Біржандай әнші бар да, Абайдай тыңдаушы жоқ…

3617
Adyrna.kz Telegram

Баласы Қожағұлдың Біржан салмын,

Ешкімге зияным жоқ жүрген жанмын.

Кісіге өзім деген бас имеймін,

Өзім әнші, өзім сал, кімге зармын?» –

деп қазақ көгінде еркін самғаған, Арқаның ақ­берен әншісі, ақын, сазгері, ақпейілді Ал­­ланың арда жаратқан, қазақтың маң­дай­алды ұлы – Біржан сал. Қоянды жәр­меңкесін алғаш ашқандардың бірі Бір­жанды үлгі тұтпаған әнші-ақын жоқ. Қа­зақ­­тың бас ақыны Абаймен кездесіп, Абай­­дың «Біржан-ау, өзіңдей қазақта ен­ді әнші тумас» деген сөзіне: «Абай, мен­дей әнші туар, бірақ өзіңдей тыңдаушы ту­мас!» – деп қос талант бір-бірінің қа­ді­ріне жете білген. Біржан, Ақандардың ізін басқан інілері бар бұл заманда олардың алтын басын бағалар Абайдай бір тың­дау­шыға зар болғанымыз өтірік емес. 2009 жылы күзде көрерменге жол тартқан «Бір­­жан сал» фильмінде салдың: «Мен бо­лашақта қазақтың жақсы өнерпазының ба­сы табалдырықта қалып, өнерсіз, на­дан­дар төрге шығып кете ме деп қор­қамын!» – деген жері бар. Расында, Бір­жан қауіптенген қорқынышты зар заман ке­ліп жетті. Арзан қол, жеңіл ән етектен ба­сып, төске өрлеген, нағыз әнші тың­дал­май тұрған уақытта не істемек керек? Дәс­түрлі ән өнерінің өзі толыққанды дә­ріп­телмей жатқан қазіргі кезеңде бұрынғы өткен сал-серілерімізге қатысты тарихи де­ректер бір арнаға тоғыстырылмаған. Бір ғана осы Біржан салға қатысты айтсақ, ел арасында «Біржан мен Сараның ай­тысы тарихта болмаған» деген де пікірлер ай­тылып жүр. Әрине, бұл ақиқатты бұр­малап, барды жоқ дей салумен бірдей.

Біржан – Сара айтысы тарихта болған ба?

Осы айтыс туралы кезінде ғалым Бей­сем­бай Кенжебаев ұзақ айтысқан. Ол: «Бізде бұл айтыстың кітап болып басылған екі нұсқасы бар. Олардың бірі – «Біржан сал мен Сара қыздың айтысқаны» (1898), екіншісі «Біржан сал мен ақын Сараның айтысқаны» (1899) деп аталады. Біз ай­тыс­тың соңғы нұсқасын Әріп шығарған деп білеміз» (Кенжебаев Б. ХХ ғасыр ба­сындағы әдебиет. – Алматы: Білім, 1993, 181 б.), – деген. Бұл пікірді Мұхтар Әуезов ауыз­ша қолдаған. Алайда жазбаша қол­дауға бармаған. Ол турасында Е.Ыс­ма­йы­ловтың «Біржан сал» деген зерттеуінде: «Аны­ғында, – дейді Мұхтар Әуезов, – Бір­жан мен Сараның айтысы болған, бірақ то­лық күйінде, алғашқы айтысқан жердегі түп­нұсқасы толық сақталған жоқ. Кейін көп­шілікке өз редакциясын айтып беруші Са­ра болады. Ал кейін сол Сараның ай­тыс­қаны да көпке дейін ауызда жүреді. Көп айтушы ақындардың аузынан өтеді… Осын­дай айтушының, ең алғашқы хатқа тү­сірушінің бірі – Әріп» (Кітапта: Әдебиет жай­лы ойлар. «Ақындық өнер мен ақын­дар туралы». – Алматы: Жазушы, 1968, 104 б.), – делінген.

Ерлан ТӨЛЕУТАЙ, өнер зерттеуші, әнші:

– Біржан мен Абайдың кездесуі 1868-69 жылдары болған. Біржан – Са­ра айтысы 1969 жылы өткен деседі, се­бебі әнші Абайға Жетісуға бара жат­қан жолында кездеседі. Бірақ ке­йі­ні­рек­те Абай мен Біржанның Шыңғыс­тау­дың Барлыбай жайлауындағы кез­де­суі 1875 жылы болды дейді. Жазушы Ас­қар Сүлейменов ағамыз да «Адас­қақ» романында осылай деген. Абай­дың Лермонтовтан аударған «Мен көр­дім ұзын қайың құлағанын» өлеңі 1898 жылы жазылған. Бұл өлең шы­ға­рыл­ғанда Біржан сал өмірде жоқ. Де­рек­терге сүйенсек, Біржан сал ең ұза­ған­да 1897 жылы өмірден өткен. Кей де­рек айтыс 1896 жылы болған, себебі Сара 1878 жылы дүниеге келген дейді. Олай болуы мүмкін емес. Себебі Тө­ре­бай мен Сара айтысында Төребай ақын­­ның Біржанмен айтысының қай жы­лы болғанын, қалай айтысқанын айт­қан­ды­ғы сақ­тал­ған. Төребайдың де­регіне сү­йенсек, Са­ра 1853-54 жыл­дары ту­ған болып есеп­теледі. Меніңше, осы де­ректің жа­ны бар. «Біржан – Сара айтысын» жазды де­ген Әріп ақын 1924 жылы 62 жа­сын­да қайтыс болған. Ай­тыс болған кезде Әріп – 10-12 жас­та­ғы бала. Әріп 1882 жылы Ресей-Қа­зақ шекарасын бөлген кезде сол экс­пе­ди­ция­ның құ­ра­мында болып, Сараның өз ау­зынан жа­зып алған деген деректер бар. Сон­дай-ақ бұл айтысты тұңғыш рет бас­па­дан шығарған Жүсіпбек Шайх­сләм да бұл айтысты Сараның өз аузынан жа­зып алғандығын айтқан. Ай­тыста Бір­жан Абайды «жас жол­барыс» деп су­рет­тейді, мұның өзі ай­тыс­тың 1869 жы­лы болғанына ай­ғақ, өйткені «айтыс 1896 жылы болса, ол кезде мосқал тар­тып қалған Абайды «жас жолбарыс» деу­ге кел­мейді» деп тұр. Айтыстың бол­ғанына тағы бір де­рек: жазушы Сәбит Мұқанов Біржан сал­дың ағасы Нұржанның баласы Ах­мет­­жанмен кез­десіп, тілдескенін, сол жо­лы Ах­мет­жанның Біржанға атқосшы болып Же­тісуға барғанын, айтысты өз кө­зі­мен көр­гендігін айтып берген. Өзім Еш­кі­өл­мес тауының баурайына арнайы бар­­дым. Оразхан деген кісі айтыс бол­ған орын­ды көрсетті. Ол жер әлі күнге де­йін То­ғызқұмалақ деп аталады екен. Бір­жан – Са­ра айтысы болмаған деген­дерді тү­сінбеймін.

Біржанды «әннің атасы» десек, оған дейін қазақ сахарасында әнші-ақын, саз­гер болмаған деген сөз емес. Қазақ мә­де­ниетінің қарыштап дамыған тұсы – ХІХ ға­сыр. Ән мен күйді шығар биігіне жеткізіп, «ал­тын ғасыр» атанған бұл кезең Біржан, Ақан, Абай, Жаяу Мұса, Тәттімбет, Құр­ман­ғазы сынды қаншама дарынды саң­лақты түлетті. Сол дәуірдегі сал-серілердің көш басында Біржан тұр. Әнші-ақынның өзі «Ұстазым – Нияз сері, Сегіз сері, Олар­дан тәлім алған Біржан сері» деп өлеңінде айтқандай, ілгеріде өмір сүрген Сегіз сері мен Нияз серіні өзіне ұстаз тұтқан. Мұның өзі бүгінде кей білгіштер «өмірде бол­ма­ған» деп жүрген композиторлардың нақ өмір сүргендігін және баға жетпес жақұт жыр­ды қазақтың қазынасына қос­қан­ды­ғын дәлелдейді. Естай ақын «Сал Біржан, Ақан сері қасына ердік» дегеніндей, Бір­­жанның інілері өнер жолында Бір­жан, Ақан ағаларын үлгі тұтқан. Әнші ба­ба­ла­ры­мыздың әндері осылайша үзілмей, ауыздан-ауызға жеткен жайы бар.

«Бұл күнде арық қойдан бағам төмен,

Үш жүздің ортасында Біржан едім», – деп шырқаған ел еркесінің басы тәтті, аяғы қатты болған өмір жолын әндері-ақ ашып беріп тұр. Әлеумет ардақтысының туыс­тары неге қадіріне жете алмады? Өз­ге­ден бол­мысы да, таланты да ерек туған Бір­жанды алақанда аялай алмағаны қалай? Тыңдаушысыз қалған халық мұрасының күйін Біржан бабамыз сонау ХІХ ғасырда сезген екен ғой. Әрісі Сегіз сері, одан кейін Біржан сал, Ақандар, берісі Ғарифолла, Дә­неш, Жәнібектер кө­­зінің ағы мен қа­ра­шығындай сақтап келген саф өнердің «арық қойдай» күн кешкені – тарихқа қия­нат, бабалар алдында кешірілмес күнәдай. Ұлт­тық мұраның жой­қыны күшті жеңіл му­зыканың та­сасында кетпеуі үшін жан­кеш­тілік, ерекше сүйіспеншілікпен ғана жүр­ген бүгінгі ұлттық ән-күйді орын­дау­шыларға таңым бар. Қазақты қазақ қылып көр­сететін жалғыз белгі – ұлттық мұраның мәр­тебесі өсіп, демеу көрмесе, ұлт ре­тіндегі атымыздың құрып кетуі не­ғайбіл.


Жадыра Жұмакүлбай,

«Алаш айнасы».

Пікірлер