«Архив – 2025» бағдарламасы: қырғыз архивтеріндегі қазақ босқындары туралы құжаттар

8638
Adyrna.kz Telegram
Фото: inbusiness.kz
Фото: inbusiness.kz

Бірнеше жылдан бері «Ұлы даланың тарихы және мәдениеті бойынша шетелдік архивтер мен қорлардағы археографиялық жұмыстар (анықтау, сараптау, цифрлау)» атты Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру ғылыми жобасы негізінде «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасы даярланып, жүзеге асырылып келеді (Ұлттық сананы жаңғыртудағы архивтердің рөлі // Егемен Қазақстан. 2018. 28 қараша).

Аталмыш жобаның орындалу мерзімі жеті жыл уақыт аралығын қамтиды. Осы бағдарламаның жүзеге асырылуына ҚР Орталық мемелекеттік архиві де өзіндік үлесін қосуда. Архив қызметкерлері өзге мекемелердегі әріптестерімен тығыс байланыста жұмыс жүргізуде. Өйткені алыс-жақын шет ел архивтері мен кітапханаларынан жинақталған деректер мен құнды материалдар бірін-бірі қайталамауы тиіс. Бұл жоба «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасымен тығыз байланыста мынандай ортақ мақсатта жүргізіліп келеді: Ұлт тарихына қатысты алыс-жақын шетел архивтеріндегі құжаттарды, осы уақытқа дейін өзге елдің мекемелерінде тасада қалып кеткен тарихи жәдігерлерімізді жинақтап, ғылыми айналымға қосу, қазақ тарихының «ақтаңдақ» парақтарын толықтыру, көпшілік назарына ұсыну.

Шынтуайтына келгенде бұл мәселе өткен XX ғасырдың 30–60-шы жылдары да көтеріліп, бірақ кеңестік идеология мен кертартпа саясаттың әсерінен ресейлік және шетелдік архивтерден қазақ тарихына қатысты құнды құжаттарды қайтару немесе көшірмесін алу жұмыстары тоқтатылған болатын.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін осы бағыттағы маңызды іс-шаралар жаңа арнада жүзеге асырыла бастады. Атап айтқанда, 2004–2014 жж. «Мәдени мұра», «Халық тарих толқынында» атты мемлекеттік бағдарламалар аясында алыс-жақын шетел архивтерінен, ғылыми мекемелері мен кітапханаларынан ұлт тарихына қатысты құжаттарды іздестіру, көшірмелерін алу, ғылыми айналымға енгізу жұмыстары өз жалғасын тапты. Солардың заңды жалғасы болып саналатын «Ұлы даланың тарихы және мәдениеті бойынша шетелдік архивтер мен қорлардағы археографиялық жұмыстар (анықтау, сараптау, цифрлау)» атты Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру ғылыми жобасын жүзеге асыру бойынша үйлестіру және әдістемелік жұмыстарын жүргізу, мемлекеттік ұйымдармен, архивтермен, ЖОО-мен, ғылыми қауымдастықты жұмылдыра отырып, ұлттық тарихтың ашылмаған тұстарын ашуға мүмкіндік беретін отандық және халықаралық архивтердің құжаттары негізінде ғылыми зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру мақсатында Ұлттық архив және Сирек кітаптар мен қолжазбалар орталығы жанынан «Архив – 2025» ғылыми-әдістемелік орталығы құрылды. 

Осы үйлестіру орталығының жұмысына белсене араласқан ҚР Орталық мемлекеттік архиві Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің қолдауымен Ресей, Франция, Түркия, Белорусия, Қырғызстан және т.б. елдерде археографиялық экспедиция ұйымдастырды. Сондай топтың бірі, осы мақала авторлары Қырғызстан Республикасы Бішкек қаласына жоспарланған мерзім аралығында - 2022 жылдың 11 мен 30 мамыры аралығында Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві, Қазақстан Республикасы Президентінің архиві, ҚР Ұлттық архив қорларына Бішкек қаласындағы орталық архивтерден (ОМА, ҚСҚ ОМА, Бішкек қалалық архиві, ҚР Жоғарғы соты) бұрын әкелініп өткізілген істер мен құжаттар тізімімен мұқият танысып, ол құжаттарды қайта қарастырмас үшін олардың тізімі жасалынды. Бірақ осы кезеңге дейін Қырғызстан архивтерінен құжаттар әкелінбегені анықталды. Археографиялық іссапарға мұқият дайындалдық. 

Іссапар мақсатына сәйкес Бішкек қаласындағы орталық мемлекеттік архивтерден төмендегідей бағыттар бойынша құжаттар мен материалдар жинақталды:

  •  XVIII-XIX ғасыр бойындағы Жетісу өңіріндегі Ресей отарлау саясатының кеңінен етек жаюына негіз болған әртүрлі экспедициялардың қорытындылары мен есептері, Қоқан хандығымен қарым қатынастар;  
  • 1884-1916 жж. Жетісу облысының әлеуметтік-экономикалық ахуалы, 1916 ж. ұлт-азаттық көтерілістің Ыстықкөл, Шу ошақтары және осы Жетісу облысы қазақ-қырғыздарының ара қатынасы;
  • «Сырдария облысы Әулие-Ата уезі бастығының басқармасы (Әулиеата қаласы) 1868-1917 жж.» қорынан Ұлы жүзге қатысты Ошақты, Сиқым, Шымыр, Қоралас т.б. болыстықтардың басқарушылары мен ауыл старшиналарын қаржыландыру жөніндегі сайлау парақтары мен үкімдердің көшірмесі;
  • 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі және 1850-1921 жылдардағы Жетісу өңірінің Ресейге қосылуы (1920 ж. 30 қаңтар -1921 ж. 3 ақпан);
  • Жетісу аумағындағы ұзаққа созылған отарлау саясаты барысындағы сұлтандардың өзара қарым-қатынасы, олардың патшалыққа билікке қызмет етуі мен қарсылығы, ұлт-азаттық көтерілістердің барысы туралы есептер мен мәліметтер (1884-1916 жж.);
  • Қырғыз АССР-нің жұмысшы, шаруа және Қызыл әскер депутаттары Кеңестерінің орталық атқару комитеті (ОАК) жұмысы, қаулылары, шешімдері мен жеке құрам бойынша бұйрықтар  (1915-1919);
  • Бүкілодақтық атқару комитетінің (БОАК) Қазақ және Қырғыз Республикалары арасындағы мемлекеттік шекараларды нақтылау туралы бірінші кеңесінің хаттамасы. Қырғыз АКСР-і мен Өзбек АКСР-і арасындағы аумақтық дауларға қатысты КСРО ОАК хатшылығы отырысының №36 хаттамасынан үзінді және оған қатысты материалдар (1926-1932);...
  • Қырғыз және Қазақ АКСР арасындағы шекараларды нақтылау жөніндегі материалдар (3 қаңтар-30 желтоқсан 1928);
  • 1920-34 жж. ашаршылық жылдары Қырғыз АКСР аумағында көшіп келген, босқын қазақ-көшпелілері, босқындары туралы материалдар мен мәліметтер (1926-1934 жж.);
  • Жетісу революциялық комитетінің бұйрықтары, ерекше комиссияның баяндамасы, қазақ босқындарды орналастыру туралы мәлімдемелер мен хат алмасулар. 1-б. (1920 ж. 30 қаңтар-1921 ж. 3 ақпан);
  • Түркреспубликасы ХКК, ОАК Жетісу облысындағы қазақ босқындарды орналастыру жөніндегі арнайы комиссиясының және уездік ревәскери комитетінің бұйрықтары. Одақтың хаттамалары. Әскерге жұмылдырылғандарды (мобилизацияланғандар) жабдықтау туралы Азық-түлік бөлімімен алмасқан хаттары (1917-1924);
  • Жетісу облыстық атқару комитетінің, уездік, қалалық ревкомның, аштыққа қарсы күрес жөніндегі комиссияның ауыл шаруашылығы саласынан таза мал шаруашылықтарын босату, ашаршылық зардаптарын жою, қалалардың санитарлық жай-күйі туралы, қоғамдарды тіркеу тәртібі және олардың съездерін шақыруға рұқсат беру туралы қаулылары, циркулярлары, нұсқаулықтары, өкімдері. Реформа жүргізу бойынша алмасқан хаттарының көшірмесі алынды. (1923 ж. 24 қаңтар-1923 ж. 29 желтоқсан);
  • ХХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы қазақ-қырғыз қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани өмірі, алғашқы қазақ кеңестік республикасының құрылуына қатысты құжаттар, мемлекет қайраткерлері туралы;
  • Ұлт тарихындағы ірі тарихи құбылыс болып табылатын «Алаш» қозғалысы және оның қазақ-қырғыз қайраткерлеріне қатысты да тың мәліметтер жинақталды.

Айта кететініміз, археографиялық экспедиция барысында алып келген құжаттар бұрын еш жерде жарияланбаған және Қазақстанда ғылыми айналымға тартылмаған болып есептеледі және тарихи құндылығы ерекше маңызды.

Мысалға, осы уақытқа дейін қазақтың бір туар перзенттері Т. Рысқұлов пен Қ. Сарымолдаевтың және басқада қазақтардың Ауыл шаруашылығы және мемлекеттік мүлік министрлігінің Пішпек төменгі ауылшаруашылық мектебінде оқығандығы туралы көп айтылып та, жазылып та жүр, бірақ соның құжаттық дәйектемесі еш жерде кездеспеген еді. Осы жолғы іссапарда сол құжаттың түпнұсқасынан көшірме алуға мүмкіндік туды  (сурет 1-2).

Алынған құнды құжаттардың ішінде 1930-шы жылдары еліміздегі орын алған қасіретке толы нәубет тұсында шекара асқан қазақ көштері мен босқындары туралы мәліметтер баршылық. Сол құжаттарға біршама тоқтала кетсек. Өткен ғасырдың 1929-33 жылдары елді жайлаған аштықтың салдарынан Қазақстанда бұрын-соңды болмаған босқындар саны байқалды. Кейбір деректерде көрсетілгендей 250 мың қазақ Қырғызстаннан пана тапты, боса көшкен халықтың басым бөлігі жолда немесе көрші республикада қайтыс болған. Сол сияқты сан мың қазақ Өзбекстанға, Қарақалпақстанға қоныс аударуға мәжбүр болды, кейбір босқындар одан әрі Тәжікстанға, Иран мен Ауғанстанға ағылды. Қытаймен шекаралас аудандардан мыңдаған отбасылар барлық малдары мен мүліктерімен көшіп кетті. Зұлматты жылдар сергелдеңі салдарынан жүздеген мың қазақтар босқындар ретінде Ресейдің түкпір-түкпіріне Батыс Сібір, Түмен және Свердлов, Астрахан, Саратов, Самара облыстарына, Мордовия, Ямало-Ненец ұлттық округі, Еділ бойын жағалай өзге қалаларына кетуге мәжбүр болды. Тіпті арнайы эшалондармен аштықтан көшеде асыраусыз, қараусыз қалған балалар тоқтаусыз жөнелтілді. Бұл қазақ басына төнген ғасыр қасіреті екені аян. Міне, осынау нәубет замананың салғыртымен бірге көрші елдердің архивтерінде сарғайған құжаттар жаңғырығы бізді еріксіз сол жылдарды тағы бір ғылыми сараптаудан өткізуге жетелейді.

Ежелден төскейде малы, төсекте басы қосылған қазақ-қырғыз Әулиеата және Пишпек уездерінің құрамына кірді. Оны мекендеген әртүрлі этникалық топтардың шекаралары жоқ, бір-бірімен тығыз әлеуметтік-экономикалық және мәдени байланыстары болды. Сондықтан қазақтар мен қырғыздар осы өңірлерде бір-бірінің жерінде аралас-құралас өмір сүрді. Ал Кеңес үкіметі жаңадан құрылған кезде Қырғызстандағы этникалық қазақтардың саны екі мыңға жуық немесе халықтың небәрі 0,2% ғана құраған.

Дегенмен Алатаудың баурайын қатар мекендеген қырғыз жеріндегі қазақ босқындары сайын даланы дүр сілкіндірген 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс пен 1921-23 жылдары етек алған аштық тұсында біршама өсе түскен. 

1932 жылы қазақтардың Қырғызстанға жаппай қоныс аударғандығы туралы ҚР Орталық мемлекеттік архиві қорларындағы деректерде Қазақстанның басқа облыстарын қоспағанда, 1930-1932 жылдары 16 ауданның 8812 шаруашылық Қырғызстанға көшкен. Қоныс аударушылардың көпшілігі Алматы, Кеген, Шұбартау, Үржар, Аягөз, Балқаш аймақтарында орналасқан қазақтар болды. Сонымен қатар, Алматы облысынан Қытайға 14824 қазақ шаруашылық, облыс ішіндегі басқа аудандарға - 19755, Қазақстанның басқа аймақтарына - 842 шаруашылық кетуге мәжбүр болғандығы көрсетілген. Осындай үдере көшу барысында 1932 жылы Қырғызстанға қоныс аударған қазақтардың саны 25-30 мың шаруашылыққа жеткен. 1932 жылдың ортасында Алматы төңірегінің өзінен Қырғызстанның солтүстік бөлігіне кеткен отбасылар саны 7300-ге (35000-40000 адам) жуық болғандығы туралы шетелдік ғалым И. Огайонның зерттеулерінде де айтылады. 

Қырғыз архивтеріндегі 1928-30 жж. жаппай ұжымдастыру мен оның салдарынан орын алған аштық тұсындағы қазақ босқындары туралы маңызды құжаттар сол кезеңнің ащы шындығын, тарихтың беймәлім парақтарын аша түседі. Бізге осы уақытқа дейін қазақ босқындары туралы ҚырАКСР ХКК төрағасы Ю. Абдрахмановтың «Күнделігіндегі» қысқа ғана жазба таныс еді. Онда, 1932 жылғы 25 ақпандағы жазбасында: «Фрунзе маңында 2-ші қала – аштық пен кедейлік салдарынан қоныс аударған қазақ азаматтарының киіз үйлер қаласы өсті. Бұл Филиптің жұмысының нәтижесі» екендігін ашық айта келіп, Маркстің капиталистік дамыған елдер, оның капитализмі, аурулары (бұқараның күйреуі, дағдарыс, жұмыссыздық және т.б.) тек оған баратын елдердің болашағын көрсетеді деген тұжырымын келтіреді. (Филип Голощекин Ф.И. (1876-1941) – 1925-1932 жж. БКП(б) Қазақ Өлкелік комитетінің бірінші хатшысы болған). Осы жазбасында «Қазақтардың тағдыры мен болашағы қырғызды көрсетпей ме? Ұқсас. Бүгінде тіпті қыңыр ақымақ адамдар 32-ші жыл отар санының азаюына әкелетінін мойындайды. Шахрай мал союды кейінге қалдыру туралы жеделхат жіберді, өйткені бұл 150 мың (қарапайым санау) түлік, өсім береді Бірақ ол мені ет дайындаудың мал басының азаюына әсер ететінін дәлелдегенім үшін көпшілік алдында сынаған еді. Фактілер тіпті үмітсіз ақымақтарды да ақылды етеді»,- деп жалғастырады (Шахрай А.О. (1898-1949) – 1930-1934 жж. БКП(б) Қыробкомының жауапты (бірінші) хатшысы болған). Байқап отырғандарыңыздай, қырғыз астанасы маңында 2-ші қаланың пайда болуы дегеніміз, қазақ босқындары санының күн санап өсе түскендігін, сол тұстағы республика билігін қолына ұстаған Голощекиннің содыр саясатының салдары екендігін де, асыра сілтеу саясатының кесірінен мал басының күрт азайғандығынан да хабар береді. 

Ал архив құжаттары осы жазбада айтылғандарды кеңейте түседі. Осынау ауыртпалы кезеңде босқын қазақтарға олардың тарапынан жан-жақты көмек көрсетіледі. 1933 ж. 16 ақпанда Қырғыз АКСР ХКК төрағасы Ю. Абдрахмановтың республиканың барлық аудандық атқару комитеттеріне Қырғызстанға қоныс аударған қазақтар мен олардың балаларын орналастыруға шұғыл шаралар қабылдау туралы жеделхаты жіберіледі. Жеделхатта Қырғызстан аумағындағы босқын қазақтарды кәсіпорындар, совхоздар, колхоздар ұйымдарының жұмысына тарту, орналастыру жоспарларын шұғыл түрде әзірлеуі қажеттілігі айтылған. Сонымен қатар барлық аудандық атқару комитеттері төрағаларының, олардың орынбасарларының жиырмасыншы ақпанға дейін өз аудандандарында қоныс аударған қазақ шаруашылықтарының санын, жергілікті кәсіпорындардың, совхоздардың жұмысын ұйымдастыруға болатын шаруашылықтардың санын, балалар комиссиясы жүйесі арқылы көшпенділердің балаларына қызмет көрсету шараларын қабылдауға міндеттейді.

Қырғыз Республикасының Үкіметі оларды орналастыру және астықпен қамтамасыз ету жөніндегі бірінші кезектегі іс-шараларға көмек көрсететін болады. Қырғыз АССР ХКК төрағасы Ю. Абдрахмановтың тікелей араласуымен қазақ босқындары орналасқан жерлерде арнайы дүңгіршектер ашу арқылы 61425 кг бидай және 4140 кг тары жеткізу және оның жеткізілуіне Бүкілодақтық астықты дайындау және өткізу жөніндегі кеңсе (заготзерно) қорын пайдалану қажеттілігі көтеріледі. 

Елді жайлаған аштық салдарынан өз туған жерінен амалсыз өре көшіп, өзге елде босқын атанған қазақ қоныс аударушыларын жаңа жерде орналастыру мақсатында жүргізілген жұмыстар жалғасын тапты. Осы мақсатта 1933 жылдың 17 наурызында Қырғыз АКСР ХКК № 132 «Қырғызстан аумағындағы қазақ босқындары туралы» қаулысы қабылданады. Аталған қаулы бойынша Қырғызстан аумағындағы қазақ босқындарын орналастыру мақсатында Халық еңбек комиссариатына жұмысшыларды ирригация, жол құрылысы жұмыстарына тарту, өнеркәсіптік және шаруашылық кәсіпорындардың мұқтаждықтары үшін – оларды бірінші кезектегі жұмысқа қабылдауды қамтамасыз ету ұсынылған.

Ал жазғы маусымдық жұмыстарды өрістету кезінде қазақтарды жалдауды қамтамасыз ете отырып, совхоздар және өнеркәсіптік кәсіпорындардың директорларына оларды жұмыстан шығаруға жол бермеу жағы да қарастырылды. Сонымен қатар қазақ босқындарын сол тұста Бүкілодақтық құрылыс деп жарияланған Тәжікстандағы Вахша суару жүйесінің құрылысына жалдау да қарастырылды. 

Сондай-ақ Ауыл шаруашылығы халық комиссариатына (Наркомзем) Қырғыз жеріндегі қазақ халқының қоныстануы бойынша олар орналастырылатын тиісті аудан, жер алаңын көрсете отырып, атқарылатын іс-шараларды әзірлеу және РСФСР ХКК-ның комиссиясының қарауына ұсыну үшін оған қажетті материалдық шығындарды есептеу қажеттілігі де қамтылған.

Қаулыда ОАК жанындағы Балалар комиссиясына және Қырғыз Қызыл Крест және Жарты Ай қоғамына аудандарды, контингенттерді және қажетті материалдық шығындарды айқындай отырып, қазақ балаларына арналған балалар колонияларын ұйымдастыру жөніндегі іс-шараларды әзірлеуді және босқын қазақтарды орналастыруға қажетті материалдарды РСФСР Халық комиссиясына ұсыну тапсырылды.

Жоғарыда айтылған шешімдердің іске асырылуына бақылау орнату аудандық атқару комитеттерінің, қалалық кеңестердің және жұмысшы-шаруа инспекцияларының төрағаларына жүктеледі.

Жоғарғы үкімет тарапынан қабылданған осындай директивалар мен біршама игі іс-шаралардың жүргізілгеніне қарамастан көшпелі-босқын қазақтарға жергілікті тұрғындар мен билік жылы қабақ таныта қоймағандығы да белгілі. Босып келгендердің барлығы дерлік азық-түлікпен, жатын орындарымен, жұмыспен қамтамасыз етіле қойған жоқ. Бір жағынан енді ғана жеке автономиялық дербестігін алған Қырғыз АКСР-ның экономикалық әл-ауқаты да мұны көтере алмайтындығы қалыпты жағдай еді. Ел арасында онсыз да босқын қазақтардың мал-мүлкін тартып алу, жұмысқа қабылдамау, қабылданғандардың еңбек ақысын төлемеу сияқты т.б. заңсыздықтарға жол берілді. Осы келеңсіз жағдайдың алдын алу мақсатында 1933 ж. 27 наурызда Қырғыз АКСР ХКК төрағасы Ю. Абдрахманов Шу аудандық атқару комитетінің төрағасына босқын қазақтарға қатысты құқыққа қарсы іс-қимылдарды тоқтату туралы арнайы жеделхат жолдайды. 

Қазақстандағы Кеңес үкіметі мен Коммунистік партияның аграрлық саясаты мен саясаты, көшпенділердің дәстүрлі шаруашылығына зорлық-зомбылығы мен болашақ тағдыры туралы ойланбастан жүзге асырылған солақай саясатының салдарынан (1929-1933) қазақтардың жат жерлерге үдере көшуі кеңінен өріс алды. Осындай жаппай көшу үдерісін тоқтату мақсатында және Түркреспубликасы тарапынан шара қолдану қажеттілігі күн тәртібінде тұрды. Қазактардың қырғыз жеріне тоқтаусыз келуіне және қазақ ұйымдарының оларды Қазақстанға қайтаруға тиісті шаралар қолданбауына байланысты Қырғыз АКСР ХКК 1933 жылғы 1 сәуірде № 156 «Қырғызстанға келген қазақ шаруашылықтары туралы» арнайы қаулысы қабылданды. Онда олар РСФСР ХКК-нен Қазақстан үкіметін қазақтардың ҚырАКСР аумағына одан әрі көшуіне жол бермеуі үшін шешуші шаралар қабылдауға міндеттеуін сұрайды. Сонымен қатар Қатынас жолдарының халық комиссариатынан (НКПС) Түрксіб бойынша қазақ босқындарын ҚырАКСР аумағына тасымалдауды тоқтату туралы Түрксіб дирекциясына міндеттеуді де талап етеді.

Қырғызстан жұртшылығы өздерінің әлеуметтік-экономикалық қиындықтарына қарамастан аштықтың салдарынан ауа көшіп келген қазақтарға барынша көмек көрсетуге мәжбүр болды. Босқын қазақтарды ауыл, қалаларда орналастыру, жұмысқа орналастыру, тамақтандыру, медициналық қызмет көрсетуді уақтылы ұйымдастыру, балаларды мектептерге, мектеп-интернаттарға тарту, балалар үйіне орналастыру үшін Қырғызстан өзінің республикалық бюджетінің аздығына қарамастан 150 мың сом бөледі. Бірақ қазақ босқындарын орналастыру мен оларға көмек көрсету жас республика үшін күннен-күнге ішкі ахуалды қиындата түсуіне байланысты 1933 жылғы 3 сәуірде Қырғыз АКСР ХКК төрағасы Ю. Абдрахманов амалсыздан РСФСР ХКК төрағасының орынбасары Т. Рысқұловтың атына Қырғызстанға келген аш қазақтарды жайғастыруға көзделген қаражатты дереу аударуды қамтамасыз ету туралы өтініш жеделхатын жолдауынан байқаймыз.

Қырғызстандағы этникалық қазақтардың саны 30-шы жылдары барынша күрт өсті. Қырғызстан үкіметі мен халқы этникалық қазақтарды жан-жақты қолдады, жер, тұқым берді, қалаларға жұмыс ұйымдастырды, мемлекет тарапынан азық-түлік берді, барлық босқындарға медициналық тексеру жүргізді. 

Тоқтаусыз ағылған қазақ босқындарының Қырғызстанның бір ғана Беловод аудандық атқару комитеті 1933 жылғы 5 сәуірдегі ақпараты бойынша осы аудан аумағында тұратындарының саны 12 ауыл/кеңестің және 2 совхоздың мәліметтері бойынша - 490 шаруашылық, оның ішінде 102 адам жұмыстарға орналастырылғандығын хабарлайды.

Айтылғандармен қатар қазақ балаларын орналастыру, балалар үйі мен тамақтандыру пунктері арқылы қамқорлыққа алу жұмыстары да жүргізілген. Мысалға, Қырғыз АКСР ОСК жанындағы Балалардың өмірін жақсарту жөніндегі Орталық комиссия жауапты хатшысының 1933 жылғы 8 сәуірдегі баяндамалық жазбасында 1932 жылдың қараша айынан бастап ағымдағы жылдың 25 ақпанына дейін тамақтандыру пункттерінде 1300 қазақ балаларының қамтылғандығы көрсетілген. Ал 1933 жылдың 21 қаңтарынан бастап Қазақстан үкіметімен келісім бойынша 2000 бала алынып, балалар үйіне жіберілген. Балалар үйінде, қабылдау-бөбекжайларда 200-ге дейін қазақ балалары бар, бұл Қырғызстандағы балалар үйіндегі балалардың 20% құрайды. Балалар үйлерінің 14 қана шағын желісіне байланысты 1060 адам саны бар балалар мекемелері мен тамақтандыру пункттерді ұйымдастырудың шұғыл қажеттілігі туындайды, бұған 2400 бала қамтылады. 4 сәуірден бастап Фрунзе қаласында 400 балаға арналған қабылдау және тамақтандыру пункті ашылады. Қаражаттың шешілуіне қарай көшедегі қараусыз балаларды тарту және оларға көмек көрсету бойынша басқа да іс-шаралар өткізілетіндігі баяндалған.

Қырғызстан үкіметі Қазақстанға оралғысы келетіндерге көмек ретінде 5 мың фунт астық, 4 млн. сом ақшалай қаражат бөлу арқылы да көмектескен.

1939 жылғы жалпы одақтық санақ қорытындысы бойынша Қырғызстандағы этникалық қазақтардың саны 24,0 мыңға жетіп, халықтың жалпы санының 1,7% - құрағанын байқаймыз. 

Дегемен 1932-1933 жылдары елімізді жайлаған зұлмат аштықтың салдарынан Қазақстаннан кеткендерді қайтару туралы Қазақ үкіметі арнайы қаулы қабылдағандықтан, қаражат бөліп, бірқатар шаралар жүргізе бастайды.

Қорыта келгенде, Қырғыз еліне жүргізілген археографиялық экспедиция барысында алынған құжаттар бұрын жарияланбаған және Қазақстанда ғылыми айналымға тартылмағандықтан ұлт тарихының кейбір айтылмаған парақтарын түгендеуге қосылған үлес деп айтуымызға болады. 

Төленова Зирабүбі Маймаққызы, ҚР Орталық мемлекеттік архиві Әлеуетті зерттеулер орталығының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты

Аширова Анар Жошыбекқызы, архивтер және жеке тектік тарихи-құжаттық коллекциялармен жұмыс жөніндегі бөлім басшысы 

 

Пікірлер