«Шығыстың шыңырау күйлері». Осындай атаумен Өскеменде алғаш рет республикалық күйшілер байқауы өтті. Шертпе күй өнерін насихаттаған өнерпаздар жарыққа шықпаған және ұмыт бола бастаған күйлерге қайтадан жан бітірді. Сахнада әуезді домбыра үнін әуелетті. Бабалардан мирас болып қалған күйшілік дәстүрдің тарихы тереңде жатқан мол мұра болғанымен, оның ел ішінде насихатталуы кенже қалып келе жатқаны рас. Осы олқылықтың орнын толтыру, бүгінгі өскелең ұрпаққа оны насихаттау бағытында «Шығыстың шыңырау күйлері» атты республикалық күйшілер фестивалін өткізу қолға алынды.
Фестивальды өткізуге 2006 жылы «Мәңгілік мұра» деген атпен өткен конференция түрткі болды. Шығыс жерінде алғаш рет ұйымдастырылған байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен келген барлығы 26 күйші қатысты. Күй өнері шертпе және төкпе болып екіге бөлінсе, бұл күні дарынды күйшілер аталған күйдің алғашқысынан бақ сынасты. Әділқазылар алқасының шешімімен 26 күйшінің 16-сы екінші бөлімге өтті. Мәреге сүрінбей жеткен жас дарындар күйшілік өнерде өзіндік орын қалдырған Бейсенбі, Әшім, Қайрақбай, Бейісбай, Шақабай Шолақ сынды күйшілердің туындыларын орындап, күй додасына түсті. «Сыншы көз қырағы» демекші, қоңыр әуезді домбыраның күмбірін, саусақ пен білек шабысын көрермендермен қатар, Қошқарбек Тасбергенов, Таласбек Әсемқұлов, Жанғали Жүзбаев, Біләл Ысқақ, Мұрат Әбуғазы, Аманжол Самық сынды майталман күйшілер бағалады.
Мұрат ӘБУҒАЗЫ, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваторияның аға оқытушысы:
– Қайрақбайдың, Байжігіттің, Бейісбайдың, Бейсенбінің күйлері – бұлардың бәрі осы байқауда алғаш рет орындалып, сең қозғағандай болып жатыр. Күйшілер жас болғанымен өте жоғары деңгейде дайындалып келген. «Сен тұр, мен атайындар». Жеңімпазды анықтау да қиынға соқты. Жер-жерден келген күйшілер болса да шығыстың күйлерін жақсы меңгерген.
Ардаби МӘУЛЕТ, гран-при иегері:
– Шертпе күйдің дені бір ғой. Тек өңірдің ерекшеліктеріне байланысты болмаса. Шығыс Қазақстанның, Арқа күйлерінен талапкерлер өз еркімен бір күй, Қаратөбешіктен бір күй орындады. Төрелік әділ болды. Ең бастысы, бұл фестиваль күйшілік өнердің ауқымын кеңейтуге зор ықпал ететіні сөзсіз.
Шалқар РЫСҚАНОВ, ұйымдастырушы:
– Фестивальды өткізудегі бір себеп халыққа күй өнерін насихаттап жеткізу болса, ендігі мақсат – жас күйшілердің арасында осы күйлерді дәріптеп, оларды ынталандыру.
Күйсүйер қауым алдына Шығыс Қазақстанның танымал күйшілері Қалек Жұматайұлы мен Қазен Ауғазыұлы да шықты. Олар өскелең ұрпаққа үлгі болсын деп өз өнерлерін көрсетті. Соңынан өмір бойы күй өнерін насихаттаған көнекөз қариялардың иығына шапан жабылды.
Алғашқы қадам сәтті болды. Жиналған көрермен өнерпаздар өнеріне көзайым болып, жоғары баға берді. Ендігі мақсат – фестивальды ұлттық деңгейге көтеріп, тұрақты байқауға айналдыру.
Сондай-ақ бұл күні тағы бір ауқымды шара өтті. Қазақтың шалқарлы күй мұхитына «Шығыстың шыңырау күйлері» деген атаумен жаңа кітап қосылды. Шығыс өңірінің күйлері жинақталған топтама әзірге мың данамен жарыққа шықты. Оның ішінде ұмыт бола бастаған, сонау XVIII ғасырдың екінші жартысынан қалыптасқан 100 күй жинақталған.
Айару НЕСІПХАН,
Өскемен
«Алаш айнасы».