- Қобызды өзіңе серік еткеніңе 17 жылдың жүзі болыпты. Қара қобыз сені қандай қасиетімен баурап алды?
- Осы жылы менің қобыз аспабын алғаш қолыма алып, оның қыр-сырын меңгере бастағаныма тура он жеті жыл болады. Менің өмірден түйгенім, әр адам кішкентайынан өзінің мінезіне сай келетін, жүрегіне жақын нәрсемен шұғылданатын тәрізді. Бұл, сірә өмірдің заңдылығы болса керек. Олай дейтінім, қарапайым қара қобыз бен менің мінезімде бір ұқсастық, дәлірек айтқанда, бір үйлесімділік бар. Оның үстіне киелі де қасиетті әрі әулиелі мекен — ежелгі Түркістанда өмірге келуімнің өзі мені Қорқыт атамнан қалған көне мұра- қобызға ерекше «ғашық» етті. Сондықтан да күні бүгінге дейін өзімді қобызсыз қабылдай алмаймын. Міне, содан да болар, 1995 жылы Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған арнайы мамандандырылған музыка мектебіне оқуға түстім. Осы мектепті үздік аттестатпен бітірген соң, 2005 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының халық аспаптар факультетіне қобыз мамандығы бойынша оқуға қабылдандым. Алғашында Әбдіманап Жұмабекұлынан дәріс алсам, одан кейін Құрманғазы консерваториясының профессоры Базархан Қосбасаров сынды танымал өнер шеберінен қобыздың қыр-сырын жан-жақты меңгеруіме тура келді. Құдайға шүкір, содан бері қыл қобызымнан екі елі ажыраған емеспін. Бір айтарым, басқа музыка аспаптарымен салыстырғанда қобыздың артықшылығы да, өзіне тән ерекшелігі де бар. Ең алдымен, қобыздың үні арқылы қазақтың кең даласының үні, еліміздің сан ғасырлар қойнауында қалған тыныс-тіршілігі мен тарихы көз алдыңызға келеді. Сондықтан да мен бүлдіршін кезімнен бастап қобыздың үніне ынтық болдым. Шындығы сол, дәл қазір қобыздың үнінсіз өмірді түсіне алмаймын. Сондықтан да мен қобызбен бірге ержетіп, есейіп келемін.
- Күні кешегі бала мінез Ақерке мен бойжеткен Ақеркенің арасында қандай айырмашылық бар деп ойлайсың?
- Халқымыз «ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» демеуші ме еді?! Зер салып қарасам, осы сөз тереңнен, өмір шындығынан алынған нақыл сөз екен. Барлық құрбыларым тәрізді мен де ата-ананың, сондай-ақ бүгінгі күні сексеннің алтауына аяқ басқан әжемнің тәлім-тәрбиесін бойыма сіңіріп өстім. Ал енді жеке өзіме келетін болсам, бала күнгі Ақерке мен қазіргі Ақеркенің арасында аспан мен жердей айырмашылық бар екендігін аңғарамын. Бір ерекшелігім, қазір мен өмірге көзқарасым қалыптасқан, жақсы мен жаманды, асылдан жасықты айыра білетін жағдайдамын. Ал бала күнімнен өзгермей қалған бір қасиет — қобызға деген іңкәрлік.
- Қалай ойлайсың, кәдуілгі қара қобыздың жаңа ғасыр эстрадасында қандай да бір үлесі бар ма? Болса қандай?
- Мұны дәлелді болу үшін нақты мысалмен айтайын. Байқасаңыз, соңғы уақытта қайсыбір жарнамаларда қобыздың эстрадалық үлгіге түскен дыбысы жиі пайдаланылып жүр. Тіпті кейбір эстрада әншілері маған өздері орындайтын әнді қобызбен сүйемелдеп беруге қолқа салатын кездері де бар. Нақты мысал келтірсем, менің қобызымның үнімен өрілген Бақыт Шадаеваның орындауындағы «Өмір — арман» әні 2001 жылы «Жылдың ең үздік әні» аталымын жеңіп алса, әнші Таңат Мамырханұлының орындауындағы «Қайран, өмір-ай» әні «Алтын дауыс» байқауының жүлдегері атанды. Мұны мақтаныш үшін айтып отырғаным жоқ, шындығы сол! Реті келгенде айта кететін тағы бір жайт, қобызды эстрадаға икемдеп, алғаш рет сахнаға алып шыққан да мен болатынмын. Осыдан бірер жыл бұрын жарыққа шыққан «Көктем» деп аталатын үнтаспам мұның толық дәлелі. Мұнда халық композиторларымен қатар, шетел сазгерлерінің де шығармалары бар. Демек, мұның өзі қазіргі күні эстрадада қобыз аспабының қайталанбас сазды әуеніне айрықша сұраныс бар екендігін көрсетсе керек. Әрине, мұның барлығы сазгер мен әнді орындайтын әншінің талғамына тығыз байланысты екендігін тіпті де жасыруға болмайды.
- Жалпы, шетелдердегі өнерсүйер қауым қазақтың қобызын қалай қабылдайды? Қызығушылық бар ма?
- Шындығы сол, мейлі түбі бір Түркияны алайық немесе мұхиттың арғы бетіндегі елдерді алайық, мұндағы тұрғындардың барлығы қобыздың үнін ерекше ықыласпен тыңдайды. Тіпті «бис-бистеп» өзіңді сахнадан жібермей, бірнеше шығарма орындауды сұрайды. Бұл, әрине — қобыздың қасиеті! Екіншіден, Еуропа елдері даңғаза эстрададан әбден қажып, мезі болған. Сондықтан да олар қобыздың тереңнен құйқылжыта шығатын үнін естігенде, орындарынан түрегеліп, ду қол шапалақтап, ризашылық сезімдерін білдіреді. Тіпті концерттен соң кейбіреулері қасыңа келіп, қобызды қолына ұстап көріп, қарапайым қылдан таяқпен сүйкегенде небір ғаламат дыбыстың қалай шығатынын білгілері келіп, сан алуан сұрақтың астына алатындары да бар. Ал қайсыбіреулері қобызды скрипка аспабымен салыстыра қарайды. Мұның өзі халқымыздың киелі аспабы — қобыздың ғұмырының ұзақ болатындығынан хабар бергендей көрінеді маған.
Менің бір байқағаным, әдетте халықаралық туризм жәрмеңкелерінде ел мен жердің тек табиғи байлығы ғана емес, жалпы мәдениеті де халыққа таныстырылады. Бір қуантатыны, түркітілдес халықтар, оның ішінде түбі бір Түркия мемлекетінің тұрғындары қобызды өте жоғары бағалайды. Тіпті әңгімелесе қалсаңыз, олардың қай-қайсысы болмасын «Қорқыт — біздің бабамыз» деп қызу пікірталас та тудырады. Бұл — әрине, олардың Қорқыт бабамызға, қобызға деген көзқарасы! Түркияда маған бір кісі «Байбұрт қаласындағы Қорқыт мазарына барасың ба? » деп қолқа салды. Мен: «Бұл қалай? Қорқыт — ежелден қазақтың бабасы. Кесенесі Сырдарияның жағасында» деп ашық айттым. Әйтсе де қобызды аса қадірлейтін түріктер мені концерттерге жиі шақырып тұрады. Еуропа, әсіресе, Балтық жағалауындағы елдер біздің дәстүрлі музыкамызды ұнатады. Мысалы, мен өзім концерттік сапарда болғанда Литва, Германия, Түркия, Корея, Молдова, Қытай, Ресей, Иордан Хашимиттік Корольдігі, Тәжікстан елдерінің біздің елімізге, ұлттық мәдениетімізге деген қошамет-құрметіне айрықша риза болдым.
- Жоғарыда «қобызды эстрадаға икемдеп, алғаш рет сахнаға алып шыққан да мен болатынмын» деп қалдың. Қобызды қазіргі заман талабына сай икемдеймін деп, оның өзіне ғана тән қоңыр әуезінен айырылып қаламын деп қорықпайсың ба?
- Әлі есімде, 1999 жылы алғаш рет электрониканың сүйемелдеуімен қобызда күй тартқан болатынмын. Сол жылдарда маған кейбір ағаларымның: «қобыздың күйін құртып жатырсың» деп айып тағып, сын айтқан кездері де болды. Егер сол ағаларым біле білсе, ең алдымен, мен кәсіби музыкантпын. Осы саладағы ұлағатты ұстазым, профессор Базархан Қосбасаров маған жеңіл-желпі ән-күйге әуес болмауым қажеттігін айтып, үнемі ақыл-кеңес беріп отыратын. Құдайға шүкір, менің де өнер саласында, оның ішінде қобызға бауыр басқаныма 17 жыл болыпты. Олай болса, осы жылдар ішінде «қасықтап» жинаған абырой-беделімнен бір-ақ сәтте айырылып қалғым келмейді. Мен, ең алдымен өзім ойнап жүрген аспабымның тарихына үлкен мән беремін.
Күйлердің әуенін бұзып ойнауды қасірет деп түсінемін. Дегенмен менің құрбы-құрдастарым, бүгінгінің жастары ғасырлар қойнауынан жаңа заманға жеткен қобыз үніне құлақ түрсін деп жаңашылдыққа ұмтылатыным рас. Ал репертуар мәселесіне келсем, қандай шығарма орындайтынымды өнер көрсететін ортаның талғамына қарай икемдеп отырамын. Егер тыңдармандар арасында көненің көзі — қарттар көп жиналған болса, онда Қорқыттың, Ықыластың күйлерін орындаймын. Ал жастар көп болса, онда ойнақы күйлерді төгілтіп ойнаймын. Әсілінде, музыканың жаманы жоқ, орындаушының немесе тыңдаушының жаманы болуы мүмкін.
Қазіргі уақытта Әлқуат Қазақбаев, Нұрсәт Бейсеқожаев, Маржан Арапбаева сынды композиторлардың маған арнайы жазған музыкалық шығармаларын да орындап жүрмін. Өзге музыкалық аспаптармен салыстыра алғанда, қобызда орындалатын шығармалар көп жағдайда аз, яғни шектеулі ғана. Ал домбыраға арналған шығармалар өте көп. Бір ерекшелігі, қобызда ойнап-үйрену үлкен еңбекті, қажымай-талмай маңдай терді төгуді қажет етеді. Бұған қоса, адамның ішкі жан дүниесі кіршіксіз таза болғаны ләзім. Меніңше, қобыздың құдіретін жаны таза адам ғана түсінеді.
- Менің білетінім, о баста өзің қобызға қосылып ән де орындайтын едің. Қазіргі уақытта бұл үрдісті ұмыт қалдырған жоқсың ба?
- Дұрыс айтасыз, мен о баста үлкен өнер табалдырығын «Іңкәрім-ай» деген әнмен аттағанмын. Осы әнді айтып, мектепте жүрген кезімде талай байқауларға қатысып, бірнеше мәрте жүлделі орындарды жеңіп алғаным бар. Бұл ән көпшілік қауымға халық артисі, күміс көмей әнші Роза Бағланова апамыздың орындауымен белгілі болған. Туған жерім — қасиетті Түркістанда жүргенімде жергілікті ән байқауларына қатысып, мақтанғаным емес, жүлдесіз қалған кезім болған емес. Сол жылдардың өзінде менің өнерімді құрметтеп, маған үміт артқан аға-әпкелерім «бұл қызды Алматыға жіберу керек қой» деп сан мәрте пікір де айтқан болатын. Өкінішке қарай, ата-анам «қызымыз әлі кішкентай» деп мені үйден алысқа жібергісі келмеді. Десе де бір жылы жаз айларында Алматыға демалуға келгенімде ата-анама айтпастан «бағымды сынап көрейін» деп, Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебіне сынақ тапсырдым. Сөйтіп, осындағы өнер иелері — ұстаз аға-апаларым өнерімді «өте жақсы» бағалап, мені музыка мектебіне оқуға қабылдауға шешім шығарды. Содан елге оралып, Алматыға музыка мектебіне оқуға кетуім қажеттігін айтқанымда, ата-анам біраз келіспеді. Ал болашақта қобызшы болатынымды естігенде үйдегілер қарсылықтарын одан сайын үдетті. Олар маған қылқобыз ойнаудың оңай еместігін түсіндіріп әлек болды. «Қылқобызбен алысқа бармайсың» деп жолымды кескісі келген ағайындар да табылды. Мен сонда да алған бетімнен қайтпадым. Құдайға шүкір, қазір осы қара қобызыммен нан тауып жеп жүрмін. Ел көріп, жер көріп қана қоймай, әлем елдеріне туған елім — Қазақстанды танытып жүрмін. Әсілінде, мен ұлттық өнерді дүниенің төрт бұрышына паш етіп жүргеніме өзімді бақытты санаймын!
- Халқымызда «туған ел — алтын бесік» деген ұлағатты сөз бар. Осы сөздің төркінін өзің қалай пайымдайсың?
- «Туған ел» деген сөздің мағынасы өте тереңде жатыр. Өйткені туған ел — өзің туып-өсіп, ержеткен үйіңнің табалдырығынан басталады. Ауылдағы жусанның жұпар исі, оның кеудеге қуат берер саф мөлдір ауасы, жотаға өрлеген жалғыз аяқ жолдары, жанары жайсаң адамдары, осының бәрі — туған елдің ажырағысыз бір бөлшегі. Одан қала берсе, ұмытылмас балалық шақ! Мен ауылдан өте ерте, жастайымнан кеттім. Қазір де қартайып тұрғаным жоқ. Дегенмен қазір ойлап қарасам, ауылда өмір сүрген азғана жылдарым, мен үшін үлкен сабақ, үлкен мәдениет ортасы болған екен. Үлкен өнерге жол ашқан өмірімнің мәңгі ұмытылмас қимас кезеңдері. Өйткені менің бес жасымда балабақшада, алты жасымда мектеп қабырғасында алғаш «өнер» деген құдіретті түйсініп, көзге көрінбейтін қиял әлеміне толы арманды-шаттықты күндерімді өткізгенім әлі есімде. Алғаш рет «Әнші балапан», «Утренняя звезда» байқауларына қатысып, бас жүлдені жеңіп алып, Алматыға жолдама алғаным әлі күнге көз алдымда. Ата-анадан алшақ кетіп, Ахмет Жұбанов атындағы арнайы музыка мектебінде оқи жүріп, республикалық, халықаралық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. Өнердің басқа да түрлері тәрізді күйшілік өнер — адам баласының ой-өрісін, дүниетанымын, ой-қиялын барынша дамытып, адамның сұлулыққа іңкәрлігін анағұрлым арттыра түсетін мәңгі өшпес өнердің бір саласы. Олай дейтінім, 12 жылдық музыка мектебін үздік бітіріп, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына грантпен оқуға түсіп, оны да үздік бітіріп, тағы да грант арқылы магистратураға түсуім, қазақ халқының көне мұрасы, жәдігері — қылқобызға деген сүйіспеншіліктен, ұлттық өнерге деген патриоттық сезімнен туындап отыр деп ашық айта аламын. Адам бойындағы еңбексүйгіштік, ұстамдылық, төзімді бола білудің өзі адам баласының адамгершілік қасиеттерінің негізгі өлшемдерінің бірі екеніне көзім анық жетеді. Әсілінде, өнер үшін ауылдың үлесі зор. Өз басым ауыл мен өнердің арасында тамыры терең байланыс бар деп ұғамын. Туған ауылымды үнемі аңсап тұрамын. Сондықтан бүгінгі күні өнер саласында қандай да бір жетістікке қол жеткізсем, сол жетістікте мені өмірге әкелген ата-анамның, білім берген мектебімнің, өзім өніп-өскен ортадағы үлгі-өнеге болған адамдардың, кіндік қаным тамған киелі де қасиетті туған жерімнің зор үлесі бар деп санаймын. Қорқыт атадан қалған қасиетті қобызым арқылы қаншама алыс-жақын шетелдерде болдым. Бірақ туған-жерім — Қазақстаным — алтын бесігім! Мен үшін өркенді де өркениетті тәуелсіз елімізге еш нәрсе жетпейді. Бұл менің жүрек түкпіріндегі сырым!
- Шығармашылық жоспарларың қандай?
- Бұған дейін Түркістанда және Алматыда жеке шығармашылық концертімді өткіздім. Қазіргі уақытта алдыма қойып отырған үлкен мақсатымның бірі — өміріме мәңгілікке серік еткен қылқобыздың қайталанбас әсем сазды үнін, күй орындаудағы ерекшелігі мен артықшылықтарын жан-жақты зерттеп, үлкен бір ғылыми жұмыс жазсам ба деймін. Шынымды айтсам, жоспар да, арман да көп. Ең бастысы, алда тұрған биік те зор асуларды бағындыру үшін күш-қайрат, зор еңбек, үлкен білім, ерінбей іздену қажет екенін жақсы сезінемін. Мен үшін мақсат-жоспардың ең биігі — қай уақытта да білім берген ұстаздарымның, қобыздың үніне ынтық көрермендерімнің сенімін, үмітін ақтау деп білемін. Бір қуантатыны, халқымыздың ұлттық музыкаға деген құмарлығы күн сайын артып келеді. Мысалы, көпшілік тыңдарманның сұрауы және «Эйр Астана» әуе компаниясының талғамы бойынша осы компания жақында маған ұшақ борттары арқылы «сіздің қобызда орындаған күйлеріңізді сан мыңдаған жолаушылардың назарына ұсынсақ» деген ұсыныс айтты. Осылайша осы әуе компаниясымен келісімшартқа отыруымның нәтижесінде менің тартқан күйлерім тыңдаушыларға жететін болады.
- Әңгімеңе рақмет!
Сұхбаттасқан Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ
«Айқын».