығынан біз өз ерекшеліктерімізді ескермей, тек Мәскеуден, Ресейден келген дайын материалдармен ғана жұмыс істеуге мәжбүрміз. Мыңдаған жыл тарихы бар бүгінгі тәуелсіз елге бұл жараспайтын жағдай. Ұлттық ерекшелік кеуде соғу үшін емес, біздің бұдан әрі даму процесімізде қанымызға сіңген әдет-ғұрып пен салт-дәстүріміздің жақсысын одан әрі дамытуға, ұлттық ерекшеліктерімізді өркениетке, ғылыми-техникалық прогреске неғұрлым тиімді икемдену үшін қажет. Ұлттық психологиясыз ұлт болмайды. Ол отбасы мен шаңырақтан басталатын аса күрделі әлеуметтік ғылыми құбылыс. Тіпті батыстың дәстүрін «көзді жұмып» соқыр тауықша қылғыта бермеу үшін де ұлттық ҒЗИ ашу ауадай қажет.
«Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» дегендей менің айтудай айтып келе жатқан төрт арманым бар. 1. Қазақстанда психология факультетін ашу. 2. Этнопсихологиялық ғылыми-зерттеу институтын ашу. 3. Психологтар қоғамын құру (1958 жылдан 1991 жылға дейін КСРО психологтар қоғамының бөлімшесі ретінде Қазақстан психологтар қоғамы болды). 4. Төл тілімізде оқулықтар мен ғылыми монографиялар жазып шығару.
- Жалпы, елімізде психология мамандығына мамандар даярлау мәселесі қай уақыттан бері қолға алынған?
- ҚазҰУ-де 1988 жылдан бастап психолог мамандар даярлана бастады. Алғашқы төрт жылда орысша оқытылды. Университетте одан бұрын да 1947-1953 жылдары логика және психология бөлімі болған. Арада 35 жылдық үзіліс бар. Ал қазақ тілінде психологтар дайындау 1991 жылы, яғни тәуелсіздікке ие болумен тұспа-тұс келді. Мәскеудің Ломоносов атындағы университетінің психология факультетінде он екі кафедра бар. Ал бізде факультет атымен жоқ, бір ғана кафедра бар, алғашқыда екеу еді, кейін біреуін қысқартып тастады. Бұрындары психологтар орысша оқып келгендіктен, мамандардың көбісі қазақшаға шорқақ, өз еңбектерін орысша жазып, басқаға аудартады. Оны ана тілімізге аударғандардың кейбірі туған тілге шалағай болғандықтан, оны студенттер ұғына алмай қиналып жатқан жағдайлар да жоқ емес. Оның үстіне америкалық, батыстық модель басымдық алған соң, психологиядағы ұлттық мәселелер шетке шығып қалды. Америкадан кейін «Оңтүстік Кореяның оқу үлгісі» деген шықты. Сол жаққа не ағылшын тілін, не корей тілін білмейтін магистрлерді үш айға жіберу көңілге ұяламайды. Әйтеуір «шетелде болып қайтыпты» деген аты бар да заты жоқ деп ойлаймын. Бұл жерде бір жағынан Үкіметтің соған кетіп жатқан қаражатын аяйсыз. Тақырыпты күні бұрын АҚШ-қа байлап-матап береді. Ұлттық психология жайына қалып, әлемдік психология деген белең алып тұр.
- Қазақта психология, педагогика, этика, эстетика саласындағы іргелі мәселелерді көтеріп, құнды оқулық жазған Алаш қайраткерлерінің еңбектерін ел игілігіне жарату ісі қалай жүруде?
- Толстой өзінің «Соғыс және бейбітшілік» атты эпопеясында адамның бет-келбетінің 98 түрлі ерекшелігін көрсетіп, Волконский, Ростова секілді кейіпкерлерін суреттеген. Ленин Толстойды «Орыс жанының айнасы» деуі де содан болар. Бұл салада қазақ топырағында аса құнды пікір айтқан адамның бірі — Жүсіпбек Аймауытов. Жүсіпбектің тәлім-тәрбие тақырыбында жазған еңбектерінің ішінде «Психология» деп аталатын көлемді оқу құралының орны айырықша. «Психология нені сөйлейді?» дейтін бірінші тарауында осы ғылымның екі жарым мың жылдық тарихынан біраз мағлұмат береді. Адамның жан дүниесін, мінез-құлқын зерттеуді қалайша ұйымдастыруға болатынын тәптіштеп түсіндіреді. Бізді ерекше таңғалдыратыны — адам психологиясын зерттеуде математиканы, оның варияциялық статистика дейтін саласын қалайша пайдалануға болатындығы жайлы мәселе. Қазақ топырағында мұны Аймауытовтан басқа ешкім күні бүгінге дейін көтермеген. Біздегі ғылыми психологиялық терминдердің алғаш жүйеге түсуі де Аймауытов есімімен байланысты. Қырқыншы жылдарға дейін әзірбайжан, өзбек, түрікмен, қырғыз, башқұрт тілдерінде ұлттық психологиялық еңбектер жарық көрмеген. Жүсіпбектің еңбегі бүкіл кеңестік түркі тектес халықтар тілінде алғаш жарық көрген бірден-бір туынды. Жүсіпбектің психологиялық еңбектері оқырманға әлі толық жетпей жатыр. Қалың жұртшылықтың игілігіне тезірек айналдыру жолын баспалар тезірек қолға алса нұр үстіне нұр болар еді.
- Шығыстық психология деген бар емес пе? Қазақты жеке-дара бөліп алмай, шығыспен біріктіріп қарауға болмай ма? Еуроцентризмнен құтылудың да бірден-бір жолы осы емес пе?
- Өте дұрыс сұрақ қойып отырсыз. Бізде бұл мәселе де көтерілген. Авторы — Советхан Ғаббасов. Әл-Фараби еңбектерін оқытуға енгізбейді. Негізі, біз шығыстың бір бөлігіміз ғой. Өкінішке қарай, осы кезге дейін өзбек, қырғыз, түркімен секілді халықтардың бір-біріне етене жақын этнопсихологиялық мәселелері зерттеулерден тыс қалуда. Оны айтасыз, ұлттық ақыл-ой алыптары, ұлы билеріміз — Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің рухани мұраларын зерттеу ісі қолға алынбай келеді.
- Дегенмен құрқол қарап отырмаған боларсыздар?
- Академик Тәжібаев атындағы этнопсихология, этнопедагогика орталығы деген бар. Ол бұрынырақ, яғни 1991 жылы Алматы облыстық ұлттық тәлім-тәрбие қауымдастығы болып ресми тіркелген еді. Біраз жыл баспанамыз болмады. Сөйтіп жүріп те 14 конференция өткіздік. Оның бесеуі халықаралық, тоғызы республикалық, аймақтық дегендей. ТМД елдерінен ғалымдар шақырдық. 18 том «Этнопсихология және этнопедагогика» атты сериялық ғылыми жинақтар жарық көрді.
- Ұлттық психология мәселелерін сөз еткенде, ғылыми тұрғыдан ауызға алынбай жүрген мәселенің бірі — қазақтың халық әндері секілді…
- Халқымыз «Қазақтың әні кетсе, сәні кетеді» дейді. Қазіргі келеңсіз бір жағдай — жастар күй мен халық әндерін жөнді тыңдамайды. Даңғыраған, секеңдеген, жөні түзу сөзі жоқ, не ырғағы жоқ кейбір эстрадалық әндер құлақты тесетін болды. Үлкеніміз де, кішіміз де сахнаға шығып ән айтқыш болып кеттік. Негізі, ұлттық психологияның мәйегі халық әндерінде жатыр. Халық әндері ұлттық психологияға тыныс беретін дәрумен деп айтуға болады. Атақты ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров былай дейді: «Халықтың әні кетсе, әдебиет жесір қалады, сәні кетеді. Сәні кетсе, жаны кетеді… Халықтың арғы-бергісін қозғап, естеріне түсіріп, мұң-мұқтаждарын зарлап, кем-кетігін көрсетіп, әдемі даусымен құйқылжытып тұрғанда қандай тас көңіл болса да, жібімеске еркіне қоймайды. Халықтың қайдағы-жайдағысы ойына түсіп, қандары қайнап, арқалары қозып кетеді. Әркімнің көңіл-көздерінен жас моншақтап, бойлары балқығандай, шартта-шұрт қол шапалақтасып тарқайды… Біздің халық әнқұмар халық. Біреу қолына домбыра алып ән сала бастаса, ойдағысы-қырдағысы жиналып, сегіздегі бала, сексендегі шалына дейін қалмай қаумалап, айтшы-айтшылап, жанын жағасына келтіреді. Бара-бара не болса да сол әндегі рух сүйегіне сіңеді, құлағында қалады». Қазіргі тыңдарман қазақтың көзінен жас шығаратын аталы сөздер. Осы мәселені психологиялық тұрғыдан зерттеуді қолға алғанымыз абзал.
- Әлі күнге дейін қазақ арасында ру мен жүзге бөлінушілік кең тарап отыр. Бұл жөнінде психолог ағамыздың пікірі қандай?
- Осы мәселенің көлеңкелі жақтары да бар, соны зерттеу керек. Осы феномендер де «жан сыры», «жан жүйе», «жантану» деп аталатын ғылым тұрғысынан зерттелсе, құба-құп. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді. төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дейтін аталы сөз бар. Осы сөздің түп-төркіні, ілкі бастауының астарлары зерттелген жағдайда осы мәселенің мәні ашыла түсер еді.
- Қазіргі қазақтың ұлттық мінезі туралы не дейсіз?
- Қазіргі қазақ жанын деформацияланған, бүлінген дер едік. Өйткені қазақтың психологиясында осы этносқа ғана тән біртұтас ұлттық ерекшелік бар деп айту қиын. Қазақтың бүкіл тыныс-тіршілігінде, отбасындағы әдет-ғұрпы мен салт-дәстүр, жөн-жосық, жол-жоралғысында елімізді біраздан бері мекен етіп келе жатқан басқа этностар мінездерінің элементтері ұшырасады. Кешегі патшалық отарлау мен кеңестік солақай саясат тудырған ұнамсыз қасиеттер бізде қазір де баршылық. Олар — жағымпаздық пен жалтақтық, даңғазалық пен ұраншылдық, күншілдік пен шалағайлық, т.б. Бұған нарықпен бірге бұрын қазақтың түсіне де кірмеген жезөкшелік, батысшылдық, ермелік деген пәлелер келіп қосылды. Тіліміз шұбар, мінезімізде еліміздегі басқа этностардың мінезі бар. Өйткені, көпэтностық қоғамда белгілі бір ұлтқа тән кесек, толық, тұтас мінездің болуы мүмкін емес. Мұндай мінез бітістері бір текті этносқа, яғни моноэтностарда ғана кездеседі.
Бұл проблеманың да түпқазығы ұлттық психологияға барып тіреледі. Бізде «қазақ», «ұлт» деген екі сөзден қашқақтау бар. Қазақтың тек мал атауына байланысты үш мың сөзі бар емес пе? Біз мал жанына да білгір халықпыз. Сондықтан зоопсихология дәрісінде қазақ баласына шыбын-шіркей, бақа-шаянның психологиясын оқытқанша, оның орнына жылқының психологиясын оқыту керек. Адам мен жылқының психологиялық байланысының өзі тұтас бір ғылым. Қорыта келе айтарым, біздегі психология пәні Мәскеудің бодандығынан арылуы қажет.
- Ұстаздар үшін теориялық психология ауадай қажет дейсіз ғой?
- Қазіргі қазақтарды психологиялық тұрғыдан сауатсыз дер едім. Өйткені, жоғарыда айтқандай, психология мектепте оқытылмайды, университетте шала-шарпы оқытылады. Мінезді, ерік-жігерді тәрбиелеуге байланысты ұлттық психологияның небір тақырыптары зерттелмей тұр. Өтейбойдақ Тілеуқабыл қазақтың психологиялық ұғымдарын ХV ғасырдың өзінде «Шипагерлік баянда» жан-жақты ашып көрсеткен. Ол да терең зерттеуді қажет етеді. Дүкендерде орыс тіліндегі психологиялық кітаптардан аяқ алып жүре алмайсыз. Қазақша жоқ, бар болса да аудармалар. Біз әлі де болса қазақ жанын зерттеуден гөрі орыстың жанын көбірек зерттеп жүрміз. Мұны қазақ психологтарының еңбектерінен байқау қиын емес. Жастарға керісінше ата-бабамыздың психологиялық мұрасын оқытуымыз керек. Мұғалімдер ұлттық ғылыми психологиямен қаруланбай, мектепте оқу-тәрбие процесін толық жүзеге асыру мүмкін емес. Кең-байтақ қазақ жерінде психологиялық ілім-білімдердің қанат жаяр күні әлі алда.
Сұхбаттасқан
Төреғали ТӘШЕНОВ, "Айқын".