Жұмбақ жазудың кілтін тапқан ғұлама

6928
Adyrna.kz Telegram

Бүгін – бұдан 126 жыл бұрын бағзы төрүк руника жазуының рухани жаңғыруына ғылыми бетбұрыс жасаған айтулы күн

«Теңрiдей Теңрiде болған төрүк бiлгiр қаған бұ таққа отырдым. Сөзiмдi түгел есiткiн: соңымдағы iнi-жиенiм, ұлым,  бiр-екi [жақын] руым, халқым…» (Күлтегiн кiшi жазу, 1).

 

 

 

 

 

 

 

 

1893 жыл 25 қараша. Дат ғалымы Вильгельм Томсен Дания Ғылым Академиясының кезектен тыс мәжілісінде Монғолияның Орқұн өзені бойынан табылған тасбітікке бәдізделген жұмбақ жазудың құпиясын ашып, дешифровкасын жасады. Бір ғажабы, ғалымның мағынасын ажыратып, алғашқы анықтағаны  [Тәңірі], одан кейінгі  [Төрүк] сөзі екенінде тылсым сыр бардай әсер қалдырады. Ғылыми ортада «фин-угор», герман жазуы деп сан-саққа жүгіртіп, пікірталас туғызған даулы мәселеге Вильгельм Томсен нүкте қойды. Осы ашқан жаңалығы арқылы ол бір кеште әлемге әйгілі ғалым, танымал тұлғаға айналды. Вильгельм Томсен Күлтегінге қойылған тасбітік ұстынды оқу арқылы төрүк тілінің төлтума жазуы мен өркениетін мұқым адамзат қоғамына жария етті.

Зады, жазу өркениеттің белгісі. Жазуы бар халықпен жазуы жоқ халықтың арасы жер мен көктей. Өзіне тән жазуы бар ұлыт – жасампаз, ал біреудің рухани игілігін пайдаланатындар масыл халық саналады. Демек, Вильгельм Томсен төрүктің жасампаздық қуатын дәлелдеді.

 

Британ археологтары Ниневиидегі үлкен кітапхана орнында жүргізген қазба жұмыстары кезінде сақталған он екі қыш тақта табады. Тәураттан мәлім жер бетін топан су басқанда адамзат пен аң-құс, жан-жануардың тұқымы жойылып кетуден аман сақтап қалған Нұқ пайғамбар кемесі туралы мифтік аңыз-әңгіме бар. Осы мифтік сюжеттің желісі ежелгі Шумер мәдениетіне тән қыш тақтаға сына жазуымен жазылған Гильгамеш [Білгемеш] эпостық жырынан алынғандығын Тәуратпен салыстыра зерттеу нәтижесінде Британ музейінің қызметкері Джордж Смит тұңғыш рет нақты деректермен дәлелдейді. 1872 жылы Джордж Смит сынған тақталардағы Гильгамеш [Білгемеш] эпостық жырының конструкциясын қалпына келтіру барысында он бірінші тақтадағы бір фрагментті толықтыратын мәтіннің 13 жолы жетпейтінін анықтайды. Ол «Дейли Телеграфпен» қазба жұмыстарын жүргізуге Ниневииге экспедиция құрамында аттану шығынын қаржыландырудың орнына табылған сенсациялық жаңалықты басылым бетінде жариялауға алдын-ала келісімшартқа отырады. Смит Ниневииге барып, санаулы күннің ішінде қыш тақтаның жетпей тұрған фрагментін тауып, жыр мәтінің 17 жолын толықтырады. Өз бетімен сына жазуының құпиясын игеру, тынымсыз ізденістің нәтижесінде Джордж Смит топан су туралы мифтік сюжеттің ежелгі еврей нұсқасы Вавилон нұсқасына негізделгенін дәлелдеп шығады. Осы жаңалық ғылым әлемінде теңдесі жоқ ұлы оқиға болды. Джордж Смит есімі күллі жершарына жайылды.

Египет иероглифінің құпиясын ашқан Жан Франсуа Шампольон, Америкадағы мая тайпасының жазуын дешифровка жасаған Юрий Валентинович Кнорозов, осылармен бір сапта Вильгельм Томсен есімі де ғылымға баға жетпес үлес қосқан қадау-қадау даналар қатарында аталады. Бағзы дәуірдің жазуын білу арқылы адамзат қоғамының рухани өсу, дамуына байланысты алуан түрлі ақпараттарды айқындау мүмкіндігіне ие болады. Соның нәтижесінде сол географиялық ортада өмір сүрген тұрғындардың таным-түсінігі, мінез-құлқы, наным-сенімі, қоршаған табиғатпен қарым-қатынас мәдениеті, кәсібі мен шаруашылығы, мекенжай тұрағы мен баспанасы, тілі мен ділінің ерекшелігін сипаттайтын маңызды деректер жинақталады. Бұл зерттеулердің құндылығы сол аумақтағы көне халықтың  генетикалық заңды жалғасы саналатын бүгінгі  ұрпағының тілі мен этнографиялық тұрмыс-тіршілігін тереңірек игеруге септеседі. Міне, жоғарыдағы ғылым тарихында өшпес із қалдырған жарық жұлдыздар еңбегі – сол салада жаңадан қуатты серпіліс туғызған ізгіліктің бастау бұлағы болды. Ғасырлар қойнауындағы материалдық-рухани қазынаның бойына бүккен жұмбақ астарын ашып, мылқау дүниеге тіл бітіру, сөйлетуден асқан даналық, жасампаздық бола ма, сірә?!

Шындығында, Вильгельм Томсеннің Орқұн өзені бойынан табылған Күлтегін руникалық тасбітігінің мәтінін тұңғыш рет оқып, оның құрамындағы дыбыс таңбаларының саны мен артикулляциялық-акустикалық жуан-жіңішкелік белгілеріне сәйкес фонетикалық жүйесінің классификациясын жасап және әрбір таңбаның төрүк тілдеріндегі үндестік заңына қарай сөйлеу тактісіндегі комбинациялық орнына байланысты мағынасын анықтаған. Демек, жазу үдерісіндегі дыбыстың тиісті бинарлық жұбына байланысты таңбалануы мен орфографиялық заңдылығын ашып берген. Бұл әлемдегі бізге мәлім жазу үлгілерінің ешбіріне ұқсамайтын салыстырарлық аналогы жоқ емле жүйесі екеніне тәнті боларлық құбылыс.

 

Қысқасы, дат оқымыстысы Вильгельм Томсеннің төрүк руника жазуының сиқырын әлемге мәлімдеуі – төрүктекті ұлыт пен ұлыстардың ғылымы мен өнерінің, тілі мен дүниетанымының, мәдениеті мен тарихының дамуына игі ықпал еткен және төрүк өркениетінің мүлдем зерттелмеген жаңа бір қатпар қырын ашуға жол салған орасан зор жаңалық болғаны ақиқат. Сондай-ақ, бұл төрүктекті ұлыт пен ұлыстың тұтынған тарихи төлтума жазуы мен діни наным-сенім ұстанымын анықтап берді. Енді ол архаикалық тас бітіктен бүгінгі электронды жазу мәдениетіміз аралығындағы уақыт кеңістігінде төрүктекті ұлыт пен ұлыстың рухани-заттық жасампаздығының даму динамикасын сипаттайтын ақпарат қордаланған. Вильгельм Томсен арқылы төрүк жұрты ежелгі ата-бабаның рухани мұрасымен қауышып, оны тереңдетіп зерттеу жасауына қызығушылығын оятты. Ғұлама ғалым төрүктекті ұлыт пен ұлыстың этникалық тарихи танымының үзіліп қалған сабақтастық тінін жалғастыруына себеп болды. Төрүктекті этностың беймәлім болып келген өткен шағына, көрші қонған елдермен арадағы бейбіт қарым-қатынас, жаугершілік шапқыншылықтар, жер-су атаулары, алыс-беріс араласқан жат жұрттардың аттары, жүргізген саясаттары хақында ұлыттық өз пайымдауымыз бен пікір сабақтауымыздың бүгінгі күнгі ақиқаты тұрғысынан өте маңызды. Төрүк руника пішігі күллі төрүктекті ұлыстардың рулық таңбалары мен белгілерінен құралған. Ендеше, руника пішігі – барша төрүктекті этностың ортақ мәдениеті екені шүбәсіз. Жалпы, ру сөзінің түп-төркіні «ұрұғ» ұғымынан қалыптасқан бір атадан тараған ұрпақ дегенді білдіреді. Яғни «руника» терминдік атауының табиғаты төрүк тілінің төл сөзі. Сол сияқты «пішік/бічік» ұғымы жазу дегенді білдіретін атау. «Жазу/иазу» лексемасы мәтінді мәңгілендіру, яғни ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, сақтау барысында қатты затқа, көбіне табиғи тасқа бәдіздеуге дайындар алдында бетінің кедір-бұдырын тегістеп, жазу үдерісінен қалыптасқан пішік сөзіне мәндес сөз. Араб шапқыншылығы заманында пішік сөзінің орнына жазу атауы белсенді қолданысқа түсті. Пішік ұғымынан орыс тіліндегі «пишу» термині қалыптасты. Демек, бағзы төрүктің рухани жазба мәдениетінің дәуірлеп, шарықтаған шағындағы дүмпуі орыс тіліне жойқын ықпалын тигізуі табиғи құбылыс. Солай бола тұра, патшалы Ресей мен кеңестік қызыл империя Вильгельм Томсеннің соқырға таяқ ұстатқандай дәлелді тұжырымына қарамастан төрүктекті ұлыттар мен ұлыстарды «жазуы жоқ халық» санатына қасақана қосып, «идеологиялық ғылыми қисындап» тарихи адастыруға ұдайы тырысты. Кеңестік қызыл империяның құлауымен төрүктекті ұлыттар мен ұлыстарды «жазуы жоқ халық» санатына қосқан «идеологиялық ғылыми қисынның» күлпаршасы шықты.

 

Таңбатану – зияткерлік өре мен терең жан-жақты білімді, білімпаздық қабілетті қажет етеді.

Таңба – ойды білдіру мен ақпарат беретін байырғы төрүктердің графикалық пішін түрі.

Таңба – бұл рудың меншігі мен аумақтық шекарасын айқындайтын төлқұжаты.

Таңбаның қалыптасқан мағыналық және ақпараттық тұрақтылығы, өзгермейтін консервативтік қырымен ерекшеленеді. Сондықтан таңба мыңдаған жылдық ақпаратты сақтауға қабілетті. Таңба адамзат мәдениетінің жетістігі ретінде ежелгі көшпелі төрүктердің ұлығ жасампаздығы саналады. Бұл белгілердің криптографиялық астарында өте құнды ақпарат қабаты сақталған.

Сонымен Вильгельм Томсен төрүк жазуы мен өркениетін тірілткен ұлығ есім. Төрүктану ғылымының қалыптасуы Вильгельм Томсеннің төрүк руникасын дешифровка жасаған еңбегінен бастау алады. Адамзат мәдениетінде Вильгельм Томсен есімі атала қалса, төрүк жазуы мен өркениетін қайтадан жаңғыртқан ғылыми ерлігі көпшіліктің көкейінде тұра қалады. Ендеше, дат ғалымы Вильгельм Томсеннің төрүктекті ұлыт пен ұлыстың рухани-мәдени кеңістігіндегі орны айрықша елеулі. Елімізде ғалым атын ұрпақ санасында мәңгі сақтайтын іс-шаралар жүзеге асырылуы тиіс. Біз Вильгельм Томсен есімін лайықты ардақ тұтып, төрүк жазуының құпия сыр-сипатын шар тарапқа мәшһүр еткен 25 қараша күнін жыл сайын атап өту парызымыз. Әсіресе «қазақтың төлтума жазу мәдениеті, тарихы жоқ» деп беталды байбалам салып, жалған беделқұмарлық популизммен ұпай жинауға әуес жауларымыздың арам ниетіне тосқауыл болуға «Төрүк жазуы күнін» атап өтудің ұрпақ санасын тәрбиелеудегі мән-маңызы ерекше. Егер төрүктекті ұлыт республикалырында Вильгельм Томсеннің ғылыми ісін жалғастырып, жалпы білім беретін орта мектептен жоғары оқу орындарында руника жазуының қыр-сырын түсіндіретін оқулықтар мен оқу құралдары, түрлі әдістемелік технологиялар арқылы арнайы пән жүретін болса, болашақ ұрпақтың жазу үлгісін таңдауы мен қалауы атажазуына ойысары сөзсіз ақиқат. Бағдарламаға енген руника жазуына машықтанған шәкірт буынның флешмоб акциясы – жас өскін ұрпақтың отаншылдық сана-сезімін түйсінтетін аса тиімді әдіс. Өйткені зерделеген идеяны қолмен синхронды қағазға таңбалау үдерісі мидың жасуша нейрондарын оятып, ой қызметін жақсартады. Ата жазуды игерудің нәтижесі – тарихтың бұралаң жолында тарыдай шашылған төрүктекті ұлыт пен ұлыстың рухани бірігуіне, тұтас саяси күшке, әлеуметтік кемелденген озық мемлекеттігінің кепілі. 25 қараша халықаралық «Төрүк жазуы күні» ретінде ресми бекітілсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Аманқос МЕКТЕП-ТЕГІ, төрүктанушы-ғалым,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер