Шырмауық. Қазақстандағы діни идеологиялардың халықаралық байланысы

4204
Adyrna.kz Telegram

 Дінді (Құдай мен Құран) философия арқылы, ал діни сипатты идеологияларды (суннизм, шиизм, мазхабтар, тариқаттар, тәңіршілдік және т.б.) саясаттану ілімі арқылы тану концепциясын ұсынған Асылбек Мусин «сопылардың Маһди идеясын  тым әсерлілендіріп жеткізуі және ғажайыпқа бергісіз эзотерикалық түсініктерді христиан дінімен, кейде тіпті иудаизммен қабыстыра отырып көрсетуі суннизмді ішінен іріту үшін жасалып жатқан идеологиялық диверсия» деген болатын. Ол өз пікірін дәлелдеу ішін сопылық тариқаттардың отаны саналатын Бұхара қаласына журналистерден құралған экспедиция жіберіп, жинақталған материалдардың  негізінде «Ядовитый туман суфиз- ма-1», «Ядовитый туман суфизма-2» деген атпен екі видео жасады, Исматтула Әбдіғаппар бастаған қазақстандық сопылардың Иранға барып, беделді аятоллалармен құпия кеңесіп қайтқаны жөніндегі жазбаны жариялады. 

Философтың ойынша, кезінде адамзат дамуының локомотиві болған ислам әлемі елдерінің құлдырауына билік үшін таласып, мұсылмандарды екіге жарған сунниттер мен шииттер ғана емес, сопылық тариқаттар  да кінәлі. Себебі шиизмнің құпия миссиясын жүзеге асырмақ болып жүрген сопылық тариқат пірлері адамзат дамуына аса қажет рационализмді түбегейлі терістеп, ғылым мен білімнің тамырына балта шапты, халықтың монотеистік иманын қияли ертегілерімен бұзды, қоғамда мифтік сана қалыптастырып жүр.

Хорезм аймағында пайда болған сопылық тариқаттардың аңыз-әпсаналарының өзегіне айналған Шақпақ ата, Шопан ата, Қошқар ата, Қаңға баба, Кенттi баба,  Асар сұпы және сол сияқты киелі атауларға қатысты мынадай болжам бар: «Хорезмнің бойындағы, Маңғыстаудың ойындағы 360 әулие» – жаһилия (исламға дейінгі дәуірді мұсылмандар осылай атайды) заманындағы Араб түбегі тайпаларының Меккедегі тас құдайларға деген наным-сенімінің жаңғырығы. Ислам тарихында көшпелі араб тайпалары Меккеге жыл сайын келіп (мұны олар қажылық деп атаған), өздері ағаш пен тастан қашап, жануарларға ұқсатып жасап қойған «360 құдайға» табынатыны айтылады. Қысымға шыдамай Мединеге қоныс аударған Мұхаммед пайғамбар күшейген соң өзінің жақтастарымен бірге Меккеге жасаған екінші сапарында  осы тас құдайларды қиратқан. 

Философ Асылбек Мусиннің ойынша, исламға қарсы оппозицияшыл ұғым ретінде қалып қойған «360 құдайға» деген наным-сенім біртіндеп халифаттың шетіне  қарай ысырыла бастаған. Бұл Синай түбегінде «360 құдай» идеясының көп жылдар бойы халыққа өтімді болғаны жөніндегі деректермен дәйектеледі. Кейін исламның бірқұдайлық идея- сына оппозицияшыл «360 құдай» идеясы халифат ауқымының кеңеюіне байланысты Хорезм даласы арқылы Маңғыстау ойпатына қарай ығысқан. Кейін бұған жергілікті сопылық тариқат пірлері де әулие ретінде қосылып, «362 әулиелі Маңғыстау» деген атауға ие болды. Бірақ 362 әулиені түгендеп шығу мүмкін емес, санамалап шыққанда олардың есебі қырықтан аспайды. Бұл сонау Меккеден қуылған, бірақ бірқұдайшыл исламға мойынсұнбай, оппозицияшыл идеяның уақыттың аяусыз тезіне түсіп, әбден әлсіреген сарқыншағы сияқты. 

Сопылардың «Сайрамда бар сансыз баб, Түркістанда түмен бап, ең үлкені – Арыстан баб» деп  сайрайтын сөз тіркестері де тұрлаусыз. Яссауи атын жамылған сопылық тариқат ілімі бойынша, Арыстан баб есімді сахаба Мұхаммед пайғамбар берген бір құрманы құрттаған тісінің қуысына салып сақтап, төрт ғасырдан кейін Сайрам қаласында туған Ахмет деген балаға жеткізеді. Осы миссияны аяқтаған соң Арыстан баб ежелгі Отырар қаласының маңында дүние салады. Оған арнап сол жерде кесене тұрғызылған. Ертегіге ұқсас бұл оқиғаны тарихи шындық деп қарастыру бекер. Себебі Қырғызстанның Жалалабад аймағында Арыс- тан баб есімді адамның да кесенесі бар. Сопылық тариқат силсаласын (тариқат бастауында болған пірлердің киелі шынжырлы тізбегі) зерттеушілердің пікірінше, Арыстан баб деген – адамның есімі емес, ол сопылық тариқаттың рухани жазирасының басшысының лауазымды атағы ғана. Дегенмен Қожа Ахмет Яссауиге қатысты аңыздың бұл бағыты зерттеу үшін маңызды емес. Маңыздысы – Қожа Ахмет Яссауиді Мұхаммед пайғамбармен байланыстырған Арыстан бабтың тегі  мен оның әрекетіне қатысты мәселе. 

Аңыз бойынша, Пайғамбар құрма жеп отырғанда бір құрма аузынан түсіп кете береді. Ол бұл жағдайға ойланып қалады да, аузынан түсіп қала беретін құрманы Арыстан бабқа беріп, «шығыста бірнеше ғасырдан кейін өмірге келетін ғұламаға апарып беруді» аманат етеді. Арыстан баб құрманы ауыз қуысына  салып алып, бірнеше ғасыр сапар шегіп ел аралайды. Аңызда айтылатын бұл оқиға – Қожа Ахмет Яссауи көрнекті өкілі болып табылатын нақышбанд сопылық ағымының идеологиялық тұғырнамасындағы маңызды мәселе. Себебі, логикаға салсақ, әлгі құрмаға Пайғамбардың сілекейі жұққан, ол Арыстан бабтың аузына түскен соң, соның сілекейімен тағы да шыланған. Сол «қасиетті» құрманы кейін Қожа Ахмет Яссауи жеп қойған соң, оған ерекше қасиет дариды. Сопылық тариқаттар ілімінде «ерекше жаралған адамның» қасиеті қан арқылы ғана емес, организмнен бөлінген кез келген сұйықтық арқылы да жұға береді. Сондықтан сопылық ілімде пірлердің ауызға түкіру дәстүрі қалыптасқан, мүридтер пірлердің дәрет суын немесе аяғын  жуған суын ішіп қояды, «пірге қол беру» рәсімі (пірдің қолын сүйіп, қол терісін жалап, оның қасиетін жұқтырып алу) және т.б. бар. Сол сияқты мына аңызда Қожа Ахмет Яссауи Мұхаммед пайғамбардан ғана емес, Арыстан бабтан да қасиет жұқтырып алған деген силсала шынжырының тізбегі дәйектеліп отыр. 

Ал бұл аңыздағы «сопылық тариқаттардың шиизмнің құпия миссиясын орындаушы екенін» қалай көрсетуге болады? Мысалы, сопылық силсалада Арыстан баб Қожа Ахмет Яссауидің алғашқы ұстазы саналады. Олай болса, Арыстан баб деген кім? Бұл сұраққа сопылық силсаланы уағыздаушылар екі түрлі жауап береді. Біреулері Арыстан бабтың шын есімі – ұлты парсы сахаба Салман Фарси десе, екінші пікір бойынша, Арыстан баб –  төртінші әділ халиф Әлидің парсы әйелінен туған баласы, Мұхаммед ибн Әли әл-Ханафияның дәл өзі немесе соның ұрпағы. Мұнда шындыққа жанасатын ештеңе жоқ, себебі аты бірінші аталған адамның Ирак жерінде мазары бар және ол Пайғамбардың замандасы болмаған, ал Әлидің үшінші ұлы Мұхаммед әл-Ханафия Мәдинада жерленген. Сондықтан мұндағы силсала сипатында құрас- тырылған идеологияның мазмұндық өзегіне ғана назар салған жөн. Яғни идеологиялық мазмұнның астарына көз салсақ,  Арыстан бабқа телитін екі адамның да парсыларға қатысы бар. Бұл шиизм- нің дамуына парсы ұлтшылдығының әсері болғанынан және сопылықтық діни идеологиялық ұстыны шиизммен тікелей байланысты екенінен хабар беріп тұр. 

Арыстан бабты Әлидің үшінші ұлына теңеу де бекер емес. Шиизмнің Мұхаммед пайғамбардан кейін халифатты басқаруға қатысты саяси көзқарас қайшылығынан туғанын бұған дейін айттық. Сондықтан да шиизмнің «12 қасиетті имам» силсаласынының шынжырлы тізімінде Пайғамбардың туысы әрі күйеу баласы Әли бірінші тұр. Егер Ахмет Яссауиге Пайғамбардан құрма жеткізген Арыстан баб  Әлидің үшінші ұлы Мұхаммед әл-Ханафия- ның тап өзі немесе соның ұрпағы деп есептесек, онда сопылардың бұл аңызы «мұсылмандарды Пайғамбардың ұрпақтары басқару керек» деген шиитердің саяси ұстанымына дөп келеді.

Суфизмнің «ақидасы», яғни діни сенімі мен қа- сиетті тасаууф мінәжатын негіздеп берген ұлты араб Мухиддин ибн Арабиді шииттер пір тұтады және шиғалардың рухани орталығы Кум қаласындағы медреселер мен діни оқу орталықтарында ибн Арабидің еңбектерін арнайы оқытады. Себебі ол шиизм   доктринасындағы тасауфф/ирфан мінәжатының ұстанымдарын жүйелеп берді. Жалпы орта ғасырларда Ирак пен Иран жерінде тасаууф пен ирфан мінәжаты қатар дамыды. Сондықтан болса керек, Ахмет Яссауиге Бұхарадағы дәруіш мед- ресесінде дәріс берген, ұлты парсы ұстаз Юсуп Хамаданиге (Иранның Хамадан қаласында туған) шииттер де құрметпен қарайды. Бұл суфизм мен шиизм ілімінің өзара тығыз байланысын көрсетіп тұр.

Сопылық тариқаттар ілімінде Мәһди идеясы ерекше орын алады. Мәһди жөнінде Құранда бір сөз жоқ, ол хадистерді тәпсірлеу кезінде пайда болған ұғым. Мұсылман қауымы адасқан тұста тура жолға бағыттаушы Мәһди – саны жағынан көп сунниттерден үнемі зәбір көріп келе жатырмыз деп қайғыратын шииттер үшін әділеттілікті қалпына келтіруші күрескер. «Ақырзаман алдында көктен Иса түскенде жеті қабат жер астынан шығып, Даджалға қарсы бірге соғысатын Мәһди» идеясы Әлидің екінші ұлы Хусейннің Кербала шөліндегі өлімінен кейін шииттік діни идеологияның маңызды бөлігіне айналды. Шииттердің бір бөлігі Мәһди деп Хусейнді таниды, ал жүйеленген шиизмдегі «қасиетті 12 имам» силсаласының шынжырлы тізбегіндегі 12-ші «жасырын» (жоғалып кеткен) имамды Мәһди деп біледі және ол «Мұхаммед пайғамбардың ұрпағынан болады».

Өздерін сунниттер қауымдастығына жатқызатын сопылық тариқаттардың діни идеологиясында  да Мәһди идеясы ерекше орын алған. Исматулла тариқатының «тақсырлары» мен белсенді мүридтері сотталар тұста «Ақиқат» атты екі бөлімнен тұратын деректі фильм түсірген журналист Мұрат Есжанның «Мен көрген Исматулла» деген мақаласында «зікірші» сопылардың  Мәһди идеясы шиитердің түсінігімен бірдей, тек оның кейбір тұсын өздерінің іс-әрекетіне сәйкестендіріп тәпсірлейтінін» айтады. Журналистің пікірінше, қазақстандық сопылардың пірі Мәһди идеясын екі бөліп жүйелеген. «Адамзаттың күткен сүйеніші, әзіреті Мәді (Мәһди)» бөлімінде «Пайғамбар әулетіне жататын», «бетінде қалы бар» (Исматулланың да бетінде қалы бар) Мәһди қазіргі Иран елінің шығысындағы Хорасанда пайда болатыны, «жұмысын 1979 жылы бастайтыны» (осы жылы Иранда ислам шииттік революциясы болды)  жөнінде қызықты сипаттамалар бар. Сондай-ақ «Мәһдидің көмекшісі» болады, ол «шығыс елінен шығады», «сақалы сирек», «аяғын сылтып басатын», ұлты «араб емес» адам, «1991 жылы ақиқат таңының шапағы ғана көрінеді, адамзатты қаптаған қараңғылық пердесі жыртылады», «2001 жылы ақиқат таңы атады, әзіреті Мәдінің ілімі қоғамға кеңінен тарайды», «2010 жылы көптеген елге жайылады». Оның «көп зікір салып, көп жылайтын», қолында «көк туы бар» «313 шәкірті болады», «Мәдіні қолдайды», бәрі бірігіп алып Меккеге қарай жүреді, жолай «Ирактағы әулие-жақсылар», «Сириядағы қырық шілтен мен пайғамбар әулеттері оларға барып қосылады», т.с.с.

Шииттік нанымдағы Мәһди идеясы ерте замандағы мұсылман қауымындағы саяси көзқарас қайшылығының тарихын ғана емес, бүгінгі саяси амбициясы басым екі елдің – шииттік Иран мен сәләфилік Сауд Арабиясының Таяу Шығыс аймағындағы текетіресін үнемі еске салып отырады. Ирак пен Сирия жеріндегі қантөгістің экономикалық мүддеден кейінгі екінші себебі –  бірі екіншісінің наным-сеніміне төзбейтін діни идеологиялардың қақтығысы. Ал ауық-ауық жұма намаз кезінде шииттер сунниттердің, сунниттер шииттердің мешітін ішінде құлшылық жасап жатқан жүздеген адамымен қоса жарып жіберетін оқиғаларға наным-сенім қайшылығынан туындайтын өшпенділік қана себеп. Әрине, Қазақстанда және оңтүстігін орап жатқан түркі республикаларында шииттер жоқ, бар болса, олардың саны тым аз. Дегенмен, жоғарыда айтылған жайттарды есепке алсақ, шиизмнің жасырын («тақыйа») идеологиясының қанат жайып бар жатқанын сезе бастаймыз. Бұл аймақтағы діни ахуалды күрделендіре  береді. Осындай кезеңде Исматулла сияқты сопылық тариқат пірлері сол идеологияның мақсатты мүддесін ашық уағыздағаны қауіптің бұлтын тіпті қоюлата түсетіні анық.

Әлем мұсылмандары Мекке мен Мәдина қалаларын діннің бастауы әрі исламның қазіргі орталығы санайды. Шиизмді ресми діни идеология ретінде қабылдаған Иран Ислам Республикасы Сауд Арабиясының осы артықшылығын әлсіреткісі келеді. Имам Хусейннің өлген күніне орай аза тұту, Мәһдиді күту, Мәһдиге құрметті орын дайындап қою сияқты рәсімдер мемлекеттік идеологияның өзегіне айналды. Осы және саяси басқа себептерге қатысты қарсылығын білдірген Сауд Арабиясының билігі Иранға қажылық квотасын бермей қойған кездері де болды. Жалпы, суннизм мен шиизм арасындағы қайшылық  Үндістаннан Гибралтарға дейінгі аймақтағы елдердің шешімін таба алмайтын күрделі саяси проблемасына айналып отыр.

Сопылық тариқаттардың идеологиясында исламды орталықсыздандыру бағыты бары да жасырын емес. «Бабтардың бабы – Хорасанда, сансыз бабтар – Үндістанда, Бабтар басы – баб Арыслан», «Түркістанда түмен баб, Сайрамдағы сансыз баб, Отырардағы отыз баб», «Маңғыстауда пір Бекет, Түркістанда Қожа Ахмет»,  «Арыстан бабқа түне, Қожа Ахметтен тіле» сияқты тіркесін құрастыру үшін айта салған ақындардың өлең жолдары дәлелі түгел ақиқаттай халық нанымына сіңісіп кетті. Мысалы, Бұхара маңындағы Баһауидин Нақышбанд (нақышбанд сопылық тариқатының негізін салушы) кесенесі аймақтағы мұсылмандардың құлдық ұрып, зиярат ететін киелі орнына айналды, ал Бұхара қаласы Ханафи мазхабына ықпалдасқан сопылар үшін де Мекке мен Мәдинадан бір кем емес. Соңғы жылдары «Түркістан – иісі мұсылманның рухани орталығы, сондағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне үш рет зиярат ету – бір қажылыққа тең» деген кесімді сөз айтылып жүр. «Арабқұл болмайық!» деп жиі айтылатын ұранды сөзде де діни өшпенділіктің желі еседі. Осындай тым ұшқары идеология, ислам дініндегі Мекке мен Қағбаны  керексіз ету басқа діни идеология өкілдерінің, әсіресе сәләфизм уғызшыларының ашу-ызасын тудырып отыр. Тіпті қазақ зиялы қауымында беделді тұлғаның: «Құдайға серік қосатын Яссауи кесенесін қиратып, тып-типыл қылып тастау керек» деген өшпенді пікір айтқаны бар. 

Бірде мен осы мәселе бойынша Асылбек Мусиннің пікірін сұрадым. Оның ойынша, радикал ой өзіне қарсы радикал пікір туғызатыны заңды құбылыс, бұл мұсылмандар арасындағы өзара өшпенділікті күшейте береді. Шиизм мен суннизм арасындағы қайшылық тым тереңдеп кеткен. Әзірге оны ислам қауымдастығы дискурсында шешу мүмкін емес, Таяу Шығыс пен Парсы шығанағы маңында әлемнің алпауыт елдерінің мүддесі қайшыласып тұр. Оның ойынша, Орталық Азияның постсоветтік республикаларында немесе жеке-дара Қазақстан аумағында діни идеологиялар кикілжіңінің қақтығысқа апаратын қаупін сейілтуге болады. Бірінші кезекте сопылық тариқаттар культ жасап отырған ғимараттар мен тұлғаларды тұмшалап тастаған мифтерді ғылыми зерттеу жасау арқылы эзотерикалық түсініктен арылту керек. Мысалы, Ахмет Яссауидің «Диуани Хикметін» дін философиясы ретінде емес, поэзиялық шығарма деп қарастырған жөн. Ал ақын тұлғасын мифтендірудің тіпті жөні жоқ. «Диуани Хикметті» де, Қожа Ахмет Яссауиге Әмір Темір салып берген алып кешенді кесененің де құндылығын адамзат мәдениетінің ерте заманнан жеткен ескерткіші ретінде қарас- тырған жөн. Одан өзге феномен іздеуге ғылыми негіздеме жоқ. Кесенені сәулет өнерінің жетістігі  ретінде қарастыра отырып, Әмір Темір патшалығының солтүстігіндегі дала халқына отырықшылық өмірді дәріптеуге тырысқанын немесе алып ғимаратты теріскейден үнемі шапқыншылық жасай беретін көшпенділерге сес көрсету үшін салғанын да ұмыт қалдыруға болмайды. Сонда ғана Ахмет Яссауи тұлғасы мен оған арнап салынған кесененің шынайы құндылығы ашылады.

Асылбек Мусиннің ойынша, қиялдан туған мифті  немесе белгілі бір тұлғаны тым асыра дәріптеу негізінде идеология жасаудың түбі жақсылыққа апармайды. Алғашқыда «Құдайдан басқа құдай жоқ» принципіне негізделген ислам дініндегі кертартпа процесс Мұхаммед пайғамбардың қазасынан ке-йін-ақ басталған, түрлі мүдде көздеген дінпаздар хадистер мен сүннетті ойлап тапты, Құранды өз мүддесінің ыңғайына салып тәпсірледі, сонысын қауымға өмір сүрудің этикеті ретінде ұсынды. Соның  кесірінен дін атын жамылған саяси идеологиялар қанат жайды. Ал дін – Құдай мен Құран сол идеологиялардың кепілінде қалды. Сондықтан да дінді идеологиялардың шырмауынан босатып, азат ету керек. Философтың пікірінше, Мұхаммедтің пайғамбарлық миссиясы оның қазасымен бірге аяқталған. Ал оның күйбең тіршілігін, әдеті мен мінезін дәріптеп, үлгі тұту исламның басты принципін бұзады, бұл Құдайға серік қосқанмен тең. Адамзат үшін киелі бір ғана ұғым субстанциясы болуы тиіс, ол – Құдай. Құдай мен адамның арасын жалғаушы нұсқаулық кітаптар бар. Дін әрбір адамның интимді мәселесі екені де маңызды. Топ болып, қауымдық сипатта наным-сенім рәсімін жасау Құдайдың әрбір адамға жекелеп берген бостандығын тәрк етеді. Саяси мүддені көздеген идеологтар діннің мәні мен мазмұнын өздерінің ыңғайына үнемі бұрып отырды. Сондықтан әрбір адамның рухани индивидтік болмысын сақтау және оны қорғау үшін бірінші кезекте исламдағы қажылық, жиһад, намаз сияқты иманға қатысты ұғымдарға тарихтың әр кезеңінде саяси конъюнктура жағдайында жабысқан коллективтік сипатынан ажырату керек.

Дінді шетін діни идеологиялардан ажыратып алу жөніндегі Асылбек Мусиннің дезинтеграциялық жобасы бір қарағанда ақылға сыйымды болып көрінеді. Христиан дінінде мұндай реформаны протестантизмнің негізін қалаушы Мартин Лютер ХVІ ғасырда жасаған. Соның нәтижесінде христиан әлемінде діни идеологиялар мемлекеттердің ішкі және сыртқы саясатынан алшақтады. Бірақ исламды, содан тарамдаған діни идеологияларды мұндай форматта реформалауға мүмкіндік жоқ, себебі ислам әлемінде Рим папасы сияқты діни құрылымдық жүйенің басшысын мойындау дәстүрі Мұхаммед пайғамбардың қазасынан кейін бұзылды. Сондай-ақ ислами ағымдардың халифат билігіне таласу кезінде туындағанын да ескерген жөн. Ислам наным-сенімінің  мың-сан діни идеологияларға бөлшектеніп, әртарапталғаны соншалықты, реформалау тетігінің қайда екенін анықтау мүмкін болмай тұр. Сондықтан да Қазақстандағы діни ахуалдың жай-күйін, екпінді бағыты мен кейбір ерекшеліктерін көрсетіп отырудан басқа амал қалмады.

Соңы.

Тұрарбек Құсайынов,

"Демос" ҚБ төрағасы

Пікірлер