Жас жазушы Әлихан Жақсылық әдеби ұйымдардан түбегейлі кететінін мәлімдеді. Бұл туралы ол Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды “Адырна”.
Жазушының айтуынша, ол енді бәйгелер мен марапаттарға үміт артпайды, тек жазу және нарықпен айналысуды мақсат тұтады.
“Күрт бұрылыс жасайтын уақытым келіпті. Сездім… Көптеген әдеби топқа, әдеби ұйымдарға, клубтарға мүше едім. Сан мәрте кешірім сұрай отырып мен сіздермен қоштасатынымды айтқым келеді.
Мен үшін керемет тәжірибе болды, ерекше қолдауға ие болдым. Бірақ өзіме сырт көзбен қарасам аға буынның, үлкен буынның ізімен кетіп бара жатыр екенмін. Не істеу керек? Ендігі шаруам, ендігі жұмысым тек жазу және нарықпен істес болу. Оқырман қауыммен жұмыс жасау. Әдеби орталардың мақсаты сыйлыққа, марапатқа, орденге ұсынуға арналғандай. Мен енді бәйгелер мен конкурстарды, стипендиялар мен гранттарды аңдымаймын деп шештім. Тағы да мың мәрте кешірім сұраймын”, деп жазды жазуші.
Сондай-ақ, ол енді тек жазушы және оқырман деген ұстаныммен өмір сүретінін айтты.
“Жазушылар Одағынан, сондай-ақ барлық әдебиетке қатысты, министрлік тарапынан құрылған ұйымдар мен клубтардың бәрінен кететінімді, шығатынымды растаймын. Тағы да мың мәрте кешірім сұраймын.
Түсіністікпен қараңыздар, маған жұмыс жасау керек, мен енді ешкімге жалтақтамай тек оқырманға кітабымды сатып, жазуымды дамытқым келеді.
Сондай-ақ әдеби жиналыстар, шаралар, әдеби мазмұндағы кештер, Республикалық отырыстар, тағы да басқа бас қосулардың бәрінде енді болмаймын.
Баршаңызға алғыс! Мені қолдаған барша Әдеби Орталарға, Клубтарға мың алғыс айта отыра сіздермен мәңгіге қоштасамын!
Енді ешқайда мүше емеспін, ешкім емеспін, қарапайым жазушымын, саудагермін! Оқырман жүрегінде болсам жетеді…” деді Әлихан Жақсылық.
Айта кетсек, Әлихан Жақсылық қазақ әдебиетіне жаңалық болып келген жас жазушы. “Нотр-дамда құлшылық ету керек пе?”, “Африкадан Аляскаға”, “Ескі вокзалдың жолаушылары” романдарының, “Алты құрлық”, “Төрт мұхит” хикаяттар жинағының авторы. Ұлыбританияның “Алты бұғы” әдеби сыйлығын жеңіп алған. “Дарын” мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты. Шығармалары ағылшын, түрік тілдеріне аударылып басып шығарылған.
Еске салайық, бұған дейін Әлихан Жақсылық белгілі ақын, айтыс жүргізушісі Жүрсін Ерманға назын әлеуметтік желіде жеткізген еді.
Жүрсін Ерман ақын Мұхтар Ниязовқа берген сұхбатында бір кездері айтыс сахнасында өнер көрсеткен кейін прозаға бет бұрған Әлихан Жақсылықты тілге тиек еткен.
“Қазіргі жастар тайыз суда жүрген қайық сияқты. Көңіл көншітпейді. Қолдан жасаған қайғы қасіреттері бар. Соны айтады. Жын-шайтан соны жазады. Әлихан Жақсылық деген жігіт болды ғой бізде. Соны әуелде әлпештеп едік. Соның жолына түсіп кетті. Осындай жастар көбейіп кетті. Біреудің жолын кесейін дегенім жоқ.Өмірдің ақиқатын жазу керек. Жын-шайтан інжілді жазғандар толып жатыр. Ішімізге түспейді”, – деген еді Жүрсін Ерман.
Осыдан кейін Әлихан Жақсылық Жүрсін Ерманға ренішін жасырмай, әлеуметтік желідегі парақшасында ағынан жарылды.
"Қолдан жасалған қайғы қасіреттер жазады" деген сөзін түсінбедім. Мен шығармада ешқашан өзім жайлы, өзімнің жеке басым туралы жазып көрмеппін. Жүрсін Ерман атамыздың нені меңзеп, қай шығармам жайлы айтып отырғанын білмедім… Ата! Мен бәзбіреулер құсап еңіреп жылап, қолдан тағдыр жасап жүрген жоқпын. Дүниеде бар затты жазып, кітабымды сатып жайыма жүрмін. Шайтанға ерді дейтіндей бір жерде бірдеңе істеп отырғанымды көрдіңіз бе?”- дейді Әлихан Жақсылық.