Келесі жылдан бастап елімізде мемлекеттік қызметкерлер санын қысқарту басталады. «2024 жылға қарай мемлекеттік қызметкерлер мен ұлттық компаниялардың қызметкерлерін 25 пайызға, яғни төрттен бір бөлігіне қысқарту керек», - деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында.
Бір жыл бұрынғы жағдайды еске түсіріп көрейік. Ресми статистика 2018 жылы мемлекеттік қызметке, бұрын кеткендер орнына және жаңа ашылған орындарға барлығы 12 мың 274 адам жұмысқа қабылданғанын айтады. Олардың үштен екісі немесе 67 пайызы – ең төменгі қызметтерге тұрса, қалғаны басшы болып келген.
Сарапшылар қысқарту туралы жаңалыққа қарап, бәрі бірден өзгереді деп үміттену әлі ерте екенін айтып отыр. Себебі қазақ Үкіметі бұған дейін де талай қысқартуларды бастан кешірген. Қысқартудың талайын көргендер бұған қам жеуге болмайтынын алға тартып, арқаны кеңге салып келген. Неге десек, оның өзіндік себебі бар екен. Бірақ әлгі қысқарғандар Феникс құстай қайта «тіріліп» шыға келіп, аз ғана уақыттан кейін айналасына шуақ шашқан мемлекеттік басқару органдарының бірінен «жылы орнын» тауып, еш уайым-қайғысыз қызметін жалғастыра береді.
Бұған бір кездері Қаржы министрлігін басқарған Болат Жәмішевтің өзі осы «ғажап» ерекшелікті бөле-жара атап өтіп: «Соңғы он жыл ішінде мемлекеттік қызметкерлер саны 50 пайызға өсті. Мұның жұмыс көлемінің ұлғаюымен еш байланысы жоқ. Мемлекеттік қызметкерлер санын қысқарту туралы саяси шешім сол себепті қабылданды. Аталған шара мемлекеттік қызметкерлер санының толассыз өсуіне тосқауыл қою мақсатын көздейді», - деп ағынан ақтарылған болатын.
Сарапшылар бұл жолғы қысқартуға да осы факторлар себеп болғанын айтып жатыр. Себеп – қазақтардың мемлекеттік қызметке деген ала-бөтен ықыласы ғана.
Бәрін басынан бастасақ, 2001 жылы елде 65 мың мемлекеттік қызметкер бар болса, бұл көрсеткіш 29 мыңға өсіп кеткен. Мемлекеттік қызметкер санының ең ректордттық көрсеткіші 2015 жылы тіркеліпті. Осы жылы Қазақстанның 15 миллионға жетпейтін тұрғынының 102747 мемлекеттік қызметкер санатында жүріпті.
2019 жылғы көрсеткіш те ешкімді өкпелетпей тұр: 14 тамызға дейін Қазақстанда тіркелген мемлекеттік қызметкердің саны 98 726. Әзірге бұл тізімді 14 441 адаммен Нұр-Сұлтан қаласы бастап, 2090 қызметкері бар Шымкент қаласы тұйықтап тұр. Бұл деректерді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі журналистермен кездескен кезінде айтты.
Сарапшылар біздегі кадр тапшылығы деген сылтау кадрларды іріктеу агенттіктері үшін тамыр-таныстарын жұмысқа қабылдауға жол беретін тетік қана екенін айтады.
Жалпы, мұндай қысқартулар тек бізде ғана емес, біраз елдер бізбен бір мезгілде бастан кешіріп жатыр. Мысалы, апта басында Ресей Премьер министрі Медведев алдағы уақытта бірқатар министрліктердің құзіреттері біріктірілетінін айтыпты.
Ресейлік саясаттанушы Алексей Власов «министрліктердің саны қысқарады, құзіреттері біріктірілуі мүмкін» деген шешімін диназаврлар дәуіріне теңейді. «Қазір саясатта та, экономикада да «мега» деген сөз сәнге айналып барады. Мега-жоба, мега-қор, енді мега-министрлік. Мұндай гигантомания тәжірибесі мемлекетшіл шенеунік пен бюрократттардың бет-пердесін айқындап беруі екі талай» ,- дейді.
Швейцарияда министрлер кабинеті жеті адамнан тұрады. Ал Канадада 27 министр, Жапонияда -17. Бұл үш мемлекет халқына «қой үстіне боз торғай жұмыртқалатқан 20 мемлекеттің ішінде алғашқы үштікте тұр. Осыдан бірнеше жыл бұрын Жапония мемлекеттік қызметкерлер санын максимальды деңгейге түсіру үшін үйде отырып жұмыс істеу туралы шешім шығарған болатын. «Айттым-бітті, кестім-үзілді» деген ұстаныммен өмір сүретін Жапонияда қазір мемлекеттік қызметкерлердің 25-30 пайызы үйде отырып жұмыс істейтін көрінеді. Бір қызығы дәл осындай ұсыныс біздің Парламентте де айтылғанмен, Үкіметтің қалың қабырғаларынан әрі аса алмады.
Жалпы, болашақта Президент бекіткен квотадағы 25 пайыз қысқаруға іліккендердің жағдайы не болмақ? Олар қысқартудың құрығына ілініп, жұмыссыздардың қатарын толтыра ма, әлде министрліктердің арасындағы аяқ допқа айналып дөңгеленіп жүре бере ме?
Әзірге «әліптің артын баққаннан өзге жол жоқ-ау» деп ойлайсыз.
Рауан ІЛИЯСОВ,
«Адырна» ұлттық порталы