Асықтан ат жасаған…

3925
Adyrna.kz Telegram

Алматыда асықтан ат жасаған шеберлер дүйім жұртты қайран қалдырып отыр. Қазақстанның түкпір-түкпірінен 8500 асық жинап, алты ай бойы көз майын тауысып, Еуразия атты ақбозат мүсінін өмірге әкелген Нұрлан Әбішев, Нұрлан Әділхан, Қуаныш Мәтенов есімді азаматтардың еңбегі ерен. Осы бір ерекше туындыларын авторлар Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына тарту ретінде жасаған.

Бабаларымыз жаһанда ең алғаш болып жылқы малын қолға үйреткендігін түркі халықтарының киелі бесігі Алтайдан алтын ат-әбзелдерімен қоса жерленген он үш қылқұрықтың табылғандығы айғақтайды. Осынау жылқы малы жаз жайлау, қыс қыстауға көшіп-қонған қазақтың «байырғы серігі» болса, бұрынғылардан балалықтың бал шағын ұлттық асық ойынымен байланыстырмайтындар кемде-кем еді.

Қазақтың өнерге жанашыр азаматы Нұрлан Әділханның ат пен асық астасқан идеясын бірден іліп әкетіп, іске асырған шебер мүсінші Қуаныш Мәтенов пен талантты суретші Нұрлан Әбішев туындыға өзіміз өмір сүріп отырған құрлықтың атауын бекерден-бекер қоймағанын жеткізді. Қас суретші Нұрлан Әбішевтің айтуынша, әр асықтың өз тарихы бар. Еуразияның кіндігіндегі, қазақ жеріндегі қаншама қолдан өткен асықтар бір жерге шоғырланып, мүсін ретінде бой көтерген.

Естеріңізде болса, қашанда қазақтың ұлттық құн­дылықтары мен туған жер табиғатын қылқала­мына арқау ететін кескіндемеші, график, иллюс­тратор, кино суретшісі Нұрлан Әбішевтің АҚШ-та өткен жаһандық көркемөнер байқауында жеңім­паз болғандығына «Алаш айнасы» газеті Алаш жұртынан сүйінші сұраған еді. Енді, міне, тағы да асықпен көмкерілген тұлпарды тарту етіп, өзінің шынайы өнерпаздығын дәлелдеп отыр.

Алғашында Алматыдағы «Мега» ойын-сауық отауына қойылған нағыз шеберлердің қолынан шыққан «ер қанаты» қазір «Прайм плаза» ойын-сауық кешеніне көшіріліпті. Бұдан кейін ол Дубайда өтетін әлемдік көркемөнер көрмесіне жол тартпақ. Жылқы десе ішкен асын жерге қоятын араб елде­рін­де мұндай шығармашылық жұмыстар тең­дессіз бағаланатын көрінеді. Осындайда «ұлттық төл өне­­рі­міз бен таза қанды қазанаттары­мызды қан­шалық­ты бағалап отырмыз?» деген сауал өзді­гінен туын­дай­ды. Лайым өмірін өнерге арнаған жас өрендері­міз жемісті еңбектерімен Алаш елін қуанта берсін…

Нұрлан ӘБІШЕВ, суретші:

– Шығармашылық жұмысымыз ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналады. Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына, оның дамып, көркеюіне өзіндік зор үлесін қосып жүрген азаматтар көп. Азаттықтың 20 жылы да еркін, ашық, батыл, қонақжай талай ұрпақты тәрбиелеп шығарды. Еге­мен­дігімізді алған жылдары асық ойна­ған балақайлар қазір ел қорғаны болар азаматқа айналды. Солардың көбі, мүмкін, бала күнде дәл осы асықтармен ойнаған шығар. Бүгінде ел тұтқасына айналған азаматтардың көбінің бұл асықтарда бала күнгі табы, ыстығы сақталған. Ал бүгінде бұл асықтар қазақ халқының асыл да айнымас серігі – арғымаққа айналып, көз сүйсіндіріп тұр. «Асығың алшысынан түссін» деген де жақсы сөз бар қазақта. Міне, біздің жылқы мүсінін жасауда дәл асықты таңдауымыздың сыры – осы. Асықтан тұрғызылған жануарды Дубайда өтетін бүкіләлемдік көрмеге алып бармақ ойымыз бар.

Қуаныш МӘТЕНОВ, қолөнер шебері:

– Бәріміз ауылдан шықтық. Сондықтан ат мүсіні бүге-шігесіне дейін қандай болатынын жақсы білеміз. Әуелі тұп-тура аттың сызба-жобасын салдық. Сосын тура сол өлшеммен темірден қаңқасын жасадық. Тек қана асық жинауымыздың өзіне үш ай уақытымыз жұмсалды. Асықтар тігінен және көлденеңінен тесіліп, одан темірлер өткізілді. Сонымен қатар аттың жалы, құлағы, тұяғы тат баспайтын сапалы темірден жасалса, көзі мен жалпақ тұғыры үнді мәрмәр тасынан дайындалды. Нұрлан дәнекерлеу жұмысы кезінде көзін жарақаттап алып, ауруханаға жатып шықты. Мен де төрт рет бетімді күйдіріп алдым. Өте үлкен ұқыптылық пен дәлдікті қажет ететін болғандықтан, бетқалқа кию мүмкін емес. Қазір барыс мүсінін әзірлеп жатырмыз. Уақыты келгенде оны да жалпақ жұртқа жария етеміз.


Арман ӘУБӘКІР

 

Пікірлер