«Теңге 30 пайызға құнсызданады» - сарапшы

3149
Adyrna.kz Telegram

АҚШ-тың ең ірі инвестициялық банктерінің бірі - Bank of America (BofA) сарапшылары «2020 жылдың басында Қазақстанға теңгені 30 пайызға құнсыздандыруға тура келеді» деп мәлімдеді. Аталмыш банк сарапшыларының байыптауынша, Қазақстан мұндай әрекетке еріксіз барады. «Егер олай етпесе бұл елді экономикалық тұрақсыздық күтіп тұр» дейді халықаралық сарапшылар.
Халықаралық сарапшылар алға тартып отырғандай, әлемдік нарықтағы мұнай бағасының түсуі, Ресей рубльінің шегіне жете құлдырауы, Ресей мен Қазақстан арасындағы сауда-саттық байланысының төмендеуі және сауда-саттық байланысында баға тепе-теңдігінің болмауы мәселені осыған әкеліп тіреп отыр. АҚШ банкінің жорамалынша, біздің ұлттық валютамыз биылғы жылдың соңына дейін құнсызданып, елде бір доллар 420 теңгеден асып кетуі ғажап емес.
Ал бұған қатысты отандық сарапшыларымыз, Ұлттық банктің теңгені қолдауға қатысты саясатына байланысты отандық экономист-сарапшыларымыздың біразы «теңгені қолдауда жалғыз Ұлттық банк пен Үкіметтің саясаты аздық етеді. Әлем бойынша бірқатар елдердің валютасы түсіп жатқанда біз теңгені қашанға дейін тежеп ұстай алар екенбіз» деген ойларын алға тартып отыр.
Бұған қатысты экономика ғылымының докторы, профессор, Бейсенбек Зиябеков,
«Қазір Ұлттық банк ақша-несие саясатын реттей алып отыр. Дегенмен, девальвацияны болдыру немесе болдырмау тек қана Ұлттық банктің қолында тұрған жоқ. Білесіз, көршілес Ресей рублі күн сайын құнсыздануда. Әлемде шикізат бағасы түсуде. Әлем бойынша бірқатар елдердің ұлттық валютасы құнын түсірді. Осылайша шикізат бағасы төмендеп, экспорттан түсетін доллар көлемі шектеліп отырған кезде, теңгенің бағамын тежеп ұстау – біздің алтын-валюта қорымызға қауіп төндіретін жайт. Осы уақытқа дейін Ұлттық банк теңгенің құнын ұстап тұрды. Енді бұдан әрі ұстап тұруға мүмкіндік те болмай қала ма деп ойлаймын. Өйткені әлемдік экономикалық ахуалдың қиындай түсетіні баршаға белгілі.Сондықтан біз теңгені уақытша ғана тежеп ұстап тұра аламыз. Біз шикізатқа тәуелді ел болғандықтан, шикізат бағасы түскен сайын бізге келер түсімнің де азаятыны мәлім. Ал мұның арты ұлттық валютамыздың құнсыздануына апарып соқтыратыны даусыз»,-деді.
Жалпы, теңге бағамына қатысты қаржыгер Арман Мусиннің пайымдауынша, егер алдағы екі айда әлемдік нарықта мұнай бағамы 65 долларға көтеріліп, Ресей рубльі еңсе тіктер болса, сондай-ақ Қазақстан нарығында рубль 5,2 теңгенің көлеміне көтерілер болса, онда Ұлттық банк теңгенің бағамын 380-388 теңгенің аралығында ұстап тұра алады.
«Бірақ, кешелі бері халықаралық Экономикалық даму орталығының сарапшылары мұнай бағасының арзандауына қатысты Ресейдің 2020 жылы бюджет көлемі тағы да де азаятынын, рубльдің бағамы тағы да 20 пайызға құнсыздануы мүмкін екенін құлаққағыс жасады. Мұндайда теңгенің 30 пайызға девальвациялауға тура келеді»,-дейді қаржыгер.
Бұл ретте экономист-ғалым Бейсенбек Зиябеков:
«Ресейдің Орталық банкіне рубльді тежеп ұстап тұру арзанға соғып тұрған жоқ. Біздің экономикамыз Ресейге байланып тұрғандықтан бұл жерде Ресейдің валютасының құнсыздануы бізге әсер етпейді деуге негіз жоқ. Әзірге Ұлттық банк теңгенің бағамын қалыпты ұстап тұра алады. Бірақ бұл уақытша құбылыс. Біздің экономикамыз тікелей мұнайдан түсетін түсіммен толығып отырғандықтан бұл жерде біз әлемдік мұнай бағасына қатысты, елге тартылып жатқан инвестицияларға қатысты да болжам жасағанымыз абзал. Егер болашақта мұнайдан түсетін түсім артса теңге бағамы да нығаймақ, түсім азайса онда теңгені девальвациялауға тура келеді. Бұл енді баршаға белгілі жайт. Ал қазір біз ел экономикасын доллардан арылтуға, Ұлттық қордан қаржы бөліп отандық өндірісті қолдауға, сырттан инвестиция тартуға күш салып жатырмыз. Егер мұның барлығы сауатты, орындалса, біз дағдарыстан ұтып шығуымыз да мүмкін. Сондықтан қордан бөлінген қаржыны қатаң бақылауда ұстап, әрбір саланы қолдауға бейіл танытқанымыз жөн...

Қарлығаш Зарықханқызы,
"Адырна" ұлттық порталы

 

 

Пікірлер