Ши тоқу – көне кәсіп

8089
Adyrna.kz Telegram

Ши тоқу – бұрын көшпелі және жартылай отырықшылдықта тіршілік еткен Орта Азия халықтарына ескі заманнан белгілі өнер. Зерттеушілердің айтуынша, ши орау өнері өте ерте заманда ХV ғасырдан бастап дамыған көрінеді. Осынау көне кәсіптердің бірі саналған ши тоқу өнері қазақ, қырғыз, түрікмен, жартылай отырықшы өзбектер мен қарақалпақтар өмірімен біте қайнасып, олардың тұрмысы мен шаруашылығында, мәдениетінде ерекше маңызға ие болған.Кез келген қолөнердің шығармашылық ізденіс екені ақиқат. Ал табиғатта кездесетін әр дүниені өз керегіне жарата білу, тіпті қу шидің өзін пайдасына асырып, оның күнделікті тұрмыста, шаруашылықта орнын айқындап, мәні мен маңызын аша білу – ата-бабаларымыздың тек біліктілігінің ғана емес, сондай-ақ шеберлігінің де арқасы деп түсінген жөн.

Иран, Қытай, Монғолия, Тибет, Ресей, Еуропа бөлігінің оңтүстік шығысында, Орта Азия, Батыс және Шығыс Сібірдің оңтүстігінде кездесетін ши өсімдігі Қазақстанның дала, шөлейт аймақтарында, тау беткейлерінде, әдетте, суға жақын жерлерде өседі. Қыста мал жайылымына таптырмас бұл өсімдіктің сабағын қазақтар ши тоқу үшін қолданған. Мірдің оғындай түп-түзу, әрі өте берік келетін шидің сабағы тұрмыста орны ерекше материалдың бірі ретінде кәдеге асты. Ыдыс-аяқ, қазан-ошақтан бастап, киіз үйдің құрамдас бөлігі ретінде, қоршау ретінде де қолданылған ши оған салынған әдемі ою-өрнегімен, келісті бейне-суретімен үй ішін де безендіріп тұратын. Мұндай кереметтерді жасауда шебердің жұмысы алдымен жиналған шидің сабағын қабығынан аршып, оның жарамды, жарамсызын бөліп алумен басталады.

Негізінен ши бұйымын сыртқы көрінісіне қарап, үш түрге бөледі. Олар – ақ ши, ораулы ши және шым ши. Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде бұл аталғандардың әрқайсысы өз-өз орнымен қолданылады.

Киіз басуға, сүзгіге, мал сойғанда еттің астына салуға, құрт-ірімшік жаюға өре ретінде, сондай-ақ үйдің төбесін сыларда біркелкі тегіс, әрі ыңғайлы болу үшін ақ шиді қолданған. Ақ ши дегеніміз – қабығынан аршылған, оралмай тоқылған ши. Ақ шиді қазақ «өре ши» деп те атаған.

Өн бойы тұтас оралмай, әр жерінен аралатып оралатын шиді орама ши немесе ораулы ши деп атайды. Әр тұсынан өрнек сала оралған бұл ши түрі көбіне сәндік үшін қолданылған, яғни үй ішін безендіріп, ою-өрнекпен, түрлі бейнемен суреттелген. Сондай-ақ орама шиді шым шимен бірге киіз үйдің керегесін айналдыра тұту үшін пайдаланған.

Біркелкі оралған өрнекті шиді шым ши деп атайды. Бұл шиді кейде «жез ши» деп те атау ерте уақыттағы жез оралған кезден қалған болса керек. Өн бойы өрнектелген шым ши киіз үйге, ас-су, ыдыс-аяқ тұратын жерге қоршау ретінде пайдаланған.

Өрнектеп шым ши тоқуда, негізінен, оюдың композициялық құрылысының маңызы ерекше. Бұл саладағы қазақ шеберлерінің қолданып жүрген қазіргі барлық ою түрлерін композициялық жағынан: толық, жекелеген және тұтас ою, бір беткей ұзындық ою (компоненттері бойлай да, көлденең де тепе-теңдіктегі ұзындық ою) болып бөлінеді. Шым ши тоқу өнерінде кездесетін қазақ оюларының ішіндегі жоғарыдағы аталған жекелеген және тұтас ою формасын «шаршы ою» деп те атайды. Оған белгілі геометриялық фигурадағы төрт бұрышты, дөңгелек, үшбұрышты, тағы басқа көп бұрышты оюларды жатқызуға болады. Олар шым шидің бетін тұтас сәндеуге қолданылады. Осылай тұтас беті өрнектелген шым шиді түскиіз орнына да ұстайды. Сондай-ақ киіз үйлердің шым есігі де осы шым ши екені белгілі.

Бұрындары ши орау және тоқу технологиясын жас қыздар апа-әжелерінің жанында отырып-ақ меңгерген. Осылай бұл өнер кәсіп ретінде ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып отырған.

Ши тоқу үшін ашасы бар екі ағашты белгілі қашықтықта тіке қадап, екі ашаға көлденең ағаш қойып, арнайы жасалған қарапайым станок пайдаланылады. Оны үйдің ішіне, жабық қораға немесе бастырманың астына орнатады. Киіз үйдің ішінде станоктың екі жағындағы ашалы ағашы керегеге байланып (екеуінің арасы қандай нәрсеге арналып тоқылатын шидің еніне байланысты) төменгі жағы жай ғана жерге бекітіледі. Ашаның үстінен көлденең қойылған сырықтың биіктігі түрегеліп тұрып істеуге ыңғайлы болуы тиіс. Сондықтан көбіне бұл арқалықтың биіктігі 120-130 см шамасында болады. Өйткені, қой жүнінен көбінесе қоңыр жүннен иіріп, тас немесе басқадай салмақты зат байлаған және бір-біріне қарама-қарсы орналасқан екі жіптің екеуін екі қолмен ұстап тұрып, кезекпе-кезек қарсы бағытта сырықтың үстінен асырып отырады. Ондай жіптің арасы 10-15 см болады да, саны жиырма-отыз шамасындай болуы мүмкін. Сөйтіп, көлденең сырықтың үстіне қойылған бір ши бастан-аяқ байланып болған соң екіншісі қойылады, осы тәртіп ши тоқылып біткенше қайталанып отырады. Алғаш тоқи бастағанда төрт шиден қабаттап бекіту шарт емес, оны үш шиден де крест салып байластыруға болады. Мұны ши тоқушылар «шыбын қанат» деп атайды. Тоқылған шидің алғашқы бастамасы мен соңғы аяқталу кезеңінде шамамен алғанда 20-40 см болуы керек. Мұның шидің екі шеті қалың болып, тез тозып қалмауына себебі тиеді. Ши тоқушылар тоқылған шидің бұл бөлігін «қарақұс» деп атайды. Шиді байлау үшін қарақұсқа бекітілген бауды «шибау» деп атайды. Ал кереге сыртынан бір босағадан екінші босағаға дейін шиді айналдыра тұтуды «ши ұстау» деп атайды.

Ши ораудың екі әдісі бар. Біріншісі – тоқулы тұрған даяр шидің өрнегіне сала отырып орау. Екіншісі – жаңа өрнек үлгісімен орау.

Шеберлер ши бетіне салған түрлерін «жүзтеру» деп аталады. Шиге өрнек саларда оны алдын ала өлшеп алып, жіп оралатын жерін көбінесе пышақпен, қарындашпен, сондай-ақ отпен де күйдіріп белгілейді. Бұл белгілеуді «сызу» деп атайды. Сызылған белгі бойынша инеге өткізілген шиге түрлі-түсті жүннен орап үлгі салып, түр шығарады. Оралған шиді, салынған белгісіне қарай, өрнек бойынша ши сабақтарын дұрыс орналастыруды шеберлер «тізу» деп атаған.

Тоқылған шиді киіз үйдің есігінде ұстау үшін де пайдаланады. Сондай-ақ киіз үйге төселген киіздің ылғал тартып бүлінбеуі, тез тозып қалмауы үшін төсеніші ретінде киіз астына төсейді. Тығыз тоқылған шиді күннің суық кезінде киіз үйдің керегесіне тұтқанда үйдің жылы болуына әсері тисе, күннің жылы кезінде туырлығын жоғары түріп қойып, үй ішін салқындатуға жақсы.

Қазақ халқында ши өңдеу, оған жүн орап, өрнектеп безендіру, түр салып тоқу ісі – ғасырлар бойы атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық өнер. Шиден түрлі бейнелер жасап, ою-өрнектермен өрнектеп базарлық, кәдесый ретінде нарыққа шығарып, бұл кәсіпті нәсіп етіп, пайдасына асырып отырғандар да қазіргі таңда жоқ емес.


Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

 

Пікірлер