Серік Қалиев: Халық әндерін орындасам, бір жасап қаламын

3226
Adyrna.kz Telegram

- Әңгімемізді туып-өскен же­рің­ізден бастасақ?
- Туған жерім — Шығыс Қа­зақ­стан облысы Тарбағатай ау­даны (бұрынғы Семей облысы Ақ­суат ауданы). Тарбағатай тауы­­ның баурайында қоныс теп­кен Ақсуат елі — қонақ­жай­лы­лы­­ғы­мен, дарқандығымен та­ныл­ған, би Боранбай, Шәкі, Са­­сан би­лердің, Тана мырза, Мол­дабай балуан, Ырғызбай әу­лие, Әсет­пен айтысқан Кәрібай ақын се­кілді тұлғалардың ізі қалған, тек­тілік тамыры тереңге кеткен тұ­ғыр­лы мекен.
- Тырнақалды туындыңызды неше жасыңызда жаздыңыз? Ол қай басылымда жарияланды?
- Ең алғашқы өлеңді жеті жа­сымда құрастырғанмын. Қой­дың алдынан шығып, қолымнан тамақ жейтін мүйізі шаңырақтай ақ серкеге мініп келетінмін. Бір күні оқудан үйге демалысқа кел­сем, көрші шопан үйіне келген қонағына пышаққа ілінетін мал таппай, әкемнен қоярда-қоймай ақ серкені союға сұрап алып ке­тіпті. Осы оқиға бала көңіліме ер­ек­ше әсер етті. Сол ақылды ақ серкеге бауыр басып кеткен­дік­тен, кәдімгідей қиналғаным бар. Сонда ақ серкеге арнап «Ақ­ сер­кем жайрап жатыр, Көр­­­шінің қа­занында қайнап жа­­тыр» деп өлең құрастырған­мын. Қазір жа­сы сексенге кел­ген анам сол ақ серкені берген көр­шінің аты-жөніне дейін айтып отырады.
Сол кездегі әдебиетке құш­тар балалар сияқты мен де ба­лаларға арналған басылымдарға жазған-сызғанымды поштамен жиі жол­дайтынмын. Көбіне «талабың дұрыс, көбірек ізденіп жаза бер, келесі жолы жария­лай­мыз» де­ген мазмұндағы жа­зылған хаттар келетін. Соның өзіне кәдімгідей арқаланып, қа­наттанып қала­тын­мын. 6-сы­ныпта оқып жүр­генде ауылдағы мектепте Әзілхан Нұршайықов­тың «Ақиқат пен аңыз» кітабы бойынша әдеби кеш өткен еді. Даңқты қаһарман ата­мыз Ба­уыр­жан Момышұлы тура­лы жа­­­зылған шығарманы тұтас оқып, талқылауға белсене атса­лысқан едім. Бір аптадан кейін аудан­дық «Еңбек туы» газетіне мә­дени шара туралы жазылған ме­­нің шағын мақалам шыға кел­ді. Әсілінде, бұл мақаланы мен жаз­баған болатынмын. Кей­ін суретші Темірханов Ер­лан ағайымыз: «Бұл мақаланы сенің атыңнан мен жаз­ғанмын, болашақта өзің де жаза алаты­ныңа сендім» деп арқамнан қаққаны әлі есімде. Ең алғашқы анама арналған өлеңім Алма­ты­дағы қазақ тілі мен әдебиетін те­реңдете оқытатын №2 мек­теп-интернатының 9-сыны­бын­да оқып жүргенде «Пионер» журна­лына (қазіргі «Ақ желкен» жур­на­лы) жарияланған болатын. Өз қолтаңбамның тасқа басыл­ғанына сенер-сенбесімді білмей, әлгі өлеңді қайта-қайта оқып, жур­нал­ды бір түн қойныма қысып жат­қа­ным бар. Ал алғашқы топ­тама өлеңдеріме сәт сапар тілеп, аудан­дық газетке жариялаған — ақын, сатирик, драматург, Тар­бағатай ауданының Құрметті аза­­маты, өнер­де­гі ұста­зым Серік Жұ­матов.
- Әңгімеңіздің ауанына қара­ғанда, сонда сіз Алматыдағы мек­теп-интернаттың түлегісіз ғой?
- Иә, талай дарындардың ал­тын ұясына айналған №2 мектеп-интернаттың мен де бір түлегімін. Биыл Мұхтар Ботабайұлы бас­қа­ратын Абай атындағы Ре­спуб­ликалық мамандандырылған да­рын­ды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқы­татын мектеп-интернатына 55 жыл толғалы отыр. Ұлтының сө­зін сөйлеп, ана тіліміздің мәрте­бе­сін көтеретін, халықтық салт-дәстүрдің қайнарынан сусындаған нағыз ұлтжанды ұл-қыздар осы білім ордасында тәрбиеленіп жа­тыр деп ойлаймын. Өйткені онда республиканың барлық өңірінен келген дарынды балалар білім алуда. Бұл білім ордасы менің де өміріме үлкен әсер етті. Әсіресе, ұстазым Нағима Бекмағам­бето­ваның сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Осы мектеп қабырғасында оқып жүргенде республикалық олим­пиа­да­ның жеңімпазы ретінде ҚазМУ-дің филология факуль­тетіне емтихансыз қабылдандым.
- Біраз жыл ҚазҰУ-дің өнер ұжымын басқарып, ұйымдастыру­шылық қабілетіңізді танытқан еді­ң­із?
- Университетті бітірген жы­лы ұстазым Тұрсынбек Кәкішев ғылым саласына баулып, Қазақ әдебиеті кафедрасына алып қал­ған еді. Студенттер сарайы ашы­лар тұста университеттің өнер ұжымы жоқтың қасы десе де бо­латын. Сол кездегі университет рек­торы, парасатты тұлға К.Нәрі­баевтың қолдауымен, проректор Қ.Баймырзаевтың ұсынысымен Студенттер клубына директор бо­лып баруыма тура келді. Бар қабілетімізді салып, өнерлі сту­денттердің басын қосып, «Фараби сазы» ұлт аспаптар оркестрін құр­дық, қазақ тілінде алғаш рет кө­ңіл­ді тапқырлар сайысын ұйым­дастырдық. Студенттер театрын құрдық. Жастардың бәрі желпініп тойлайтын «Әулие Валентин» күнінің келешек ұрпақ үшін мән-мазмұнының жоқтығын аңдат­қымыз келіп, тұңғыш рет «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу» күнін атап өтуге мұрындық болдық. Жас­­тардың патриоттық сезімін күшейту мақ­сатында Тәрбие ісі жөніндегі про­­­ректордың орын­басары Гүл­нар Әлімбекқызымен бірге «Ме­нің Қазақстаным» сияқ­ты фести­ва­ль­дерді өткізуді жолға қойдық. Сту­денттердің «Жас ақ­ын­дар» үй­ірме­сінің тұсаукесер рәсіміне мар­­құм Тұманбай Мол­дағалиев ағамыз келіп, ақ батасын берген болатын. Студенттер клу­бында ән айтуға машықтанып, би билеуді үйреніп, сахнада өнерін көрсеткен студент­тердің бүгінде көрермен көзайы­мына айнал­ған­дары да аз емес. Сол кезде Се­рік­зат Дүйсен­ғазин, Данияр Саламат, Болат Әмір­ханов секілді талантты аза­маттармен бірге қыз­меттес бол­­ғанымды айта кеткім келеді.
- Жырсүйер қауым сізді жазба ақын емес, айтыскер ақын ретінде жақсы біледі. Қанша жасыңызда айтысқа қатыстыңыз? Сіз осы екі ақындықтың қайсысын жаныңызға жақын тұтасыз?
- Наурыз мерекесі қайта оралып, кеңінен тойланып жатқан кезде жоғарыда атап өткен Нағима апайымыз «мектептегі Наурыз мей­рамында айтыстан көрініс көр­сетесіңдер» деп әнші бауырым Тоқтар Серіков екеуімізге өлең жа­зып берген болатын. Екеуміз әбден дайындалып, тіпті бір-бірі­міздің не айтатынымызға дейін жат­тап алдық. Ал сахнаға шық­қан­да екеуміздің де жаттағаны­мыз жайына қалып, өз әлімізше жау­ап­тасып, шын мәніндегі ай­тыс­тың үлгісін көрсетіп кеттік. Мүмкін бір ұшқынның тұтануына осы да себеп болған шығар. Содан бері жиырма жылдан астам уақыт бо­йы айтыс сахнасында азды-көп­ті өнерімді ортаға салып келе­мін. Ал қайсысын жақын тұтасыз деге­ніңіз­ге айтарым, маған екеуі де жақын. Өзімнің суырып­сал­малық қабілетіме сенімдімін, бірақ ай­тыс­қа кейінгі кезде сирек қатысып жүрмін. Ал жазба өлеңді күтіп жү­ремін, ағылып келген сәтте ғана қағаз бетіне түсіремін.
- Жалпы, айтыста тігілген те­мір тұлпар саны жүзден асып жы­ғылады екен. Соның қаншасын тақымыңызға бастыңыз?
- Айтыс — ұлыққа емес, ұлтқа керек өнер. Арда өнеріміз айтыс­тың шын жанашыры Жүрсін Ерман ағамыз — осы айтысты өрге сүйреп, ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген бірден-бір адам. Өзіңіз айтқан автокөліктерді де жеке меценаттардың демеушілі­гімен бәйгеге тігіп, айтыс жеңім­пазына сыйлап келеді. Жүрсін Ер­ман ұйымдастырып жүрген ай­тыстарда әлі күнге дейін бірде-бір көлік мінгенім жоқ. Аллаға шүкір, іні-қарындастарым алды отыздан аса, соңы төрт-бес көліктен мініп жатыр. Алла тағала алған жүлде­лерінің берекесін берсін! Өз ба­сым 2008 жылы Арқадағы Сарша­ұлы Қареке бабаға арналған рес­­публикалық ақындар айты­сын­да бас бәйгеге тігілген темір тұлпарға ие болғаным бар.
- Аламан айтыстарға қатысып қана қоймай, кейде қазылық та жасап жүрсіз. Әріптестеріңіздің өне­рін бағалау да оңай емес шы­ғар?
- Қазылық жасау деген — «бі­реу­ден алғыс, біреуден қарғыс ала­тын» өте жауапты міндет. Қа­зы­лар да пенде. Кейде «біреудің көзі, біреудің сөзі жақсы» дегендей бұратартып кететін кездерін де талай көргенбіз. Өзім қазылардан көп қиянат көргендіктен, мүмкін­дігінше әділ бағасын беремін.
Үш-төрт жылдан бері Елор­даның туған күніне орай өткізіліп келе жатқан республикалық ақын­дар айтысын ұйымдас­ты­ру­дың басы-қасында жүрмін.
- Айтысқа баулып, тәрбиелеп жүрген шәкірттеріңіз бар ма? Бол­с­а, олар кімдер?
- Еліміздің әр аймағынан із­деп келетін ақын бауырларымның меселін қайтарған емеспін. Жал­пы, айтыста олжа салып жүрген көптеген іні-қарындастарыма ақыл-кеңес беріп, ұтқыр ойларды айтып шығуына бағыт-бағдар бе­ру­де кеңдік танытып келемін деп ойлаймын. Олай дейтінім, көп ақындар ел алдында жарқырап кө­ріну үшін, көрерменнің кө­кейін­дегісін дөп басып айтатын тұшымды ойларын өзгеге айтып шыға ғой деп жомарттық таныта бермейді ғой.
Қазіргі уақытта айтыстың қыр-сырын меңгерем деп, аға тұ­тып келіп жүрген інілерім бар. Соның бірі — мектеп оқушысы Ал­тынбек Ибрагимов «Хабар» ар­насы мен «Заңғар» шығармашы­лық бірлестігі ұйымдастырған ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына ар­налған «Жастар жырлайды» теле­жобасының ақтық сайысында бас жүлдені қанжығасына байлады. Сондай-ақ, осы жобада өз өнерін ортаға салып, көрермен көзайы­мына айналған Олжас Құлымбай деген ақын інімнің де келешегінен көп үміт күтемін.
- Сіз атақты «Қара жорға» әні­нің мәтінін жазған ақындардың бі­рісіз. Осы әннің шығу тарихы тура­лы өз аузыңыздан есту — оқырмандар үшін де өте қызықты болар еді?
- Ел ішінде сақталған «Қара жорғаны» атажұртқа алып келген Қытайдағы қандас бауырларымыз. Қазіргі кезде «Қара жорғаның» шы­ғу тарихы туралы алыпқашпа әңгімелер өте көп. Қалай десек те, өзгелер біздің ұлттық құндылық­тарымызға өзеуреп, өздеріне тар­тып жатқанда неге біз «Қара жор­ға­ны» сыртқа итеруіміз керек? «Қа­­­­ра жорғаға» мәтін жазған Үрiм­­­жiде тұратын Мерей Тұрдақын­ұлымен кездесіп, «Кемпір жүрсін кеңкілдеп», «домалайды қу бас­тар» деген жолдарды өз­герткенімді айтқанымда риза­шы­лығын білдір­ді. Мен оның жазған нұсқасын мүл­дем алып тастаған жоқпын. Өйткені «Қара жорғаға» алғаш өлең жазған сол бауырымыз бола­тын. Мен өңдеген нұсқа Мұ­ратбек Сарбасовтың орындауында ха­лық­қа тарап кетті. Бала кезімде ауылдағы жиын-тойларда түйе ба­луан атанған Қалмақбаев Тұрсын ағамыздың билегеніне талай куә болғам. Тіпті ХVIII ғасырдағы фран­цуз Барбиштің, неміс Паули­дің 1854 жылы салған суретінде де билеп тұрған қазақтардың бейне­лен­гені — бұл бидің тарихын рас­тай түседі.
- Тағы да қандай әндердің өлеңін жаздыңыз?
- Әнге өлең жазу оңай емес. Өйткені, әннің әуені мен өлеңі қа­бысып, ортақ үйлесім табуы шарт. Өлең сөздерінің ашық дауыс­ты болуы, таптаурын ұй­қас­тарды қайталамауы, сингорма­низм заңдылықтары үлкен жа­уап­­кершілікті талап етеді. Осы күнге дейін атақты Е.Хасанғалиевтен бастап, Х.Әбілжанов, А.Дүйсенов, Б.Өскенбеков, Г.Өмірбаева, Д.Сыз­дықов, Ұ.Белғозиева, тағы басқа ком­по­зиторлардың әндері­не өлең жаз­дым.
- Ал өзіңіз ән жазасыз ба?
- «Әннің де естісі бар, есері бар» деп Абай атамыз айтқандай, бала кезімізден бастап жайлауда қой бағып жүріп, кішкентай тран­зистордан Ж.Елебеков, Ғ.Құр­ман­ғалиев, М.Ержанов, М.Еше­ке­ев, Б.Сыбанов, Д.Рақышев, Қ.Байбосынов, Ж.Кәрменовтің орындауындағы тамаша інжу-мар­жан әндерді тыңдап өскен­діктен болар, халық әндері мен халық композиторларының ән­дері жаныма өте жақын. Сон­дықтан қолыма домбыра алып, халық әндерін орындасам, бір жа­сап қаламын. Ал өз әндеріме ке­летін болсам, көңіл тебіреніс­те­рі­нен туған қоржынымда біраз әнім бар. Бірақ бәрін насихаттай беруге құлықты емеспін. Деген­мен, М.Ма­қатаевтың өлеңіне жа­зылған «Аңғал досым-ай» дейтін ән Та­раз­дағы Ғани Мәтебаевтың орын­дауында айтылып жүрсе, «Има­ның — жалғыз жолдасың» ат­ты термем М.Бесбаевтың орын­дауында ха­лық­қа кеңінен тарады. Тәуел­сіз­дігімізді көксеп, алаш ас­па­нында шоқ жұлдыздай жарқы­рап, ұлттың елдігі мен рухания­тына өлшеусіз үлес қосқан Алаш арыстарының ұлы есімдерін ұрпақ жадында жаңғыртсам деген ізгі ниетпен «Алаш арыстары» деген ән дү­ниеге келген болатын. Бұл ән 2010 жылы «Нұр Отан» ХДП ұйымдас­тырған «Елім деп соққан жүрегім» атты жалпы респуб­ли­калық бай­қау­да «Ең үздік автор­лық ән» ата­лымы бойынша же­ңім­паз атанды. Аталмыш әнді та­­лантты әнші Ерлан Рысқали орын­дап жүр.
- Таяуда «Атамұра» баспасынан «Уақыт керуені» атты жыр жи­на­ғыңыз жарық көрді. Бұл сіздің тұң­ғыш кітабыңыз ба?
- Алғашқы «Көзайым» атты кітабым меценат, қазақтың абзал азаматы Шамсат Исабековтің де­меушілігімен 2007 жылы жарық көрген болатын. Ол кітапта өлең­дермен бірге айтыстар, әнге жа­зыл­ған мәтіндер топтастырылса, жаңа кітапқа тек қана әр жыл­дардағы жазылған өлеңдер енген. Бұл кітап «Атамұра» корпорация­сының президенті, Қазақстан Рес­публикасының еңбек сіңірген қайраткері, ұлттық өнеріміздің жанашыры Рақымғали Құл-Мұ­хаммед мырзаның демеушілігімен жарық көрді. Осы «Уақыт керуені» кітабы жақында ғана Қазақстан Жазушылар одағының поэзия кең­есінің отырысында талқылан­ды.
- Барлық өнер адамдары ал­ға­шында баспана қиын­шылығын кө­реді. Бұл мәселені қалай шеш­тіңіз?
- Белгілі жазушы Кәдірбек Сегізбайұлының «Біз қалада тұ­рамыз» атты кітабында жазғанын­дай, жастықтың жалынымен Ал­матыға арман қуып келгендердің алдынан кім құшағын жайып шық­ты дейсіз? Өз еліміздің бір азаматы ретінде баспана немесе тегін жер алмасақ та, тәуел­сіз­дік­тің әр таңына шүкіршілік ай­тып жүрген жайымыз бар. Иман­ғали Тасмағамбетов Алматы қа­ла­сы­ның әкімі болып тұрған кезде да­рынды жастардың біразын баспа­намен қамтамасыз етіп, қам­қор­лық танытқан еді. Баспана беру туралы қала әкімі қол қойған тізімнің ішінен өзіміздің аты-жө­німізді естіп, төбеміз көкке екі елі жетпей жүр еді, кейін бір орын­басары тізімнен сызып тастапты. Соған қарағанда біреулердің тағ­дыры қосу мен алуды жақсы бі­ле­тін шолақ белсенділерге ойыншық сияқты ғой. Қазір Алматы облысы Қарасай ауданының тұрғыны­мын.
Елбасының биылғы Жол­дауын­дағы «Қолжетімді баспана» бағдарламасы іске асырылса, бас­панасыз жүрген талантты жастарға мемлекет тарапынан үлкен көмек болар еді. Өйткені бойындағы дарыны мен күш-қайратын ел игі­лігі үшін жұмсайтын шақта­рында жас отбасылар пәтерден- пәтерге көшіп, тұрмыс тауқыметін тартып жүр.
- Отбасыңыз жайында да айта кетсеңіз?
- Жұбайым Гауһардың маман­дығы — филолог. Екеуіміз екі ұл, екі қыз тәрбиелеп, өсіріп жатыр­мыз. Қолымызда ақ батасын бе­ріп, тілеуімізді тілеп отырған ана­мыз бар.
- Заман тоза ма, әлде адам аза ма?
- Хакім Абай атамыз:
Әркімді заман сүйремек,
Заманды қай жан билемек?
Заманға жаман күйлемек,
Замана оны илемек, -
демей ме?! Заманды жасайтын адам емес пе!..
- Кімдерден қорқасыз?
- Құдайдан қорықпайтын иман­сыздардан қорқамын.
- Әңгімеңізге рақмет.


Сұхбаттасқан Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, «Айқын».

Пікірлер