«Бешбармак-шоу» атауынан айырылар емес

2759
Adyrna.kz Telegram

Таяуда КТК телеарнасын көріп отырып қатты намыстандым. Қазақ сөзінің қадірін кетірген «Бешбармак-шоу» деген беташар бағдарламаға өнер адамдары жиналыпты. Танымал әнші Нұрлан Абдуллин жүргізген шоуға жиналғандар сорпа ішіп, ет жеп мәз. Бірақ қос аспаздың тамақ пісіру тәсілін бағалап отырған соның бірінің «Әй, осы бағдарламаларыңның атауы дұрыс емес қой» дегені болмады.

 Бұған дейін осы бағдарлама басталмай жатып, теледидардан жарнамасы жүрген кезде, мен бірнеше бұқаралық ақпарат құралдарына хабарласып, өз ойымды білдірген едім. «Бұлары болмайды. Қазақта «бешбармак» деген сөз жоқ» деп едім сонда. Туған тілдің туын көтеріп жүрген «Ана тілі» газеті де алғашқылардың бірі болып «Бешбармақ» қазақтың сөзі емес» деген сыни мақала берген-ді («Ана тілі», №29 (1130)19-25 шілде, 2012 ж.). Басқа да басылымдарда бұл мәселе көтерілгені белгілі. Бірақ, байқап отырғанымыздай, КТК телеарнасы өз әріптестерінің сынына мүлде құлақ аспаған.

Біріншіден, қазақта «беш» деген сөз жоқ, екіншіден, өз төл тағамын қазақ ешуақытта «бешбармак» деп атаған емес. Қала берді, қазақ қана емес, көптеген елдер де өз ұлттық тағамдарын сүйсініп отырып, саусағымен жейді. Онда тұрған не бар екен? Мәселен, өзбек, тәжік, түркімен, үнді, араб халықтарында да қолмен желінетін тағамдар бар. Бірақ оларда да әр астың өз атауы бар. Бұл бар болғаны өзін «өркениет өкілі» санайтын өгей ұлдар мен қазақтың тарихынан, салт-дәстүрінен бейхабар басқалардың бізді келеке қылмақ ниетте жасаған қылықтары.

Өкініштісі сол, әлі күнге еліміздің кей­бір асхана, кафе, мейрамханалары­ның ас мәзірінде қазақтың еті «бешбармақ» деп жазылып келеді. Бірді-екілісінде ғана «ет» деп жазылып, жақшаның ішіне «мясо по-казахски» деп қосып қойған. Одан қалды, қазақтың жиын-тойларында да асабаның «бешбармак бас салайық» деп жар салатыны бар. Бір қауым ел аузына қарап отырған соң асаба да аңғал сөйлемегені абзал ғой.
Қазақтың етіне жетер ас бар ма?! Ендеше, оның төл атын қайтару – бәріміздің борышымыз. Сондықтан көпе-көрінеу қазақтың сөзін бұзып отырған КТК секілді телеарналарға көп болып сөзімізді өткізейік. Олардың мақсаты расында қазақтың төл тағамын насихаттау болса, алдымен оның атауын дұрыс атағаны керек қой. Бұған не дейсіз, жамағат?


Күләш САМЖАНҚЫЗЫ,
Халық ағарту ісінің үздігі,
зейнеткер, «Ана тілі».

Пікірлер