Тұрарбек Құсайынов. Мен қалай рухани жаңғырдым IV

5214
Adyrna.kz Telegram
ашық дереккөзден
ашық дереккөзден

ПАТРИОТИЗМНЕН АЙМАҚШЫЛ СЕПАРАТИЗМГЕ ШЕЙІН

Діни-идеологиялық саладан ұлтшыл-патриоттық алаңға келген соң, бірінші кезекте мен есімімді өзгерттім: «Исмаилды» тастап, өзімнің азан шақырып қойған Тұрарбек есіміме қайта оралдым. Себебі мен  өзімнің Ақиқатымды тауып,  діндегі ұзаққа созылған ізденісімнің мәресіне жеткеніме белгі қойып кеткім келді. Екіншіден, рационал монотеизм идеясын ұлтшыл-патриоттарға, діни ағымдардың «шейхтары» сияқты, кенеше жабысып тықпалап уағыздамаймын, мұндай әдіс менің болмысыма о бастан жат. Ақиқат жолын ұсыныс ретінде ғана айтпақшымын. Мұндай кезде ислам мәдениетіне қатысы бар есімнің мен үшін аса қажеті жоқ деп шештім.

Қазақ ұлтшыл-патриоттарының ортасына барып кірігуге мені итермелеген бірнеше себеп бар. Біріншіден, сөз жүзінде болсын, елімізде либерализм идеяларын басшылыққа алып жүрген демократияшыл сипаттағы саяси партиялардың үні 2010 жылдан кейін өшті. Кейбірі әкімшілік қысымға шыдас бере алмады, кейбірі өз еркімен саяси жұмысын тоқтатты, енді біріне «биліктің саяси жобасы» деген жаманат жабысып, халық алдында дискредитацияға ұшырады.

Екіншіден, дәл осы  кезде  саясаттанушылар  қазақ  ұлтшыл-патриоттық  қозғалысының  қайтадан   күні  туғанын,  олар қазақ қоғамының негізгі қозғаушы күшіне айналғанын мәлімдеді. Саяси-идеологиялық қайшылықтарына қарамай, қазақ ұлтшыл-патриоттарының адам құқықтарына, демократия және азаматтық қоғам принципіне, либерализм құндылықтарына ыңғайлана алатын, саяси реформа жасауға бейім саяси күш екені жөнінде пікір айтыла бастады. Тарихи-саяси процестің әр кезеңінде жасақталған түрлі ұлтшыл ұйымдардың біріге бастағаны, мұның соңы тұтас әрі ауқымды қозғалысқа ұласатыны болжанды.

Осы жағдайға байланысты менің өз жоспарым болды. Ұлт- шыл-патриоттар рухани құндылықтарға берік қауым екенін жақсы білемін. Тіл мен дін мәселесін ешқашан айналып кете алмайды. Сондықтан  рационал монотеизм идеясын қоғамда ірі саяси күшке айналып келе жатқан ұлтшыл-патриоттардың ортасына салып, оны солардың күшімен дамытуды көздедім. Ұлттың рухани жаңғыруына себепші болатын бұл идея бертін келе коммунизмнің тоталитарлық жүйесі кезінде бұйығып қалған қазақ қоғамының демократиялық тұрғыда тез жаңаруына себепші болып, либералдық құндылықтарға деген сенімін арттыра түседі. Халықтың тұрмыс-тіршілігін оңдап, бақуатты өмір сүруін қамтамасыз еткен батыс елдерінің ұстанған бағыты дәл осы саяси реформалардан басталғанын сезіну қажет.

Алғашында саясаттанушылардың қазақ ұлтшыл-патриоттары жөнінде айтқан  болжамы дұрыс болып көрінді. Түрлі ұлтшыл-патриоттардың басын қосқан республикалық «Ұлы дала» қоғамдық қозғалысы құрылды. Оған «желтоқсаншылар», бұрынғы «Азат» қозғалысында болған белсенділер, тіл жанашырлары, Азат Перуашевтың «Ақ жол» партиясы, ыдырап кеткен оппозициялық партиялардың белсенділері, саясаттанушылар, зиялы қауым өкілдері, тәуелсіз журналис- тер қосылды. Қозғалысқа аймақтардағы саяси белсенділер түгел тартылды. Мен де солардың қатарында болдым.

«Ұлы дала» қозғалысының құрылтай жиынында үміт күттіретін тезистер, баяндамалар оқылды, бағдарлама бекітілді. Бірақ көп ұзамай қозғалыс ішінде алауыздық басталды. Кейбір сарапшылар мұны қоғамдық қозғалысты құруға бас- тамашы болған, Алматы сауда палатасының бұрынғы президенті, белгілі меценат Ізбасар Бозаевтың кенеттен қайтыс болуынан кейін туындады деген пікір айтады.

«Ұлы даланың» бөлініп-жарылу процесінің басы-қасында болған мен бұл пікірмен келісе алмаймын. Қозғалыстың ыдырауына себепші болған басты фактор – жүзшілдік пен рушылдық. «Ұлы даланың» құрылғаны жөніндегі сүйінші хабармен қатарласып ұйым ішінде бұл қозғалыстың жетекшілері түгелімен Ұлы жүздің өкілдері екен деген сыпсың әңгіме басталған. Қозғалыс жетекшісі Ізбасар Бозаев өмірден озған соң, алауыздық тіпті өршіді. Саясаттанушы Айдос Сарым өзінің жақтастарымен бірігіп, «Ұлы даланың» тізгінін қолына алмақшы болды. Оның әрекеті Жетісу өңірінің беделді ақсақалдарының қызғанышын тудырып, өздерінің мүддесін қорғап жүрген Ғабиден Жәкейді Айдос Сарымға қарсы қойды.

Ішкі қайшылық конфронтация фазасына жеткен кезде мен таласушы екі тарапты жарастыруға күш салдым. Бірақ екі тарап та алған бетінен қайта қоймады, мәміле табылмады. Осы жағдайда маған кімнің жағында болатынымды анықтау- дан басқа амал қалған жоқ. Атыраудың тумасы болсам да, Ғабиден Жәкей командасының жағына шығып, қозғалысты қайта қалпына келтіруді мақсат тұттым.

Талас-тартыста Айдос Сарымнан басым түскен Ғабиден Жәкей аз уақыттың ішінде «Ұлы даланың» төрағасы болып сайланды, мен ұйымның аппарат жетекшісі қызметін атқардым. Қозғалыстың бағдарламасы мен жұмысын насихаттау үшін «Дала.тв» сайтын аштық. Бірақ сеңдей бұзылған қозғалыстың бас-аяғын жинау мүмкін болмады, ұлтшыл-патриоттардың негізгі бөлігі топ-топқа бөлініп шашырап  кетті.

Ұлтшыл-патриоттар  қазақ  қоғамының  қозғаушы  күші, саяси процестердің локомотиві болады деген болжам бос сөз екен. «Ұлы дала» қозғалысы Қонаевтың мерейтойын өткізу, Алтынбек  пен  Заманбекті  еске  алатын  спорттық  турнир ұйымдастыру, Мұстафа Шоқайдың басына барып құран оқу, Жаңаөзен құрбандарының әруағына арнап ас беру сияқты өткенге салауат айтуға ұқсайтын, көңілсіз, бұрынғы өмірді аңсап қамығып жүрген кейіпті көрсетуге құмартқан, ішкі мазмұны ұлтшыл лидерлерді жарнамалаудан аспайтын шаралардың шеңберінен шыға алмады, елдегі саяси процестерге кіріге алған жоқ. Олардың Кедендік одақ пен Еуразиялық экономикалық одаққа қарсы ұйымдастырылған форумдарға қатысуы да ұлтшыл-патриоттардың саяси идеологиясын ақтап алу, тәуелсіздіктің адал қызметшілері екенін көрсету ғана  еді. Мұның бәрі даурыққан даңғазадан басқа ештеңе емес, қазақ қоғамын жаңғыртуға тиісті саяси-экономикалық сипаттағы концептуалды ешқандай құжат жасалған жоқ. Мен кейде қазақ ұлтшыл-патриоттық ұйымдарын жердегі қазыққа арқанмен байлап қойып, ішіне жылы ауа  үрленген әуе шарына ұқсатамын. Оның ішінде ешқандай мазмұн жоқ: ішіндегі ауа суыса, тырсиған шар солып, парашют сияқты жерге жайылып құлайды, жылы ауа үрлесе, қайтадан торсиып шыға келеді.

Рационал монотеизм идеясын ұлтшылдардың күшімен қазақ қоғамының қажеттілігіне айналдырам деген жоспарымның сол мезетте-ақ күл-талқаны шықты. Ұлтшыл қайраткерлер мен зиялы қауымның басым бөлігі мифтік санамен өмір сүреді. «Абылай ханның түс көруі», «Асанқайғының  жерұйығы» секілді қияли әңгімелерден, діни-идеологиялық қиссалардан мән іздеп әуреленеді. Ұлтшыл-патриоттардың көпшілігі – қазақ қоғамын жан-жақтан тартқылап жатқан шетін идеологиялық секталардың жасырын уағызшылары, тіпті кейбірі радикал «шейхтарға» қол берген адамдар (пірге өмір бойы бағыныштылығына мойынсұнудың діни жоралғысы). Құдайдың сыйын – ақылын пайдаланбай, тағдырын әлдебір «шейхқа» табыстап қойған адамдардан не күтуге болады?! Тіпті олармен ақиқат жөнінде пікірлесу мүмкін емес еді.

«Қазақ ұлтшылдығы – салауатты саяси күш» деген тезиспен де келісе алмаймын. Қазақстанның геосаяси және қазақ ұлтының менталды ерекшелігіне сай ұлтшыл-патриоттар нацизм-фашизмге бой алдыра қоймайтын шығар. Бірақ кейбір фактілер көңілге күдік қалдырып кетті. Президенттік сайлауға кандидатурасын ұсынуы мүмкін екенін айтқан саясаткер Владимир Козловқа жұмыртқа лақтырып, сол жиында төбелес шығарған «желтоқсаншылар» мен «сақалы ұзын, балағы қысқа» ұлтшыл діндарлар болатын. Бір кездері Кеңес Одағындағы ұлттық кемсітуге қарсы шығып, еліміздің тәуелсіздігі мен еркіндігі үшін күрес жолынан өткен «желтоқсаншылардың» нәсілшілдікке бой алдырғанын көріп отырып, қазақ ұлтшылдығын қалай салауатты саяси күш деп айта аламыз?! Немесе қазақ ұлтшылдығының көрнекті өкілі Нағашыбай Есмырзаның әлемді қанға бөктірген нәсілшіл Гитлерді пір тұтып, табынып жүруі, сондай адамның қазаққа қажет екенін талмай айтып, жарнамалауын қалай түсінеміз?! Осындай жағдайға қарап отырып, азаматтары тең құқылы, демократиялық билік жүйесі бар, либерализм құндылықтарын басшылыққа алатын мемлекет құрып жатқанымызға қалай ғана сенеміз?!

Ұлтшылдар жөнінде жоғарыда айтылған пікірдің бәрі – ҰҚК-нің Астанадағы тергеу изоляторындағы жалғыз кісілік камерада алты ай жатқан кезде түйген ойым. Оған дейін, ұлтшыл-патриоттармен бірге болғанда шешімді тұжырым жасауға, олардың әрекетіне сақтана қарауға мүмкіншілігім болған жоқ. Сөйтіп жүргенде қазақ ұлтшылдарының ішіндегі жүзшілдік, рушылдық, аймақшылдық сияқты жаман кесел маған да жұғыпты. Мұны мен сепаратизм және конституциялық құрылымды күштеп өзгерту айыбы бойынша сотталып, түрмеге түскенде бір-ақ білдім.

ТҮРМЕ

Мен 2013 жылдың ортасына таман ұлтшыл-патриоттардан кетіп, құқық қорғау қызметімен шұғылдануды жоспарлап қойғанмын. Сол үшін «Қайнар» университеті заң факультетінің  сырттай оқу бөліміне түстім. Атырауда тіркелген «Демос» қоғамдық бірлестігінің  жетекшісі Тоғжан Қизатова да менің шешімімді қолдап, бірге жұмыс жасауға шақырған.

Күздің соңына қарай Еуропада өтетін азаматтық қоғам және адам құқықтары мәселесін талқылайтын бірнеше конференцияға қатысуымыз керек еді. Осы кезде интернет желісіне қазақ қоғамын дүр сілкіндірген хат шықты. Қазақстанның батыс облыстарындағы зиялы қауым атынан жазылған ашық хатта мұнай-газ өндіретін өңірдегі халық тұрмысының нашарлығы, әлеуметтік мәселелер мен экологиялық проблеманың әбден ушыққаны, бұған орталық биліктің көз жұма қарап отырғаны  айтыла келе, батыстың тумасы Иманғали Тасмағамбетовты президент сайлап алып, төрт облыстың өз алдына отау тігіп, Қазақстаннан бөлінетіні сөз болған. Сепаратизмге үндейтін, рушылдық пен жүзшілдікке тұнып тұрған хатты мен интернет арқылы одан әрі бірнеше адреске тараттым. Мұны не үшін жасағанымды өзім де нақты түсінбеймін. Экологиясы әбден нашарлаған аймақта тұрып жатқан халықтың әлеуметтік жағдайына саяси шантажға ұқсайтын осындай әдіспен биліктің назарын аударту жөн болып көрінді ме, өзімнің туып-өскен жеріме деген ықыласымды сол хатты таратып білдіргім келді ме, анығын білмеймін, әйтеуір өзімді кешіре алмайтын қате қадам жасадым.

ҰҚК қызметкерлері мені қыркүйек айының басында Астана қаласында қамауға алды. Олар бір-екі күн бұрын хатты жазған адамды Ақтөбеден ұстап әкеліпті. Сепаратистік сипаттағы хатты интернет желісі арқылы таратқанымды мен бірден мойындадым. Тергеу алты айға созылды. Тергеушілердің ойы бойынша, бұл хатты жазу және тарату – билікке таласқан әлдебір топтардың әрекеті. Бірақ бұл болжам өзінің дәлелін тапқан жоқ.

Бір кісілік камерада жападан-жалғыз жатқан адам жан азабын тартып қатты қиналады. «Таблиғи жамағат» тәрізді эзотерикалық ағымдар мен санамызды ортағасырлық қараңғылықпен бүркеп қойғысы келетін сәләфилік идеологияның мойныма салмақшы болған қамытынан бұлқынып, қайрат көрсетіп босап шыққан мен аяқасты ағат қадам жасап, жымысқы саяси мүдде көздеген әлдебір топтың қолжау- лығына айналып, арандап қалғаныма іштей налыдым. Тән азабымен салыстырғанда  жан азабының әлдеқайда ауыр екенін бүткіл болмысыммен сезініп, өзімді кінәлап, жынданып кетуге шақ қалдым. Сот хат авторына 3 жыл, соның сөзін таратқаным үшін маған 4 жыл түрме жазасын кескенде де, «неге оған аз, маған көп» деген сұраулы ой болған жоқ.  Себебі мен Ақиқатты тауып, сол арқылы саяси көзқарасымды анықтасам да, қажет кезде оны басшылыққа ала алмадым, бір сәтте рушыл эмоцияның жетегіне еріп кеттім, адастым. Менің бұл қылығымды Құдай да кешірмейтіндей көрінді. Сол үшін қандай жазаға да көнуге дайын едім.

Сотталып, Алматы маңындағы Заречное түрмесінде жазамды өтеп жатқанда, трайбализм мен сепаратизмге саналы түрде қарсы екенімді айтып, баспасөз арқылы қазақ қоғамына ашық хат жаздым.

«Құрметті оқырман, отандастар!

Қазақ мемлекетінің Ресеймен шекаралас солтүстік пен батыс өңірлерінде сепаратистік ойлар мен қимыл шараларға қолдау көрсетіп, ақпараттық, қаржылық, идеологиялық көмек жасап отырған шовинистік, империалистік, кеңестік жүйені аңсайтын күштер екені ешкімге жасырын емес. Оған дәлел – тәуелсіз біртұтас Украина мемлекетін территория- лық бөлшектеу процесі және сол жобаны жүзеге асырып жатқан Ресейдегі саясаткерлер, қарулы күштер, қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері, т.б.

2013 жылы ғаламтор арқылы электрондық адреске Батыс Қазақстан ақсақалдарының атынан И. Тасмағамбетовке жазылған ашық хатын таратамын деп 4 жылға бас бостандығымнан айырылдым. Хаттың мәтініндегі Батыс Қазақстан өңірін толғандыратын кейбір мәселелер мені ойландырғаны рас, бірақ тек техникалық таратушы ретінде қатыссам да, әлдекімдердің жымысқы саясатына алданып, арандатушылықтың (провокация) еріксіз құрбаны болғаныма өкінемін. Хаттың авторлары мен мүдделі топтарды құпия мәліметті жарияламау турасында (подписка о неразглашении) қол қойғаным үшін айта алмаймын. Еліміздің тәуелсіздігіне қауіп төндіретін сепаратистік, трайбалистік, шовинистік, террористік, т.б. идеяларға  қарсы  екенімді  айта  отырып,  Қазақ мемлекетінің тұтастығына (унитарлық), демократия мен зайырлылық, биік мәдениет пен өркениеттік процеске жетелейтін, либералды экономикаға негізделген, гуманистік принциптерге сүйенетін, ашық және азаматтық қоғам болып қалыптасуына бар күш-жігерімді саламын.

 Құсайынов Тұрарбек Құсайынұлы,

ЛА 155/14 түзету мекемесі, Заречное ауылы.

18 қараша  2015 жыл».

Мен бұл хатты қамаудағы жаза мерзімімді қысқарту яки ерте босанып шығу үшін жанашырларымның өтінішімен немесе түрме әкімшілігінің айтуымен жазған жоқпын. Түрмеде жатып өзім іштей түйсінген қателігімді енді қоғам алдында мойындап, бетімді ашып алғым  келді.

«Мені түрме түзетті» деп айтудан аулақпын. Себебі онда әділдік жоқ. Сотталушының жазасы – бостандығын, еркіндігін шектеу. Өмір бойы жеке бас еркіндігім үшін күрескен менің түрмеге қамалуым – ең ауыр жаза еді. Сол уайымның кесірінен шалдыққан псориаз ауруымды маған берілген жазаның қосымша бонусы деп білдім. Түрмеде сотталушыларды әскери парадқа шыққан солдаттардай сап түзеткізіп, алаңды айналдырып  жер тепкілетіп жүргізіп қояды. Аяғыма түскен салмақтан балтырымның тамырлары сыртына шығып варикозға шалдықтым. Бұл енді түрме тәртібі деген желеумен сотталушыларға әдейі тән жарасын салу, қинаудан басқа ештеңе емес. Немесе түрмедегі «нашарлап кеткен тәртіпті қалпына келтіру» үшін сотталушыларды алаңға жинап, тірсегіне құйымшағын тіреп отырғызып қойып, сырттан сойылмен қаруланған солдаттарын кіргізіп, ұрып-соғып тепкілеуді «профилактика» емес,  садизм деп атаған жөн. Сондай бір «операцияда» қатты соққы алып, екі апта бойы жамбасымды көтере алмай, темір төсекте сұлап жаттым.

Түрме әкімшілігі сот шешімі бойынша бостандығы ғана шектелген сотталушыға үнемі өз тарапынан қосымша жаза қосқысы келіп тұрады. Мысалы, 4 жылға сотталған мен тәртіп бұзбасам, екі жылдан кейін қалған жазамды шартты түрде өтеу үшін түрмеден босап шығуыма болатыны заңда көрсетілген. Бірақ мені босатпады. Неге? Бұл сұраққа ешкімнен жауап ала алмайсың. Сонда барлық азаматтардың құқығы тең, заң алдында бәрі бірдей деген постулат қайда қалды?! Түрме әкімшілігі тарапынан жасалатын қысым сотталушылардың басқа жақтан тірек, пана іздеп топ-топқа жіктеле бастауына себепші болады. Кейбіреулер түрме әкімшілігінің ыңғайына жығылып, «хозбандаға» кіреді. Олар  асхана,  түрме   әкімшілігінің   бөлмелерінің  тазалығын   қадағалау  сияқты қызмет жасап жүреді. Оларға әкімшілік оң қабақпен қарайды. Бұрын дінмен шаруасы болмаған кейбір адамдар қысымға ұшырағанда діндарлардың тобына қосылуға мәжбүр болады. Мұны журналистер «түрменің исламизациялануы» деп атап, дабыл қағып жүр. Бұл топқа кіретіндердің басым бөлігі – Қылмыстық кодекстің 170 және 174-бабтарымен сотталғандар. Маған тағылған айып та осы бабтардың бір тармағы болатын. Түрмеге түскен адам жөнінде сотталушылар хабардар болып, оның өмірбаянын түгел біліп отырады және оны өздерінің тобына қосып алып, жамағатының ауқымын кеңейтуге деген талпыныс бар. Заречное ауылы маңындағы  түрмеге  келгенімде,  менімен діндар  топтың  өкілі  әңгімелесті. Алғашында «құраншы» екенімді бетіме басып, кінәлап алды, «адаспайтын адам жоқ, тура жолға бетбұрыс жасасаң, біздің қауымнан тірек табасың»  деген  сыңайда  әңгіме  бастады.  Мен  діни  тақырыптан  қалыс  қалғам  жоқ, рационал монотеизм қағидаттары бойынша Ақиқаттың не екенін оның өзіне тәптіштеп түсіндіріп беріп едім, ойланып тұрды да, басын бір шайқап, жөніне кетті. Көп ұзамай діндарлар қауымының өз ішінде жасаған ұйғарымы құлағыма жетті. Басшысы жамағат мүшелерінің маған жақындауына, сөйлесуіне тыйым салыпты. Себебі мен олардың сеніміне селкеу түсіріп, иманын бұзады екенмін… Оларға ренжіген жоқпын – қайта өзімді еркіме қалдырғандарына қуандым.

 Мен Заречноедағы түрмеде Жаңаөзен оқиғасына қатысты сотталып, сонда жазасын өтеп жатқан Владимир Козловқа қарап бой түзедім. Ол әлеуметтік теңдік, әділдік жолында күресіп, мұнайшылардың құқығын қорғаймын деп түрмеге түсті. Владимир Козлов түрмеде де азаматтық позициясынан айныған емес, үнемі әділеттілік жағында болды. Жазасын өтеушілердің құқықтарын айтып, олардың емделуіне, заңда көрсетілген басқа жеңілдіктерге қол жеткізуіне көмектесті. Ол ешкімді ұлтына, дініне қарап бөліп-жарған емес. Құқықтық көмек сұрап келгендердің бәріне қайда, қалай арыз жазуды тапжылмай үйрететін, сауаты жетпегендерге ерінбей өзі жазып беретін, азаматтық құқықтарын табанды қорғауға үндейтін.  Ол осы ісімен нағыз либерал-демократтың үлгісін көрсетті.

Қапасқа түсіп, бәрінен түңіліп қиналып жатқанда «Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының» төрайымы Зәуреш Батталованың маған жасаған моральдық қолдауы ешқашан ұмытылмақ емес. Ол Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) бастамасымен 2013 жылдың күзінде Варшавада өткен демократия және заң үстемдігі мен адам құқықтарының өлшеміне қатысты халықаралық конференцияда сөйледі, қамауда жатқан менің, басқа да саяси сипаттағы айыппен сотталған қазақстандықтармен қатар, құқықтарымның сақталмай отырғанын айтып, мәселе көтерді. Осыдан кейін құқық қорғаушылар мен журналистер түрмеде жазасын өтеп жатқандардың жағдайына баса назар аудара бастады. Мен де еңсемді көтеріп, түрме әкімшілігінен медициналық көмек беру, туыстарыммен кездестіру, хат-хабар алу сияқты  конституциялық құқықтарымды талап еттім. Талабым еленбеген кезде құқық қорғаушыларға арыздандым. Тәнімді қапаста ұстаған түрмеде басқа да бостандықтарымды сақтау үшін құқықтарымды қорғап қалуға талпындым.

Зәуреш Батталованың халықаралық биік мінберде айтқан мәлімдемесі түрмеде жігерім құм болып үгітіліп бара жатқан маған тағы да рухани күш беріп, қайта серпілтті, бұдан былай қандай қиыншылық болса да мойымауға үйретті. Өткен өмірімді, осы уақытқа дейінгі біліп-білмей істеген қателігімді және жетістігімді сыни тұрғыда қайтадан ой елегімнен өткізіп, оның бәрін ақылымның таразысына салып  өлшедім.  Өзім қатысты болған ешбір нәрсені, ешқандай оқиғаны өмірбаянымнан сызып тастағым келмеді. Мені рухани қапасқа салғысы келгендерге, өзінің саяси мүддесіне жетудің құралы етпекші болғандарға деген ішімдегі  бұрынғы ыза мен кектің жалынын өшірдім. Оларды басқа емес,  өзім үшін кешірдім. Себебі олардың ісі де менің өмірлік тәжірибемнің қалыптасуына үлесін қосты. Мұның бәрі – менің тағдырым. Оны көнерген заттай керексіз қылып күресінге лақтырып жібере алмайсың, ақтық демің таусылғанша өзіңе жабысып бірге жүреді. Мен үшін өмір – жаратылысымды, Құдай берген рухани еркіндігімді сақтап қалу жолындағы күрес. Өткен өмірімнен жинаған тәжірибемнің бәрін сол күреске пайдаланамын деген шешімге келдім.

ЭПИЛОГ ОРНЫНА

Мен саналы өмірімнің бір кезеңін ғана баяндаған әңгімені түйіндегім келмейді. Жұмыс жоспарымды, алдыма қойған мақсатымды жариялауды да жөн көріп отырғам жоқ. Мені  қиын-қыстау кезеңде қолдап, сенімімнен айнымай, азаматтық позициямды сақтап қалуыма үміт беріп, жігер қосқан адамдарға ризашылығымды білдіргім келеді. Олар: «Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының» төрайымы Зәуреш Батталова, «Демос» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Тоғжан Қизатова, құқық қорғаушылар Әсел Нұрғазиева мен Бақытжан Төреғожина, адвокат Жанар Балғабаева,   журналист Нәзира Дәрімбет, досым әрі жанашыр ағам Серік Абай. Өресі биік осындай азаматтардың замандасы болып, қатар жүргенімді мақтаныш етемін.

Соңы.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасын білдірмейді!

Пікірлер