Ислам әлеміндегі деструктивті -террористік ұйымдар мен радикал топтардың 90% пайызы сопылық тариқаттар

13874
Adyrna.kz Telegram

Қазақстандағы сопылық бағыттағы түрік жамағаттарының даму әлеуеті оларға тиісті деңгейде назар аудару қажеттігі пісіп-жетілгенін айғақтайды.
Нұршылар – бүгінгі таңда Түркияда ең көп таралған жамағаттардың бірі. Діни ұстанымдары сопылық бағыттағы исламға негізделген. Нұршылар жамағаты өздерін саясаттан алшақ деп танытады. Олар өз мақсаттарын осы заманда «тек иманды сақтау» деп түсіндіреді. Дегенмен бұл жамағат бір ғана тұлғаның (С.Нұрси) шығармашылық еңбектерін дәріптеп, оның көзқарастары мен идеяларын насихаттау арқылы өз сенушілерін кітаптармен ақпараттық тұрғыдан оқшаулайды.
Қазақстандағы нұршылар тобының басым көпшілігін жастар құрайды. Ағым мүшелері болып табылатын жастар қазіргі заманғы жаңа ақпараттар ағымынан, заманауи құндылықтарды сіңіруден, зайырлылық қағидаттарды меңгеруден шеттетіледі. Бұл өз кезегінде жамағат идеологиясын ұстанған жастардың зияткерлік дамуына әрі Қазақстандағы мұсылман азаматтардың ішкі бірлігіне кері әсер етеді.
Ф.Гүлен бастаған қоғамдық қозғалыс әлемде жүз мыңдаған адамды біріктіріп отыр. Оның құрылымына көптеген қорлар, компаниялар, білім беру орындары, бизнес корпорациялар, баспа үйлері кіреді. Алматы қаласындағы Қазақ-Түрік білім беру қоры (КАTEV) осы жамағатқа тиесілі. Бұл қор қазақ-түрік лицейлерін қаржыландырады. Сүлеймен Демирел атындағы университет те осы ағымның оқу орны болып табылады.
Лицей оқытушылары өздерінің діндарлығын жасырып ұстайды. Яғни, білім беру орындарында діни білім беру жұмыстары жасырын жүргізіледі. Сондай-ақ қозғалыс діни ұйым ретінде ешбір елде тіркелмегендіктен олардың қызметін мемлекет тарапынан тұрақты бақылауға алу өзіндік қиындықтар тудырады.
Қазіргі таңда Гүлен қозғалысы Түркияның өзінде мемлекетті басқару тетіктерін қолға алған аса үлкен саяси-экономикалық күшке айналды. Ұлттық қауіпсіздікті сақтау мақсатында бұл фактордың тиісті мемлекеттік органдар тарапынан ескерілуі маңызды.
Сонымен қатар қадағалау шаралары іске асыру арқылы ел аумағындағы қазақ-түрік лицейлерінің саясиланған діни идеологияны насихаттаушы орталықтарға айналу мүмкіндігінің алдын алу қажет.
«Ықыласшылар» жамағатының аудиториясы зиялы қауымға, бизнес өкілдеріне бағытталған. Бұл жамағат жетекшілерінің өздерінде жеткілікті деңгейде діни білім болмағандықтан Қазақстан азаматтарына қандай да бір күшті идеологиялық тұрғыдан ықпал ету мүмкіндігі аз. Қазіргі кезде бұл жамағаттың Түркияның өзінде әрекет ету белсенділігі төмендеген.
Дегенмен, «ықыласшылар» жамағатының діни көзқарастары Қазақстан мұсылмандарының тұтастығына қауіп төңдіреді. Өйткені олардың рухани дүниетанымы мен саяси көзқарастары еліміздегі мұсылман халықтары ұстанған дәстүрлі діни көзқарастардан ерекшеленеді. Ұйым шетелден басқарылады, шетелдік қорлар тарапынан қаржыландырылады, сондай-ақ шетелдік эммисарлардан діни дәрістер алады. Осыған орай бұл ұйымның қызметін бақылауға алудың да өзіндік маңызы бар.

Сүлейменшілер жамағатының өкілдері Қазақстанға 1995 жылдан бастап ене бастады. Олардың пансионаттары қайырымдылық қорлар негізінде 1997 жылдан бастап Әділет министрлігінде ресми тіркеудан өткен. Қазіргі таңда сүлейменшілердің Қазақстан аумағындағы 46 қайырымдылық мекемесі «Алшаң Жібек Жолы» қайырымдылық мекемелер қауымдастығына біріккен. ҚМДБ мен аталмыш қауымдастық арасында 2014 жылы 14 наурызда ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды.
Дегенмен Қазақстан өңірлеріндегі діни ахуалды зерделеу жұмыстары барысында аталмыш меморандум шарттары барлық облыстарда толығымен орындала бермейтіні анықталды. Жекелеген өңірлерде іс жүзінде қауымдастық өкілдерінің ҚМДБ-ның жергілікті мамандарымен санаспайтыны, жамағатшылдық-жікшілдік тұрғыларын белгілі бір дәрежеде жүзеге асырып отырғаны байқалады.
Дегенмен өзіндік идеологияға негізделген бұл мекемелер қызметінде жамағатшылдық психология қалыптастыратын жікшілдік көзқарастардың бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Сондықтан сүлейменшілер пансионаттары қызметін қадағалау жұмыстары ары қарай жетілдіру және ҚР заңнамаларын толыққанды орындауды қамтамасыз ету айрықша маңызды болып табылады.
«Мәнзіл» жамағаты  түркілік нақшбандия тариқатының тармағы болып табылады. Жамағаттың «Самарқанд Тобы» деген атаумен бірнеше медиа салалары жұмыс жасайды. Олардың қатарына кітап баспасы, телеарналар, радиостанциялар, журналдар, ақпараттық агенттіктер кіреді.
Романтикалық-батырлық идеяларға негізделген бұл ұйымның идеологиясы жастарға өз әсерін тигізіп, оларды әділдік жолында құрбан болуға дайындайды.
Қазақстан аумағына жамағаттың ең жақын штабы Қырғызстанда орналасқан. Қырғыстанда жамағат өкілдері өздерінің мешіттерінде, қоғамдық ұйымдарында белсенді жұмыс жүргізеді. Қазақстанда бұл жамағаттың жекелеген өкілдері Астана, Алматы, Шымкент және Түркістан қалаларында кездеседі. Сондықтан жамағаттың Қазақстан аумағында өз идеяларын тарату мүмкіндігі бар екендігі қадағалау назарына алынуы қажеттігін негіздейді.
«Топбашшылар» атымен белгілі болған «Махмуд Худаи ваквы» жамағаты қайырымдылық қорлар арқылы Қазақстан Республикасындағы діни білім беретін мекемелерге (медреселер, діни сауат ашу курстары, Имамдар институты) демеушілік көрсету, қайырымдылық шараларын ұйымдастырумен айналысады. Өз қызметтерін жалғастыру мақсатында барынша бейбітшіл, ымырашыл жолды таңдайды. Оған бүгінде олардың ҚМДБ-мен ынтымақтастық негізінде бірлесе жұмыс жасауы мысал бола алады.
Дегенмен, жамағат Қазақстанда демеушілік жасаумен қатар діни білім беру мекемелерінде өз өкілдерін дәріскер ұстаз ретінде жіберіп, жамағатпен мүдделес азаматтардың санын арттыруды мақсат етеді. Осыған орай жамағаттың діни ұстаздарды сырттан кіргізуін шектеп, тек демеушілік жұмыстармен айналысуға мүмкіндік берген жөн.
«Исмаил-ага» жамағаты немесе «Махмудшылар» деген атаумен белгілі діни ағымның қатаң ұстанымдары қоғамда жиі сынға ұшырап, өз ілімдерінің кеңінен таралуына кедергі болып отыр. Өйткені жамағат жаңадан қосылған адамдарға көптеген талаптарды қою арқылы оларды өздерінен алшақтатып алуда. Сондықтан жамағаттың зайырлы қоғамдағы өмірге бейімділігі төмен.
Өз діни қағидаттарын барынша қатаң ұстанып, көсемдерінің пәтуалары мен үкімдерін бұлжытпай орындайтын жамағат өкілдері әлемнің әр түкпірінде бір-бірімен байланыс орнатып, жүйелі жұмыс жасайды. Қазақстан аумағында әлі кеңінен тарап күш алып үлгермегенімен жамағат мүшелері Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстарында кездеседі.
Аталғандардан тыс Қазақстан аумағында ислам бағытына негізделгенімен әртүрлі мақсаттарға қызмет ететін басқа да бірқатар ағымдардың қызметі немесе ықпалы байқалуда.
«Таблиғи жамағат» ұйымының діни ұстанымдары қоғамның діни көзқарастар тұрғысынан жіктелуіне өзіндік әсер етеді. Оның мүшелері мен ізбасарларының конституциялық құқықтар мен міндеттерді ескермеуі «Таблиғи жамағаттың» деструктивті сипатқа ие екендігін көрсетеді.
Ұйым мүшелерінің діни сауаттылығының төмендігінен олардың бұрыс бағыттағы радикалды-экстремистік ағымдардың қатарына қосылу қаупі арта түспек. Ұйым ұстанымдарында еліміздің тарихи және мәдени өмірінде қалыптасқан дәстүрлі болып табылатын ханафи бағытындағы исламның қағидаларына қайшы тұстар да кездеседі.
Аталған діни ұйымның Қазақстан аумағындағы қызметіне тыйым салынғандығына қарамастан ұйым мүшелері насихатының ел аумағында жалғасын тауып отырғандығы олардың іс-әрекетінің зардаптары жөніндегі ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жалғастыру әлі де өзекті екенін айғақтайды.
«Хизб-ут-Тахрир» ұйымының ұстанған бағыты мен мақсаты әлем жұртшылығын алаңдатып, діндер арасында іріткі салуды көздейтіндіктен Таяу Шығыстағы мемлекеттер, сондай-ақ, Иордания, Пәкістан, Ресей, Германия, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және т.б. елдер аталмыш ұйымның өз елдері аумағында қызмет етуіне ресми түрде тыйым салды. Ұйым жұмысына Қазақстан аумағында да сот шешімімен тыйым салынғаны белгілі.
Аталмыш ұйымның идеологиясы мен іс-әрекеттері зайырлы мемлекеттің конституциялық құрылымын бұзуға, зайырлы әлеуметтік-қоғамдық институттарды жоюға бағытталған. Аталмыш ұйым жақтастарының ел аумағында әлі де кездесетінін ескере отырып, аталмыш ұйымға тән идеологияны насихаттаушы ақпараттар легіне тосқауылды күшейткен жөн. Сондай-ақ тұрғын халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүзеге асыруды жалғастыру маңызды.
«Мұсылман бауырлар» қозғалысының басты мақсаты – шариғатқа негізделген ислам мемлекетін құру екені белгілі. Ұйым қызметіне 2005 жылдан бастап елімізде тыйым салынғаны белгілі.
«Мұсылман бауырлар» ұйымы Қазақстанда әрекет етпегенімен, бұл ұйымның көзқарастары көптеген экстремистік деп танылған ұйымдардың пайда болуына себеп болғандығын ескеру қажет. Сонымен қатар аталмыш ұйымның діни-саяси көзқарастары Египет және Ливан елдерінен білім алып келген қазақстандық жастар арасында таралу қаупі бар. Сондықтан «Мұсылман бауырлар» ұйымының идеологиялық ықпалын алдын алу мақсатында ғаламтор ресурстарында және тұрғын халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілгені жөн.
Нақшбандия сопылары және Құрбанәлі жамағаты Қазақстан аумағында белсенді әрекет ететін қозғалыс болып табылады. 2009 жылы тариқат жетекшісі қоқандық Ибрахим хазірет дүниеден өтіп, ұстаздық қызмет қазақстандық Насриддин Абдувоитовке өтті. Осы кезеңде Құрбанәлі Ахмед өз жамағатымен Насриддин басқарған жамағаттан бөлініп шықты.
Қазіргі уақытта Қазақстанның оңтүстік және батыс өңірлерінде Құрбанәлі Ахмед жамағатының кеңінен таралу үрдісі байқалады. Дегенмен өңірлік діни ахуалды зерделеу жұмыстары барысында қазіргі қоғамда Құрбанәлі Ахмед тұлғасы мен жамағатына қатысты біртекті пікір қалыптаспағандығы аңғарылды. Жамағат мүшелері мешіт жамағатының арасында діни негіздегі пікір қайшылықтарын тудыруда. Сонымен қатар
Қазақстан Республикасының аумағында тиым салынған "Талибан", " Өзбекстан Ислам қозғалысы " , Тәжікстандағы " Ислам " партиясы, " Хизбут -Тахрир", " Мұсылман бауырлары" т.б экстремистік топтардың барлығы сопылық діни-саяси идеологиясынан бастау алатынын ескертеміз.

Сол үшін жоғарыда аталған сопылық тариқаттардың кейбір қайшылықты іс-әрекеттері Қазақстандағы деструктивті сопылық жамағаттар қызметін қадағалауды күшейту қажеттігін негіздейді.

Осман нури Топбаш

Махмуд Уста Османоглы

Сулейман Хильми Тунахан

Мухаммед Рашид Эрол

Мухаммед Юсуф Кандехлави

Такиудин Набахани

Хасан аль Банна

Мулла Омар

 Тұрарбек Құсайынов

"Демос " ҚБ төрағасы

Пікірлер