Клип – заманауи өнердің бір түрі. Оған да көзіміз үйренгені сондай жақсы клипті іздеп отырамыз. Мысалы, Тамара Асар, Жазира мен Жанболат, Досымжан Таңатаров, Мақпал Диханбаева, Сырым Исабеков клиптерінде атамекенге деген сағыныш, ата-анаға құрмет, іңкәр сезім, жан тебіренер трагедия, езу тартқызар юмор да бар.
Соңғы кезде жарқ етіп «Балқадиша» шықты. «Балқадишаны» қанша қайталаса, сонша рет қайталап сүйсініп көреміз. Неге? Оның не кереметі бар? Талдап көрейік.
Біріншіден, бейәдеп, ұятсыз көрінісі жоқ, бүкіл отбасы, бала-шаға, ата мен келін бірге отырып көре алатын клип.
Екіншіден, анау-мынау емес, Ақан серідей ән періштесінің, сұлулық-серілік бекзадасының өнеріне құрмет.
Үшіншіден, ұлттық нақыш-бояудың молдығында. Жайлау – қазақ жанының кеңдігі, таулар – асқақтығы. Жүйрік ат, сері жігіт, сүйкімді қыз, сылаң жеңге… қазаққа ғана тән, қазаққа ғана жарасар салт-дәстүр. Сүйгенімен бір ғана дидарласу үшін, жеңгеге тарту-таралғы… Бұл жеңгенің дүниеқоңыздығы емес, қыздың құндылығы, оң жақтағы қыз абыройын сақ сарбаздай күзететін жеңеше қазақта ғана бар шығар.
Төртіншіден, клиптегі бойжеткендер «алтын иек сарала қыздар» емес, қарапайым, әр ауылдан-ақ кездесе беретін табиғи қыздар, киімдері де сондай. Сондықтан бәрі табиғилығымен де нанымды.
Бесіншіден, жігіттің қызды бас салып сүймей, бұрымынан ғана иіскеуінің өзінде ғана қаншама қазақи тектілік, тәрбие, бекзаттық жатыр.
Алтыншыдан, осы кішкентай ғана көріністегі жалт еткен кейіпкердің жүзінен-ақ қаншалықты психологиялық күйзеліс, тебіреніс төгіліп тұр. Мысалы, шапан жапқан кезде, шал мәз болғанымен, кемпір селт етпеді. Тас мүсіндей жүзінде ешбір сезім нышаны жоқ. Тек шарасыздық, дүниеден баз кешкендік, тағдырға мойынсынғандық… Кешегі қазақ қызының тағдыры, Балқадиша тағдыры осы бір ғана кескінмен беріліп тұр.
Жаңа ғана бүршік атқан махаббат қауызын жармай солды. Балқадиша кетті… Еріксіз кетті… Ноқталы құлындай жетекте кетті. Осы тұстағы «Жігіттердің» «Балқадиша-а-а» деп шырқау биікке асқақтай көтерілген дауысы ашынған, аласұрған жан айқайына айналады. Осы үннен тау жаңғырады, дала күңіренеді. Сүйгенінен шын айырылғанына әлі де көне алмай тұрған жігіт тордағы арыстандай аласұра ұмтылады. Әттең, осы араны сәл ширатса, тіптен тамаша болар еді.
Жетіншіден, ақ желеңі бір ғана желп етіп Балқадиша кетті. Кеткен жоқ, оны әкетті. Осы жердің өзінде қанша мағына бар. Сырт қарап кетуі – жігіт үшін ол енді мәңгі жоқ, басқаға бұйырды. Желбіреп кеткен ақ желең – аппақ сезім, қанша басқаны сүйсе де, пәк қалпында кеткен қыз тазалығы.
Жетекте кеткені – еріксіздігі. Жетектеп бара жатқан еркектің желкесінің ғана көрінуі – топас қара күш. Бір жақта күжірейген құж желке, бір жақта аппақ ақ желең.
Қандай контраст! Міне, мәнді де сәнді клип осылай түсірілсе болар. Клип емес, кино көргендей болдық. Жарайсыңдар, «Жігіттер»!
Әмина Құрманғалиқызы,
Ағарту ісінің үздігі,
Көкқайнар ауылы