Мырзан КЕНЖЕБАЙ: Күй тарихы, күй тағдыры…

2878
Adyrna.kz Telegram

Алла Тағала қазаққа басқа халықтарда кездесе бермейтін небір ғажайып өнер түрлерін тарту еткен. Өзіңіз ойлап көріңізші, буырқанып-бұрсанып суырыла сөйлеп кетсе, қарасөздің қаһарымен небір хан-сұлтандарды қамыстай қалтыратып, мейірленіп мекірене сөйлеп, бүкіл жан әлемінің жылуы мен шуағын тіл ұшынан төгілдіргенде ордалы жыланға би билеткен шешендік, қажет сәтте қаптаған қалың жауға қарсы сермелген ақ семсердей алмас жырды ағыл-тегіл ағындататын суырыпсалма ақындық, ердің құнын екі ауыз сөзбен шешіп тастайтын тапқырлық сияқты ғажайып өнер түрлері қазақтан басқа қай ұлтта бар? Осы күнгі қазақ шонжарларын тіліне табындырып қойған орыста бар ма, әлде әлемдегі ең бір жұтаң тіл болса да ағылшын тілін білмейтін адамды адам деп есептемейтін ағылшында бар ма? Мұндай текті де киелі өнер түрлері орыста да, ағылшында да атымен жоқ! Ал күй өнері ше? Күй жанры бар халық – әлемдегі ең бір сезімі сергек, ойы ұшқыр, жан дүниесі өте бай халық.

Күй өнері – қазақ халқының ең басты рухани байлығының, жан дүние байлығының ең бір киелі, қасиетті түрі. Бұрынырақта Арал-Шалқар өңірінде ауылдағы ірілі-уақты той-томалақтарда, шал-шау­қанның басы қосылып бір үйде мәслихат, мәжіліс құрып отырғанда солар ортаға ауылдың бір күйшісін алдыртып, күй тыңдайтын. Бұл аймақта екінің бірі дерлік не домбырамен ән салып, не күй тартатын. Сонда сол шалдардың ішіндегі ең бір әу деп ән салмайтыны, дың еткізіп домбыра тартпайтынының өзі (домбырада ойнайды емес) әлгі күйдің ырғағына беріліп, көзін тарс жұмып алып, анда-санда «беу, дүния-ай» деп қойып, енді бірде екпіндеткен, дауылдатқан, жауға қарсы аттандаған ереуіл күйлерге еліріп, отырған орнынан қопаңдап түрегеп кете жаздайтынын талай көргенбіз. Оның сырын енді ғана түсініп жүрміз. Сөйтсек, күй дегеніңіз қазақтың бүкіл тарихының шежіресі, жүрек лүпілінің жазбасы (кардиограммасы), жабырқаса мұңдасы, жадыраса сырласы екен ғой.
Иә, күй – қосыла алмай шерменде боп өткен қос жүректің өкініш пен өксікке толы үздіккен үні, қайғы-қасіретке душар болса, зары мен мұңының, азаттық пен еркіндік (тәуелсіздік, егемендік емес) үшін қан кешіп, жан беріп, жан алысқан арпалысқа толы сәттерінің ең шебер, ең бір сырлы шежірешісі болып келген еді. Ал қазір ше?
Қазір қазақтың қазан ұстағаны қайсы, қалам ұстағаны қайсы, домбыра ұстағаны қайсы, көсеу ұстағаны қайсы екенін ажырату мүмкін болмай қалған, аттының сөзін жаяу сөйлеген мына заманда күй қандай күйге түсті? Бұрын күйді орысша оқыған, орысша тәрбиеленген, жаны қазаққа жат мәңгүрттер ғана түсінбейді, солар ғана күй тыңдамақ түгіл, оны мазақ қылады деп күйінетінбіз. Қазір ше?
Қазір небір ұлы ой-сана мен ұшан-теңіз ұлағатқа толы, өне бойы махаббаттың мөлдірлігінен, адамзат атаулымен бірге туып, бірге өлетін зар мен мұңнан тұратын, шабыттанса шартарапқа шадыман шаттықтың шуағы мен шұғыласын шашып, әр алуан күйге түсіретін осынау ұлы өнердің өз еліндегі жағдайына қарап отырғанда ұрпағына өкпелі данагөй қария көз алдыңызға келеді. Өйткені күй-атаңыз бүгінде өзінің ең жақын сырласы, жанын ұғар ең жақын мұңдасы қазақ деп аталатын басты тыңдарманынан айырылып барады. Оның ең басты себебінің бірі – бүгінде Қазақстанның бүкіл өнер сахнасын «ерінбеген етікші боладының» керіне келтіру болып отыр. Қазір төңірегіміз Батыс Еуропа елдері­нің, Американың ың-жың, у-шу, даңғыр-дұңғырынан құлақ тұндырып тұр. Ол аз болғандай, Қазақстан телеарналарында көрсетіліп жатқан «Екі жұлдыз», «Бір жарым жұлдыз» сияқтыларға қарап отырып, қазақ өзінің ұлттық өнерінен, ұлттық мәдениетінен, ұлттық санасынан, тілінен мүлде ажырап бара жатқан жоқ па екен деген де ойға кетесің. Оларды өнер туралы көрсетілім – ток-шоу дегеннен гөрі қазақ өнеріне жасалып жатқан қиянат деуге болады. Бұлар туралы әңгіме өз алдына. Әңгіме қазақ ұлтының басқалардан өзгешелігін паш етіп, небір халықаралық ұлы думандарда Құрманғазы атындағы оркестр үнімен аспан астын дүбірге толтыратын күй құдіретінің орнын теледидарда, радиода қазақтың жан дүниесіне, ұғымына, тәрбиесіне жат музыка басып бара жатқаны туралы.
Айтпақшы, осы оркестр бұрын қазақтың Құр­манғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрі деп аталатын, қай адамның ойлап тапқанын кім білсін, ол қазір халық аспаптары оркестрі деп аталады.
Қазіргі уақытта қазақтың ұлы мәдени мұрасы – күй өнерінен алыстап бара жатқанымыз замана шындығына айналып отыр. Егер қазақ ұлты өзінің ататегінен қанына сіңген күй өнерінен бұдан әрі осылай алшақтап, бұдан әрі Батыстың нәзік сезімнен, ордалы ойдан жұрдай даңғаза, дабыра өнерін теледидар, радио арқылы әлі де шырқата берсе мәңгүрт ұлтқа айналады. Радио мен теледидар арқылы әртүрлі мерекелерде, той-томалақта «Сарыарқаны», «Көңілашар» мен «Адайды» бір-екі рет оркестрмен дүбірлетіп өте шығу өнерді насихаттау емес. Ол қазақты алдарқату ғана, әрі кетсе, экзотикалық бір сәттік көрініс қана. Яғни қазақтың ұлттық мәдени мұрасын ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, сол ұрпақтың қазақы жан дүниесін басқамен былғамаудың бір жолы күй өнерін кеңінен насихаттау болуы керек. Жүздеген, мыңдаған жылдар бойы, тіпті беріректен бастағанның өзінде Қорқыт баба ғұмыр кешкен дәуірден бермен қазақтың жансерігі болып, әрбір қуанышы мен ренішінің, арманы мен мүддесінің, жүрек лүпілінің жазбасындай болып келе жатқан қобызбен, домбырамен тартылатын әр күйдің шығу тарихы бар екенін де бүгінгі екі қазақтың бірі біле бермейді. Оны айтамыз-ау, бүгінгі қазақтар домбыра тартады, қобыз тартады демей, домбырада, қобызда ойнайды деп орысшадан тұп-тура тәржімелеп сөйлейтін масқараға ұшырады. Мысалы, «Балбырауын» деген күйді Құрманғазы Браун деген әлде графтың, әлде дворянның балына арнап шығарған екен деген сорақы «тарихты» таратып жүргендер де – осындай өзі де, сөзі де будандастырылып кеткен қазақтар. Шындығында, ол кәдімгі «балбырау», «балбырату» дегенді ғана білдіреді. Құрманғазының әр күйінің дерлік тарихы, кейіпкері бар. Мысалы, «Көбік шашқанды» күй атасы алғаш рет Каспий теңізін (Хазар теңізі) көргенде шығарғаны туралы дерек бар. Ал «Қайран шешем» мен «Аман бол, шешем, аман бол» орыс сарбаздары қол-аяғын кісендеп алып бара жатқан сәттегі «сені осындай күйге салып қойдым-ау» деген анасына деген аяушылықтан туса, бір жағынан, «мына кәпірлердің алдында неге көз жасыңды көрсетесің?»– деп жағынан шапалақтан тартып жіберген анасы­ның қажырлылығына, намысқойлығына деген зор ризашылықтан туған екен.
Ал көкірегінде жарық түсетін сызаты бар пенде тыңдап отырғанда ара-тұра бір күрсініп қалмай тыңдай алмайтын «Нар идірген» күйін біреулер халықтыкі, біреулер Естөренікі дейді. Бұл күй туралы кезінде жазушы Тахауи Ахтанов аңыз ізімен әңгіме жазған. Бұл күйдегі ботасыз қалған, сүті суалған, өзі де суалып, тірі тулаққа айналған қара нардың шерлі құсасы, шынымен жауқазындай желбіреген жастық шағым мына қаусаған күйші шалдың астында жаншылмақ па деп күйге иіген нардың емшегін қысып, сүтін шығармай тұрған қыздың қара бұлттай қайғы-қасіреті, ақырында шалдың қолынан домбыраны алып, жас жігіттің күйді жалғастыра жөнелгенін көрген қыздың саусағының арасынан сүттің сауылдай жөнелуі – бәрі-бәрі қолмен салған суреттей көз алдыңнан өтіп жатады. Және күйшілер заманында өзі тартып отырған күйдің әр сәтін әңгімелеп те отыратын болған. Мысалы, Арал, Шалқар өңірінде марқұм Бақыт Басығараев, Мергенбай Науанов деген күйшілер сөйтетін. Әсіресе, «Жем суының тасуы», «Шыныаяқ тастар», «Адай» күйлерін тартып отырып: «Міне, толқын жағалаудағы жарлауытқа соғып жатыр, міне, бір уыс топырақ суға шолп етіп құлап түсті» немесе «Адайдың» үшінші бөліміне келгенде «ал енді адайлар мен орыс әскерлері қырылысып жатыр» деп ара-тұра айтып қалып отыратын еді.
Иә, күйді қазақтың екінші тілі десе де болады.
Күй – махаббат, күй құлдықтың зары мен мұңы, азаттықтың, еркіндіктің жаршысы. Күй бірде «Сарыжайлаудың» салқын сабат, жасыл жазирасы болып көсілсе, бірде «Сылқылдақ» болып үкісі бұлғаңдаған бұраңбел бойжеткендей сылаң қағып шыға келеді. Ал небір от ауызды, орақ тілді шешен, ділмарлар, Шыңғыс ханға баласы Жошының өлімін естіртуге тілі жетпегенде «ақсақ құлан шошыған, хан ием-ау, хан ием, түсінбейсің бе осыған» деп естіртіп берген де «Ақсақ құлан» күйі еді ғой.
Қазанғаптың «Шыныаяқ тастар» деген күйі бар. Ол былай: Қазекем бір үйде мейман болып, дастарқан басында күй тартып отырады. Шай құйып отырған келіншектің күйге әбден елтігені сондай, күйшінің кесесіне шай құюды ұмытып, домбыраға телміріп отыра береді. Сонда домбырашы күйден жаңылып қалмайын деп алақанын дастарқанның үстіне қойып, «шай құй» дегенді ымдап түсіндіріпті. Ол қашан қолын дастарқанға қойып, қайтып әкеп ішектерді қағысын жалғастырғанға дейін домбыраның үні үзілмей, күйді перне үстіндегі саусақтары жалғастыра берген екен. Күй содан «Шыныаяқ тастар» аталыпты.
«Ерінбеген – етікші, ұялмаған – өлеңші» бол­ған мына заманда мен күйшімін деп сахнаға шыққандардың көпшілігі әр күйдің орындалу ерекшелігі бар екенін ескермей, нотаға түскен, сірескен күйінде орындап шығады да, күйдің реңі бұзылып, шырайы шықпай қалады. Орындалу ерекшелігі дегеніміз күйші күйдің әр бөлімін, әр сәтін жүрекпен, бүкіл жан сезімімен түсініп, іліп қағатын жерде іліп, күреп қағатын жерде күреп алып, қажет жерінде су жорғаны сипай қамшылағандай қолы шанаққа тиер-тимес қып, қысқасы, күйдің әр тұсын соған сәйкес алуан-алуан қағыспен орындар болар еді. Қазіргі күйшілерге қарап отырсаң, оның бірі жоқ. Жаппай сабалау, шанақтың бетін өші бардай соққылау, тырналау. Бұл, әсіресе, ДЭКОшыларға тән. Кейбір консерватория бітірген домбырашылардың өзі «Көкіл» мен «Домалатпайды» сабалап, тырналап тартып отырғанын көргенде әлде күйшіге, әлде олардың ұстазына, әлде нотасы түспегірге ренжіріңді білмей қаласың. Әділін айтсаңыз, бұл екі күй «Адай», «Сарыарқа», «Жекпе-жек» сияқты едіреңдеп тұрған күйлер емес. Бұл екеуі – тыңдаған жанның жүрегін сыздатып, сай-сүйегін сырқыратып, қайдағы-жайдағысын қозғайтын, өте сыршыл, өте мұңды, небір арманшыл кеудені аһ ұрғызатын терең ойға құрылған сырбаз күйлер. Екіншіден,

бүгінгі күйшілер күйдің бұрынғы өз атауын әлде әдейі, әлде білместікпен бұрмалап атайтын болды. Мысалы, Қазанғаптың «Торы аттың бөгелек қағуын» олар «Боз жорғаның бөгелек қағуы» деп жұрттың құлағына сіңіріп жіберді. Ал «Қыз Жібек» фильміндегі Н.Тілендиевтікі делініп жүрген «Жекпе-жек» деп аталып жүрген күй – біз білетін «Күй шақырыс» деген күйдің сәл өзгертілген түрі.

Айта берсек, күй тарихы, күй тағдыры туралы әңгіменің шет-шегі жоқ. Бір ғана Дина Нұрпейісованың күйлерін осы төңіректе түгендеп шығу үшін талай-талай ғылыми да, көркем де дүниелер жазылуы мүмкін. Ал Қазанғаптың 62 «Ақжелеңі» – тұтас бір тарих.
Жастайымыздан домбыра тартып, ел ішіндегі күйшілердің әңгімелерін тыңдап, бір-екі оркестрге қатысқанымыз болмаса, біз білікті музыка маманы емеспіз. Біздің айтпағымыз, бүгінде қазақтың ұлттық, яғни дәстүрлі өнерінің, оның ішінде күй өнерінің қадірі кетіп бара жатқанын жұртшылықтың, өнер адамдарының қаперіне салу ғана. Оның басты себебінің бірі Қазақ елі Ресейден азаттық алған он тоғыз жылдан бері заманымыздың теледидар, радио сияқты ең қуатты ақпарат құралдарында негізінен орыс және еуропалық өнер туындылары насихатталып, ұлттық өнер тек экзотиканың бір көрінісі ретінде қалып бара жатқандығынан болса керек. Ал Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториядан бастап, музыка мектептеріне дейін көбіне-көп скрипка, фортепьяно сияқты батыстық музыка аспаптарына күйден гөрі көбірек көңіл бөлінетіні – жасыруға келмейтін жайт. Жапонияда ана тілін білмейтін адам жапон деп есептелмейді. Ал біз қазір қазақша білмейтін қазаққа мұның қалай десек, экстремист, сепаратист атанып кетеміз бе деп қорқатын болдық. Мұны айтып отырған себебіміз, бұрын күйді қазақша білмейтін орыстілді қазақтар түсінбейтін еді. Ал бүгінгі жас өрендеріміз ұлттық дәстүрлі мәдениеттен алшақтап, бірыңғай даңғаза, батыстық, орыстық үлгідегі музыкаға ғана ден қойып, күй атаулыға мұрын шүйіре, тіпті жатырқап қарайтыны – өте қорқынышты жағдаят. Өйткені жас­тайынан қазақы дәстүрлі ән мен күйдің кәусарынан сусындамай, шетелдің даңғыр-дұңғырын тыңдап өскен жастарды қазақ халқының болашағы деу – үлкен қате. Олардан өз ұлтын, өз елін сүйетін шынайы ұлтшыл, отаншыл азаматтар шықпайды. Және мәдениет атаулының бәрі бірдей пайдалы, мәдениет бірін-бірі байытады деу – барып тұрған жымысқы саясат. Себебі қай халық көп, қай мемлекет күшті болса, сол халықтың, сол мемлекеттің мәдениеті өзі келген екінші бір мемлекеттің мәдениетін жұтып қояды. Біз түгіл, алпауыт Американың өзінде өзге бір елдің мәдениетін уағыздау, насихаттау мемлекеттік сатқындық деп есептеледі.
Сонда бізге жол болсын?..


Мырзан КЕНЖЕБАЙ,

«Ана тілі».

Пікірлер