Бүгін - балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың туған күні. Қазақ әдебиетіне өзгеше өрнек сыйлаған жазушының туғанына биыл 99 жыл, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.
Жазушы әдебиет әлемінде өзінің соқпақ жолында қара сөз де, өлең де жазған. Жазушының шоқтығы биік, барша оқырманға таныс шығармалары - "Менің атым Қожа", "Балалық шаққа саяхат", "Өлгендер қайтып келмейді".
Институтта білім алған Бердібек Соқпақбаев шәкірт тәрбиелеуге ден қойған. Еңбек жолын өзінің туған өлкесі Нарынқолда бастап, бірнеше жыл ауыл мектебінде ұстаздық етті.
Қазір мектеп оқулықтарында кездесетін бірнеше өлең мен әңгіменің авторы - Бердібек Соқпақбаев.
Жазушы талайдың сүйікті фильміне айналған, қазақ кино өнерінің алтын қорына енген "Менің атым Қожаның" сценарийін жазды.
1963 жылы экранға шыққан бұл туынды қазақ кино өнерінің қасиетті бойтұмары саналды. 1967 жылы балалар мен жасөспірімдерге арналған фильмдердің Канн қаласында өткен халықаралық фестивалінде "Менің атым Қожа" фильмі жүлдеге ие болған.
Ал "Менің атым Қожа" повесі кітап түрінде басылып, оқырманға жол тартқан. Туындының жарық көргеніне 66 жылдан асса да, өз оқырманын әлі жалықтырған жоқ.