«Лезгин» – тау халықтарына тән би

4188
Adyrna.kz Telegram

Қазіргі таңда қазақстандықтар кез-келген тойында ұлттық би билеуді дәстүрге ай­нал­дырған. Соның ішінде жиі кездесетіні – лезгин биі. Жалпы лезгин биі Кавказ халықтарына тән. Яғни, шешендер, ингуштар, осетиндер мен қарашай-балқарлар, грузиндер және армян­дардың ата-бабасынан бері келе жатқан өнер.

 

Бұл биді бүкіл әлем жақсы біледі десем, артық айт­­қандық емес. Оның әуені де, қимылы да ерекше. «Лезгиннің» тарихына тоқталып кетейін. Ерте кездері Кавказ жері арқылы Еуропа мен шығыс елдерінің арасын байланыстыратын сауда байланысы жүрген. Бұл аймаққа келген еуропалық саудагерлер, саяхатшылар жергілікті халықтың биін көріп қайран қалса керек. Ол кезде олар өздерін «лезгиндер» деп атаған. Күнделікті күйбің тіршіліктен қолдары босай қалса әнін айтып, биін билейтін тау халқында ұлттық өнер аз емес. Дегенмен, көбінесе жастар жиналып, жылдам әрі тез қимылды талап ететін биден өзара жарысқан. Қыздар жағы бәсең, сыпайы қимылымен көрген көзді баурайтын болған. Бидің қай-қайсысы болмасын белгілі бір мазмұннан құралатыны белгілі. «Лезгин» де тау халықтарының салт-дәстүрінде ерекше орын алатын бүркіттің қимылдарынан бастау алған. Жігіттің аяғының ұшымен жүріп, екі қолын жая қимылдауы ұшуға дайындалып отырған маңғаз құстың кейпін танытады. Мысалы, грузиндер биді «картули» деп атайды. Яғни «кард» лезгиндердің тілінен аударғанда «құс» деген мағынаны білдіреді екен. Кавказ ұлттары үшін бүркіт киелі құс. Бидің өзінен-ақ, ұлттық намыс, тәкапарлық сезіліп тұрады. Құс патшасы атанған бүркіттің қырағылығы мен шапшаңдығы, қайсарлығы дәл осы лезгин биінде сомдалады екен. Ертеде ұлттық салт-дәстүр бойынша кавказдықтар қыз­дарын қатты ұстаған. Сондықтан бойжеткендер көбіне той-томалақта ғана жігіттермен танысады екен. Жиын-тойда жігіт өзіне ұнаған қызды биге шақырады. Билеп жүріп ортадан шықпақшы болған қыздың алдын жігіт орап алады. Бірақ, жігіт қызға қолының ұшын да тигізбеуі керек. Ондай жағдайда қыз жақ оны өлтіруге дейін барған көрінеді. Бұл – дәстүрді бұзғаны үшін жасалған жаза көрінеді. Аталарымыздың айтуы бойынша, соғысқа аттанып бара жатқан жауынгерлерді жігерлендіру үшін де осы би биленген деседі.

Лезгин биінің әуенінің өзі адамды еріксіз тартады. Сондықтан болар кезінде Глинка өзінің «Руслан және Людмиласында», Рубинштейн «Әзәзілінде» адамның бойындағы қанын қыздыратан «лезгинді» қолданған екен. Бүгінге дейін лезгин әуені үлкен сұранысқа ие. Біздің барлық мерекелеріміз ұлттық бисіз өтпейді. Өзімізден кейінгі ұрпақ та оны жалғастыра береді деген сенімдемін.

ҚАРАШАЙ ХАЛҚЫНЫҢ ЖҰМБАҚ ЕРТЕГІСІ: АЛЫП ӨГIЗ

Бұрын мына біздің жерде басы Мәңгі Тауда мұз жаласа, құйрығы төменгі Бестауда шыбын-шіркей қорыған бір алып өгіз, қанаттарын қаққанда аспанды жапқан бір зор құс, күн шыққанда сақалының түбіне бір отар көлеңкелеп саялайтын алып теке болған екен.

Бір жаңбырлы күні осы алып құс әлгі өгізді текенің мүйізіне қонып отырып асап жеген екен. Отар қойды бағып, текенің сақалына паналап отырған жас жігіт жаңбыр тоқтайды ма деп аспанға қараған кезде алып өгіздің жауырыны салбырап, оның көзіне түскен екен. Ол көзін уқалағанда жауырын жерге құлап түскен-ді. Жауырынның жалпақ үстіне көшіп келіп ел қоныстанады. Бір түлкі тіміскілеп жүріп, жауырынға тап болып, оны кеміріп жемек болғанда, түнімен елді әрі-бері қозғалтып мазалапты. Бір күні жұрт жиылып, сол түлкіні өлтіреді. Олар құлап жатқан түлкі терісінің үстіңгі жағын сояды. Астыңғы жағын аударып союға шамалары келмейді. Жаңа туған сәбиі бар бір қатын түлкіні аударып, келесі жағының терісін сыдырып сойып алады. Түлкі терісінің үстіңгі жағынан дүйім ел бір-бір түлкі тымақ істеп киеді, ал астыңғы тұтас терісінен әлгі сәбиге бір тымақ та шықпапты. Сонда бұлардың қайсысы алып? Нағыз алып өгіз бе, әлде құс па, теке ме? Әйтпесе жігіт, түлкі, қатын, сәбидің қайсысы ең үлкен деп ойлайсың?

БАШҚҰРТ ХАЛЫҚ ЕРТЕГiСІ: ЖАБАЙЫ ХАЙУАНАТТАРДЫҢ ПАЙДА БОЛУЫ

Бұрынғы заманда бір кемпір мен шал болыпты. Олардың бір де-бір баласы болмапты. Олар асқан бай болған: қоралары толы мал, күркелері толы құс болған. Бір күні олардың үйіне жолаушылар тоқтаған. Ол кісілер өздері рухани жолды мұрат тұтқан әулие жандар екен.

Сараң бай мен бәйбіше жолаушыларды немен сыйлаймыз деп ақылдасқан. «Мың сиырдың бірін сойсақ, 999 қалады, қой сойсақ та мал саны кемиді. Мысық сойсақ оңды болады» деп шешкен. Сонымен мысық сойып, қазан асып әзірлеп қойған. Қонақтарды асқа шақырған. Сол кезде қонақтар «Сойған нәр­сенің басын көрсетпесеңдер, астарыңды ауызға салмаймыз» деп шарт қойған. Ақыры мысы құрыған кемпір мен шал мысықтың басын көрсетуге мәжбүр болған. Сол арада әулиелер «Бүтін малдарың сендердің емес халықтың игілігіне бұйырсын!» деп дуа жасап, бата қылған. Бата айтысымен орындалған. Қарау бай мен кемпірдің бүкіл малдары қоңыр аңға, ал құстары жабайы құсқа айналып, қораны тас-талқан етіп бұзып шығып, айдалаға қашып кеткен.

Сол күннен бастап қоңыр аңдар: елік, құралай, арқар, бұғы,құлан, сонымен бірге түз құстары: үйрек, қаз, құр, дуадақ секілді жабайы аң-құстар пайда болған, олар бейтаныс жандарға азыққа айналған.


Ваха СУРХАЕВ,

«Вайнах» шешен-ингуш мәдени орталығының төрағасы,

«Дала мен қала».

 

Пікірлер