«Қытайдан қашқан» қазақтарды шекара қызметінің тергеу амалдары бойынша Зайсанға әкеткен

3344
Adyrna.kz Telegram

"Қазақ-қытай шекарасын кесіп өткен" Шыңжаң қазақтары Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы ауа-райының қолайсыздығынан ұшақтың Зайсан қаласының әуежайына қона алмауына байланысты Өскемен қаласына жеткен.

Бұл ақпаратты Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлының адвокаты Бауыржан Азанов facebook парақшасында видео түсіріліммен хабарлады.

Адвокат Бауыржан Азановтың Азаттыққа айтуынша, олардың үстінен жүргізілетін тергеп-тексеру амалдары Зайсан ауданында жалғасады.

14 қазанда Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы Алматы қалалық көші-қон полициясына барғанда ҰҚК Шекара қызметінің өкілдері алып кеткен еді.

30 жастағы Қастер Мұсаханұлы мен 25 жастағы Мұрагер Әлімұлы Дөрбілжің аймағынан жолға шығып, қазанның 1-і күні Қытай шекарасынан өткендерін айтқан. Өздерінің айтуына қарағанда, қазақ-қытай шекарасы аралығындағы бейтарап аумақта бес күндей жүріп, қазанның 6-сы күні Шығыс Қазақсан облысының Зайсан, Шілікті, Маңырақ ауылдарының тұсынан Қазақстанға өткен. Кейін жолай такси жалдап, қазанның 10-ы күні Алматыға "келген".

Қазанның 14-і күні Алматыдағы адам құқығын қорғау бюросында өткен баспасөз мәслихатында Қастер Мұсаханұлы да, Мұрагер Әлімұлы да Шыңжаңдағы лагерьде қамауда отырып шыққандарын айтқан болатын.

"Қытайдан қашып келген" қазақтар Қастер Мұсаханұлы (сол жақта) мен Мұрагер Әлімұлы (оң жақта) баспасөз мәслихатында отыр. Алматы, 14 қазан 2019 жыл.
"Қытайдан қашып келген" қазақтар Қастер Мұсаханұлы (сол жақта) мен Мұрагер Әлімұлы (оң жақта) баспасөз мәслихатында отыр. Алматы, 14 қазан 2019 жыл.

- Жазықсыз сол жерге төрт жыл сегіз ай қамалдым. Шыққан соң бір жыл төрт ай үйқамақта отырдым. Лагерьге апарғанда бір апта күн көрінбейтін, жер асты үйінде кісендеулі отырдым. Таққан айыптарын ұрып мойындатпақ болды. Соққыға шыдамадым. Тамақ, су бермеді, - деді Қастер Мұсаханұлы.

Ал Мұрагер Әлімұлы бес жастағы ұлын, отбасын және әке-шешесін тастап, амалсыздан шекара бұзып қашқанын айтады.

- Шыңжаңда не болып жатқанын айтайық деп басымызды қауіпке тігіп келдік. Лагерьде 20 жастағы қыз бен жігіт те, 80 жастағы қариялар да бар. Шыңжаңда жұрт сыртта әңгіме айта алмайды. Бір шәугім шайды үндемей отырып ішеді. Жаназа шығармайды, құран оқымайды. Аймақтағы зираттардағы ай белгілерді бәрін алып тастаған, қорқады, - дейді ол.

Қазанның 4-і күні Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді "Шыңжаңдағы лагерьлерде қазір қазақтар жоқ" деп мәлімдеген. Бірақ Қастер Мұсаханұлының сөзінше, "лагерьде қазақтар әлі бар".

- "Лагерьде қазақ жоқ" деген өтірік. Бесеуі шықса, оны кіреді. Қытай тілін үйретуге жаппай кіргізіп жатыр. Інім Қасиет 2016 жылы кірген. Қазір қайда екенін білмейміз. Барып білейік десек, өзімізді қамай ма деп қорқамыз, - дейді ол.

Қазақстан Мұсаханұлы мен Әлімұлының үстінен "Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту" бабы бойынша іс қозғауы мүмкін. Қылмыстық кодекстің бұл бабында мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл немесе бір жылға бас бостандығынан айырып, кейін Қазақстан аумағынан шығару жазасы қарастылған.

Бұған дейін де "Қытайдағы саяси жағдайдан қауіптеніп, Қазақстан шекарасынан заңсыз өтуге мәжбүр болдым" деген тағы бір Қытай азаматы, этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбай ісі 2018 жылы Қазақстан қоғамын елеңдеткен.

2018 жылы мамыр айында "Қорғас кеден бекетін заңсыз бұзып өтті" деген айыппен қамауға алынған Сайрагүл Сауытбайға Қазақстан Қылмыстық кодексінің 392-бабы ("Шекараны заңсыз бұзып өту") бойынша айып тағылған. Ол сот процесі басталар қарсаңда және одан кейін Қазақстаннан босқын мәртебесін ала алмаған. Оған Алматы облыстық полиция департаментінің көші-қон басқармасы оған "пана іздеуші тұлға" куәлігін берген еді.

Сот Сайрагүл Сауытбайды алты ай бас бостандығынан айыруға, бірақ оны "жазасын жеңілдететін ерекше жағдайына" байланысты шартты жазаға алмастыруға үкім еткен. Осылайша сот Сайрагүл Сауытбайды Қытайға депортацияламай, Қазақстанда қалдырған. Бұдан кейін Сайрагүл Сауытбайды Швеция қабылдаған болатын.

"Азаттық" радиосы

Пікірлер