Қазақ атауы туралы бірер ой

3189
Adyrna.kz Telegram

Тарихтың сарын жолы екіге бөлінеді: бір бөлек тарихтың пайдаланғаны соғыс істері… Тарихтың екінші түрлісінің (мұны орыс тілінде история культуры дейді) пайдаланғаны — жұрттың болмыс-салты, рухани мәдениетінің дәрежесі. Бұлардың бәрі сол жұрттың сол замандағы тіккен үйінен, киген киімінен, ұстаған аспаптарынан, сөздерінен білінеді. Анық тарих — осы екіншісі.

Ә. Бөкейханов.

Мақалаға көз жүгірткен оқырманның тарапынан ұлт этнониміне айналған «қазақ» сөзінің салтқа қандай байланысы бар деген сауал туындауы әбден мүмкін. Біздің жұртымыздың «қазақ» атануы қазақылық салтқа байланысты орныққан. Бұл тұжырымымыз сөз барысында айқындалатынын ескере отырып, «сонардағы із кесуді» (бұл жерде сонар деп салт мәселесін қарастыруды атап отырмыз) қазақ атау сөзінің түбірлік мағынасын қазақ этнографиясы мен фольклорының материалдары арқылы ашуға ұмтылмақпыз. Мұнымыз оқырманның ой дүниесіне өзгеше жол ашпақ болған талпынысымыздан туындап отырған әрекет екенін де жасырмаймыз.

Әлқисса, «қазақ» этнонимінің этимологиясы туралы ғылымда әрбір кезеңде, әрбір ғасырларда айтылған, көзі қарақты оқырман қауымның көпшілігіне таныс сан-алуан пікірлер бар. Солардың ішінде қазақ халқының ғасырлар бойы тұтынған тұрмыс салтының көрінісін, өмір сүру менталитетінің нобайын бейнелей алатын пікір — Еуразияның кең даласында негізінен көшпелі тіршілік құрған біздің жұртқа «қазақ» атауының орнығуы «белгілі бір кісінің немесе топтың елден бөлек кетіп, еркін, азат өмір сүруі» деген мағынаға байланысты екенін тілге тиек ететін таным. Өткен ғасырдың 80-жылдарында қазақтың талантты филолог ғалымы Қ. Өмірәлиев «қазақ» атауын көне түркілік «қаз» етістігінен шығарып, оның мағынасын «өз бетінше күн көру» деген ұғымға сай келетінін жазған болатын. Ғалымның пікірі өте орынды айтылған еді. Өкінішке қарай, қайсыбір «қиялшыл» зерттеушілердің қазақ этнонимін сақ дәуіріне апарып, «нағыз сақ» деген мағына беретін «қайсақ» («қай» сұрау есімдігінен «нағыз» деген мағынаның қалай қиысатынын түсіну өте қиын!) атауынан туған деген сияқты «әсірешілдіктерінен» ол пікір әрі қарай өз өрісін кеңейте алмады. Шынтуайтына келгенде, «қайсақ» — қазақ атауының қалмақ-ойрат тілдеріндегі дыбысталуы. Бұл атау қалмақ-ойрат информаторларынан орыс, қытай деректеріне түскен.

Жоғарыда аталған «қаз» етестігіне қатысты Қ. Өмірәлиевтің дәйегі көне түркі жазба ескерткіштері мен түркілерге қатысты араб-парсы жазба деректерінен қуат алған еді. Ғалым көне түркі жазбаларында кездесетін «қадақ будун» тіркесіндегі «қадақты» бүгінгі «қазақ» сөзінің көне түбірі деп санайды. Онда «д» дыбысы «з»-ның баламасы. Қазақ тілінде «д, з» дыбыстарының өзара ауысуы түбір сөздерде жеке дара сақталған. Мысалы, «қада қағу» мен «қазық қағу» немесе «қадалып сұрау мен қазбалап сұрау» деген тіркестердің мағыналары қазақ үшін бір-бірінен алыс емес. Көне түбір сөздегі «д» дыбысының «з» сыңарындағы жаңа баламасы ХІІІ ғасырдан бастап түркі тіліне әбден орнығады. Себебі ХІІІ ғасырда жазылған араб-қыпшақ сөздігінде «қазақ» атауы «ел-жұртынан айырылған, жалғыз қалған кісі» деген мағынада тіркелген. Олай болса, көне түркілердегі «қадақ» пен орта ғасырлардағы қыпшақ түріктеріндегі «қазақ» атауының алғашқы мағыналары «еркін, өз бетінше күн көру» деген ұғымда сақталған. Ал қазақ (қазақылық) «қаз» етістікті түбірден өрбиді. Бұл етістікті түбірдің көне бастауындағы «бөлек кету, бөлек шығу» деген ұғымдарының қазақ арасында сақталған жекелеген сөздерде сақталғанын байқауға болады. Жалпы, сөз этимологиясын кешенді (комплексті) түрде зерттеуге күш салу — белгілі бір нәтижеге қол жеткізудің оңтайлы әдістерінің бірі.  Осы орайда біз «қаз» түбірінің түпкі мағынасын халқымыздың отбасылық ғұрыптарының көріністері мен түсініктері негізінде ашуға ұмтыламыз.

«Қаз» түбірінен туындайтын жекелеген сөздер халықтың көне дүниетанымының іздері сақталған отбасылық ғұрыптарда сақталған. Отбасылық ғұрып — халықтың көне наным-сенімдері, дүниетанымы, түсініктері сақталған рухани қазына. Кең мағынада белгілі бір ғұрыпты бірнеше рәсімнің басы біріккен, бірыңғайланған жиынтық деп санауға болады. Ол өмір талабының өзгерісіне өте баяу бой береді. Бұл орайда, Ә.Бөкейханның «Құдайдан кейінгі өзгермейтін нәрсе — рәсім» деген сөзін қаперде ұстаған ләзім.

Сонымен қаз түбірі отбасылық ғұрыптардың шеңберінде екі сөзде кездеседі. Бірі — «қаза болу», екіншісі - «қаз, қаз басу».

Халқымыз дүниеден озған кісіні «қаз+а болды» деп атайды. Мұнда «қаза» етістігі марқұмның бұл дүниеден о дүниеге (басқа, бөлек дүниеге) кетіп, жұрттан бөлінгенін білдіріп тұр. Мүлдем жоқ болып кету емес, біртұтас кеңістіктің бір бөлігіне бөлініп кету. Жер жүзінің әр тарапындағы халықтардың көне мифологиялық дүниетанымы ертедегі адамдардың дүниені тұтас, бөлінбес космос деп қабылдап, оны жоғары, орта, төменгі дүние деп үшке бөлгендігін байқатады. Мұндай мифологиялық түсінік қазақ арасында да болған. Мәселен, Ш.Уәлиханов жазып алған «Өлі мен тірінің достығы» атты қазақ ертегісі:«Аспанда да адамдар өмір сүреді. Олар белдікті тамағына тағынады, жерде, ортада өмір сүретіндер біздер белімізді буынамыз, өздерінің біздегідей күн мен айы, жұлдызы бар жер астындағылар белдікті аяқтарына байлайды», — дейді.

Ежелгі адамдар барлық жан иелері (адам, мақұлық) аталмыш үштік космоста бір дүниеден екінші бір дүниеге басқа формаламен ауысып жүре береді деп түсінген. Сондықтан өлім — бір түрден екінші түрге ауысудың белгісі немесе бір дүниеден екінші бір бөлек дүниеге көшкен керуен. Қазақтың мифологиялық түсінігі бейнеленген сөзбен айтсақ, өлім дегеніміз «қайтыс болу», яғни қандай бір болмасын кісінің келген жағына қайта кетуі.

Қайтқан кісінің қайта оралуы — дүниеге келген нәресте. Нақтылап айтсақ, жаңа туған бала -өткен (қайтқан) кісінің жалғасы. Қайту мен келу тұтас космос әлемінде айналмалы, яғни үздіксіз құбылысты түзейді. Сондықтан жаңа туған балаға есім бергенде қайтқан кісі бұрынғы дүниеден кісінің жаңа жалғасы деген сынды түсінікті ырымдап (Жаңабай (бек), Жалғас(бай, бек) немесе ол бала дүниеден кеткен кісінің орнына келіп тұрған төлеуі мен өтемі [Өтеген (Өтебай, Өтеулі), Төлеу (хан, жан, бек, бай), Төлеген (Төле, Төленген), Өмірбек (бай, хан), Қалқаман (Қалқа+ман)]деген сынды есімдерді қояды. Бұл есімдер бір жағынан қайтқан кісінің соңында өтуге тиіс қазанамалық ғұрыптардың атқарылғанын, өтелгенін де айшықтайды.

Жаңа туған сәбидің бір жасқа толғанға дейінгі кезеңдерде оның тілеуін тілейтін рәсімдер жиынтығы (ғұрыптар) қайтқан кісінің артынан орындалатын азалау (қазалау) рәсімдерінің кері орындау белгілерін сақтаған [Салыстырыңыз: бесікке (ағашқа) салу (табытты еске түсіреді), қырқынан шығару (қырқын беру), тұсаукесер (жылы, яғни қайтқан кісінің еркін рухқа айналуы (Ш.Уәлихановтың жазбаларына қазақ арасында қайтқан кісі бір жылдан кейін тек өз отбасының маңайында жүрмей, кеңістікті емін-еркін шарлайтын рухқа айналады деген түсінік тіркелген)].

Ал сол жас нәрестенің аяғын апыл-тапыл басып (әдетте бұл сәбидің 1 жасқа жақындағанында орын алатын физиологиялық құбылыс), өз еркінше тұрып-жүруге ұмтылғанын ырымдайтын отбасылық рәсімдер жиынтығы — тұсаукесер ғұрпы. Мұны қайтқан кісінің о дүниеге кеткенде аяғына байланған бауды немесе қайтқан кісіні үйден шығарарда керілген арқанды (жіпті) қайта кесу деп те атауға болады. Сол ғұрып үстінде орындалатын жырда тұрақты қайталанатын «Қаз, қаз, қаз балам// Қадамыңа мәз болам» деген жолдардағы ақ тілекте өз бетімен жүруге талпынған сәбидің талабына қуану сезімі «қаз» етістігімен берілген (Бізде тұсаукесердегі «қаз» етістігін қазақ арасына кейін ауысқан асыранды құстың бір түрі қаздың жүрісіне балау орын алған. Қазақтар қазды асыранды құс етіп бақпаған. Біз үшін қаз «аспанда әуелеп ұшқан» жыл құсы).

Сәбидің алғашқы ұмтылысына риза болған бұл қуаныш сезімінде «қаз» етістігінің орын алуы тегінен-тегін емес, өйткені бұл дүниеге тылсым күштердің (тәңірі, аруақ, әулие) қолдауымен келіп, қаз тұрып, алғашқы қадамын тәй-тәй басқан бала халық танымында бөтен дүниеден бергі дүниеге (бұл дүниеге) өтті деген қуанышты білдіреді. Тұсаукесер рәсімінен кейін ол — өзге дүние байлауынан босаған, тәуелсіз, өз еркімен жүретін жан иесі. Бұл түсінік қайтқан кісінің 1 жылдан соң еркін рухқа айналады деген ұғыммен паралелль.

Халықтың «қаз тұрған» жас баланы бұл дүниеге өтті деп бағалау қазақтың мүшел қайыру санағына да енген. Он екі жылдық мүшелдің алғашқы кезеңі қазақта 13 жыл деп есептеледі. Себебі бір жасқа дейін, яғни тұсауы кеселгенге дейінгі жас сәбидің өмірі бұл дүниенің есебіне кірмейді. Оның бұл дүниедегі өмірінің жаңа есебі өз аяғынан тұрып, «қаз басқаннан», яғни еркін, өз бетінше жүріп-тұрғаннан кейін басталады.

Ал сол бала ержетіп, балиғатқа толған уақытта (он үштен асқан соң) «азамат» болды деп, үйлендіріп, бөлек шығарады. Біздіңше, бұл сөздің де алғашқы дыбысталу үлгісі де «қаз» етістігінен(«қазамат») тараса керек. Жуан дауысты «а» дыбысының кері ықпалынан дауыссыз «қ» әлсіреп, түсіп қалғандай көрінеді. Өйткені мұндай тілдік құбылыс тілімізде жиі кездеседі. Мысалы, Хасан-Асан, хакім-әкім, Хайша-Айша, хайуан-айуан, хақы-ақы, хал-әл т.б. («Х» дыбысталу жағынан «қ»-ға жақын дыбыс).

Бөлектік мағына беретін «қаз» етістігі Қазақбай, Қазыбек, Қазыбай, Қазымбек, Қаз+туған деп келетін кісі есімдерінде орын алып отырады. Бұл есімдерді ата-ана баласына «еркін, азат болып өссін» деген ниетпен қойған. «Қазақбай, Қазыбек, Қазтуғандардың» қазіргі күндегі баламасы — «Еркін, Ерік, Азат» деп келетін есімдер.

Өткен тарихта өз есімімен еркіндік символындай болған тұлға — ноғайлы-қазақ жырауы Қазтуған. ХҮІ ғасырдан бастап отырықшы Ресей патшалығы басып алып, жаппай қала, бекініс салып орналаса бастаған Еділ бойындағы қоныстардан:

Мен салмадым, сен салдың,

Қайырлы болсын сіздерге

Менен қалған мынау Еділ жұрт, — деп, өзге өлкеге қоныс аударып,  еркін, азат өмір сүруді қалаған атақты жырау Қарғалыбойлық («Қарғалы» -Ақтөбе өлкесіндегі өзен атауы. Қарғалы+бойлық сөзі біріккенде «лы» қосымшасы түсіп қалып, жырау «Қарғабойлық» деп атанып кеткен. Салыстырыңыз: Сырбойлық, Жембойлылық т.б.) Қазтуғанның есімі де оның қоныстан, жұрттан бөлек кетуі іс-әрекетіне байланысты қойылған лақап есім болуы да ғажап емес. Қарғабойлылық Қазтуған туралы батырлық жыр да, жырау айтты деген толғау да оның осы әрекетін дәріптейді. Ноғайлы зерттеушісі А. Сикалиевтің көрсетуінше, Қазтуған — Еділдің сол жақ бетіндегі Үлкен Ноғай Ордасынан (қазіргі Қазақстанның батыс өлкесінен) Еділдің оң жағындағы Кіші Ноғай Ордасына көшіп, Кавказ етегіне қоныстанған жұртты билеген кісі.

«Қаз» түбірі топонимикалық атауларда да бар. Айталық, Кавказдағы таулардың бір бөлігін «Қазбек» деп атайды. Бұл атау таудың орналасу сипатына байланысты қойылуы  әбден мүмкін. Жылқы малының етінің сыртына бөлек бітетін майды қазақтар «қазы» деп белгілейді. Бұл да кездейсоқ болмаса керек. Сондай-ақ қазақтар дауласушы кісілер келіп жүгінетін, дауға қатысы жоқ бөлек кісіні, яғни төрешіні де «қазы» деп атайды.

ХІХ ғасырдың соңында жазбаға түскен қазақ аңыздарының бірінде ноғай-қазаққа орыс әйелдерін қосып жаңадан жасалған тайпаның ішінде билігіне ақ, әділ қазылық етіп көзге түскен кісіге «қазы+ақ» деп ат қойып, содан жұрт «қазақ» аталып кетеді. Сондай-ақ қалмақ қолына тұтқынға түскен қазақ тұтқындарын жау билеушісінің алдында шешендік тапқыр сөз арқылы босатып алған, Тәуке ханның «Жеті Жарғысын» қабылдауға қатысқан Үш жүздің атақты биінің бірі Қаракесек Қазыбекке «қаз дауысты» деген лақап есім берілген. Біздіңше, бұл лақап «қаз» түбірінен туындайтын әділдік, еркіндік, азат деген ұғымдарды «үнмен, сөзбен жақтаушы кісі» деген мағынаны білдіретін сынды. Бұлай деп жорамалдайтын себебіміз:біріншіден, «дауыс» ертеде «сөз» деген мағынада қолданылған. Екіншіден,Қазыбек би жоңғар қоңтайшысының алдында қазақ халқының ежелден азаттықты, еркіндікті сүйген ел екенін айтып, сес көрсетеді. Қазақ өкілінің қоңтайшыға айтқан сөзіне ің аударайық:

«Қазақ деген мал баққан, Сарыарқада қаздай қалқып, үйректей жүзіп, теңіздей көлдерді, ұзын, ұзақ өзенді, көк майса көкорай шалғында, сахара салқында ел жайлап шалқып жатқан еліміз. «Елімізден қашпасын!»- деп, «Жерімізді жау шаппасын!»- деп, найзамызға үкі таққан елміз. Жау аяғына басылмаған ел боламыз. Досымызды сақтай білген, дәм-тұзын ақтай білген ел боламыз. Ұл туса, атадан: «Құл болам!»-деп тумайды. Анадан қыз туса: «Күң болам!»-деп тумайды. Ұл менен қыз сенің тұтқыныңда отырса, оларды азат етпей тынбайды», дей келе:

Сен темір болсаң, мен — көмір,

Еріткелі келгенмін.

Екі елдің арасын

Теліткелі келгенмін!

Сен көктегі құс болсаң,

Мен іліп тастар сұңқармын.

Сен жердегі аңның жүйрігі құлан болсаң,

Мен қуып жетіп соғар тұлпармын!

Сен қабылан болсаң, мен-жолбарыс,

Алысқалы келгенмін!

Жау тілегенге

Жасыл туса еді, — деген,

Ел болып, шабысқалы келгенмін!

Елімнің шетіне ойран салған өзің:

Бітім беретін болсаң,

Айыбыңды мойындап, бітім бер!

Болмаса, тұрысатын жеріңді айт,

Шабысқалы келгенмін! -дейді.

Қазыбек бидің бұл сөздерінде қазақтардың еркіндік пен тәуелсіздікті ардақтаған азат әрі жауынгер халық екені «самалдай» есіп тұр. Айтпақшы, атақты биге «қаз дауысты» деген лақап есімді жоңғар қонтайшысы береді. Ол Қазыбек айтқан сөздердің мағынасына (бітімгершілікте дауыстың сипатына емес, сөздің мағынасына мән берілетіні сөзсіз) тәнті болғаны анық.

Еркіндік, азаттылық, тәуілсіздік ұғымы бар «қаз» етістігінен «қазақ», «қазақылық» сынды әу баста жауынгершілік мағына берген атау есімдері туындаған. Қазақылықтың түп бастауы көне ру-тайпалық қоғамдағы ер кісілердің алғашқы қосындар құрып, әскери демократия құндылығын қалыптастырған кезеңге бойлайтыны сөзсіз. Түркі халықтарының тарихында жауынгерлік қосындардың жиналуынан жаңа ел пайда болған көріністері бар. Мысалы, көне Түркі қағанатының жазба ескерткіші-Орхон-Енисей жазбаларындағы жыр жолдарында Білге қаған мен Күлтегіннің арғы аталары елден бөлінген ерлердің басын қосып, үлкен әскери қосын жасақтап, түркі халықтарын қайта ел қылғаны баяндалады.

Ал сол әскери қосындардың тірлігінен өмір сүру салты болып қалыптасқан қазақылық ХІҮ-ХҮІ ғасырларда түркілік кеңестікке әлеуметтік институт болып орныға бастайды. Бұл әлеуметтік институт әскери қызметтің дамуынан туындаған құбылыс болатын. Аталмыш ғасырларда жазылған тарихи жазба еңбектерде «қазақ» атану немесе «қазақылық құру» елден бөлініп кетіп, әскери қосын құрып ешкімге бағынбай жеке тіршілік кешу салтын білдіретін мағынаға ие бола бастағаны айқын көрінеді. Мысалы, толық күйреуге бет алып, бірнеше ұлысқа бөліне бастаған Алтын Орданың бір пұшпағы көшпелі Өзбек ұлысынан «қазақ шығып», көршілес Шағатай ұлысының шекарасына шабуыл, жорықтар жасаған әскери қосындар туралы деректер ХҮ ғасырдың  орта шеніненде тимуридтер тарихшыларының жазбаларына тіркелген. Айталық, Әмір Темірдің баласы Шахрухтың қызметінде болған  Абд ар-Раззак ибн Исхак Самарқанидің баянында 1440-1441 жылдары Өзбек әскерінен «қазақ шығып» кеткен топ Темір иелігінің шеткері аймағы Мазандаранға шабуыл жасағандығы туралы оқиға тіркелген. Шахрух бұл өлкені қорғау үшін жыл сайын түмен (он мың) басқарған әмірлерді ұстап, сол жақта қыстап шығып отыруға мәжбүр болады.

Сонымен бірге, орта ғасырларда «қазақ» атауы немес «қазақылық ету» жекелеген кісілердің іс-әрекеттеріне де қолданылатын болған. Айталық, көшпелі Өзбек ұлысының негізін қалаған Шайбан Әбілқайыр хан тағына көтерілгенге дейін өзін қолдаған бір топ әмір-билермен қазақылық өмір кешеді. Моғолстан хандарының ішінде «шын пейілді мұсылман, отаншыл, іскер және ержүрек» қасиетімен ерекшеленген Уәйіс хан әкенің тағына отырған немере ағасы Шир Мұхаммедпен бақталас болып, ақырында ағасының жанынан кетіп қазақылықты серік қылады. Оның жанына өздерін батыр (баһадүр) санаған моғол ұлысының жастары қосылады. Қосыны көбейген Уәйіс хан өзіне тиесілі мұрагерлік хан тағын өзіне қайтарып алады. ХҮІ ғасырда өмір сүрген Әмір Темірдің ұрпағы атақты Бабыр да біршама уақыт қазақылық етеді. Олай болса, орта ғасырлық көшпелілердің арасында еркін, азат, тәуелсіз тірлік баламасына бағаланаған қазақылық өмір сүру салтының орны ерекше болған. Сол салтқа құрмет пен сүйіспеншілікті ХІХ ғасырға дейін үзбей сақтаған бірден-бір халық — қазақ. Мұны кезінде ғалым Ш. Уәлиханов ерекше атап өткен болатын. «Кочевой степняк, для отличия от своих городских родовичей-соседей, узбеков и ногайцев, гордился именем казака — свбодного степняка, кочевого человека», — деп жазады ол.

«Қазақ» атауында «еркін жүрген, тәуелсіз ел деген» мағына барлығын оқымысты ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы да атап өткен:

Құралған әр рудан қазақ басы,

Анда боп қан қосылған қарындасы.

«Ел болып, өз еркімен еркін жүрген»

Деген сөз қазақтықтың мағынасы,- деп жазады шежіреші ақын.

Қазақылыққа деген құрмет түркі тілдес ноғай халқында да сақталған. Оларда «қазақылық» бақытты сырт өлкеден іздеу, қысастыққа кек алу деген ұғымды береді. Тіпті, ноғайлардың ауыз әдебиетінде арнайы сала болып қалыптасқан «қазақ жырлары» деген жыр шоғыры (циклі) бар. Онда адам бойындағы тәкаппарлық, қорқақтық, сараңдықтар сыналып, әділетті, еркін өмір, сөзде тұру сынды қасиеттер айрықша дәріптеледі. Мұндай қасиетті қазақ халқының бойынан көруге болады.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтатын болсақ, біздің халқымыздың да жеке ұлт болып қалыптасуына ата-бабаларымыздың кең даланы меридиан бойынша жаз жайлау (солтүстік), қыс қыстау (оңтүстік) арасында еркін көшіп-қонып, азат ел болуға ұмтылған қазақылық салт-санасы әсер еткен. Тарихтан белгілі, ХҮ ғасырдың орта шенінде Керей мен Жәнібек хандар басқарған ру-тайпалар Жошы ұлысындағы көшпелі Өзбек ұлысынан бөлініп, шығыстағы Шағатай ұлысындағы Моғолстан жерінде жеке хандықтың негізін қалайды. Ел-жұртан бөлініп кеткен бұл тайпалар одағына «қазақ» деген лақап атау тағылады. Бұл дерек М. Х. Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегінде тайға таңба басылғандай жазылған. Ол былай деп жазады: «Керей хан, Жәнібек сұлтан сияқты кейбір сұлтандар мен басқалар аз ғана топпен Әбілқайыр ханнан қашып, Моғолстанға келді. …Басында өстіп елден қашып, олардан бөлініп жырылып қалып, біраз уақыт тарығып әрі сергелдеңде болғандықтан оларды «қазақ» деп атады. Бұл лақап ат қазақтарға осылай таңылды».

Ал Жошы ұлысының батыс бөлігінде ел-жұрттан бөлек етіп, әскери қосын құрған, тонаушылық пен қарақшылықты кәсіп еткен топқа да «қазақ» атауы беріледі. Ол қазіргі «казактар». Бұларды орыс патшалығы қамқорлығына алып, қорғаушы, жазалаушы әскери қосын ретінде ұстайды. Ол казактар христиан дінін ұстап, орыс арасына сіңіп кетеді.

Қазақтың ау баста жұрттан бөлек кетіп, жеке ел болғандығын халықтың ауызша айтылған көркем тарихына бағаланатын аңыз әңгімелер де жеткізеді. Аңыздар мазмұнында азғана топпен (отыз, қырық, жүз) елден жырақ кетіп, көрші елдерге жорық жасау істермен айналысқан ержүрек, өжет кісілердің іс-әрекеттері көркем суреттеліп, дәріптеледі. Түрлі себептермен ел-жұрттан-бірде Қырым, бірде Бұқара хандықтарынан, енді бірде Түркістаннан(бұл аталғандар отырықшы өлке екеніне назар аударыңыз)- бөлініп шыққан шағын топ (қырық жігіт, отыз үш, жүз жігіт) «ұйқыны бұзып жылқы, күйме бұзып қыз алып», «көш елді көш жөнекей шауып, еру елді отырған жерінде шауып», мал-жанды болып, өз алдына ел болады. Еркіндік пен азаттықты қалаған бір топ жігіттердің қалай ел болып қалыптасуын халық шығармашылығы заңдылығымен бейнелейтін бұл мазмұндар — орта ғасырлардағы «қазақылық құру» салтының көркем шығармашылығындағы жаңғырығы екені сөзсіз. Демек, жазба тарихи жазба дерек көздері мен аңыздар мазмұнының тоғысатын жері деп қазақ халқының жеке ұлт болып қалыптасуына азат, тәуелсіз, еркін тірлікті қалаған «қазақылық салт» тікелей әсер еткен деген уәжді ауыз толтыра айтуға болады.

Бүгінгі тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің Алтайдан Атырауға, Сыр бойынан Сібір өлкесіне дейін созылған кең-байтақ жерге ие болып қалуына ата-бабаларымыздың көшпелі-қазақылық салтты ұстануы да өз септігін тигізген. Азатшылдық ұғымы сіңген қазақылық салтты мұрат тұтып, соның негізінде тарихта бірнеше рет жеке мемлекет құрған (қазақылық салт негізінде басы құралған жұрттан жеке мемлекет құра білген Шыңғыс хан тұқымдарының саяси қызметтері өзінше бөлек бір әңгіме) қазақ ұлтының шын мәніндегі азат, тәуелсіз тірлігі бүгінгі таңда жүзеге асуда. Еркіндік, азаттық, тәуелсіздік — ҚАЗАҚ атауының синонимі. Біз — табиғатымыздан еркіндікті аңсап туған жұртпыз. Мұны ұлт рухының басты діңгегі деп санауға болады.

ХХІ ғасырдағы тәуелсіздік ұғымы да өзгерді. Тәуелсіздік белгілі бір территория тұтастығы, этникалық бірізділік шеңберінде ғана емес, әлеуметтік бірлік, интеллектік (технологиялық) басымдылық, экономикалық үстемділікке деген талас-тартыс үрдісінде айқындалатын ұғымға айналды. Қай ұлт әлеуметтік бірлікте әлсіз, технология мен экономикалық дамуда төмен болса, ол жұрт тәуелді әрі еркін емес деп есептеуге болады. Өйткені ол жұрт жаһандану дәуірінде тұтастай дамыған елдің қас-қабағын бағумен болып, солардың жай-күйіне жіпсіз байланады. Біздің үкіметтің келесі жылы әлемдік дағдарыстың екінші толқыны келіп қалуы мүмкін деп дабыра қағып, парламенттің аяқ асты тарап жатқаны да осы себептен. Саясаттың ірі ойыншылары өз ойынын, әдетте, қоғамның ең күшті немесе әлсіз тұстарында жүргізеді. Іргесі бүтін, эконоикалық күш-қуаты мол елдің саясаты да тұрақты, ақылға сыйымды, көңілге қонымды болып жүргізіледі, себебі іргенің беріктігі мен күш-қуаттың салмағы саясат алаңындағы ойыншыларды тәртіпке салып отырады.

Түйіндей келгенде, ТӘУЕЛСІЗДІКТІ жаңа заман талабына сай үйлестіре білу, оны сақтап, ардақтап, дамыта білу — әр ҚАЗАҚТЫҢ, әсіресе, ХХІ ғасырдағы ҚАЗАҚТЫҢ басты парызы.

P.S. Сонарда із кескендей болған әрекетіміздің қайырлы ақыры қанжығаға байланатын осы ойлар болса,  мақсатымыздың орындалғаны деп есептейміз.


Алмас ӘБДІСАДЫҚОВ

 

 

Пікірлер