"Дайындықсыз кездесу". Назарбаевтың бітімгерлігіне Путиннің жауабы

3815
Adyrna.kz Telegram

Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "Путин мен Зеленскийді Нұр-Сұлтан қаласында бетпе-бет кездестіру" жайлы бастамасына жауап берді.

- Назарбаев Украинада көп жыл тұрғандықтан іш тартатынын білемін. Бірақ ол Украинаға өз бақытын мұхиттың арғы бетінен іздеудің керегі жоқ екенін, көршілерімен келісімге келген жөн екенін айтып келеді. Әзірге Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесу туралы сөз жоқ, өйткені біз "норман форматында" жолығатын болып уағдаласқанбыз. Украинадағы жағдай реттеу мәселесі бойынша "норман форматынан" өзге тетік жоқ, - деді Ресей президенті Владимир Путин.

Путин бұл пікірін БРИКС саммитінің қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында айтты.

Ол өз пікірін "дайындықсыз кездесуге асығудың керегі жоқ. Оған мен де мүдделі емеспін, президент Зеленский де мүдделі емес, нақты нәтижеден кейін кездескеніміз дұрыс" деп толықтырды.

Осыған ұқсас пікірді қарашаның 13-іне Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков та айтқан болатын. "Норман форматы" - Украинаның шығысындағы жанжалды реттеу үшін 2014 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Украина, Ресей, Франция және Германия жетекшілері мен сыртқы істер министрлігінің кездесу форматы.

12 қарашада Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев Украина президенті Владимир Зеленский мен Ресей президенті Владимир Путинді бейтарап жер - Нұр – Сұлтан қаласында бетпе - бет кездестіргісі келетінін және оған Владимир Зеленский келісім бергенін хабарлаған. Сол күні "Astana Club" форумында сөйлеген Назарбаев Украина мен Ресейді татуластырудағы өз рөлін өзі жоғары бағалады. Ресей Қырымды аннексиялағаннан кейінгі жанжалды реттеу үшін Батыс мемлекеттерінің қатысуымен жасалған Минск келісіміне де зор үлес қосқанын айтты.

- Оларды алғашқы күннен бастап табыстыруға тырысып келемін. Менің жұмысымның алғашқы нәтижесі Минскідегі кездесу болды. Алдымен Еуропа елдерін аралап шықтым, одан кейін Киевке, Порошенкоға бардым, одан соң Мәскеуге келдім. Франция президенті Қазақстанда болған еді, мен одан қайтарда Мәскеуге соғып, Путинмен кездесуді өтіндім. Міне, осылардың нәтижесінде, Минскіде жиналуға және сол кездегі мәселелерді шешуге қол жеткіздік. Барлығы қалыпты арнаға түсе бастаған еді, - деді Назарбаев.

Қазақстанның бұрынғы президентінің бастамасын Қазақстанның кейбір ақпарат құралдары "Назарбаев Ресей мен Украинаны татуластырудың амалын тапты" деп жариялады.

Қазақстанның бұрынғы президенді Нұрсұлтан Назарбаевтың бұған дейін де бірнеше рет ара ағайындық жасап, бітімгер ретінде көрінгісі келетіні байқалған.

2014 жылы ақпанда Ресей Украинаға тиесілі Қырым түбегін аннексиялаған соң "ара ағайындық миссиясын" бірнеше рет ұсынып, Ресей мен Украинаны Астанада (қазіргі Нұр-Сұлтан қаласы) келіссөз өткізуге шақырған. 9 айдан соң Киевке ресми сапармен барғанда Украинаның сол кездегі президенті Петр Порошенкоға да айтқан. Осы кездесуде Назарбаев Минск келісімін "Порошенконың еңбегі" деп сипаттаған болатын.

Қазақстанның саяси сарапшылары Нұрсұлтан Назарбаев бітімгерлігіне әртүрлі баға берген еді. Кейбірі, "халықаралық деңгейдегі жанжалдарға бітімгерлік жасағысы келетін Қазақстанның Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстарға ара ағайындық жасауға мүмкіндігі бар" десе, кейбірі "осы уақытқа дейін Қазақстанның ара ағайындық жасап, шиеленіскен мәселелерді шешкенін көрмегенін" айтқан.

Нұрсұлтан Назарбаевтың бітімгер ретінде рөлі Қазақстаның ресми баспасөзінде жиі айтылып, 2017 жылы "Бітімгер миссиясы" телефильміне айналды.

Фильмде президент Назарбаевтың 2015 жылы қарашада Сирияда Түркияның жойғыш ұшағы Ресейдің Су-24 бомбалаушы ұшағын атып түсіргеннен кейін ушыққан Ресей-Түркия арасындағы дағдарысты реттеуге қосқан үлесі, Ресей мен Батыстың ара қатынасын қалпына келтіруге ұмтылысы, Ресей мен Түркия бастамасымен Астана қаласында (қазіргі Нұ-Сұлтан қаласы) Сирия мәселесі бойынша келіссөз өткізгені сөз болған.

"НАЗАРБАЕВ ӨЗІНЕ ЖАРНАМА ЖАСАҒЫСЫ КЕЛДІ"

Азаттық Путин-Зеленский кездесуін ұйымдастыру туралы Назарбаевтың ұсынысы жайлы Тәуекелдерді бағалау тобының директоры, саясаттанушы Досым Сәтбаевпен сұхбаттасты.

Азаттық: Сәтбаев мырза, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа Путин мен Зеленский кездесуін ұйымдастыру не үшін керек? Назарбаевтың түпкі ойы не?

Досым Сатбаев: Назарбаев бұл ұсынысты өзінің жеке басын ойлап жасап отыр. Ол ішкі және сыртқы аудиторияға ықпал етуге талпынып көрді. Сыртқа – постсоветтік аймаққа – ол өзін президенттіктен кетсе де әлі күнге дейін "негізгі татуластырушы" ретінде көрсеткісі келді. Ал ішкі қазақстандық аудиторияға сыртқы елдерге де әсер ете алатынын көрсетуге тырысты. Сондықтан бұл жерде Назарбаев өзінің жеке басын жарнамалағысы келді.

Азаттық: Назарбаев Қазақстанды келіссөз жүргізуге «бейтарап аймақ» ретінде ұсынды. Дәл осы жағдайда Қазақстан шынымен «бейтарап аймақ» па?

Досым Сәтбаев: Назарбаев ресми деңгейде Ресейге бүйрегі бұратынын көрсеткен. Оның соңғы жылдардағы "Батыс Ресейге қатысты тым қатал саясат ұстанды", "Қырым мен Шығыс Украина мәселесінде Ресей анығырақ көзқарасын білдірді" және "Ресейдің бұл қадамға баруға өз себептері болды" деген сөздері Назарбаевтың Мәскеуге көңілі бұрғанын аңғартты. Қазақстан "Қырымдағы референдум халықтың қалауы болды" дегенде Порошенко билігі тұсындағы Украина Нұр-Сұлтанға нота жолдаған. Сол кезде біз постсоветтік аймақта Қырымдағы референдум жайлы нота алған жалғыз ел болды. Беларусьтың өзі Қырымдағы референдумға бейтарап көзқарас ұстанды.

Азаттық: Назарбаевтың ұсынысын Мәскеу мен Киев неге салқын қабылдады деп ойлайсыз?

Досым Сәтбаев: Назарбаевтың ұсынысы оларды ыңғайсыз жағдайға қалдырды. Назарбаевтың көңіліне тиіп кетпес үшін Зеленский мен Путин жай ғана алғыс айтты. Зеленский қазанда Путинмен "норман форматында", Германия мен Францияның қатысуымен ғана кездесетінін айтқан. Мәскеу мен Киев белгілі бір бағыттар бойынша келіссөз жүргізуге дайын екендіктерін көрсеткісі келіп, осындай гуманитарлық қадамға барып отыр. Бірақ екі тараптың өз ұстанымдарын өзгерткісі келмейтінін көріп отырмыз. Мұның саяси астары бар, себебі мұнда бір елдің территориясын басып алу мәселесі тұр. Ал Путин мен Зеленский Қазақстанда кездессе, бұл мәселе шешілмес еді.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин

Азаттық: Путин Назарбаевтың ұсынысы жайлы "дайындықсыз кездесуге асығудың керегі жоқ" деді. Тым қатал айтылған жауап емес пе?

Досым Сәтбаев: Путин белгілі бір деңгейде Назарбаевқа кейбір мәселелерге араласпаңыз дегенді көрсетті. Украина мен Ресей арасындағы мәселе өте күрделі. Мұндай кездесулерді тыңғылықты ұйымдастыру керек. Назарбаев Жапонияда Зеленскиймен жолықты. Сол кезде бұл ұсыныстың шетін шығарса керек. Демек, ол бұл ұсынысын Ресейге таңып отыр. Путин бұдан да қатты айтуы мүмкін еді. Себебі ол авторитар басшы ретінде ойын ережесін өзі басқарғанды ұнатады. Ал бұл жерде Назарбаев "Қазақстанда кездесіңдер" деп өз ойынын ұсынып отыр. Егер Путин Зеленскиймен кездескісі келсе баяғы да жолығар еді.

Азаттық: Назарбаев бұған дейін де "бітімгер" болуға тырысқан...

Досым Сәтбаев: Назарбаев Қазақстанда түрлі бітімгершілік шаралар ұйымдастырғанды ұнатады. Ресей, Түркия және Иран қатысқан Сирия келіссөзі өтті. Астана келіссөзіне басқа тарап келмеді. Оның алдында Қазақстан Иран ядролық бағдарламасы бойынша келіссөз жүргізді. Назарбаев осындай талай шара ұйымдастырды. Назарбаевтың жеке бас мүддесі болғаны айтпаса да түсінікті. Бейбітшілік саласы бойынша Нобель сыйлығын алуға тырысты. Ол әлем алдында бұл сыйлыққа лайық екенін көрсеткісі келді. Назарбаевтың екі бағыты болды. Біріншісі, Қазақстанның – ядролық қарусыз статусы. Назарбаев бұл тақырыпты көтергенді өте жақсы көрді. Жақында Қазақстанда бүкіләлемдік антиядролық саммит өткізгісі келетінін айтып қалды. Екіншісі – бітімгершілік шаралары. Мұнда да оның жеке мүддесі жатыр.

Азаттық: Қалай ойлайсыз, Қазақстанның "бітімгершілік" бастамалары қаншалықты нәтижелі болды?

Досым Сәтбаев: Жоқ. Қазақстан Иран ядролық бағдарламасы, Сириядағы жағдайдан бөлек Үндістан мен Пәкістан арасындағы мәселені шешуге тырысты. Бірақ нәтижесіз – екі ел арасы әлі де салқын. Қазақстан ұзаққа жалғасқан қақтығыстарды шешуге тырысты. Ондай қақтығыстарды бір-екі, тіпті жүз келіссөзбен шешу мүмкін емес. Себебі бұл қақтығыста бір жеңімпаз болуы тиіс. Иә, Қазақстан ара ағайын болғысы келді. Бір жағынан, мұнда тұрған ештеңе жоқ. Қазақстанды бейбітсүйгіш ел ретінде қабылдай бастады. Екінші жағынан алсақ, бұл бастамалардан еш нәтиже көріп жатқан жоқпыз.

"Азаттық" радиосы

Фото авторы Mikhall Metzel Тасс

Пікірлер