«Нанды қымбаттату халықты ашқұрсақ етудің ең төте жолы» - сарапшы

4331
Adyrna.kz Telegram

Екі апта қатарынан елде ұн және ұн өнімдерінің айтарлықтай өсім бергені көзге ұрып тұр. Ал қазір қарапайым халықтың басым бөлігі «нан қымбаттайды екен» деп даурығып жүр. 

Бақсақ былай екен демекші, байыбына үңілсек, 1993 жылдан бері жыл сайын елде нан бағасы сатылап қымбаттап отырыпты. Әріге бармай-ақ осыдан бес жыл бұрынғы мәліметтерге көз жүгіртсек, 2014 жылы әлеуметтік нанның бір бөлкесі 40-45 теңгенің мөлшерінде болған. «Содан бері елде жыл сайын нанның бағасы өспесе кеміген жоқ»,-дейді мамандар. 

«Барометр» талдау орталығының қаржыгері Арман Мусиннің айтуынша, өткен бес жылға талдау жасасақ, ұн және ұн өнімдерінің бағасы, оның ішінде нанның бағасы расында да кеміген жоқ. Бұл ретте маман:

«2014 жылы әлеуметтік нан бағасы 40-45 теңге болса, қазір әлеуметтік нан бағасы 75-80 теңге. Алдағы уақытта наның бағасы 80-88 теңгеге дейін өсуі мүмкін. Себебі осы салада жүрген кәсіпкерлер ұнды қымбатқа алып отыр. Енді шикізатты қымбатқа алып отырып, одан шыққан өнімді арзанға сату қисынға келмейтін дүние.  Сондықтан болашақта ұн және ұн өнімін өндірушілер еріксіз шыққан шығындарын ақтау мақсатында өнім бағасын қымбаттатады. Ол қандай шығындар дегенге тоқсалсақ, бізде жылу-жарық бағасы, газ бағасы, транзиттік шығындар, жанар-жағармай бағасы соңғы бес жылдың ішінде айтарлықтай өсті. Мәселен, осыдан бес жыл бұрын жарықтың 1 квт 16 теңге төлесек, қазір  29 теңге төлейміз, сол тәрізді жылу, газ бағасы да жыл сайын өсіп отыр. Мемлекет коммуналдық төлем бағаларын өсірмеуге мароторий жариялағанмен, жекелеген монополистерге шамасы келе бермейді. Осы қарапайым жайттардың барлығы айналып келгенде өнім өндірушілерге салмақ салады. Мысалы, диқан астық ору үшін биылғы жылы қажетті дизельді отырды былтырғыданқымбатқа алды делік, сол тәрізді наубайханашы да, биыл былтырғыдан жарыққа қымбат төлеп жатыр. Міне, өнім өндірушілер осы шыққан шығынды тауарларының бағасын көтеру арқылы ақтап алғысы келеді. Осыдан одан барып, еріксіз өнім қымбаттайды» дейді. 

Біз маманның сөзі дәлелді болуы үшін 2014 жылдан бері елде нан және ұн өнімдерінің бағасы қалай қымбаттап келгенін арнайы сызбамен көрсеттік: 

Қаржыгердің пайымынша, елдегі қымбатшылықтың алдын-алу үшін  ендігі уақытта мемлекет отандық кәсіпорындарға дотация беру жағын сауатты қолға алу керек. Олай етпесе, «нанның бағасын да, басқа өнімдердің бағасын да нарық өзі реттей алмайды». 

«Меніңше, нанды қымбаттату халықты аш құрсақ етудің ең төте жолы. Қазір әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың дені тек нанмен және ұн өнімдерімен ғана қоректеніп отыр. Алты баласы бар отбасы қазір 1800-1900 теңгеге бір келі ет сатып алуға шамасы келе бермейді. Олар үшін бір қап ұн сатып алып нан салу және еттен гөрі макарон, вермишел қуырып жеу тиімді. Ащы да болса, мойындау керек, бұл рас. Сондықтан алдағы уақытта ұн және ұн өнімдерін өндіретін отандық кәсіпорындарға мемлекет жеңілдіктер беру жағын қолға алу керек. Ол үшін аталмыш кәсіпорындары белгілі бір салықтардан босатып, «сен өнім бағасын қымбаттатпайсың, ал біз саған мынадай жеңілдіктер ұсынамыз» деген келісімдерге келу керек. Қарапайым халықтың жайын ойласақ, бағаны өсірмеу туралы арнайы келісімдер жасалғаны абзал. Отандық өнідіріске мемлекет тарапынан тиісінше жеңілдіктер жасалғанда, ішкі нарықта бағаны негізсіз өсіру болмайды» дейді қаржыгер Арман Мусин. 

Қаржыгердің бұл сөзін  экономист-ғалым Атамұрат Шәменұлы да қолдап отыр. 

«2015 жылы «Қазақстанда жасалған» деген айдармен супермаркеттердің бір бөлігінде тек қана қазақстандық өнімдерді сататын бұрыштар ашылды. Бұл акция отандық өнімнің жарнамасын әжептәуір асырған болатын. Бірақ бұл жобаның соңы аяқсыз қалып кетті. Бізге осындай нақты жобалар керек. Қазақстанда жасалған өнімдерге арналған мемлекеттік дүкендер ашылып, ондағы өнім делдалдарсыз тікелей зауыттағы бағасымен сол дүкендерге жеткізіліп отырса, өнім бағасы да қалта көтереді. Бұл үрдіс халыққа да, отандық өнім өндірушілерге де қолайлы болар еді. Бұдан соң отандық өнім өндірушілерге субсидия мәселелерінде қағазбастылыққа жол берілмесе, ол да үлкен көмек болар еді. Болашақта ішкі нарықта қымбатшылық бола бермеу үшін, бізге осындай қадамдарға бару керек»,- деді  экономика ғылымының докторы, профессор Атамұрат Шәменов. 

 

Қарлығаш Зарықханқызы,

"Адырна" ұлттық порталы 

 

 

 

 

Пікірлер