Тайқазан

4913
Adyrna.kz Telegram

Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қазандық бөлмесінде Көреген Әмір Темір заманынан қалған құнды жәдігерлердің бірегейі – қасиетті Тайқазан тұр. Бұл қазан 1399 жылы 25 маусымда (хижра 801 жыл, 20-шаууал) Түркістан қаласының батысында, 27 шақырым жерде орналасқан Қарнақ елді мекенінде, сирек кездесетін жеті түрлі асыл металдың (мыс, мырыш, алтын, күміс, қола, қорғасын, темір) қоспасынан құйылған.

Қазанның салмағы – 2 тонна, сыйымдылығы – 3 мың литр, биіктігі – 1,60 м., диаметрі – 2,42 м. Тұғырының биіктігі – 0,54 м., диаметрі – 0,607 м. Тайқазанның сыртқы бөлігінің өрнектелуі бес бөліктен тұрады. Бірінші жоғарғы бөлігінде қазанды айнала сулус қолтаңбасымен Құран Кәрім аятынан үзінді жазылып, ол пайғамбар хадисімен жалғасады, одан соң қазанның кімге арнап жасалғаны, аяқталған жылы берілген. Екінші қатар – ірі он кубба (емшек) және он өрнекті тұтқа арқылы жиыр­ма картушқа бөлінген. Оның қатар орналасқан екі бөлігіне сулус қолтаңбасымен шебердің өз аты-жөні жазылған болса, қалған он сегіз бөлігінде куфи жазу үлгісімен парсы тілінде тілек сөз берілген. Үшінші қатарда Құдайдың Құдіреті жайлы ескерту куфи жазу үлгісімен 22 рет қайталанып жазылған. Төртінші қатардағы қазанның бүйір бөлігінде тұтқа өрнектеріне ұқсас үлкен жапырақ түріндегі он ою бедерленіп, жиырма кіші кубба орналасқан. Аяқ тұғырымен шектесетін бесінші бөлігінде қиылысқан доға сипатындағы өрнектер бедерленген. Жалпы формасы жүрек пішініне ұқсас және қазақтың дәстүрлі қошқар мүйіз оюларының нәзік үйлесімді иірімдерінен тұратын қазандағы өрнектер Ахмет Ясауидің хәл, яғни жүрек ілімінің мағынасына меңзейтіндей. Осы жүрек пішіні мен қошқар мүйіз оюларының сан алуан композициясын кесенедегі лауха, қазанның тұтқасы, шырағдандар, есік алқасы, т.б. көптеген заттардан көріп, оларға ортақ ұлттық нақыштағы біртұтас идеялық бірлікті аңғарамыз. Аталмыш қазан кесененің архитектуралық сипатымен және қабірханадағы қабіртастың өлшемдерімен өзара үйлесімде ортақ геометриялық шешімге сай жасалған. Белгілі ғалым Ақжан Машанның тұжырымынша, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі жеті қат көкті, 12 мүшел мен жыл есебін бейнелейтін ғарыш моделі сынды құрылыс. Ал оның шағын үлгісі іспеттес Тайқазан астрономиялық мәні бар қызмет атқарған. Зерттеушілер арасында Тайқазан атауындағы «Тай» сөзінің шығу төркіні түркі, моңғол халықтарында жылқы малының киелі саналып, құрбандық шалу рәсімінде пайдалануына байланысты туындаған деген пікір бар. Алып қазан құю ісі арнайы жобамен жүзеге асырылған. Сондай-ақ ол – ұсталардың зор шеберлігі мен үлкен қажыр-қайратын, көп жұмыс күшін және олардың бір мақсатқа жұмылған рухани тұтастығын қажет қылған жұмыс. Қазанның бөліктері қалыптарда жеке-жеке құйылып, соңынан құрастырылған. Қазанды дайындауда сол заманға тән өзіндік ерекшелігі бар басқа да озық технологиялар қолданылғаны сөзсіз. Сонымен қатар, оны жасау шеберлердің рухани ұстаз-пірдің жетекшілігімен ортақ мақсатта топтасып, рухани бауырластықтың ішкі тәртібіне қалтқысыз бағынуы нәтижесінде іске асты. Кәсіптік негіздегі тариқат бірлестігінің мүшелері өзінің кәсібін, мәселен, ұсталықты пір-ұстаздың жетекшелігімен шебер меңгерген. Ал олардың ұстаздары осы аймақта рухани ықпалы зор Ясауи тариқатының шейхтары бол­ған. Ұста Әбділ Әзиздің өзі де Ясауи­дің хәл ілімінен нәр алып, жергілікті мұсылмандық дәстүр аясында ұсталық құрғанын Тайқазанның символдық мәнінен, көркемдік ерекшеліктерінен, құрылымынан аңғаруға болады. М.Е.Массонның зерттеуінше, қазанның төңірегінде жылқы құйрығы тағылған он ту тұрған. Олардың кейбірінің жарты ай бейнесі мен жазулары бар ұштары да болған. Қазақстан мен Қырғызстанның аумағында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған қа­зандарды ғалымдар екі түрге бөледі. Біріншісі – «сақтық» немесе конусты тұғыры бар қазандар, екіншісі – тұғырсыз қазандар. Кесенедегі Тайқазан «сақтық» типтегі қазанға жатады. Алып қазан жасау – көне сақ, ғұн, үйсін дәуірлерінен жалғасып келген дәстүр екенін деректер мен айғақтар растайды. Елдік санасы биік, отбасылық құндылықтарды жоғары ұстанған осынау социумдар үшін қазан – береке мен бірліктің, молшылықтың, елдіктің нышаны болған. Мұндай алып қазандар заманында билеушілердің, лауазымды әскербасылардың қабіріне қойылған. Бұл қабір иесінің ауқатты, жоғарғы топтан болғанынан хабар береді дейді ғалымдар. Ал Геродоттың келтірген мына бір қызық мәліметінен мұның мәні тіпті тереңде екенін аңғаруға болады. «Бір күні сақтардың Ариант есімді патшасы жауынгерлерінің әрқайсысына жебелерінің бір-бір ұшынан алып келулерін бұйырады. Сосын оларды балқытып, алып қазан құйдырады». Көшпенді жауынгерлерінің жорық кезінде алып жүретін үлкен қазандары болғаны мәлім. Бірақ мына қазанның жасалуы да, қызметі де ерекше. Мұны жасауға сансыз жауынгер атсалысып, алып келген жебесінің ұшы қазанның бөлінбес бөлшегіне айналғандай, өзі де тайпаның ажырамас мүшесіне айналып, қауымының бірлігінің, беріктігінің кепілі болып отыр. Қазан сыртындағы жазулардың бірінші қатарында жазылған Құранның «Тәубе» сүресінің он тоғызыншы аятының үзіндісінен және Пайғамбар (с.ғ.с) хадисінен оның суға арналғандығын аңғаруға болады. Аят: қазақша мағынасы: Аса Мәртебелі, Құт-берекенің иесі Алла айтты: «Сендер қажыларға су беру, Месжід Харамды жөндеуді [Аллаға, ахирет күніне иман келтіріп және Алла жолында күрескен кісі сияқты] көресіңдер ме?» (9:19-аят.), – десе, хадисте былай делінген: Пайғамбар, ол кісіге сәлем болсын, айтты: «Кімде-кім Алла Тағала үшін су құятын ыдыс жасаса, Алла Тағала жұмақта оған арнап хауыз дайындайды». Бұл жердегі әңгіменің астары халыққа, адамдарға қызмет қылуды, елдің қажетіне жарауды меңзеп, Құдайға құл болудың мәнісі – адамдардың бірін-бірі алаламай, дініне, ұлтына қарамастан қайырымдылық, қамқорлық жаса­уында екендігін аңғартады. Мұнда сондай игі әрекеттер арқылы ғана адам баласы Жаратушының ризалығын тауып, мінсіз қоғам құра алады деген идея жатыр. Қазан сыртындағы арабтың гүл өрнекті сулус және куфи үлгілерімен жа­зылған үш белдеудегі жазудың бі­рінші қатарының соңында оның шайхылардың сұлтаны Ахмет Ясауи кесенесіне арналып жасалға­ны туралы айтылады. Аудармасы: Бұл су құятын ыдысты Ислам Шайхысы, әлемдегі шайхтардың Сұлтаны, Шайх Ахмет Ясауидің (Алла ол кісінің әзіз рухын киелі қылсын!) мазары үшін жасауға ұлық әмірші, көп елдің тізгінін қолына ұстаған, Рахымды Патшаның [Құдайдың] айрықша қамқорлығын иеленуімен ерекшеленген Әмір Темір Көреген бұйрық берді. Алла Тағала оның билігін мәңгілік етсін! (Жиырмасыншы шаууал, сегіз жүз бірінші жыл /25 маусым, 1399 жыл). Екінші қатар жиырма картушқа бөлініп, оның екеуінде шебер: «Құдайдың қамқорлығына үміт артқан Әбділ Әзиз Шарафутдин Тебризи» деп өз есімін жазып қалдырған. Қалған жерлерінде:«Мубарак бад» – «Құтты болсын!» деген тілек сөз жазылған. Мұның мағынасы – құт, береке тілеу немесе береке дарыған орын. Қайнап тұрған қазан сол елдегі тоқшылық­тың, тыныштықтың нышаны деген тү­сінік ел арасында күні бүгінге дейін сақталған. Үшінші қатарда «куфи» жазу үлгісімен жиырма екі рет қайталанып: «Байқаңдар, Бүкіл жаратылыстың иесі – Алла!» деген сөз берілген. Мұны Абайдың тілімен айтар болсақ: «Адам ғапыл дүниені дер менікі. Менікі деп жүргеннің бәрі Оныкі! Тән қалып, мал да қалып, жан кеткенде, Сонда ойла, болады не сенікі?». Адамның иелігіндегі мал-мүліктің бәрі Құдайдікі екендігінің дәлелі – адамның дүниеге құрала­қан келіп, дәл солай қайтуы. Осыған орай Шәкәрім қажының: «Шаранамен туып едің, Бөз оранып өтесің. Бір сағымды қуып едің, Қай уақытта жетесің? Қанша дәулет жиып едің, Бәрі қалды, нетесің. Мал үшін жан қиып едің, Қайтіп алып кетесің?» – деген сыр сөздері бар. Адам баласы тіршілігінде тұтынатын, қажетіне жарататын игіліктердің бәрі – Жаратушының белгілі бір уақыт ішінде пайдалануға берген аманаттары. Демек, денсаулық, мал-мүлік, отбасы, Отан, бақ-дәулет, басқа да бүкіл игіліктерге жасалған қиянат Құдайдың аманаттарына қиянат болып табылады. Ғажабы, бір-ақ ауыз сөздің астарында адамның қоғаммен қатынасы қалай болу керектігі бекітілген. Қазақстан мен Орта Азия­дай кең аумақта діннің сопылық дәстүр арқылы таралып, жергілікті дәстүрлі Исламның қалыптасқаны белгілі. Ата-бабаларымыз сан ғасыр бойы тұтынып, мақал-мәтел, салт-дәстүр, әдет-ғұрып түрінде ұрпағының қанына, жанына сіңіріп кеткен сол ілім қазірдің өзінде қазақты төрткүл дүниеге қонақжай, тыныштық сүйгіш, кеңпейіл халық етіп танытып отыр. Исламның жергілікті мәдениетпен сіңісіп, олардың салт-дәстүрлерін рухани мәнмен байыта түсуі көшпенділердің әдет-ғұрыптарының трансформа­ция­лануына әкелді. Бұл ретте қазан­дар да өзінің символикалық мәнін сақтай отырып, мұсылмандықпен астасқан діни ғұрыптық рәсімдерде, мемлекеттік, қоғамдық шараларда нақты мақсатқа пайдаланылатын болды.

1935 жылы Тайқазан Санкт-Петербургтегі Эрмитажға, «Иран өнері мен археологиясы бойынша III халықаралық конгресіне» алынады. Жарты ғасырдан астам уақыт сонда тұрып, 1989 жылы қыркүйектің 18-інде ғана Өзбекәлі Жәнібеков бастаған ұлтжанды азаматтардың бастамасымен тарихи Отанына қайтарылады. Асқақ мәдениетіміз­дің заттай айғағы болған Тайқазан­ды осылайша басыбайлы Иран мәдениетінің еншісіне ұстатып жі­беруге талпыныс тарихымызға жа­салған көп қиянаттың бірі еді. Ясауи кесенесіне сыйға тартылған құнды жәдігерді ирандық ұсталарды жалдап, ақысын төлеп құйдырғаны ғана болмаса, жоғарыда баяндалғандай, Тайқазан – терең дәстүрден тамыр алып, исламдық мәнмен астасқан рухани төл мұрамыз болатын. Бұл күнде Тайқазан – рухани астана, киелі Түркістан қаласында, әулиелердің Сұлтаны Құл Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі өзінің құтты орнында, қазақ халқының, Қазақстан атты үлкен шаңырақтың, қала берді, күллі түркі жұртының берекесінің, тыныштығы мен бірлігінің нышаны қызметін атқарып тұр.


Аманжол МЕЙІРМАН,
ҚР ҰҒА Философия және саясаттану институтының ғылыми қызметкері

 

Пікірлер