ҰҚК Қытайдан қашып келген қандастарға қатысты түсініктеме берді

2972
Adyrna.kz Telegram

Ділмановтың айтуынша, Қастер Мұсахан мен Мұрагер Әлімұлы саяси босқын емес, мемлекеттік шекараны бұзғандар

 Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов Қазақстан-Қытай шекарасын заңсыз кесіп өткен этникалық қазақтар Қастер Мұсахан мен Мұрагер Әлімұлының қазір бостандықта екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Шындығына келсек, олардың мемлекеттік шекараны қалай кесіп өткені үлкен күмән тудырады. Себебі мемлекеттік шекараны кесіп өту оңай емес. Естеріңізде болса, олар шекарадан 1 қазанда өттік деді. Ал бұл күні біздің көршілер Қытай Халық Республикасының құрылған күнін атап өтті. Тиісінше, барлық мемлекеттік құрылым күшейтілген режимде жұмыс істеді", - деді Ділманов мәжіліс кулуарында.

Айтуынша, этникалық қазақтар қазір бостандықта, қамауға алынған жоқ.

"Олар қазір Зайсанда. Олар бізге мемлекеттік шекараны нақты қай жерде кесіп өткенін көрсетуі тиіс. Өздері Тарбағатай деп отыр. Біз оларды Тарбағатайға апарамыз, олар қалай және қайдан кесіп өткенін көрсетеді", - деді шекара қызметінің директоры.

Ділманов олардың бірі 2006 жылы мал ұрлығы үшін қазақ-қытай шекарасында ұсталғанын мәлімдеді.

"Олар біздің аумақта ұсталып, кейін Қытай шекарашыларына берілді. Ал ол жақта бұл қылмысы үшін қандай жазаға тартылғанын өзі айтып берер, мүмкін айтқан да шығар", - деді ол.

Ол мемлекеттік шекараны бұзғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын, егер кінәсі дәлелденсе, екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін атап өтті. Ал қандастарды Қытайға қайтарып-қайтармау заң аясында шешіледі.

 

Пікірлер