Ерлан Рысқали: Әлем ұлттық музыкаға бет бұра бастады

2680
Adyrna.kz Telegram

– Есімде, осыдан біршама жылдар бұрын екеуміз сұхбаттасқанда, «енді мен елдегі ешбір ән байқауына қатыс­паймын, тек халықаралық байқауда елімнің намысын қорғаймын, бұйыр­са» деген болатынсыз. Осы сөзіңіз қа­был болғандай, шынында да, бүгін күл­лі қазақ үшін күй атасы Құрманғазы елі Астраханьнан бас жүлдемен ора­лып отырсыз. Еларалық тұңғыш бай­қаудан алған әсеріңіз қалай?
– Жуырда Ресейдің Астрахань қала­сында өткен «Голоса Золотых степей» деп аталатын ІІІ Халықаралық ұлттық әндер байқауына қатысып, олжалы оралдым. Байқау екі түрлі сында, яғни ансамбльдік орындаушылар мен жеке орындаушылар арасында өтті. Барлығын жиып келгенде бас-аяғы 40-қа жуық ұлт өкілдері өз елдерінің, өз ұлтының өнерін алып келді. Байқау шартының өзі сондай — бірінші және екінші бөлімінде де өзіңнің байырғы ұлттық әніңді ортаға саласың.

Байқау өте жоғары деңгейде өтті, әділқазылардың өзі халықаралық дәрежеде: Вена, Польша, Украина, Венгрия т.б. елдердің есімдері әлемге әйгілі өнертанушы, әнші, өнер зерттеушілері болды. Үміткерлер де осал емес. Негізі, бір байқағаным елдегі байқаудағыдан ерекшелігі – өзге елде болғаннан кейін саған қоятын талап та екі есе жоғары болады екен. Ал Астрахань жұртының әнді, өнерді бағалап, қадірлеуі маған сондай қатты ұнап, үлкен ой салды. Неге? Себебі онда алыстан ән естігеннен кім де болса тоқтай қалып тыңдап, сол ән бітпейінше отырған орнынан тұрып кетпейді. Байқаудың бірінші күнінен-ақ бір тыңдағаннан-ақ «Қазақстаннан мықты әнші келіпті» деген сөз тарап, екінші күні зал кешегісінен де толып алғанын көргенде, қазақ өнеріне деген сонша ықылас үшін көзіме жас толды.

Содан Сергей Стрельников деген Астраханьның мықты вокал әншісі бар екен, жасы 60-ты алқымдаған ағамыз екі күнде де мені тыңдап, өзі келіп, қолымды алып, ризашылығын білдіріп тұрып: «Сенің мына домбырамен орындағаның керемет, бірақ жалғыз домбырамен қалып қойма, опералық жанрда да ән айтуға алдымен романс, ария­лар айтудан бастасаң қайтеді? Бұл сенің әлемдік сахналарға шығуыңа жол ашады. Бірақ дәл опера әншісі секілді үрдіспен айтпа, сенің өз қазақы үнің бар, түбі сол сені, сен арқылы қазақ деген халқыңды әлемге алып шығатынына мен кәсіби маман ретінде кепілдік бере аламын», – деді.

Өзі маған ресейлік ескі және заманауи да әншілердің орындауындағы романс, ария, операларды таспаға жазып берді. Тіпті кетер-кеткенше қасымда болып, пойызға дейін шығарып салды. Енді қарап тұрсақ, мен ол кісі өз елінде қанша атақты болса да, бұрын-соңды танымаған адамым, екеумізді табыстырып, жақындастырып тұрған – өнердің құдіреті.

– Қазақтың ұлттық музыкасы өзге­лер­дікімен салыстырғанда қандай дең­гейде екен? Көкейіңізге қандай ой тү­йіп қайттыңыз?

– Қазақтың ән-жыр мұрасы бас-аяғы бүтін, төрт құбыласы түгел деп айта аламыз. Менің бұл ойымды байқаудың қазылар алқасының төрағасы, Ресей Халық әртісі Игорь Мациевский деген кісінің шеберлік сыныптардың бірінде айтқан сөзі де қуат­тады. Академик ағамыз: «Егер де сендер қан­дай да бір ұлттық, этнографиялық-фоль­клорлық өнердің өте жоғары дең­гейін, керемет биік шыңын көргілерің кел­се, қазақтың өнерімен танысыңдар», – деді. Қаншама байқауға қатысушылардың ортасында отырған маған бұл сөз сондай ерекше әсер етіп, қазақ болғаным үшін ерекше мақтандым сонда. Тіпті бай­қаудың атауының өзін «Голоса Золотых сте­пей» деп қоюға ұйғаруымның басты себебі, соған түрткі болған басты нәрсе – қа­зақтың ұлы күйшісі Құрманғазының «Сары­арқасын» тыңдағаннан кейін таптым» деді. «Сарыарқаны» тыңдағанда біз­дің көз алдымызға шексіз кеңістік, жа­зықтық елестемей ме, сол сезімді әлгі музыка маманы, өнер майталманы тап басып түсінуінің өзі өнердің тылсым құдіреті сияқты.

– Сергей Стельников сізге «неге әлемдік сахнаға шықпасқа, неге романс т.б орындап, қазақ ұлтының үнін асқақтатпасқа?» деген ұсынысын, ұмыт­пасақ, сізге екі жылдай бұрын Астанаға келген сапарында итальян­дық әйгілі әнші, әйгілі тенор Пласидо Доминго да айтқан еді. Енді өзіңіз қан­дай ұй­ғарымға келіп отырсыз?

– Ақырында осы салаға да көңіл бөлу керек деген ойға қалдым. Себебі басқа жұрт емес, дауыстың кәсіби шеберлерінің бағыты ғой. Оның үстіне, Стрельников өз өнерінің арқасында Астрахань қаласының губернаторымен жақын достықта екен. Сондықтан өзі сенімді түрде «Астраханьға келсеңші, біз барынша өзіңе де, өнеріңе де жағдай туғызуға тырысар едік, үй-жайдан да көмек бере аламыз» деп қолқа салып отыр. Оған елп ете қалып, көне салған жайым жоқ, әрине, әуелі қазақ деген елім тұр, сосын жарым, балам, отбасым, ата-ана, бауыр, дос дегендермен кеңесуді ұйғардым. Бірақ ішімде «шіркін-ай, өз елімізде дәстүрлі өнерпаздарға осындай жағдай жасаса ғой, осындай лайық құрмет көрсететін күн туса ғой» деген ой жатты. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дегенді санамызға сіңіріп, көкейімізге қыстатып өскен жандар қатарынанбыз, бірақ, екінші жағынан, мәңгі қоныс аударып, ел мен жерді тастап кеткелі жатқан ешкім жоқ, сондықтан қазақтың үнін, бәлкім, шекара сыртынан шығып таныту, тарату да керек пе деп, екі ойлы болып оралған жайым бар.

– Өкінішке қарай, ұлттық музыкамыз өзге елде көрген осындай құрметін өз елінен дәл сол деңгейде көріп жатпағаны анық. Эстрада басты орынға шығып, төл мұрасы тасада қалу құбылысы тек бізде ғана ма екен, әлде соған ұқсас мұңын шаққан ел өкілдері ұшырасты ма?

– Жалпы, әлем бойынша ұлттық музыка опера мен эстраданың көлеңкесінде қалып барады, яғни мұны ғаламдық құ­былыс, ғаламдық дерт десек болғандай. Осы мәселені қалт басып, түбі жақсылыққа апармайтынын сезген елдер қазір қыбыр­лап, қандай да бір қарекетке бару үшін осы байқау іспеттес іс-әрекеттерге барып жатыр десек болғандай. Себебі Астра­хань­ның ізін ала бере қыркүйектің соңғы ап­тасында Сочиде ұлттық музыкадан бай­қау өткелі жатыр. Айтпақшы, Ресейдің кез келген қаласында музыкалық колледж, жоғары оқу орындарында болсын, этномузыкалық факультет бар. Яғни олар өздерінің фольклорын зерттеп, соны оқы­татын, үйрететін мықты мектеп қалып­тас­тырған. Ал бізде, өкінішке қа­рай, сау­сақпен санап-ақ бере аламын: Ал­матыда Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық кон­серваториясы, Т.Жүргенов атын­дағы Қазақ өнер академиясы, сосын Ас­танадағы Қазақ өнер университеті. Ал басқа қалаларда толық­қанды этнофольклор бөлімі, тұтас факуль­теті жоқ қой?.. Осыны қолға алмай, түзел­месі анық. Қазір әлемде ұлттық музыка мұрасына аздап бетбұрыс байқалып келе жатқандай.


Мәриям ӘБСАТТАР, «Алаш айнасы».

Пікірлер