Клара Төленбаева: Сырнаймен ән айту мектебін ашсам деймін

3082
Adyrna.kz Telegram

- Мәдениет және ақпа­рат министрлігінің қолдауы­мен, Қызылорда облысы, Шиелі ауданы әкімдігінің ұйымдас­тыруымен жақында өткен «Өз­дерің білер Нартаймын!» атты республикалық әнші-жыршылар байқауында бас жүлдеге ие болдыңыз. Он­сызда атыңыз бар, атағыңыз бар өнер иесісіз. Қазақстан­ның еңбек сіңірген қайраткері бұл додада керісінше қазы­лар алқасының құрамында оты­руы керек емес пе?
- Сыр сүлейі Нартай Бе­кежанов атындағы бұл бай­қау осыған дейін Қы­зылорда өңірінде республикалық кө­лемде өтіп келді. Биыл бас қала — Астанада ұйымдас­тырылды. Бұдан бұрын бір­неше рет ұсыныстар айтыл­ған, бірақ отбасылық жағ­­да­йыма байланысты қа­тыса алмадым. Балаларым кішкентай болып, реті кел­мей жүрген. Бірақ осы жолы әңгіме қозғалғанда, бірден бас тарттым. Шәкірт­терім­мен жағаласқым келмеді. Оның үстіне, жасымыз то­лысты. Уақытында азды-көпті сынға түсіп, топтан оздық дегендей. Алайда Қай­­рат Байбосынов, Алмас Алма­тов ағаларымыз «Сыр­наймен ән айту дәстүрін бір кісідей насихаттап жүрген адамсың. Сол көшті өзің бас­тап жүр­геннен кейін, ке­йінгілерге жол көрсетіп, жөн көрсетіп, жарқырап шық­сайшы» деп біраз қамшы­лады. Сол кісілердің сөзін жер­ге тастай алмадым. Тә­уе­кел етіп, да­йын­далуға кі­ріс­тім. Нә­ти­жесі жаман бол­ған жоқ. Бас жүл­деге тігілген те­мір тұлпар­дың кілтін Фа­риза апай өз қолы­мен та­быстады. Бұйырт­са, осы кө­лікті игілі­гімізге мін­­сек деген ниетіміз бар.
- Байқаудың шарты қалай болды?
- Үміткерлерге қойыл­ған талап бойынша екі кезеңде үш әннен орындадық.
Нартай Бекежановтың өз шығармалары мен ұстазы Тайжан, замандастары Ша­шубай, Кененнің әндерін орындауға ерік берді. Басты олжам — Нартай атамыздың бұрын-соңды көп айтыл­маған, мұрағатта жатқан мұраларын жарыққа алып шықтым. Жалпы, мұндай бай­­қаулардың үлкенге де, кі­шіге де берер тағылымы көп. Дода аясында танымал күй­ші Қошқарбек Тасбер­ге­нов, Шиеліде тұратын Нар­тай Бе­кежановтың дәстүрін жал­­ғастырып жүрген бір­­­ден-бір шәкірті Құрманбек Бек­се­­йітов, әнші-жыршы Әл­мыр­­за Ноғайбаев ағала­­ры­­мыз келіп, шеберлік дәрістер өт­кізді. Әр әннің, әр күйдің шығу тарихын баяндап, қа­лай орындала­тынын көр­сет­ті. Астанаға күнде келе бер­­мейтін, жастардың қо­лына түсе бер­мейтін майтал­мандар. Осындай ағалары­мызбен қауы­шып, сабақ алып, дүниета­ны­­мы­мыз­ды кеңейттік деп ой­лаймын.
- Сіздің қолыңызда Нар­тайдың сырнайы бар деп ести­­міз. Бірақ көп жерге алып шық­­пай­тын сияқтысыз?
- Нартай Бекежановтың шығармасын шашау шығар­май, дәріптеп жүрген Құрманбек Бексейітов деген ағамыз ақын-композитордың 12 түймелі сыр­найын кезінде маған ама­наттап тапсырғаны рас.
- Отырған үлкен-кіші
көңіл көріп,
Айтамын әсем жырды
төгілдіріп.
Сырнайды қарындасқа
тастап кеттім,
Шықсын деп бір
сырнайшы ырым қылып.
Қарама ескі екен деп
формасына,
Талайдың барып келген
ордасына.
Сырнайымды тілеймін
шын жүректен,
Қарындастың айналсын деп жолдасына, — деп ақ бата­сын берген. Бүгінгі күні жақ­сы­лы­ғымызбен қуантып, жүлдеге ие болып жатсақ, дуа­лы ауыз қа­рияның сол батасы дарыған шығар деп ойлай­мын.
Нартайдың сырнайы кө­ненің көзіндей болып, үйімнің төрінде тұр. Бұл аспаптың дауы­сы Нартайдың өз әндеріне ғана жақсы келеді. Дыбыс қатары толық болмағандықтан, басқа мектептің туындыла­рына, Май­­раның, Шашубай­дың шы­ғар­маларына шамасы жете бермейді. Сондықтан көп жағ­дайда ұлтжанды азамат, өнер жанашыры Иманғали Тасмағам­бетов сыйлаған сыр­найыммен ән саламын.
- Сіздің өнер жолыңызға қарап отырсақ, барлығы өз ре­ті­мен басталып, сәтімен келе жат­қан тәрізді…
- Құдайға шүкір деймін. Шы­нында да әрдайым Алла тағала жолымды ашып, бағыма тілекші болатын сияқты. Ба­сымды тауға да, тасқа да ұрып, қиналған кезім жоқ.
Балалық шақтан бастасам, әуелі анам Семей өңірі, Ақсуат ауданындағы балалар музыка мектебіне қолымнан жетектеп апарды. Сол жерде баян кла­сында музыкант ретінде Сәуле Жұмахметова апайымыздан үйренгенім ұшан-теңіз. Ол кісі мені баянда ойнайтын маман музыкант ретінде тәрбиеледі. Мектеп қабырғасында түрлі жарыстарға, байқауларға қа­тысып жүріп, сырнаймен ән айтуға өз бетімше әуестендім. Семейдің Мұхтар Әуезов атын­дағы педагогикалық коллед­жіне оқуға түскенде директо­рымыз Наубат Қалиев қа­на­­­ты­­ның астына алып, өне­рім­ді ұштай түсті.
Шәкәрім Құдайбердиевтің әндерін бізге қаз-қалпында жеткізген Келденбай Өлме­сековті колледжге алдырып, «талантты балаларды тәрбиелеп шығарыңыз» деп дәстүрлі ән үйірмесін ашып берді. Кел­денбай аға Жүсіпбек Елебе­ковтің шәкірті Мәдениет Еше­кеевпен таныстырды. Не ке­рек, сол кісілердің бағытта­уымен Алматыға келдім. Мұнда Қайрат аға құшақ жая қарсы алып, Бекболат Тілеуханның сыны­бынан бір-ақ шықтым. Бек­бо­лат ағаның айтуымен бірін­ші курста Президент ор­кестріне жұмысқа тұрдым.
- «Бағыма қарай, жақсы жар жолықтырдым» дедіңіз…
- Иә, жұбайым әнші-ком­позитор, «Аламан» тобының жетекшісі Медет екеуміз кон­серваторияда танысып, кейін­нен шаңырақ көтердік. Оқу бітірген жылы Мырзатай Жолдасбеков ағамыз мені Л.Гумилев атындағы Еуразия университетіне шақырды. Екі ұжымда қатар жұмыс істедім. Пәтерден пәтерге көшіп, са­был­ғанымыз да жоқ. Бастапқы­да жатақханада тұрдық. Бірақ біз үшін хан сарайынан кем емес еді. 2006 жылы Президент оркестрімен шығармашылық есеп бердім. Сол концерттен кейін оркестр жетекшісі Абай Тасболатов екі бөлмелі қыз­меттік пәтердің кілтін ұстатты. Ал 2009 жылы Елбасы бірқатар өнер адамдарына пәтердің кілтін тапсырды. 15 әріптесім­мен бірге біз де баспаналы бол­дық.
- Бұған қоса, Тәуелсіздік­тің 20 жылдық тойында мәртебе­ңіз өсіп, атақ алдыңыз…
- Президент оркестрінде тер төккеніме — 15 жылдың жүзі болыпты. «Қонақ — қойдан жуас» болғанымен, аз отырып, көп сынайды. Сырттан келген қаншама ресми мейманның алдында абыроймен еліміздің өнерін танытуға тырыстық. Сол еңбегім бағаланған шығар деп ойлаймын. «Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткері» атағын алып, бір қуанып қалдық.
- Ал «Қазақстан» ұлттық ар­насының «Кеш жарық» бағдар­ламасына түсу сізге қаншалықты қажет болды?
- Негізі, бағдарлама үй­лестірушілерінің түсінді­рулері бойынша кезекті концерттік бағдарламалардың біріне қатысамын деп келген едім. Әнді жанды дауыста немесе фонограммамен орындау ту­ралы да толық мағлұмат беріл­меді. Нақты талап айтылмады. Рамазан аға хабарласып, «мұ­ның не, сенің өз даусыңмен ән салуға мүмкіндігің жететін еді ғой» дегенде, не туралы айтып жатқанын ұқпай, өзінен сұ­радым. Байқауға келгенімді, онда сарапшылар алқасының жұмыс істейтінін сол кезде бір-ақ білдім. Әрине, кейін бағдар­лама жетекшілерімен ха­барласып, өз өкпе-ренішімді жет­кіз­дім. Екінші кезеңге өтке­німді білгеннен кейін, «ше­шінген судан тайынбас» деп, аяғына дейін қатысып, ақыры онда да үздік деп танылдым.
- Меруерт Түсіпбаеваның «Қолын қайда жіберерін білмей, шам ұстап шықты» деген пікірін қалай қабылдадыңыз?
- Бұл жерде де түсінбестік болды. Режиссерлер «сіздің артыңызда сахналық қойылым көрсетіледі. Бишілермен бірге сіз де қолыңызға шам ұстап шығуыңыз керек» деген соң, келіскенмін. Әйтпесе, басқа амалын табар едім. Жалпы, сынды дұрыс қабылдай білетін адаммын. Меруерт менің ән­шілігіме мін таққан жоқ. Қоя­тын сыны болмады. Сондық­тан аса мән беріп, ренжіп жат­па­дым.
- Сырнайды серік еткен ару­лардан кімдерді атар едіңіз?
- Жалпы, сырнай татарлар­дан енген кірме аспап. Әзіргі дерек-болжам бойынша, қа­зақ­тың музыка мәдениетінде сыр­наймен ән айту дәстүрі Май­радан бастау алады. Он екі қатар сырнайды аталарымыз өзінің төл аспабы ретінде қа­былдап кетті. Дегенмен бұл сала әлі де түбегейлі зерттеуді қажет ете­ді. Бір анығы, ән өнеріндегі бес мектеп сияқты сырнайдың да өз ерекшеліктері бар. Арқадан, Батыстан, Же­тісудан, Сыр бойынан қолына сырнай ұстап келгендердің ма­қамы, мәнері бір-біріне ұқ­сай бермейді. Олардың арасында Нартай, Шашубай аталары­мыздың ізін жалғастырған аз да болса арулар бой көрсетіп жүр. Қазіргі сәтте Майра Уәлиқызы атындағы ха­лықаралық байқау ұйым­дас­тырып, насихаттап жүрген Ағай­ша Исағұлова апа­мызды ерекше атап өтер едім. Деген­мен әркімнің салған ізі, ұстан­ған бағыты, шығар­ма­шылық жолы бөлек. Менің ашқан жа­ңалығым деп — дәстүрлі әндерді сырнаймен орындап жүрген­дігімді айта аламын. Менің ізім­ді қуып келе жатқан Назгүл Қи­лыбаева деген сіңлім бар.
- «Қазақтың музыкалық мәдениетіндегі сырнаймен ән айту дәстүрі» деген тақырыпта диссертация қорғамақ ойыңыз болып па еді?
- Кішкентайларым бірінен кейін бірі өмірге келіп, орта­сында шығармашылық есеп беріп, гастрольге шығып кетіп жүргенімде, диссертация қорғау жүйесі өзгеріп кетті. Енді машақаты көбейді. Сонымен, әзірге тоқтап тұр. Оның үстіне, дауысым бабында, жастық жа­лыным бойымда тұрған уақыт­ты тиімді пайдаланып, клип түсіріп, ән жаздырып, шырқап қалсам деймiн. Алла ғұ­мыр бер­се, жасымыз ұлғая келе, қағазға бас қоямын деген жос­парым бар.
- Сырнаймен ән салуды үй­рететін өз әдістемелік оқулы­­ғы­ңызды жаздыңыз ба?
- Зәуре Смақова апайы­мыздың «Сырнай үйрену мек­тебі» деген оқулығы бар. Ас­папта ойнау әдісіне арналған. Біз көбіне осы оқулықты пай­даланамыз. Өйткені әр бала әуелі аспапты дұрыс меңгеруі қажет. Қол емін-еркін жүреді, техникасы қалыптасады. Саусақ машықтанады. Сосын әнге ауысқанда өз мәнерімізге ауыт­қимыз. Оны қолмен басып, көзбен көрсетіп, әр саусақты өз орнына қоя отырып, үйретпесек, нотаға түсіру мүмкін емес. Бұрынғы таспаларды тыңдата­мыз. Жалпы, алдағы уақытта әдістемелік кітап жазу ойымда бар. Қазірдің өзінде өз репер­туа­рымдағы әндерді нотаға түсі­ріп, жинақтап қойдым. «Сіз­­ден сабақ алайыншы» деп өтініш білдіретін жастар көп. Талантты балалар тест тапсыра алмай, оқудан құлап жатады. «Бұ­лақ көрсең, көзін аш» де­гендей, болашақта өнерлі ұл-қыз­дарды сырнаймен ән айтуға тәрбиелейтін жеке мектебімді ашсам деп армандаймын.
- Кейде дәстүрді дәріпте­ген­дер шығармашылық кеш өткі­зуге асықпайтындай көрінеді…
- Алматыны айтпағанда Астананың өзінде жұртшы­лық­пен жүздесетін уақыт келді. Ал­ғашқы шығармашылық кон­цертім Елордада өткеніне алты жыл болыпты. Әзірге облыс­тар­ды аралап жүрмін. Бо­ла­шақта өнер мен мәдениеттің ор­­дасында бір концерт қою ойымда бар.
- Эстрадалық бағыттағы әндеріңіздің авторы — жұбайы­ңыз Медет Салықов. Басқа ком­по­зиторлармен жұмыс істегіңіз келмей ме?
- Эстрадалық бағыттағы әндерімнің алты-жетісі расында Медеттің туындылары. «Гүл сезім» әні ғана Ескендір Хасан­ға­лиев ағамыздыкі екен. Ме­деттің әні көңіліме бірден қо­нып, жаныма жағып тұрады. Қалқаман Сариннің өлеңіне жазылған «Жібек сезім» әнінің мен үшін шоқтығы биік. Сон­дықтан «алтын шыққан жерді белден қаз» деп, алыстан ізде­мей, жақыннан дорбалап жа­тырмын. Басқа да композитор­лар әндерін ұсынады, бірақ әлі жарыққа шығарып үлгерген жоқпын. Бір байқағаным, дәс­түрлі өнер мен эстраданы қатар алып жүру оңай шаруа емес.
Дәстүрлі әншілер өзінің ба­ғытымен, қыр-сырымен, кәсіби орындау ерекшелiгімен дара­ланса, эстрада жаңашылдық­ты талап етеді. Әрдайым жасарып, әдеміленіп, жарқырап жүруге міндеттейді. Осы талаптарға сай болуға ұмтыламыз.
- Отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз…
- Бір үйде алты бала өстік. Бір әке, бір анадан туылған үш ұл, үш қызбыз. Мен ең кен­жесімен. Анам — Гүлбаршын Байгелова қа­зір зейнетте. Әке­міз Муфти о дүниелік бол­ды. Өнер бізге на­ғашы­лары­мыз­дан дары­ған. Бала кезімнен дәстүрлі әнді сол кісілерден естіп өстік. Ағала­рым — мұға­лім, дәрігер ма­ман­дықтарын таң­дады. Жан-Қалдыбек деген ағам бар. Ас­­танада Қалибек Қуанышбаев атындағы театр­дың белді актері. Мұқағали Ма­қатаевтың рөлімен танымал. Өз отбасымда Медет екеуміздің Ақкербез, Әйгерім есімді қыз­дарымыз, Нұрсамат атты ұлы­мыз бар.


Әңгімелескен Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ, «Айқын».

Пікірлер