Неше түрлі қонақ болады?

3129
Adyrna.kz Telegram

Есентемір Бөленді Асау шешен қонаққа шақырып отырып:

– Е, Бөле! Сізден бір-екі ауыз сөз сұрайын, рұқсат па? – депті.
– Е-е, шырағым, сұра! – депті Бөлен.

– Құдайдың бергені, үйден қонақ кетпейді. Бірі кетсе, бірі келеді. Біреулері бір келмейді, бірнеше келеді. Осыларды келініңіз көріп: «Мынау тағы келе жатыр ма?» – дейді. Бұл неткені? – депті Асау.
– Ол – келіннің ырысы кеткені, – дейді Бөлен.
– Ауылдың жас балалары кәрі қонақты жақтырмайды, соны күту­ден ерінеді. «Осы шалдарға не жоқ, қыдырды, жеді, бірсыпыра қызықты көрді, енді үйлерінде жатса қайтеді?» – дейді. Бұл неткені?
– Ол – балалардан ерік кеткені.
– Бөле! «Қонақ – қоңсы» дейді қазақ. Қонақ деген кім, қоңсы деген кім?
– Қонақ деген – мына мен, жылына бір рет шақырумен келемін. Қоң­сы деген – мыналар, – деп айналадағы кісілерді көрсетеді. Пәленнің үйіне пәлен келіпті, барып амандасайық деп келеді.
– Ал Бөле! Қонақ неше түрлі болады?
– Қонақ төрт түрлі болады:
Арнайы қонақ,
Құдайы қонақ,
Қыдырма қонақ,
Қылғыма қонақ.
Енді Бөлен Асаудан:
– Жігіттің неше жұрты бар? – деп сұрайды.
– Жігіттің үш жұрты бар деп ойлаймын, — дейді Асау:
Қайын жұрты – міншіл,
Өз жұрты – күншіл,
Нағашы жұрты – сыншыл.
Соңда Бөлен:
– Жігіттің төрт жұрты болатын еді, біреуін тастап кеттіңіз.
Ол – елінің азаматы. Бәрінен де артық сол еді-ау! – депті.

 

Пікірлер