Қазақ қызының жүрегін жаулаған қазақ жігіті

3581
Adyrna.kz Telegram

2017 жылы жарық көрген «Қазақ жігітін сүймеуге 5 себеп» фильмі көпшіліктің көңілінен шықты. Фильм режиссері Асқар Ұзабаевтың кәсіби деңгейде шынайы ізденіске түскенін байқадық. Асқар Ұзабаев –  «Тракторшының махаббаты» комедиясының (2013ж.), «Әке» драмасының (2016ж.), «Абайлаңыз, сиыр!» (2014ж.), «Келін де адам баласы» (2017ж.), «Сіз бокста ең бастысы не екенін білесіз бе?» (2013ж.) фильмдерінің режиссері. Қазіргі таңда кейбір қазақ қыздарының шетел азаматтарына тұрмысқа шығып жатқанын несіне жасырайық. Комедияның астарлы мағынасын түсініп көрсеңіз, өз ұлтыңның адамына тұрмысқа шыққанға не жетсін! Фильм Динара есімді бірбеткей қыздың Жюль есімді француз жігітіне күйеуге шығу үшін отбасынан рұқсат алуға, Алматыға жолға шығуынан басталады. Отбасы мұны, әрине, құптай қоймайды. Динара Дархан есімді таксист жігітпен кездейсоқ танысып қалғаннан соң оқиға шиеленісе түседі. Динараның француз жігітіне тұрмысқа шығуы үшін жасаған амал-тәсілдерін, қулық-сұмдығы мен жағымсыз әрекеттерін көргенде ішек-сілеңіз қатып күліп аласыз да, әп-сәтте, ішіңізде біртүрлі күй кешіп, ойланып қаласыз.  Фильм кейіпкері Динараның пайымдауынша қазақ жігіттерін сүймеудегі 5 себеп – олардың бойындағы жалқаулық, мақтаншақтық, алаңғасарлық, сөзінде тұрмау – айтқан уақытынан кешігіп келу және алдына қойған мақсатына жету жолында аяғына дейін күресуден бас тартып, қол сермей салу. Дегенмен де, Динара ақырғы сәтте ақылға келіп, өз таңдауын дұрыс жасай білді. Дархан екеуін табыстырған ерекше күштің барын сезгендейміз, яғни, кез-келген жан  өмірде де махаббатын осылайша кездейсоқ кездестіруі мүмкін. Әсел Сәдуақасова өз кейіпкерін өмірдегідей сомдап, жақсы алып шықты, ал Дарханның рөлін орындауға алғашында актер табылмай, қиналғанын режиссер жасырмады. Барлық талантты актерлердің шеберлігін сынап көргенмен, Дарханның рөліне сай келетін ешкім  болмады. Кастингтің ең соңғы күні Нұржан Садыбеков келгенде, Нұржанның рөлді жақсы сомдай алатынына режиссер кәміл сенді, және соны фильмді түсіру барысында өзгелерге де дәлелдеді. Қазіргі кезде түсіріліп жатқан фильмдердің басым көпшілігі орыс тілінде прокатқа шығады, орыс тілінде түсіріледі, осыны көргенде кәдімгідей ішкі дүниеңді ыза кернеп, көңіл көкжиегің налиды. Кинотеатрға баратын жастардың қатары күн санап артып келеді, егер фильм толық қазақ тілінде көрсетілсе, қазақ тілінің қолданыс аясы да кеңейер еді. Фильм жайлы ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде де орысша мәлімет самаладай самсап тұр. «Ютуб» желісінде фильмнің орысша нұсқасы салынған, фильмнің кейіпкерлері кейбір  тұстарында ғана ішінара қазақша тіл қатады. Фильм сценарийіндегі мұндай қазақша-орысша баяндау мәтіні жастарды шала қазаққа айналдырудың жолы деп санаймын. Кино түсіруші компаниялар өз пайдасын ғана ойламай, ұлт қамына көңіл бөлгенін қалаймын. Сол үшін де, келешекте кез-келген қазақ киносы толығымен қазақ тілінде түсірілуі керек деп есептеймін. Фильм қай жағынан болсын, сын көтереді, әрі заманауи, әрі дәстүрлі ұғым-түсінікеті қамтыған керемет туынды екеніне күмәнім жоқ. Ең бастысы, қазақ жігітінің туа біткен шынайы болмысы, ұшқан ұядан алған өнегесі өркениет өрісіне ұмтылған қыздың жандүниесімен астасып, ұлы сезімге ұласуы кез-келген қазақ қызына қуаныш сыйлап, әрбір қазақ жігітінің жігерін тасытып, рухын асқақтататыны – фильмнің жеткен жетістігі, іліп алар ізгілігі. Дәл осы фильмді көріп шыққан қазақ қызы мен жігітінің жүрегінде өз ұлты үшін күресуге деген намыс ұшқыны оянатыны – даусыз.  Ендеше, ұлттық имидж позициясында түсірілетін фильмдерге ерекше мән берген абзал.

Айсұлу Съезхан

Абай атындағы орта 

мектеп-гимнгазиясының

11-сынып оқушысы

Ғылыми жетекшісі: Жидегүл Әбдіжәділқызы

Пікірлер