Пашинян Путинмен кездесуде Қарабақ қозғалысын тоқтатуға шақырды

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ZM8M4M6sXJ3PURojylCeQ579lStVZj868Ktricta.jpg

Қарабақты Арменияға қайта қосу қозғалысы жалғаспауы керек. Бұл туралы Армения премьер-министрі Никол Пашинян Ресей президенті Владимир Путинмен өткен кездесуде айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Біз Қарабақ қозғалысын жалғастырмауымыз керек, өйткені Армения мен Әзербайжан арасында бейбітшілік орнаған. Екі ел де бір-бірінің аумақтық тұтастығын, саяси тәуелсіздігін және егемендігін 1991 жылғы Алматы декларациясы негізінде мойындады», — деді ол.

Оның сөзінше, қақтығысты реттеуге Владимир Путин де үлес қосқан.

«Сіз де қос тарап арасындағы қатынастарды қалыпқа келтіру процесінде негізгі рөл ойнадыңыз»,-деді премьер-министр.

Еске салайық, Кеңес Одағының ыдырауы және 1992–1994 жылдары Әзербайжанмен қарулы қақтығыстан кейін Қарабақ көп жылдар бойы армяндар мекендейтін мойындалмаған республика ретінде өмір сүрді. 2020 жылғы қыркүйекте өңірде қайтадан соғыс қимылдары басталды. Мәскеудің делдалдық әрекетімен сол жылдың 10 қарашасы түнінде тараптар атысты тоқтату туралы келісімге келді.

2023 жылы Әзербайжан Қарабақта «антитеррористік операция» жүргізіп, оның нәтижесінде дау туып тұрған аумақ толықтай Баку бақылауына өтті. Мойындалмаған республиканың аумағынан Арменияға 100 мыңнан астам адам көшіп кеткен.

Пікірлер