Наурыз құпиясы. Қуыршақ театрының ерекше тартуы

533
Adyrna.kz Telegram

Наурыз – жаңару мен молшылықтың, береке мен бірліктің мерекесі. Осы мерекеге орай Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театрының ұлттық құндылықтарды дәріптейтін ерекше қойылымы көрерменге жол тартты. Театрдың талантты актері Шохан Құлназаров өзінің режиссерлік дебюті ретінде жыл басына таласқан жануарлардың аңызға айналған оқиғасын сахналайтын «Наурыз құпиясы» қойылымын театр сүйер қауымға жаңаша интерпретацияда ұсынды. 

Бұл қойылым қазақ халқының жыл санау дәстүрі мен мифологиялық түсініктерін көркем жеткізеді. Жыл санау жүйесіне сәйкес, әрбір жануардың өз ерекшелігі мен мінезі бар. Олар бір-бірімен өнерлерін ортаға салу арқылы жарысып, жылдың алғашқы күніне иелік етуге тырысады. Көрермендер сахнада қуыршақ кейіпкерлер арқылы Наурыздың шынайы мәнін түсініп, оның философиялық астарына бойлай алды.

Қойылымның ерекшелігі – қуыршақ бейнелері мен сахналық көріністердің үйлесімі. Театр әртістері қуыршақтарды шеберлікпен басқарып, көрермендерге әсерлі эмоция сыйлады. Ұлттық нақыштағы әсем костюмдер мен қазақ музыкасының сазды шығармаларының үйлесімі қойылымды одан әрі жандандыра түсті. Қойылымда Дель-Арте театрының маскалық костюмдері қолданылып, ерекше атмосфера қалыптастырды.

Театр ұжымы бұл қойылымды балаларға ғана емес, ересектерге де арнап әзірледі. Өйткені, Наурыз мерекесінің терең философиялық мәнін әрбір көрерменнің жүрегіне жеткізу – басты мақсат. Қойылым барысында көрермендер қазақ халқының бай мәдениетімен танысып, дәстүрлердің тәрбиелік маңызын ұғынады. Қойылым барысында Қыдыр ата, Күн мен Түн бейнелерімен қатар қол күрестіру, ұлттық би, әуезді әнді орынды пайдаланған.

Алас дәстүрі – қазақ халқының көне наным-сенімдеріне негізделген, ол үйді, жерді, айналаны жаман күштерден, жын-перілерден тазартудың бір жолы. Бұл Наурыз мейрамы қарсаңында орындалатын маңызды рәсімдердің бірі. Қойылымда Алас дәстүрінің көрініс табуы – тазалық, жаңару, жаңа жылдың таза ниетпен басталуының символын жеткізуге көмектеседі. Қойылымда Алас дәстүрінің көрініс табуы сахналық көркемдік пен этнографиялық шындықты ұштастырып, көрерменді ұлттық салт-дәстүрлердің терең мағынасына жетелеуге мүмкіндік береді. Мұндай көріністер көрерменнің тарихи-мәдени санасын нығайтып, рухани байланысын арттыратыны анық.

«Наурыз құпиясы» қойылымы – ұлттық құндылықтарымызды дәріптеудің бір жолы. Бұл ерекше спектакль көрерменге мерекелік көңіл-күй сыйлап қана қоймай, Наурыздың мәні мен маңызын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді. Оның бір көрінісі ретінде қойылымның суретшісі Юлия Чернованың жұмысын ерекше атап өткеніміз абзал. Әр кейіпкер киген қазақы костюмдер қойылымның тарихи және мәдени ерекшелігін айқындап, көрерменді қазақтың дәстүрлі әлеміне жетеледі. Ұлттық ою-өрнек тек әсемдік үшін емес, белгілі бір символикалық мәнге ие. Мысалы, қошқар мүйіз – молшылық пен берекенің белгісі, ирек су – өмірдің ағымы, гүл оюлары – табиғаттың жаңаруы мен көктемнің жаршысы. Осы оюларды кейіпкерлер костюмдеріне үйлесімді қолдану қойылымның идеялық мазмұнын тереңдете түскен. Киімдер мен ою-өрнектер қойылымның көркемдік тұтастығын сақтауға, дәстүрлі рухты тереңірек жеткізуге ықпал етеді. Мұндай ұлттық нақыштағы костюмдер спектакльдің тарихи шынайылығын сақтап қана қоймай, көрерменді қазақтың бай мәдени мұрасымен жақындатты. 

Мемлекеттік қуыршақ театрының бұл тартуы – қазақ руханиятының жаңғыруына қосылған сүбелі үлес. Осындай қойылымдар арқылы ұлттық мәдениетіміз бен өнерімізді өскелең ұрпаққа жеткізу – маңызды міндеттердің бірі екені анық.

Гүлім КӨПБАЙҚЫЗЫ


Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
У мужчин челюсти отвалились, когда они увидели ее страстный танец
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Это спасет потенцию даже в 70 лет! Продается в каждой аптеке...
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
1 ложку с утра - и все! Живот уходит за 12 дней, бока за неделю…
Пікірлер