Дербес елге айналған Қазақ хандығының нығая түсуіне шығыста 1635 жылы Батыс Моңғолияны мекендейтін, Ойрат одағына кіретін тайпалардың бірігіп, Жоңғар (Сол қанат) хандығын құруы және бұл мемлекеттің о бастан-ақ қазақ жеріне көз тігуі Қазақ хандығының тәуелсіздігіне үлкен қауіп төндірді. Бұл тұста қоңырат Алатау, алшын Жиембет, шапырашты Жанай мен Қарасай, Әйтей, арғын Қомпай және Ағынтай, найман Көксерек, қаңлы Сарбұқа, дулат Құдайберді, Жақсығұл, суан Елтінді батырлардың тайпалық жасақтары қазақ ханы Есімнің көрсеткен үлгісімен қазақ жерін қорғауға бел шеше кірісті.
Қазаққа қатты өшіккен көшпелі мемлекеттің алғашқы билеушісі Батыр қоңтайшы болды. Ол Тарбағатай тауының бөктерінде 1640 жылы құрылтай шақырып, онда барлық Ойрат тайпаларына ортақ «Цааджин бичиг» (Дала ережесі) деп аталатын заң қабылдады. Батыр көрші жатқан Қазақ хандығының тамырын басып көру үшін сол тұстағы қазақтың найман Тоқымтай (Төртқара) би, арғын Нұрқожа би, шапырашты Дәулет би тәрізді ірі билерін де осы құрылтайға қонаққа шақырып, олардың иықтарына екіжүзділікпен шапан жапты да, көп кешікпей-ақ тас құдайға табынушылардың қазақ жеріне қанды жорықтарын қайта бастап берді. 1643 жылы еңсегей бойлы ер Есімнің ұлы Жәңгір асығыс жиналған азғана қолмен Орбұлақта Батыр қоңтайшының 50 мыңдық әскеріне қарсы соғысуға мәжбүр болды. Алшын Жалаңтөс батырдың бастауымен Алты ата Әлім руларынан жасақталған 20 мың сарбаз келіп жетпегенде, қазақтар қиын жағдайда қалатын еді.
Бірбеткей де қайсар Жәңгірді халық құрметтеп «Салқам Жәңгір» атандырды. Алайда Жәңгірдің қалмақпен жекпе-жекте қайтыс болуы жағдайды ушықтырып жіберді. 1653 жылы қайтыс болған Батур қоңтайшының орнына таққа таласқандар арасынан жеңіске жеткен Қалдан Бошоқты қазақтарға қарсы жаңа соғысты жалғастырды. Ол 1680 жылы Жаркент қаласын басып алып, батысқа жылжыды. Алайда 1681 және 1683 жылдары оның әскерлері Сайрам қаласын жанталасып қорғаған қожалар мен дулаттың Сиқым, Ботбай тәрізді аталарынан жасақталған сарбаздардан оңбай жеңілді.
Осы тұста жоңғарлардың өзара алауыздығы өрши түсіп, олардың біразы батысқа қоныс аударып, Еділ мен Жайық арасын қоныс етті. Мұның өзі қалмақтардың батыстағы қазақтарға жортуылдарының басталуына жол ашты. Осылайша, қазақтар екі жақты қыспақта қалды. 1685 жылы Қалдан Бошоқтының қолбасшысы Сеуан Рабдан Сайрам қаласына үшінші рет жорық жасап, қаланы басып алып, халқын аяусыз қырды. Бұл жолы қалмақтар айтарлықтай табыстарға жете тұрса да, шапырашты Қарасай, арғын Ағынтай, найман Көксерек, қаңлы Сарбұқа батырлардың тайпалық жасақтарына кездесіп қалудан қаймығып, Тәуке хан отырған Түркістан қаласын маңайлауға бата алмай қайтып кетті.
Жоңғарларға қоңтайшы болған соң Сеуан Рабдан қазақ жеріне 1711-1712, 1714, 1717-1718 жылдары бірнеше дүркін ауыр жорық жасады. Әрі Қазақ хандығымен, әрі Цинь империясымен болған катыгез соғыстар ақырында жоңғарлардың өздерін тұралатты. Оның үстіне «жығылғанға – жұдырық» дегендей, осының алдында үш жыл бұрын қатты қыстың салдарынан болған қырғын жұт оларды тағы да ойсыратып кетті. 1717 жылы Тәуке қайтыс болған соң, қазақтың төбе билері оның ұлы Болатты таққа отырғызды. Тәукенің өлімі ата жау – жоңғарлардың еңсесін тіктеп, оларды қазаққа қарсы жорыққа қайта ынталандырды.
Алғаш жоңғарлар Қаратау бағытында Ұлы жүз рулары мекендейтін аймақтарға ауыз салды. Осы маңда қазақтың Үш жүзінің хандарының (Әбілқайырдың, Жолбарыстың, Болаттың) аралары жақын орналасқан еді. Қазақтар осындағы өзендер бойында қорған қамалдар салып, жоңғар әскерлерін осындай бекіністер маңында күтіп алды. Бұл шайқастарда қазақ батырлары ерекше ерлік көрсетті. Бірақ мұндай ерліктер рулық бытыраңқылықты жоя алған жоқ. Рулық батырлардың соңынан ілескен асығыс жасақталған қазақ жасақтары тонаушылық соғысқа алдын ала дайындалып, зеңбірек сүйретіп, тығыз топтасқан қалмақ әскерлеріне тұрақты қарсылықтар көрсетуде қауқарсыздық танытты. Оның үстіне, осындайда Үш жүздің басын қосып, ортақ мақсатқа берік ынталандыратын Тәуке ханның орны үңірейіп тұрды. Оның тағына отырған Болаттың билігі босаң болып, ол қазақтарды қанағаттандырмады. Осындай әлсіздік Әбілқайыр басқарған қазақ қолдарының 1718 жылы Аягөз шайқасында жеңіліп қалуларына алып келді. 1722 жылы шығыстағы Цинь империясының боғдыханы Кансидің қайтыс болуы және осыған байланысты олардың жоңғарларға өздерінің саясатын өзгертіп, бітімге келуді ұсынулары Жоңғар хандығын күшейте түсті. Сондықтан да қоңтайшы Сеуан Рабданның жинаған 30 мың адамнан тұратын әскерін бастаған оның баласы Шоно Лоузан 1723 жылы ерте көктемде Шу мен Талас өңіріне басып кірді. Жау Дулат руларын және оларды қолдаған Ысты, Ошақты тайпаларын жаппай қырғынға ұшыратып, олар Ташкентке қарай шегінуге мәжбүр болды.
1724 жылы Әбілқайыр мен Сәмеке хандар басқарған батырлар қасиетті Түркістанды жау қолына бермеу үшін жанталаса күресті. Алайда зеңбірекпен атқылаған жоңғарлар қала қорғанын тас-талқан етіп қиратты. Қазақ рулары соңдарына түскен қалмақ жасақтарынан бас сауғалап, Ташкенттің айналасына да тұрақтай алмай, Ходжент маңына және Шығыс Бұқарадағы Нұратаға дейін көшіп барды. Бұл қасірет «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» деген атпен халық жадында сандаған ғасырлар бойы сақталып қалды. Десек те, қазақ батырлары туған жер үшін қалмақтармен жан аямас соғыстарға барды. Үлкенді-кішілі осындай көптеген шайқастар болған жерлер тарихқа «Қалмаққырылған» деген атпен енді. Олардың ішіндегі ең ірілері Бұлантыдағы және Аңырақайдағы ұрыстар болды.
Бұларда Қабанбайдың, Бөрібайдың, Ақтамбердінің жасақтары жауды жапырып жеңді. Алайда өңмеңдеп алға ұмтылған жоңғарлар 1739 жылы Орта жүзге басып кіріп, арғын, керей, уақ тайпаларын едәуір қырғынға ұшыратты да, көп кешікпей Ташкент және Түркістан бағыттарына қарай ойысып, Орта жүз ханы Әбілмәмбетті Кіші жүз аймағындағы Елек және Жайық өзендері аралығындағы аймаққа шегінуге мәжбүрледі. Осы тұста Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақұлы Жәнібек, Тама Есет, Уақ Баян, Табын Бөкенбай, Шақшақ Бөгембай, Сүйіндік Олжабай, Бәсентиын Малайсары, Тарақты Байғозы, Тобықты Мамай, Атығай Құлсары, Құлеке, Жәпек, Андықожа бастаған жасақтар жанқияр ерліктерімен ерекше көзге түсті.
Жоңғарларға Қалдан Серен хан болған тұста (1727-1745) Ұлы жүз рулары қоқандықтармен бірігіп, қалмақтарға қарсы қуатты одақ құра білді. Бұған қырғыздар қосылып, енді Ұлы жүз жерін жайлаған қалмақтардың тым-тырақай қашулары басталды. 1750 жылдан соң жоңғарлардың зайсаңдарының таққа таласқан ішкі тартыстарын Абылай хан (1734-1781) ептілікпен пайдалана білді. Батырларға сүйенген Абылай хан Ұлы жүз жеріне таласқан қырғыз руларын да бағындырды.
Қазақ хандығының тәуелсіздігін сақтап қалуда Асы (Түркістан) маңындағы Күлтөбедегі жиындар, 1710 жылы шақырылған Қарақұм кеңесі, 1726 жылы болып өткен Ордабасыдағы жиын, 1730 жылғы Ұлытау жиыны, 1752 жылғы Ұлытау кеңесі, 1762 жылғы Қарқаралы құрылтайы үлкен рөл атқарып, қазақтың «етек-жеңі» жиналған ынтымақшыл ұлтқа айнала бастағанын көрсетіп берді. Қазақтың басын қосуда осындай қилы кезеңде жалпыұлттық деңгейдегі үйсін Төле би, қаракесек Қазбек би, алшын Әйтеке би көсемдік, қайраткерлік тұлғаларымен халықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Оларды тайпалық деңгейдегі найман Ақылбай би, Қарақалпақ Жаңгел би, шапырашты Қазбек бек, Қырғыз Төлекей би, төртқара Тауқымет би, ысты Нұрмамбет би, жалайыр Жолбарыс би, албан Сырымбет би тәрізді көптеген халықтық тұлғалардың қолдауы қазақты біріктіре түсті.
Талас ОМАРБЕКОВ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Қазақстан
тарихы кафедрасының меңгерушісі