Абзал ҚУАНЫШҰЛЫ, дәстүрлі әнші: Сенерім — Алла, тұғырым — халық

3326
Adyrna.kz Telegram

- Абзал, сіз аспандағы аққуға үн қосып, дәстүрді дәріптеген дүлдүл әншілер Қайрат Байбосынов пен Бекболат Тілеухановтың шәкіртісіз. Сізді «Ұстаздан жолы болған әнші» десек, қателеспейтін шығармыз…

- Жалпы, менің өнер жолына түсуіме септігін тигізген азаматтар көп болды. Әңгімені әріден бастасам, туып-өскен жерім — Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы Кеңес одағының батыры Нұркен Әбдіров атындағы ауыл. Біздің ауылдан ақын да, батыр да, журналист те, сатирик те шыққан. Сахна саңлағы, КСРО халық артисі Шолпан Жандарбекова да сол қасиетті мекенде дүниеге келген. Жарты ғасыр өмірін фарабитануға ар­наған Ақжан Машанидің де кіндік қаны сол жерге тамыпты. Республикаға аты танымал журналист Тілеуқабыл Байтұрсынов туған нағашым болып келеді. Жеті жыл семіп қалған екі бүйрекпен алысып, ақпан айында 42 жасында өмірден өткен Мартбек Тоқмырзамен бір үзім нанды бөле жеген бөлеміз. Осындай айтулы азаматтардың арасынан ұлы көшке ілесіп, қолыма қара домбырамды ұстап шыққан жайым бар. Өз атам Жұманбай да заманында Қарқаралы, Ақтоғай, Балқаш өңіріне шешендігімен танымал болған көрінеді. Кезінде Ақселеу ағамыз жазып, бұрынғы «Мәдениет және тұрмыс» журналына жариялаған «Жынды Ысқақ­тың әңгімелері» деген әңгімедегі кейіпкер Ысқақтармен қатар жүрген екен. Бірақ мен атамды көрген емеспін. Әкем әншілігімен, қара сөзге дес бермейтін шешендігімен ауыл-аймаққа мәлім азамат. Таяуда ғана 63 жасқа толды. Бір қызығы, әкем батыстың дәстүрлі ән мектебін жақсы көреді. Біздің бала күнімізде Мұхиттың «Айнамкөз», «Үлкен айдай», «Кіші айдайын» «әннің төресі осылар» деп аузынан тастамайтын. Анам да әу бастан отырған жерін әнге бөлеп, думанға айналдырып отыратын сауықшыл жан. Маған өнер сол кісілерден дарыса керек. Ең алғаш бес жасымда Жеңіс күні мерекесінде Мұқан Төлебаевтың «Кестелі орамал» әнін орындадым. Қызық болғанда, елдің алдында тұрып, екінші шумағын ұмытып қалмасым бар ма?! Жұрт қол шапалақтап, қолпаштап жатыр. Қипақтап әрі тұрдым, бері тұрдым. Баянмен сүйемелдеуші ұс­тазым Мейрам Әрінов қайырмасын қайта-қайта ойнайды, бірақ шумағын енді айтайын десем, түк есіме түспейді. Бұл қорлыққа күйіп кеткенім соншалық, сахна сыртында тұрған әкеме мұңымды шағып, ал кеп бақырып жылайын… Содан бастап әкем, Айман деген домбырашы апайым мені өнерге түбегейлі баулыды. Кейіннен мектеп директоры Жәнібек Жаманқұлов, ауылымыздың басшылары марқұм Салықбай Нарымбеков, Көкенай Мұстағұлов, Ернияз Ахметчин деген ауыл азаматтары тіреу болып, нағашым Тілеуқабыл Байтұрсынов 1989 жылы Алматыдағы А.Жұбанов атындағы мектеп- интернатқа алып келді.

- Сіз ол кезде неше жаста едіңіз?

- Он екі-он үш жастағы баламын. Ауылдан бірінші шыққан бетім. Жер жаннаты — Жетісу, Алатау бөктеріндегі Алматы мен үшін арман қала, әлемде теңдесі жоқ шаһар. Алмасы үлкен қалаға бала кезімнен қатты ғашықпын. Қазір елдің бәріне Астана қандай ыстық көрінсе, маған Алматының әлі күнге дейін орны бөлек. Ең бірінші келгенде журналист ағамыз Сәулебек Жәмкеновтің үйіне тоқтағанбыз. Сол кісі музыкалық мектепке ертіп апарды. Жолым болып, домбыра класына оқуға қабылдандым. Мектепте Бекболат Тілеуханов ән факультативінен сабақ береді екен. Ол кісі сол кезде консерваторияның екінші әлде үшінші курс студенті-тін. Маған әп деген­нен Иман Жүсіптің әнін үйретті. Менің тұңғыш рет үйренген дәстүрлі әнім осы еді. Кейін Жүсіпбек Елебековтен дәріс алған Қанат Құдайбергеновтің қолына түстім. Қанат аға «мынау, сенің еліңнің әні» деп Ақылбайдың әнімен таныстырды. Кейде «бала, ауылыңды сағынған боларсың. Ақылбайдың әнін айтшы, Ақылбайдың әнін сенен артық айтатын адам жоқ» деп, қанаттандырып, мақтаңқырап алатын. Не керек, Жұбанов мектебінде алтыншы сыныптан, сегізінші сыныпқа дейін оқыдым. Жоғарыда атап өткен бөлем Мартбек Тоқмырза «КазГу»-дің журналистика факультетін 1992 жылы бітіріп, елге жол жүретін болды. Мен үлкен қалада жалғыз өзім қалмайын деген оймен, Қарағандыдағы Тәттімбет атындағы музыкалық колледжге түсіп, бөлеме ілесіп, ауылға қайттым. Мартбек ағам облыстық телеарнаға жұмысқа тұрды. Қайда істесе де, мені ұмытпайтын. Үлкен көмегі тиді. Әндерімді жергілікті радиоға жаздырып, телеарнаға хабарлар түсіртті. Мұнда да домбыра класынан білімімді жалғастырдым. Ән сабағын қосымша Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мейірхан Адамбеков жүргізетін. Ол кісі Біржан салдың «Сырғақты», Мәдидің «Қарқаралы», «Қаракесек», т.б.әндерді бойыма сіңірді. Өзім бала кезімнен халық артисі Нұрғали Нүсіпжановқа қатты еліктейтінмін. Бертін келе, марқұм Жәнібек Кәрменовтің әндерін көп тыңдадым. 1993 жылы Жүсіпбек Елебеков атындағы І облыстық дәстүрлі әншілер байқауы өтіп, дипломант атандым. Осы сәттен бастап дәстүрлі өнерге біржола бет бұрдым…

- Киелі өнер — күйшілік қол болмады ма?

- Домбырадан Шоқанбаев Әбілтай деген ағам сабақ берді. Бірақ қанша республикалық күйшілер байқауына қатыссам да ешқандай жүлде алмадым. Әйтеуір, бағым жанбады. Сөйтіп, күй тартудан көңілім қалып, әнге көштім. 1996 жылы колледждің соңғы курсында оқып жүргенімде Жүсіпбек Елебеков атындағы облыстық дәстүрлі әншілер байқауы екінші мәрте өтті. Сонда Бекболат Тілеуханов қазылар алқасының құрамында отырды. Мен жүлделі екінші орын алып, Бекболат аға консерваторияға, бұрынғы — Халық аспаптар, қазіргі — Халық музыкасы факультетіне шақырды. Төрт жыл бойы Қайрат Байбосынов, Бекболат Тілеуханов, Сәуле Жанпейісова, Ержан Қосбармақов, Берік Жүсіптен тәлім-тәрбие алдым. Осы жерде Жүсіпбек Елебековтің зайыбы Хабиба апаймен таныстым. Дәстүрлі өнерде жүрген әншілермен араласа бастадым. Ербол Айтбаев, Еркін Шүкіманов, Ақан Әбдуәлі, Сержан Мұсайынов, Мұрат Әбуғазы, Тілеулес Құрманғалиев, Саян Мұхаме­­дияровтармен бірге оқыдым. Біздің арамызда сол кезде әннің сайысы, әннің базары қайнап жататын. Бөлмеміз қонақтан арылмайтын. Біздің сабаққа дайындығымыз сол — кешкісін отырып бір-бірімізге ән салып, бір-біріміздің жігерімізді жаныдық. Бірімізге қарап біріміз қателігімізді көрдік, артықшылығымызға сүйсініп, кемшілігімізді түзедік. Құдайға шүкір, олардың барлығы қазір белгілі өнер майталмандарына айналды.

- Сіз шығармашылық жолыңызға септігін тигізген адамдарды айттыңыз, бірақ кез келген әншінің өнерінде де, өмірінде де қолдап жүретін жанашыр ағалары болады. Сізде ондай қамқор адам бар ма?

- Менің көкем де, қолдаушым да, сүйенерім де — бір Алла. Қазір қолдаушы іздеп, біреуге «көке» деп барсаң, ол бергеннен кейін қайтарымын сұрайды. «Қазіргі заманда берген емес, алған жомарт» дейдi ғой. Алғаннан кейін қайтару керек. Сондықтан тірі пенденің алдында кіріптар болмай, бір Аллаға ғана сенемін. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» дейді хакім Абай. Менің демеушім — Алла, тұғырым — халық. Сүйемелдеушім — жоғарыдағы ұстаздарым. Мен қанша жетістікке жетсем, оның барлығына сеп болған сол игі-жақсылар. Артық-кемімді асырып, жетпей жатқан жерімді жасырып, түзеп, тезге салып, төрелігін айтатын төл ұстазым — Мейірхан Адамбеков. Ал халық — өнерімнің сыншысы. Сахнадан түсе салып, көпшіліктің ортасына кірген кезде, елдің берген батасы мені шексіз бақытты етеді. Төбем көкке жеткендей күй кешемін. Халқым аман болса, тіршілігіме мығым болсам, дәм-тұзым таусылмаса, өнерім өсіп-өркендей беретіні сөзсіз. Мен өнерде көкесіз жүрген азаматпын, іздемеймін де.

- Сіздің алдыңыздан қандай мәселе жиі шығады?

- Кейбір достарым «Сен неге эфирден көрінбейсің?» деп үнемі сұрайды. Эфирде болатындай хабар бар ма, қазір. Мысалға, бүгінгі таңда «Қазақстан» ұлттық арнасында «Сегіз қырлы» деген дәстүрлі әндерге арналған бір-ақ бағдарлама бар, онда да оған менің шығуым ыңғайсыз. Ұстаз болып жүргенде жаңадан шығып келе жатқан іні-қарындастарыммен жағаласып нем бар?! Біздің көрінетін жеріміз халықтың ортасы, той-томалақ, тұсаукесер, сүндет той, тілашар, шілдехана, бесік той… Сонымен қатар алпыс жылдық, жетпіс жылдық, сексен жылдық…

- Эфирде жоқ болсаңыз да, тойшыл қауым қызықшылықтарына өздері тауып алып жатыр ғой…

- Құдайға шүкір… Халыққа деген ризашылығым шексіз. Бір ғасырда бір туатын қазақ өнерінің майталманы, тарпаң мінез, кесек тұлға Нұрғиса Тілендиев «Мен халыққа еркелеймін. Менің еркелігімді көтерген халыққа мың алғыс!» деген екен. Халық бар жерде өнер бар, өнер бар жерде Абзал сияқты өнерпаздар бар.

- Өнер академиясында сабақ бересіз бе?

- Иә, Өнер академиясына келуімнің өзі бір қызық оқиға. Консерваторияны бітіргеннен кейін Қарағандыдағы Тәттімбет атындағы өзім оқыған музыкалық колледжде жұмыс істедім. 2001 жылы Алматыға қайта келдім де, үйде екі ай бос жаттым. Қанша талпыныс жасасам да, өз мамандығым бойынша еш жер жұмысқа алмайды. Содан «екі қолға бір күрек» деп, күздің күні елдің бәрі сабаққа кіріскен кезде мен құрылыс саласына кеттім. Бір жылдан кейін Алматыда бірінші ашылған кір жуғыш ұнтақтар шығаратын зауыттан бір-ақ шықтым. Бірінші кезде жүкші болып орналастым. Сол кезде ауыр жұмыстың барлығын бастан өткердік. Ауылда туғаным, жастайымнан еңбекке араласқаным, әкемнің үнемі айтатын ақылы дәл сол жерде көп көмектесті. Әкем Алматыға кетіп бара жатқанымда «Балам, сен ешкімнен артық емессің. Елдің сен сияқты әнші балалары жүр ғой, қалада қаңғып, сен де қаңғырсың. Бірақ жасыма, жігіт атыңа лайық бол» деген сөзі қанат бітіретін. Жұмыста өзімді әншімін деген жоқпын. Ел қалай жұмыс істесе, мен де солардан қалыс­падым. Тура өзімнің төл мамандығымдай бар жан-тәніммен еңбек еттім. Ел қатарлы ақша таптым, бала-шағамды асырадым. Жаман болғаным жоқ. Бірақ сол кезде өнерден біржолата кеткен шығармын деп ойлайтынмын. Құрылыста да, зауытта да домбырамды қасымнан бір елі тастамадым. Өнерлі адам қай жерде де өнерлі екеніне сонда көзім жетті. Құдайдың берер несібесі таусылмайды екен, 2003 жылы музыкатанушы Гүлзада Омарова деген апайым Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына әнші-оқытушы іздейді. Сонда қазақтан шыққан кәсіби жалғыз сыбызғышы Талғат Мұқышев мені ұсынған екен. Апай «Ол қайда жүр?» деп сұрайды. Ол кезде мен зауыттың буып-түю бөлімінде оператор болатынмын. Жұмыста лауазымым өсіп қалған. Әлеуметтік жағдайға ойланбастан, өнер үшін, өзімнің болашағым үшін, шығармашылық ізденісім үшін бір Аллаға тәуекел еттім. Бұл менің өнер әлеміне, киелі сахнаға екінші рет келуім еді. Кезінде бірге оқыған, бірге жүрген достарым өнерге қайтып оралуыма қатты қуанды.

- Қазір А.Жұбанов атындағы музыкалық мектеп-интернаты директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарысыз. Бастығыңыз Ақан Әбдуәлі — өмірдегі, сахнадағы әріптесіңіз. Дос адамдардың бірге жұмыс істеуі олардың сыйластығына сына түсірмей ме? Жұмыс барысында ескерту, сын айтылмай тұрмайды. Сондай сәтте достығыңызға арқа сүйеп, құлақ асқыңыз келмей, қит ете қалмайсыз ба? Немесе «жұрт көзінен жасырып, оңашада айтпады» деп тоң-теріс мінез көрсетпейсіз бе?

- Ақан екеуміз «Қазақстан» ұлттық арнасында «Қазақтың 100 әні» тележобасында да бірге еңбек еткен, өнердің, өмірдің қызық-шыжығын, ащы-тұщысын, ыстық-суығын қатар көріп келе жатқан сыралғы жолдаспыз. Директор болсын-болмасын, өз орны, сый-сияпаты бар азамат. Үзеңгілес достан да үйренетінің көп. Сабырлылығын, сөз саптауын бағамдайсың. Мерейін тасытып, аяқ-қолын жерге тигізбей, мадақтағалы отырған жоқпын. Менсіз де мақтаулы жігіт. Мен оны мақтамаймын, оған көз тимесе екен деймін. Жұмыс барысына тоқталсам, мектепке ол кісіден бұрын келгенмін. Аптасына бір-екі рет барып, баяғы кезінде өзім Бекболат Тілеухановтан сабақ алған факультативті жүргізетінмін. Бір күні басшылыққа Ақан келіп, «Тәрбие ісін қолыңа алсаң, қайтеді?» деді. Жатпай-тұрмай артылған сенімді ақтау — бойымда бар қасиет. Егер маған жұмыс барысында сын айтылса, оны дұрыс қабылдаймын. Басшымен жағаласып, жұлқыласпаймын. Жалпы, басшыға сын айтқанды жақсы көрмеймін. Құранда «Ханға қарсы сөз айту — Аллаға қарсы сөз айту» делінген. Бастық та солай. Бастық қай уақытта да қол астындағыларға сыншы. Сынды қабылдай білген адам, жұмыс істей алады. Қабылдай алмаған, басынан сөз асырмай «мен-мен» деп басқа шауып, төске өрлеген адам ұзаққа бармайды. Менің салама қатысты жиналыста да, көпшіліктің ортасында да маған ескерту жасамайды емес, жасайды. Қате кеткен жерімді көрді ме, мен оны қайталамауға, түзеуге тиіспін. Талапты орнымен қояды, мен оны орнымен орындауым керек. Менің қағидам — сол. Одан басқа «Дос едік қой, көзің жақсы, сөзің жақсы» деген әңгіме жоқ. Жұмыста дос емеспіз, қызметтес, әріптеспіз. Ол — басшы, мен — оның орынбасарымын. Мектептен тыс уақытта, сахнада, өз ортамызда доспыз. Ол менен артық дүниені талап етпейді. Мен де тапсырылған істің «Қылшығын шығарам» деп, былшығын шығармаймын. Ха­лықтың, келешек ұрпақтың қамын күйттеген азаматтың бір жағына шығысқанды, болысқанды жаным сүйеді. Әуелі өзімнің емес, оның идеясының, арманының іске асқанын тілеймін.

- Сенім артқаннан кейін тәрбие саласында ізденіс жасадыңыз ба?

- Әрине. Мектепте ең алдымен тәрбиеге көп көңіл бөлінеді. Оқушыларға өз ісінің нәтижесін көрсетуге тырысып келеміз. Талантты шәкірттеріміз қайда бармасын, барған жерлерінде жүлделі орынмен қайтып жүр. Қазіргі баланы ертегі айтып алдай алмайсың. Бұрын бізді ертегімен, ойыншықпен алдаған шығар, бүгінгінің баласы өзіңді алдайды. Балаға күнде ұрыссаң, жексұрын боласың. Арқасынан қағып, басынан сипап, мақтап тұрып айтсаң, нәтиже береді. Қаракөздерімізді орыс балаларының бойындағы өжеттілікке үйреткім келеді. Кейбір өнер адамдарын қарап отырсаңыз, музыканы, әнді жоғары деңгейде жеткізгенімен, сөзге шорқақ. Ал орыстар әнді шырқай біледі, сөзді де айта алады. Біздің балалар жасық емес, ұяң, ішкі ойын жасырып қалады. Сұрасаң да, сыртқа шығармайды, тіс жармайды. Өтірікке жол беретіндері де кездеседі. Дүниеде баланың өтірік айтуы деген адамның жүрегін сыздатпай қоймайды. Олармен өзіңмен тең сөйлесіп, нақты тапсырма беріп, нақты ісіңмен, нақты мінезіңмен ғана үлгі болу керек деп ойлаймын. Қазіргі сәтте ертең дәстүрлі өнердің құлағын ұстайтын кем дегенде он бес шәкірт тәрбиелесем деп жүрмін. Жалпы, өмірде де, өнерде де қарапайымдылықты ұнатамын. Шынайылықты жақсы көремін. Өнерде шынайылық керек, қиялдан түк шықпайды. Бірақ бостан — бос өзімді алға тарта бермеймін.

- Сонда арманға қол созу, алдағы күнге ұмтылу деген жоқ па? Дөңгелеген дүниенің дүрмегімен ілбіп, көптің ішінде елеусіз күн кешкіңіз келе ме?

- Ұмтылыс бар, шамадан тыс тыраштанбаймын. Қолдан жасанды мінез көрсетпеймін. Қайда жүрсем де «Бетегеден биік, жусаннан аласа» болып жүруге тырысамын. Шын жүрегіммен халықтың келешегі үшін, ұрпақтың қамы үшін, елдің ертеңі үшін жаным ауырады. Жанымда жүрген достарым да ұлттың ұлы мақсат­тары жолында жан аямауға бар. Мен де солармен біргемін. Аллаға мінәжат етіп тұрып, халыққа жақсылық сұраймын. Ел аман, жұрт тыныш болсын деп тілеймін.

- Шақырған жерден қалмайсыз ба?

- Қалмаймын, өйткені думанды жақсы көремін. Көпшілікті жақсы көремін. Көпшілік бар жерде қызықты әңгіме болады, көзің ашылады, жаңалық естисің. Жаңалық болғанда, өсек тыңдау үшін бармаймын. Халықтың жағдайын білемін. Ел үшін қуанамын. Біреудің қуанышына қуана білген дұрыс. Қуана алмасаң, неменесіне қонаққа барасың?!

- Қонаққа барып, дастарқанның бір шетінде отырып, ішіп-жеп, үндемей келіп, үндемей кететін қо­нақтар бар. Келген-келмегені, бар-жоғы білінбейді. Керісінше өз көңілін көтеріп, қонақтардың көңі­лін аулап, той үй иесінің көңілін көтеріп, төбесін көкке жеткізгендей етіп кететін қонақ бар. Сіз қандай қонақсыз?

- Құдайға шүкір, мен барған жерімде қонақпын деп отырмаймын. Мен қонаққа шақырған адамның қонағын күтуге тырысамын. Қонағын күткенде елдің алдынан ыдыс-аяғын, ет табағын алып жүгірмеймін. Дәмді сөз, жақсы ән айтуға тырысамын. Халыққа ақыл айтып қажеті жоқ. Ақыл-нақылдың барлығы айтып жүрген дәстүрлі әндеріміздің ішінде тұнып тұр. Көпшіліктің ортасында көрініп отырсам екен дейтін мінезді жақтырмаймын. Өнері бар адам онсызда көрінбей отыра алмайды. Өзіңді-өзің мақтап, жарнамамен шығарғаннан көрі, халықтың қолдауымен шыққанға не жетсін?! Бірақ аяқтан шалғанды ұната қоймаймын. Он­дай пиғылға кектеніп қалатыным да бар…

- Жұма сайын мешітке барып, сәждеге бас қоятын мұсылман баласына кек қайтару жат қасиет емес пе?

- Дінге ден қойғалы біреуден кек алдым деп те айта алмаймын. Оңтайлы жері келді, екі-үш рет оқталып, ақыры ақымды ала алмадым. Қайтарғым келді, бірақ жеме-жемге келгенде жүрегім батпады. Ол маған иттік жасаса да, мен оған иттік жасай алмадым. Өзіме жамандық жасаған, жаныма тиген, күйіндірген адамды ая­дым. «Өтіп кетті ғой, бүгініме шүкір» деп кешіріммен қарадым. Іштей тас түйін болғаныммен, көңілім дауаламады. Жұмсақ жүрегім Құдайдан қорықты.

- Аяқтан шалғандар болды ма?

- Болды. Бір жерге барсаң кекетіп, мұқатқысы кеп тұратын пенделер бар. Мен оларға құлақ аспаймын. Күңкіл сөздерін керек қылмаймын. Талай рет мені кекеткісі келген адам сол ортадан таяқ жеп шығып кеткен кездер кездесті. Жалпы, қандай жағдайда болсын, ер азамат болғаннан кейін өзімді сабырлы ұстаймын. Мы­салы, жасы үлкен адамдар ашуға мініп, айқайлап жатқанда, оған сен қоса айқайласаң, кішілігің, ізеттілігің қайсы, үлкенге сыйың, көрсеткен құрметің кәне? Дауыс көтерді екен деп, әкең мен шешеңмен салғыласып жатсаң, сен қайбір жетіскен баласың?! Құдайдан бірінші тілейтінім — абырой. Лепіріп сөйлегеннен гөрі, нақты ісімді көрсеткенді жақсы көремін. Бір сағат тілек айтқаннан, екі ән айтқаным артық. Болмайтын сайтани ойға беріліп, бос нәрсеге сөз шығын қы­лып, әркімнің сөзіне құлақ асып, қор болғым келмейді.

- Қызылды-жасылды жылтырақ дүниеге қалай қарайсыз?

- Пенденің көзі байлықта,

Дүниеге тоймайды.

Моласына бірақ та,

Алтыннан белгі қоймайды.

Бағыңда өскен бәйтерек,

Терің тамса солмайды.

Арманы биік асыл ер,

Ұрпақтың қамын ойлайды, -

деп Жәнібек Кәрменов айтқандай, жүректі дүниеге бағындырғым келмейді.

Әрине, нәпақаға келгенде кім жақсы ақша тапқысы келмейді?! Кім жақсы жұмыс істегісі келмейді, кім жақсы көлік мінгісі келмейді?! Бірақ абыройды алдымен ойлау керек. Содан кейін жақсы өмір сүр, жақсы үйде тұр. Армансыз адам болмайды. Армансыз болсаң, несіне өмір сүресің?! Алла «Тіле, ниет ет, сосын әрекет қыл» дейді. Құдайға шүкір, әрекет етіп жатырмыз. Ниетіміз түзу болсын. Бос әуреге құмар емеспін. Ол мен үшін ұсақтық.

- Жалпы, ер адам үшін ұсақтық қой…

- Менің әкем «ұсақтыққа барма, ұсақ болсаң, тірлігің оңалмайды. Ұсақтық мінезің көбейсе, абыройың кетеді» деп отырады. Әрине, барған жеріңде өзіңнің еңбегің үшін алатын тиесілі несібеңді алсаң, ол ұсақтық емес. Қанағатшыл болған дұрыс.

- Кімді үлгі тұтасыз?

- Кейде Абай сияқты ұстазым болса екен деп армандаймын. Қазақта Абайдай тәрбиеші жоқ. Менің үлгі тұтарым — Абай!

- Дәстүрлі өнер дәріптелмейді… деп айта аласыз ба?

- Осы проблема туралы көп айтып, таусыла бергенді қаламаймын. Қазіргі заманда жоқ дей берсек, бар дүние жоғалып жатыр емес пе?! Көз жасыңды көл қылып, төге бергеннен түк шықпайды. Дәстүрлі өнердің жағдайын қайдам, соны насихаттаушының жағдайы туралы көп айтылып жүр. Әрине, салыстырмалы түрде алсақ, эстрада әншілеріне қарағанда жағдайымыз төмендеу. Бізге қарағанда олардың аты да, бет-жүзі де танымал. Мен бұған налып отырған жоқпын. Шындығы сол. Ал дәстүрлі өнерді дамыту дәстүрлі әншілердің міндеті. Біз бірігуіміз қажет. Дәстүрлі өнерді қалай дәріптеу керек екенін ізденуіміз керек. Әрқайсымыздың пікіріміз әр қилы. Сосын бір-бірімізді тасада тұрып сынауға мықтымыз. «Анау әнші, мынау әнші емес» деп айтатын әріптестеріміз бар. Бұлай баға беретін ол кім? Бізге төреші — халық, халық ол әншіні әнші деп төбесіне көтеріп отыр. Мен халықтан асып қайда барамын? Әншіні «әнші емес» деп айтудың өзі әбестік. Кез келген БАҚ-тағы музыкалық редакция, руханият бөліміне жауапты басшылар дәстүрлі өнердің дәріптелуіне жанашырлық танытса екен деймін. Бірлі-жарым басылымдар, бірді-екілі журналистер радиодан, кей концерттерден әнімізді естіп, сұхбат алып жатады. Соның өзіне қуанып қаламыз.

- Қазір лауазымды қызметтесіз. Түбінде әншілігіңізді лауазымға айырбастап жіберуіңіз мүмкін бе?

- Менің бұл орынға келуім бір Құдайдың сыны мен басшының сенімі деп білемін. Бұл қызметте де халыққа қызмет етіп жатырмын. Өнер — мәңгілік, лауызым уақытша дүние. Халықтың ыстық ықыласына не жетсін!


Сұхбаттасқан

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТОВА

 »Айқын».

Пікірлер