Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы: «Біріншіден, бесік жырын айтатын келіндер азайып бара жатқанынан қорқамын, екіншіден, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын, үшіншіден, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын. Өйткені бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын…», – депті. Баукеңнің қорқынышы бекер емес екен. «Әке тұрып, ұл сөйлегеннен, ана тұрып, қыз сөйлегеннен без» деген қазақтың асқан даналығы бұл күні адырам қалды. Әкенің жағасына жармасқан ұл, шешенің бетінен алған қыз өсіп келеді. Батыс қызға – бетпақтықты, ұлға ұждансыздықты үйретті. Қазақтың қадірлісі мен қастерлі әдет-ғұрпы күресінге шықты. Оның «мәуелі жемісі» – тал түсте көшенің қақ ортасында аймаласқан, саябақта талтайып жатқан қыз бен жігіт. Жылап-сықтайық деп отырғанымыз жоқ. Ергеншексіз қалған тәрбие турасы хақында сөз етпекпіз.
Иесі нашар үйдің қонағы билейтіні секілді, батыстың баса-көктеп енген көшелік жабайы мәдениеті күнделікті өмірімізге әбден сіңіп болды. Қарапайым тұрмысты ғана емес, сананы басып алды. Теледидардан да, қарапайым тұрмыстан да батыстың жаман әдеттерін көре-көре көзіміз үйренді. Етіміз өлді. Сағызша созылған сериалдар теріс тәрбиеден басқа тәлім беріп жатқан жоқ. Оған балаларымыз күн ұзақ көретін шетелдік мультфильмдерді қосыңыз. Онда тәрбие тіпті теріс. Мультфильмдегі ата-анасының орны ауысып кеткен. Американың қай мультфильмдерін алсаңыз да, әкесі ыдыс жуып, тамақ істейді. Шешесі көше қыдырып, қызметте жүреді. Не болмаса, басты кейіпкер баланың не әкесі, я шешесі жоқ. Менталитетімізге мүлде жат дүние.
Мультфильмдегі баланың әкесі үнемі ыдыс жуып жүретінін көріп отырған төрт жасар қызымның өзі ерсі көрді мұны. «Неге папалары ыдыс жуып, тамақ жасап, кухнядан шықпайды? Біздің папамыз өйтпейді ғой?» – деп сұрайды. Ойланып қалдық. Расымен, баланы неге тәрбиелеп жүрміз біз? Кішкентай баланың өзіне өрескел көрінген, ділімізге қайшы тәрбиені осыдан-ақ аңғаруға болады. Бұл – балаларға арналған мультфильмдер хақында. Ал үлкендер өліп-талып көретін сериалдың соры – бес елі.
Әсіресе түріктің сериалдары жалпақ жұртты жынды қылуға айналды. Бірінің әйелін бірі кезектесіп ала беретін, беттері бүлк етпей, бір-біріне опасыздық жасайтын, я ар-ожданын ақшаға сатып жіберетін ұл-қыздары туралы сериалдарды түріктердің өзі көре ме екен?! Жоқ! Түріктерге бұл сериалдар туралы айтсаңыз, төбе шашы тік тұрады. Түркияға жолы түскен бір танысымыз айтады. Сондағы туристік қызметпен айналысатын түріктерге әңгіме арасында «Мың бір түн» секілді бірқатар сериалдарын атаса керек. Қолдарын төбесіне қойып: «Атама! Ол – көргенсіздік, өтірік. Ондайға біздің әйел заты бармайды», – десіпті. Өздері көргенсіздік ретінде танитын сериалдарды біздің елге дәріптеудегі мақсат не? Онсыз да қыз – қылықтан, ұл ерліктен құралақан қалған жоқ па?
Құбығұл ЖАРЫҚБАЕВ, педагогика және психология ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, профессор:
– Қоғам, жас ұрпақ тәрбиесі дегенде бірінші орында психология тұрады. Себебі тәрбие дегеннің өзі – тұнып тұрған психология. Адам өзін-өзі танымай, жан-дүниесін білмей жатып, дұрыс тәрбие ала алмайды. Ал егер қазіргі қоғамдағы жас ұрпақ тәрбиесі мәселесіне не жетіспейді десек, жалғыз айтарым, психология жетіспейді. Өскелең ұрпақтың сана-сезімі өзгерген, заман бір орында тұрып қалмайды. Уақыт өтеді, адам өзгереді, қоғамның талабы да осыған орай бір қалыбын сақтамайды. Мысалы, педагогикада түрлі журналдар бар, оқылып, айтылып жүр. Демек, біз педагогика саласында ұлттық көзқарасты тудыруға атсалысып келеміз. Бірақ ұлттық сана-сезім болмаған жерде педагогика ма, басқа ма, үстемдік таныта алмайды.
Ерліктен құралақан дегеннен шығады. Күзде Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Доскей ауылына қарасты әскери бөлімнен екі бірдей сарбаздың қашып кетуі жалпақ жұртты дүрліктірді. Әскери бөлім аяғынан тік тұрып іздеді. Сөйтсе, әлгі екі сарбаз әскери борышын тастап, Астанаға «қыдырып» кетіпті. Қашқындар Астанадан табылды. Бар-жоғы біржылдық әскери қызметке шыдай алмаған жігіттер жігіт пе, әлде мігіт пе?
Махамбетше айтқанда, «қабырғасын бір-бірлеп сөксе де, қабағын шытпайтын ердің» аздығының көрінісі емей, немене?
Ұлттық тәрбиеден ада қалғанымыздың бұдан да өткен сорақы мысалдары баршылық. Ақыл-есі түзу әкесін дәрі беріп ұйықтатып, жүйке аурулар ауруханасына тапсырған қыз да, әкесін ұрып өлтірген ұл да бар қазір. Аты-жөнін түстемей-ақ қоялық. Бірақ 80-дегі әкесін жындыханаға тоғытқан қыз туралы естіген ел жағасын ұстаған жағдай болған. Сау адамды ауру қылған туған қызымен күресті бастаған ақсақал осы күні жүйке аурулар ауруханасының бас дәрігерін сотқа берді. Адвокат та жалдады. Бұл – Теміртау қаласында орын алған оқиға. Ұлттық үрдістен, қазақы тәлім-тәрбиеден қалыс қалған қаладағы ахуал.
Осы күні таңғалудан қалғанбыз. Өйткені «қазаннан қақпақ кетсе, иттен де ұят кететіні» рас. Қазіргі қоғам қақпағы жоқ қазан сияқты болып тұр. Оған сырттан ит те, құс та үйір. Тұмсығын тығып, былғап жатыр. Түрлі сектасы бар, алуан жабайы мәдениеті бар.
Қазақта «ұят болады» деген ұғым, түсінік болған. («Болған» деп өткен шақта айтуымызға жоғарыдағы аталған жағдайлар себеп). Басқа өзге бір ұлт та жоқ. Қазақ баласын жасынан кешегі күнге дейін сол «ұят боладымен» тәрбиелеп келді. Сондықтан ибалы, инабатты, арлы, ұятты болып ер жетті. Бүгін сол халықтың «ұят боладысы» кеміп, «онда түрған дәнеме жоғы» көбейді. Соның салдары – көргенсіздік.
Бүркіт НҰРМАҒАМБЕТОВ, саяси ғылымдар кандидаты, мәдениеттанушы:
– Қандай болмасын, ілім-білімнің бастауында қайнар көзі ретінде әдет-ғұрып, салт-дәстүр тұр. Батыста ол жоқ, құрдым болған. Неше ғасыр бұрын көшеге шағарып алған әйелдерін енді үйге кіргізе алмай әлек. Оны гендерлік саясат аясында жүргізіп жатыр. Бізде бәрі керісінше, ер-азаматпен тең болуы тиіс деп, үйдегі әйелді түзге шығардық. Содан баланың тәрбиесінде басты рөл атқаратын ана күндіз-түні дала безер болды. Сонда бала тәрбиесіз болмағанда қайтеді? Оны тәрбиелейтін анасы ер-азаматпен қатар шылым шегіп, шарап ішеді. Гендерлік теңдіктің жеткен жері. Ол аз дегендей, шалбарын да тартып алды. Шыны керек, қазір ұлттық құндылықтардың қадірі кеміді. Оны мойындау керек. Еліктеу, солықтау елдің дәстүрін ірітті. Халқымыз үшін масқара, сұмдық саналатын жат әдеттер жайлап алды. Бұл – қалың қайғының бір қатпары ғана. Қайда бара жатырмыз? Қазақтың тап-тамаша қалыбы қайда қалды? Ойланып көрелікші… Ұят болмас үшін…
Зәмзагүл АМАНГЕЛДІҚЫЗЫ, балабақша тәрбиешісі:
– Қазіргі кезде бала тәрбиесі төңірегіндегі кемшін тұстар туралы түрлі пікірлер айтылып жүр. Шын мәнінде, бала тәрбиесінде орасан күшке ие – теледидар бағдарламалары, темір жәшіктегі алданатын виртуалдық ойындар. Бәрі-бәрі – шетелдің туындылары. Қазақи таным үшін жат дүниелер. Қазіргі қазақ отбасыларындағы сәбилер соларға қарап шүлдірлеп, өсіп келеді. Елімізде кейінгі буын үшін қазақи тәрбие құралына айналар бағдарламалар, кинолар, мультфильмдер түсірілмей кетті. Жат елдің дүниесі қазақ балапандары үшін азық болмасы анық.
Қызғалдақ АЙТЖАНОВА, Қарағанды,
«Алаш айнасы».