Сағынтаев Алматыны қоқыстан тазарта ала ма?

3583
Adyrna.kz Telegram

Сарапшылар алдағы үш жылда Алматыдағы қоқыс полигондары ретке келтірілмесе Алматыдағы  экологиялық ахуалдың қиындай түсетінін алға тартуда. «Үш жылдың ішінде қаланы ғылыми-инновациялық тұрғыда тазарту қолға алынбаса қаладағы халықтың да денсаулығы төмендей бастайды» дейді мамандар.

Қазір Алматыда жалпы ластану индексі 38,5 пайызға  жеткен. Отандық мамандар осы пайыздық көрсеткішке қатты алаңдап отыр.

Бұл ретте әсіресе медицина саласының мамандары «халықтың денсаулығына бірден-бір әсер ететін қоршаған орта болғандықтан, біз мұндай деректерге алаңдауымыз керек» дейді.

«Қазақстан бойынша, жылына  43 млрд тонна қоқыс қалдығы шығарылса, оның 28 млрд тоннасы Алматының еншісіндегі қоқыс қалдықтары екен. «2020 жылға қарай Алматыда жылына 32 млрд тонна  қоқыс қалдығы шығарылуы мүмкін» деген болжам бар. Міне, осыдан-ақ қаланың экологиялық жағдайы қандай екенін аңғаруға болады.  Ал біздің елде ол шығарылған қоқыстардың екінші қайтара өңделмейтінін есептесек, бұл үлкен проблема екенін аңғарамыз. Сондықтан болашақта Алматы үшін қоқыс полигондарын салып, қоқыстарды утилизациялауды (өңдеу) қолға алу маңызды болмақ. Олай етпесек, біз қала халқының денсаулығын төмендетіп аламыз. Қазір Алматыда түрлі аллергиялық аурулар, демікпе дерті, тыныс жолдары аурулары өршіп тұр. Мұның барлығы алдымен қоршаған ортаның  әсері. Адам салауатты өмір сүрі үшін алдымен өмір салты дұрыс болуы керек. Бұдан соң қоршаған ортасы таза болуы тиіс. Ал бізде осы мәселені шешу инновациялық тұрғыда шешемін таппай отыр»,-деді медицина ғылымының докторы Ғалымжан Нұржаубаев.

Негізінен, былтырғы жылы халықаралық Mercer Human Recource Conculting рейтингті бағалау компаниясы ауаның ластануы, қоқыс қалдықтарының көптігі, ауыз-судың тапшылығы туралы мәліметтерді есепке ала отырып әлем бойынша ең лас қалалардың тізімін жасаған болатын. Халықаралық сарапшылардың пайымдауынша, әлемдегі ең лас қалалардың тізімінде Әзірбайжанның Баку қаласы бірінші орынды тұрса, Қазақстанның қаласы Алматы тоғызыншы орынды межелеген. Осыған орай «алматыны экологиялық дағдарыс қысып барады» деп алаңдаушылардың әрекетінде негіз бар екенін пайымдадық..

Жалпы, деректерге жүгінсек, Алматыдағы ауаның ластануы, қоқыстың көбеюуі  бірінші кезекте қаладағы көлік қозғалысының көптігінен және өндіріс орындарының техникалық талаптарды сақтамайтындығынан болып отыр. Бұған қатысты  айтармыз «қаладағы ластану көрсеткішінің 52,9 пайызы  көлік қозғалысының әсерінен болса, 34,9 пайыз  ластану өндіріс орындарының есебінен болып отыр» дейді мамандар.

«Қазір дамыған елдер жанар-жағармай сапасына қатысты Еуро-5-6 стандарты бойынша жұмыс істейді. Ал біз 2012-2014 жылы Еуро-4 стандартына көше бастадық. Шындығына келсек, біздегі мұнай өңдейтін зауыттар Еуро-3 стандартын әрең бағындырып отыр. Сапасы жоғары деп айтатын Павлодардағы мұнай өңдейтін зауыттардың шығарған жанар-жағармайы Еуро-3 стандартына әрең жетеді. Біздегі жанар-жағармай халықаралық талапқа сай емес. Одан соң көліктерді газбен қамту жайын көтердік. 2018 жылдың бірінші жарты жылдығында Қазақстан бойынша  89,592 автокөлік газ орнатыпты. Көліктеріне газ орнатқандардың басым бөлігі жекелеген тұлғалар екен. Алматыда қоғамдық көліктерге газ орнату мәселесі де артып келеді. Қазірде  қоғамдық көліктерге  газ орнату көрсеткіші  34,5 %-ке жеткен. Бірақ бізде осындай деректер пайда бола салысымен газ орнату құны да өсті. Газдың бағасы да өсіп сала берді. Былтыр автокөліктерге  газ орнату құны 150 мың теңге болса, биыл 220 мың теңгеге көтерілді. Сондықтан өз басым, атқарушы билік қолға алып отырған осы мәселені бақыласа деймін. Газ орнату жекелеген монополистердің қолында болғаннан кейін оларды қадағалау, бақылау керек. Газдың жанар-жағармайға қарағанда экологиялық тиімділігі бары дәлелденді ғой. Демек, бұл мәселеге жергілікті билік араласып осы бағытта тыңғылықты жұмыстар істелу керек»,- дейді Айжан Бекбосынова.

Қарлығаш ЗАРЫҚХАНҚЫЗЫ,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер