Көкшедегі сұлулар мен сұлтандар сайысы

2514
Adyrna.kz Telegram

Сәкенге ән салдырған сексен көл сән мен салтанатқа кенелді. Көркіне көз сүріндірер кербез Көкшенің маңдайын Күн сүйіп тұрды сол күні. Онсыз да тәңірі  сұлу жаратқан тұма табиғат толықсып тұрды. Жұмбақтас да құпиясын ағытардай ажарланып, Оқжетпес де ойлы кейіпке енді. Бәрі бар көрікті бойына жиған Бурабайдың бауырында «Ана тілі» аруы» мен «Ана тілі» сұлтаны» байқауына тас-түйін  дайындалғандай. Алты алаштың баласының бабын һәм бағын сынар байқауға бәрі жетті.

Кең даладан кеп жатқан керуендерде есеп жоқ. Арысы  – кәрі Каспийден Атыраудың аққудай қыздары мен ақсұңқардай ұлдары келді қиқулап.  Жайықтан Жібектері мен жігіттері жетті желпініп. Ақтөбенің апайтөс ұлдары да бар арасында. Сыңғырлай күліп, сонау Сырдан сұлулар мен  сүлейлердің сарқыттары да сызылта ән сап жетті. Түркі дүниесінің төркіні Түркістаннан да келді түн қатып.  Ат тұяғы сайын даланы дүбірлетіп, Бауыржандай батыр баба  туғызған Жамбылдан да, Жиреншедей шешендер мен Қарашаштай қаракөздер келді. Араларында Алтайдың ар жағынан келген арулар мен  шығыстың шырайлылары, Семейдің сегіз қырлы сырбаз серілері, Өскеменнің өр ұландары да бар. Сарыарқаның самалындай есіп, сазды әуенге салып салдар жетті. Жандарына Ұлытаудың ұлдары ілесіпті. Арқаның ай маңдайлы арулары да күймелерінен кербездене түсіп жатты. Ал жер жаннаты Жетісудан жеті қат жерді қайыстырар көш пен керуен келді. Алматының Ақжүністей арулары һәм Алпамыстай алып тұлғалы жігіттері жүйрік  жарыстыра жетіпті. Қарасы көп-ақ. Көкшемен көршілес жатқан Баянауылдың батыр ұлдары, Қорғалжынның һәм Торғайдың талантты жастары жетіп артылды. Алаштың ай дидарлы астанасынан Есілдің еркелері жетті ентігіп. Ал кербез Көкшенің күллі көріктілері мен бөріктілерінің барлығы осы тойдан табылды. Көз сүріндірер көрік пен жарасымды әзіл әр берсе, күмбірлей төгілген күй кең даланы кернеп, әдемі ән Көкше көгінде әуелеп тұрды.  Айлы түнде ақсүйек іздеген жастар алтыбақан астында сыр ағытты…

Отыз күн ойын, қырық күн тойға ұласа жаздаған жиынға ұзын ырғасы – 31 ару мен 36 жігіт қатысты. Арқалы елдің аманатын алып, сәлемін жеткізе келген жігіттердің бірі:

Ассалаумағалейкум, текті елім!

«Алланың нұры жаусын!» деп тіледім.

Қиқулап, Сіздер соққан шапалақты,

«Уағалейкум ассалам!» деп білемін, – деп ата-баба жолымен  қол алысып жатса, енді бірі:

Көкшенің елі аман ба?

Сіздерді көптен сағындым!

Алдында дүйім қауымның,

Келмейді сөзден жаңылғым.

Аманатын елімнің,

Тұмар ғып бойға тағындым.

«Сары алтын түбі сабырдың»,

Салғанын көрем тағдырдың.

Көкшетаудың кешінде,

Кең даланың төсінде,

Алдыңнан бүгін табылдым.

Маңдайын – Күн,

Таңдайын – Жыр сүйген елді сағындым!

Таудан да биік мен үшін

Табалдырығыңа табындым! – деп жиылған жұртқа бас иіп, тектілік танытып жатты.

Байқау басталды. Алдымен сахна төріне айдын көлдің аққуларындай болып арулар шықты. Қазақ «көркіне көз тоймаған кербезім» дегенде осы көріністі  айтса керек. Беу, бұл қазақтың қыздарына  қайран қалмасқа бола ма? Бірі Қыз Жібектей көркімен көз арбаса, бірі Қыз Назымдай қылығымен баурайды. Жалт еткен жанарларда жанып кетсең  де бұл өмірдің жалғандығына өкінбейтіндейсіз.  Енді бірі Сара болып Біржанын іздесе, бірі абыз-ананың кейпінде көңілде қалды. Бірі Тұмар ханым боп танылса, бірі Дина боп күй төгілтті. Бірі күміс көмей Күләш боп көсілсе, енді бірі би падишасы Шарадай  шырқ үйірілді. Жиылған жұрт «Бұларға бәрі жарасады! Өйткені олар маңдайын күн, таңдайын жыр сүйген өнерлі елдің қыздары ғой!» десті. Десе де денені дір еткізіп, сананы селт еткізіп, өткенге оралтқан құбылыс болды. Ол – байқаудың екінші кезеңі қазақ халқының салт-дәстүрлерінен театрландырылған көрініс ұсыну болатын. Бұл кезеңде бұрымдыларымыз барын салып бақты. Әсіресе көрерменнің көңілінде сұлулардың «ұзатылар» сәтінде сыңси салған сыңсулары ұзақ сақталары анық. Салттың сарқыншағындай болған сыңсу –  бүгінде көзден ғайып болған  ғұрыптардың бірі. Ұзатылар қыздың өскен өлкесі, ағайын-туысымен қоштасар кезін, ұзату тойының сән-салтанатын келістіре суреттеген бұл қойылымдар әсерлі шықты. Дегенмен қазақ той-торалғыға да, сый-жоралғыға да бай емес  пе? Аруларымыздың бір осалдау тұсы  осы сыңсу салтын бірнеше рет қайталағаны болды. Бұл байқаудың басты мақсаты да ұлттың өшкенін жағу, барын саналарда қайта жаңғырту ғой. Сондықтан «бүгінгі буын естіп-біле қоймаған дәстүрлерді көбірек дәріптесе екен» деген ұсынысымыз болды. Рас, мысалы, «желек тағу», «шапанға аунату» секілді әдемі ғұрыптарды көрермен назарына ұсынғандар да болды. Қалай десек те аруларға өкпе арта алмаймыз. Олар Абыз-ана боп баласына ат қойды, аластады да. Бесікке бөлеп, қырқынан шығарды да. Келі түйіп, жент жасап, құдағи болып, құдасына құйрық та асатты. Құйрық асатты демекші, бүгінде тойымыздың репертуарынан жоғала қоймағанымен өз қазақылығынан ажырап қала жаздап жүрген бұл салтты қыздарымыз  әдемі орындап шықты. Алайда

Үлкен құда ардақты-ай,
Кіші құда салмақты-ай,
Құйрық-бауыр асатам,
Тістеп алма бармақты-ай! – десіп қазылар алқасына құйрық-бауырды қыздарымыз таяқшаға қадап ұсынды. «Қолымен ұсынса бармағын қыршып алмасы анық еді» дестік іштей өкініп…

Келесі кезең  ана тілінің көркемдігін көрсететін поэзиялық композиция қою болды. Бұл кезеңнен аруларымыз сүрінген жоқ. Арқалы ақындардың ана тілі туралы толғаныстарымен тербеліп, Ақұштап болып ағылып, Фариза болып төгілді. Бұдан кейінгі кезең  өнер еді. «Қақтаған ақ күмістер» шетінен әнші болып шықты. Тотыдай болып түрленіп,  биледі де. Домбырадан күй төгілдіріп, дүйім жұрттың делебесін қоздырғандары да болды. Десек те   араларынан кесте төгіп, көрпе құраған, текемет тігіп, сырмақ сәндегенін кезіктірмедік. Қазақ қыздарынан  аты алты алашқа жайылған ісмерлер мен шеберлер шыққанын бәрі біледі. Қала берді қазақ төрт түліктің бауырынан саулаған сүті мен етінен түрлі тағамдар жасап, қонағын күткен. Бармағынан бал тамған аналарымыздың бұл игі дәстүрі де аруларымыз көрсеткен   өнерлердің арасынан аңғарыла қоймады.  Көңілге сәл көлеңке түсірген тұстар да осы болды. Дегенмен сұлулардың сырғасы мен сәукелесінде, шолпысы мен шашбауында, жүзігі мен білезігінде мін жоқ. Қазақтың байлығы мен бекзаттығынан сыр ұқтырғандай осы көрініске көзіміз тоймай ұзақ қарадық.

Хас сұлулардың арасынан қақ жарып,  бесеуін бөліп алу қара қылды қақ жарған қазылар алқасына қиынға соқты. (Әу баста іріктеу кезеңіне 5 ару ғана шығады делінген). Ақылдаса келе қазылар отыз қыздың ішінен тоғызын алып, бір тоқтамға келді. Отыз бір қыздың ішінен оза шауып алдыңғы лектен көрінген 9 ару  – Әйгерім Әшірәлі, Талшын Сейітханова, Салтанат Тұрғанбекова, Жадыра Мергенбаева, Эльмира Таудаева,  Алтынай Зарлыққызы, Арайлым Сейітжан, Айдана Ақбенова, Айгүл Ташетова болды.

Сыр мен сымбат, шешендік пен көсемдік, білектілік пен жүректілік сынға түскенде жігіттер қарап тұрсын ба? Арулардан соң сұлтандар сайысқа шықты. Ер жігіттер де ешкімге есе  жіберген жоқ. Бірі Төле би болып төгілді, бірі Абылай боп ағылды. Арқаланып жыр да төкті. Баласына ат қойғызып, тұсау да кескізді. Қызығы сол, жастардың некесін қиып, имам да болғандар бар. Бәрінен көп қайталанған дәстүр – беташар мен бата болды. Ал жаһандану деп жүргенімізде жұтылып кеткен әдемі дәстүрлеріміз аракідік көрініп қалғаны болмаса аңғарыла қоймады. Бірақ бәрімізді «біз шанышар» дәстүрі бей-жай қалдыра алмады. Құдайы қонақ бола отырып, сол үйдің қызы ұнаса біз шаншып кететін салтты суреттей жеткізген жігіттерге көрермен разы боп, қол соқты. Бұдан бөлек қанжығасы майланып келе жатқан жігіттің «ілер көбейсін» деген жолаушысына «байлағаным болсын!» деп олжасын ұсынуы да жүрекке жылылық ұялатқан көрініс болды. «Байларға» «баутағар» деген бар. Ендеше мынау  менің «баутағарым» болсын!» деп жолаушы өз сыйын саятшыға ұсынғанын көрген кезде көз алдымызда қазақтың мәрттігі һәм жомарттығы елес беріп, дархандығымызға марқайып-ақ қалдық.  Жігіттер жарады! Атам қазақтың сән-салтанатын арттырған саяшлылық өнері де сайыстан  саяқ қалмады. Аң аулап, құс салған ата дәстүрді ұлықтаған ұландарымыз да суырылып алға шықты.  Жүйріктің жүйрігі, жігіттің жігіті озған жарыста тоғыз сұлтан топ жара іріктеу кезеңіне өтті. Олар  – Мұхаммед-Расул Көздібай,  Жамбыл Тілепов, Мағжан Ниязов, Ермек Қанатбек,Ерболат Мамырайхан, Қайрат Бұрханбаев, Тұрсын Азат, Бауыржан Антонов, Бекзат Смағұлов еді.

Іріктеу кезеңінде жетпіске жуық қыз-жігіттен суырылып шығып, сайыпқыран атанғандар өнер көрсетті. Бұдан бөлек қазылар алқасы тарапынан  оларға сауалдар қойылып, жауап күтілді. Екі-үш сағатқа созылған іріктеу кезеңінде арулар бен сұлтандар бар өнерін ортаға салып, бақтарын сынады. Кезек қазылар алқасына жеткенде бір қауым ел құлақтарын сол жаққа түрді.  Қазылар алқасы да қара сөздің қадірін түсінетін, өнерді өлердей сүйетін тұлғалардан жасақталыпты.  Қазылар алқасының төрағасы  «Қазақ газеттері» ЖШС-ның директоры – Редакторлар  кеңесінің төрағасы Жұмабек Кенжалин, Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қорының директоры Азат Шәуеев, Ақмола облыстық Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Ғосман Төлеғұл, «Ана тілі» газеті бас рекдакторының бірінші орынбасары Ержан Байтілес,   байқаудың бас продюсері Айдар Қырықбай, Алматы қаласы Медеу аудандық «Нұр Отан» ХДП-сы төрағасының орынбасары Алмасбек Нұғманов, «Көкше» академиясының проректоры Қасиет Малғаждаров, «Ана тілі» сұлтанының 2008 жылғы бас жүлдегері Серік Елубаев сынды азаматтар болды. Жарғақ құлақтар қазылардың аузына қарай түрілгенде жүзіктің көзінен өткен арулардың жүзінен қобалжығандай рең байқалса, сахнада сайдың тасындай  боп сап түзеген сұлтандарымыз сыр берген жоқ. Сонымен арулардың арасынан айдай көркі Абайдың Әйгерімін еске түсіретін алматылық Әйгерім Әшірәлі (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) «Ана тілі» аруы» атанды. 2003 жылы  алғаш «Ана тілі» аруы атанған Санаға Халық әртісі, марқұм  Кәукен Кенжетаев ағамыз кигізген асыл тәжді бұл жолы   «Қазақ газеттері» ЖШС-ның директоры – Редакторлар кеңесінің төрағасы Жұмабек Кенжалин мен 2007 жылы ару атанған Аида Дайырова Әйгерімге кигізді. Ал 1 орын  Сейітханова Талшынға (М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясы) бұйырды.  2 орынды – Салтанат Тұрғанбекова иеленсе (Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеті),  3 орынды тараздық Мергенбаева Жадыра (Тараз иннновациялық гуманитарлық университетінің студенті) еншіледі. Ал қалған арулар – Таудаева Эльмира,  Зарлыққызы Алтынай, Сейітжан Арайлым, Ақбенова Айдана, Ташетова Айгүл ҚР Білім және ғылым министрлігі және ұйымдастырушылар атынан алғыс хаттармен марапатталды. Сондай-ақ, С.Асфендияров атындағы Қазақ мемлекеттік медициналық университетінің аруы Нарынбаева Назеркеге Жастар конгресі атынан  атаулы сыйлық табыс етілді. Аруларымыздың жүзі жайнап сала бергенде, қандары қайнап тұрған жігіттерге де кезек жетті. Бас жүлде сөзі өрнекті, жүзі келбетті келген, дауысы Қаз дауысты Қазыбекті еске түсірген жамбылдық жігіт Жамбыл Тілеповке бұйырды. Өзін «Мен туғанда тау жаңғырған деседі!..» деп таныстыратын бұл Қаратаудың қайсар жігіті  екі күн қатар елдің ықыласына бөленіп,  жүзден жүйрік шыққан жігіт екені рас.  Ол қазір  Тараз иннновациялық гуманитарлық университетінің студенті. Ал 1 орын Толағайдай тау тұлғалы жігіт, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті Қайрат Бұрханбаевқа бұйырды. Тігінен тұрған шегенің үстіне жатып, кеудесіне еңгезердей екі жігітті жүргізген, денесіне кірпіштер қойғызып, балғамен ұрып, жарғызған, аузымен от үрлеп, тісімен кір тастарын көтеріп, сом темірді кеудесімен иген Қайраттың қайратына жиылған жұрт қайран қалды. Қажымұқанның ерлігін қайталап жүрген Қайраттай қайсар ұлдарына таңғалып, таңдай қақты. 2 орынды  С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенті Смағұлов Бекзат алды. Сал мен серінің сән-салтанатының, асыл бекзаттығының бүгінгі сарқытындай болған Бекзаттың әні жиылған жұрттың жадыларында әлі талай жаңғырары сөзсіз. Ал 3 орынды иеленген Қазақ қатынас жолдар университетінің студенті Антонов Бауыржанның тапқырлығына тәнті болған жұрт жігітке жеті өнердің де аздығына тағы бір мәрте көз жеткізді. Көрерменнің көз алдында қақпан құрып, оқ-дәрі дайындап, қамшы өрген Бауыржан сахнаға қой алып шығып, бауыздамақ боп, бата да сұрады. «Қазағымның жігіттері – жігіттердің төресі» деп сүйсінсе сүйсінгеніндей-ақ. Ал қалған 5 жігіт – алматылық Көздібай Мұхаммед-Расул (Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеті), елордалық Тұрсын Азат (Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті), қызылордалық Ниязов Мағжан (Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті), түркістандық Ермек Қанатбек (Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті), Мамырайхан Ерболат (Шет тілдер және Іскерлік  карьера университеті) алғыс хаттарын алды.  Жеңімпаздардың барлығы бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ұлттық жобаның байырғы һәм бүгінгі демеушілерінің бірі Н.Сабильянов мырзаның «Көрермен көзайымы» сыйы Таудаева Эльмира мен Көздібай Мұхаммед-Расулға бұйырды. Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігі, Ақмола облыстық әкімдігі, «Қазақ газеттері» ЖШС-і, «Заңғар» жастар шығармашылық бірлестігі бас болып, ұйымдастырған байқау өз мәресіне жетті.

Керуендер келген бағыттарына бет түзеді. Бірақ көңілдерге көктем келіп, жүректерде лүпіл кетіп барады. Сұлтандар сәйгүліктерінің сауырында кестелі орамалдар  кетсе, өткен күннен баға жетпес белгі боп, сұлулардың саусағында  жүзіктер кетті. «Бұлар –  ұлттың ұйытқысы болар арулар мен ұстыны болар сұлтандар!» десті жиылған жұрт.  Желмаялар желіп, көріктілер мен бөріктілердің көші баяу жылжи мидай жазық жазираны бетке алды. «Қош бол, сәулем, көргенше, қайта айналып келгенше…!» десіп әнге салған күймелер керуені ұзап барады…


Динара ІЗТІЛЕУ

КӨКШЕТАУ

Пікірлер