Жамбылдық шаруалар жаңа жобаның тиімді екенін айтады

2706
Adyrna.kz Telegram

Аймақта «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» жобасы аясында 7,2 миллиард теңге бөлініп, жылдық 2,5 пайыз өсіммен несие беру жұмыстары басталған болатын. Оған ауыл шаруашылығы басқармасының «ҚР Мемлекеттік сатып алу туралы» заңнамасына сәйкес, сенім білдірген өкілі (агент) болып «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы бекітілді.

Бүгінгі күні «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ға жобаның бес бағыты бойынша пилоттық 11 ауылдық округтен 2 228 өтініш түсіп, оның 974-і мақұлданған.

Қазіргі уақытта жобаның екінші бағыты бойынша берген өтініштеріне сәйкес, 4 азамат несие қаражатына қол жеткізді. Атап айтсақ, Жамбыл ауданының тұрғыны Қанат Қасымов пен Байзақ ауданынан Нұрбөбек Әбдірайымов – 5,0 миллион теңгеден, Жуалы ауданынан Әлиза Сыдырғали – 4,2 миллион теңге және Шу ауданынан Дәуренкүл Күләшбекова – 3,2 миллион теңге алды.

Жамбыл ауданының азаматы Қанат Қасымов жобаның өте тиімді екенін айтады. Сондай-ақ ол бұл бастама барлық ауданды қамтыса деген ниетін жеткізді.

«Шыны керек кәсіп бастаймын дейтін азаматтың алдынан ең бірінші шығатын кедергі қаржы. Өздеріңізге белгілі екінші деңгейлі банктің пайыздық үстемесі жоғары болғандықтан одан алған қаржыдан табыс табу мүмкін емес. Табыс таппай түгілі үстеме пайызын төлеймін деп, біраз шашыласың. Ал облысымызда пилоттық режимде енген жобаның пайызы 2,5 пайыз. Бұл қарапайым азамат үшін қолайлы әрі қорықпай жұмыс жасауға ынталандырады – дейді ол.

Жуалы ауданының тұрғыны, «Сыдырғали А.С» жеке кәсіпкерлік басшысы Әлиза Сыдырғали несие қаржысына 3 бас мүйізді ірі қара мен 10 бас бұқашық сатып алып, оның санын арттыруды жоспарласа, Шу ауданындағы «Күләшбекова Д.Х.» ЖК иесі Дәуренкүл Күләшбекова мүйізді ірі қара мен жылқы малын алып, кәсібін дөңгелетуді көздеуде.

Айта кету керек, несие шарттарына сәйкес ауыл тұрғындарының несие алуға берген өтініштері мақұлданған жағдайда, жеке кәсіпкер ретінде тіркеуден өтіп, банктен есепшот ашулары қажет. Жалпы, кәсіпкерлерге несиенің негізгі өтеміне бір жылға дейін, ай сайынғы пайыздық өтеміне жарты жылға дейін жеңілдіктер қарастырылған.

«АДЫРНА»
ұлттық порталы

 

Пікірлер