Иран украиналық ұшақты әскерилердің "қателесіп" атып түсіргенін мойындады

3276
Adyrna.kz Telegram
Тегеран әуежайы маңында құлаған Boeing-737 ұшағының қалдығы. 8 қаңтар 2020 жыл.

11 қаңтарда таңертең мемлекеттік телеарнадан мәлімдеме жасаған Иран қарулы күштерінің бас штабы ұшақ Ислам революциясы сақшылар корпусының "құпия әскери орталығына" қарай бағыт алғандықтан әскерилердің оны "жау нысаны" деп ойлап қалғанын айтты.

АҚШ-пен қарым-қатынастың ушығуына байланысты сарбаздар "соғысқа дайын" отырды делінген мәлімдемеде. Тегеран кінәлілердің жауапқа тартылатынын айтты.

Иран президенті Хасан Роухани Twitter желісінде оқиғаны "ұлы трагедия және кешірілмейтін қателік" деп атады. Иранның сыртқы істер министрі Мұхаммед Джавад Зариф ұшақ апатынан қаза болғандардың отбасынан кешірім сұрап, көңіл айтты.

"Қайғылы күн. Қарулы күштер жүргізген ішкі тергеудің алдын ала қорытындысы: АҚШ авантюризмінен туындаған дағдарыс кезінде адамнан кеткен қателік" деп жазды ол Twitter-де.

Иран үкіметі бірнеше күн бойы батыс жетекшілері мен сарапшыларының "ұшақты ирандық зымыран атып түсірді" деген мәлімдемесін жоққа шығарып келген еді. АҚШ Иранның сегіз шенеунігіне және елдің метал өндірісіне жаңа санкция салған.

Украина президенті Владимир Зеленский 11 қаңтарда Тегеран кінәсін толық мойындап, апатты мұқият зерттеп, өтемақы төлеуі тиіс деді.

"Иран апатты толық әрі ашық зерттейді, кінәлілерді жауапқа тартып, мәйіттерді қайтарады, өтемақы төлеп, дипломатиялық арналар арқылы ресми түрде кешірім сұрайды деп күтеміз" деп жазды Зеленский Телеграм-арнасында.

Канаданың премьер-министрі Джастин Трюдо Оттава Тегераннан болған оқиғаның толық әрі мұқият зерттелуін талап етеді деп мәлімдеді. Ұшақ апатынан Канаданың 57 азаматы қаза болған (Басында 63 канадалық болған деп айтылған).

Ұшақ апатына байланысты батыстың Иранға қысымы үдеген шақта Тегеран осындай мәлімдеме жасады. Канаданың сыртқы істер министрі 10 қаңтарда ұшақ апатын мұқият зерттеу үшін халықаралық жұмыс тобы құрылғанын мәлімдеген. Зеленский бұған дейін Украина мен Канада ұшақ апатының толық әрі мұқият зерттелуін талап етеді деп айтқан.

Бастапқыда ұшақ "техникалық ақауға байланысты" құлады деп айтылды, алайда зымыран шабуылы болғаны туралы видеожазбалар болғандықтан бұл болжамға күмән келтірілді.

Ұшақ апатының алдында бірнеше сағат бұрын Иран АҚШ-тың Ирактағы екі әскери базасын зымыранмен атқылаған. Ислам революциясы корпусы бұл шабуылды генерал Касем Сүлейманидің өліміне жауап деп мәлімдеді.

Бұған дейін ирандық әуе шабуылына қарсы жүйе жолаушылар ұшағын Ирактағы әскери базаларды атқылағаны үшін Ираннан "кек алуға келе жатқан" АҚШ-тың әскери ұшағы деп ойлап қалды деп те айтылған.

Осы тәрізді болжамдар айтыла бастағаннан кейін Иранның азаматтық авиация ұйымының жетекшісі Әли Абедзаде Иран "бірде-бір зымыран ұшаққа тимеді деп сенімді түрде айта алады" деген.

"Егер олар [батыс жетекшілері] шын солай деп ойласа, халықаралық стандартқа сәйкес әлемге дәлелдерін көрсетсін" деген.

10 қаңтарда АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео ұшақты ирандық зымыран атып түсірді болжам рас болып шығуы мүмкін, оқиға әрі қарай да зерттеле береді деп мәлімдеген. Зерттеу аяқталған соң "біз және бүкіл әлем қажетінше әрекет етеміз" деген.

"Украинаның халықаралық әуе желісі" компаниясына тиесілі ұшақ Тегераннан Киевке ұшқан. Ұшақта Канаданың - 57, Иранның - 82, Ауғанстанның - 4, Германияның - 3, Ұлыбританияның - 3, Украинаның - 11 азаматы болған. 176 адамның барлығы қаза болды.

"Азаттық" радиосы
Пікірлер