Кореяда дәрігердің пара алуы тірідей өлгенмен тең

3548
Adyrna.kz Telegram

Оңтүстік Кореяға Сеулге келгелі үшінші күн. Біз ем алып жатқан клиниканың қасындағы дүкендерде бағаның шарықтап тұрғанын кеше аңғардым. Бүгін базарға барып Сеулдің базарын көзбен көрдім. Көмекке карта мен гугл аудармашы келді. Сонымен не түйдім?
Бірінші аңғарғаным, кәрістердің базары түскі 12-ден, кешкі 12-ге дейін жұмыс істейді. Базарлары таза, әрі жинақы. Саудагерлері адал. Шеттен келдің деп алдап қалу жоқ.

Себебі базарда камера және төлем жасау кезінде саудагердің жұмысын бағалайтын құрылғы тұрады. Заң қатал..
Базарға кіре салысымен еттің бағасын білгім келді. Себебі клиниканың қасындағы дүкенде 100 грамм ет 10 доллар. Бұл біздің теңгемен 3870 теңге.

Базарда 400 грамм ет 8500-9000 вон екен. Теңгеге шаққанда 3433теңге.. Балықтың бір келісі  10000 вон.

Сонда бұл жақта бір келі балықты 3800 теңгеге алады екенбіз. Құлпынайдың бір келісі 5900 вон.

Теңгеге шаққанда бір келі құлпынай 2322 теңге. Салыстыра берсек, біздің теңгемен шаққанда Сеулде өмір сүру қиындау. Ал өздерінің жалақысы жоғары болғандықтан оларда өмір сүру сапасы жақсы. Мәселен 4000 доллар жалақы алатын мұғалімдер отбасы бұл жақта ауқатты отбасы саналады. Ол үшін мұғалімдерге тек қана Кореяның университетін бітірсе болғаны. Әрі қарай жұмысын істеп еңбек өтілін толықтырып балаларға білімін беріп жүре береді.. Біздегі тәрізді мұғалімді қоғамдық жұмысқа жегу бұл елде жоқ екен. Мұғалім тек білімін беріп, балалардың интелектуалдық деңгейін дамытуға міндетті. Мұны естіп "ұстаздарына қоқыс жинатып, қоғамдық жұмысқа жегіп, сайлау болса таң атқанша дауыс санатып қоятын ел біз ғана ма екен" деп ойладым...
Ал дәрігерлеріне қоятын талап ерекше, соған орай ол ең құрметті мамандық. 'Жаңа базарға кетіп барамын" дегенімді естіп клиникадағы қыздар "адасып кетсеңіз конференцияға келген дәрігермін деңіз, кез келген кәріс өздері тегін әкеліп тастайды" деді. Осыдан-ақ, дәрігерге құрметті байқауға болады. Бұл елде дәрігерге рахметін айтып, ақша қыстыру деген жоқ. Кореяда дәрігердің пара алуы тірідей өлгенмен тең.

Бұл елде автобуспен жүру құны 487 теңге. Автобуспен жеңілдікпен мұғалімдер мен дәрігерлер жүре алады және үш баласы бар аналар автобуста тегін жүреді. Ал көп балалы аналарға жәрдемақы бөлу мәселесі Оңтүстік Кореяда оңды шешіліпті. Кореяда жәрдемақы екі баласы бар аналардан бастап төленеді. Екі баласы бар ана 1800 доллар, үш және төрт баласы бар аналар 2000 доллар мемлекеттік жәрдемақы алады. Бұған ай сайынғы түсіміне қарай жергілікті аудан бюджетінен қаражат қоса бөлініп отырады. Халқына жағдай жасалған, адами құндылықтарды дамытуға барынша күш салған ел екен. Осыған қарап біздің елде әлеуметтің жағдайы оңалуы әлі талай-талай сауатты қадамдар керек екенін еріксіз мойындайсың...

Қарлығаш Зарықханқызы

"Адырна" ұлттық порталы

Алматы-Оңтүстік Корея-Сеул

Пікірлер