Ілияс Есенберлиннің 100 жылдығы

3256
Adyrna.kz Telegram

Қазақ әдебиетінде Есенберлинге дейін де ұлы, ақын, жазушылар болды, алайда тарихи романды және сол романның жүйесін қазақ әдебиетіне Есенберлин енгізді Елордамызда ҚР Ұлттық музейінің концерт залында көрнекті жазушы Ілияс Есенберлиннің 100 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шара болып өтті.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өткен шараға қоғам қайраткерлері, тарихшы және әдебиетші ғалымдар, бұқаралық ақпарат өкілдері қатысты.  Аталған шара барысында ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылып, жазушының кітаптарының көрмесі халық назарына ұсынылды. Ғылыми-практикалық конференцияға І.Есенберлиннің мұрасын зерттеуші тарихшылар, Қазақстанның беделді білім ордаларының ғалымдары мен профессорлары атсалысты. Іс-шараның қадірлі қонақтары Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған, жазушы, «Отырар кітапханасы» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай, Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Амангелді Қашқымбев, атақты жазушының ұлы, техника ғылымдарының кандидаты Қозыкөрпеш Есенберлин, және басқалар Ілияс Есенберлиннің шығармашылығы, еңбектерінің қоғамдық жағдайға әсері мен Қазақстан тарихында алатын ерекше орны туралы ойларымен бөлісті.  Қозыкөрпеш Есенберлин әкесінің 100-жылдығын ұйымдастыруға атсалысқандардың барлығына ризашылығын білдірді. «Ильяс Есенберлин әрдайым ғылыми ізденісте болды және бізді-де сол ғылымға тартты. Сондықтан жастарды білуге, оқуға шақырамын, өйткені тек шынайы білім ғана адамды ең биік белестерге жетелейді», - деп сөзін қорытты заңғар жазушының ұлы Қ.Есенберлин. Зерттеуші ғалым, ф.ғ.дғ., профессор Тұрсын Жұртбай өзінің кезекті баяндамасын оқи келе, қазақ әдебиетіндегі тарихи романның жүйесін енгізген жазушы І.Есенберлин болатын деді. «Қазақ әдебиетінде Есенберлинге дейін де ұлы, ақын, жазушылар болды, алайда тарихи романды және сол романның жүйесін қазақ әдебиетіне Есенберлин енгізді», - деді Т.Жұртбай.  Ильяс Есенберлиннің 100-жылдығына орай ұйымдастырылған шара соңы елімізге танымал сахна шеберлерінің қатысуымен өткен салтанатты концертке ұласты.  Ілияс Есенберлин - қазақ әдебиетінің өркендеуіне елеулі үлес қосқан, қазақтың көрнекті жазушысы. Қазақ әдебиетінде алғашқы болып тарихи зерде тамырына қан жүгіртіп, «Көшпенділер», «Алтын Орда» трилогияларымен ұлт рухын тірілткен қаламгер. Жазушының қаламынан туған «Ғашықтар», «Қатерлі өткел», «Маңғыстау майданы», «Алтын аттар оянады», «Көлеңкеңмен қорғай жүр», «Алыстағы арпалыс», «Аққу құстар қуанышы», «Махаббат мейрамы» романдары, өз заманының өзекті тақырыбындағы «Алтын құс», «Айқас» кітаптары тың тақырыпта жазылып, қазақ әдебиетіне серпін әкелген, оқырман сүйіспеншілігіне бөленген туындылар болып табылады.


 e-history.kz

Пікірлер