Ерте-ерте-ертеде бір хан өмір сүріпті. Ханның, сұлулығын жан татпаған қызы болған екен. Бір күні ханның қызы қатты ауырып қалады. Қыздың ауруына ешқандай емші дәру таппайды. Сөйтіп бір күні елде ең жақсы деген емшіні шақырады. Емші қызды қарап, «Сіздің қызыңызға бақытты адамның көйлегін кигізу керек» – деп айтады.Сонда хан өз сарбаздарын бақытты адамның көйлегін тауып әкелуді бұйырады. Іздеп-іздеп, сарбаздар бір байдың үйіне келеді. Байдан «Бақыттысың ба?» деп сұраса, бай «Бақыттымын» деп жауап береді. Сонда олар байдың көйлегін сұрап, ханның қызына апара жатқанын баяндайды. Сонда бай: «Менде байлық та бар, бәрі бар, бірақ балам жоқ. Сондықтан менің көйлегім қызға көмек бола алмас» деп жолаушыларды шығарып салады.
Сөйтіп, сарбаздар баласы көп бір отбасына келеді. Отағасынан «Бақыттысың ба?» деген сұраққа, «Балаларым көп болғанмен, кейде оларды асырауға шамам жетпей жатады. Егер біраз қаржым болса, бәлкім толыққанды бақытты болар ма едім» дейді.
Сарбаздар тағы да іздеуге көшеді. Ізденістері ұзаққа созылады. Енді қолды бір сілтеп, сарайға қайтамыз ба деп жүргенде, кішкентай бір шалаштан жарық көреді. Жақындай келе іштен: «Мен неткен бақытты едім, бүгін нан тауып жедім!» деген ризалы дауысты естиді. Ішке кіріп, көйлегін сұрайын десе кедейдің көйлегі жоқ екен.