СІМ: Норвегиядан Қазақстанның 45 азаматы депортацияланды

2904
Adyrna.kz Telegram

Норвегияның көші-қон ережесін бұзған Қазақстанның 45 азаматы депортацияланды. Бұл туралы 30 қыркүйекте Нұр-Сұлтанда өткен брифингте сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Айбек Смадияров айтты.

Министрлік өкілінің айтуынша, "Қазақстанның 59 азаматы Норвегияға жұмыс іздеп барған, бірақ оларда тек туристік виза болған. Қазірге дейін 45-і Қазақстанға қайтарылған, қалған 14-і бүгін депортациялануы мүмкін".

- Норвегияға Шенген визасымен барып маусымдық жұмыс істеуге рұқсат етілмейді. Қазақстан азаматтарына Норвегияда [жұмыс істеуге] рұқсат ететін құжаттарды Норвегияның Ресейдегі елшілігі ғана береді, - дейді Айбек Смадияров.

Бұған дейін Норвегияның VG сайты "көші-қон ережелерін бұзған" бір топ шетел азаматының ұсталғанын, олардың басым бөлігі Қазақстан азаматы екенін жазған. Ұсталғандардың 60-тан астамы - Қазақстан, алтауы - Қырғызстан, екеуі Ресей азаматы деп айтылған.

27 қыркүйекте Қазақстанның Норвегиядағы елшісінің кеңесші уәкілі Талғат Жұмағұлов та "Норвегияға Қазақстанның 60 азаматы заңсыз барғанын" мәлімдеген.

Соңғы жылдары жұмыс істеу мақсатында шетелге кеткен қазақстандықтар көбейген. Қазақстан сыртқы істер министрлігі өткен жылы Оңтүстік Кореяда шамамен мыңдаған қазақстандық заңсыз жұмыс істеп жүргенін хабарлаған.

Ресейлік көші-қон қызметінің жақында жариялаған баяндамасына қарағанда, 2019 жылы қаңтар мен маусым аралығында Ресейге 100 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс іздеп келген.

"Азаттық" радиосы

Пікірлер