Жәнібектің күміс шақшасы

3099
Adyrna.kz Telegram

Қазақтың маңдайына біткен тума талант, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Жәнібек Кәрменов пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Жарқын Шәкәрім — бозбала сәттен өнер жолын қатарлас бастаған, көп жылдар бойы аралары ажырамаған адал достар. Өкінішке қарай, ажал құрығы әншінің қадамын алысқа жібермеді.

Бірақ өзі кеткенімен көзіндей болып артында мол мұрасы қалды. Ән қоржынын айтпағанда, тұтынған тұрмыстық бұйымдары бір төбе. Солардың бірі — Жәнібектің күміс шақшасы. Бұл жәдігер мемлекеттік мұражай қорына өтпесе де, Жарқын Шәкәрім жеке мұрағатында көзінің қарашығындай сақтап отыр.
Осы уақытқа дейін дара дарын туралы әртүрлі зерттеулер жасалып, кітаптар жарық көрді. Дегенмен бұл әңгіме өнер иесінің азаматтық қырын аша түседі деген ойдамыз.

Жарқын ағаның айтуынша, Жәнібек Кәрменов өз ортасында ән айтып, сейіл құрғанда әңгімесін насыбай ата отырып, тұздықтағанды жақсы көреді екен. Ол күмістелген мүйіз шақшасын белбеудегі теріден жасалған қорабынан алып, алақанға салғанда, айналасындағылар бейне бір бұрынғының сал-серілерін көргендей таңғалатын көрінеді. Насыбайды аса бір ойлы қалыппен, бабын келтіріп ататын саңлақтың қолындағы шақшасына талайлар қызыға қарапты. Қасында күнде жүрген Жарқын аға да Жәнібектің өзі қатты бағалап, қастерлеп ұстайтын бұйымын оп-оңай сыйлай салады деп күтпеген көрінеді.
- Мен консерваторияда, ол эстрадалық-цирк училищесінде оқып жүрген кез еді. Домбырада күй тартатын өнерімді қатты сыйлайтын Жәнібек бір күні мені қазақ артистерінің қара шаңырағы «Қазақконцертке» шақыртып жатқанын айтты. Барсам, сол уақыттағы директор Асылғазы Бекбаев пен қазақтың әйгілі әншісі Жүсіпбек Елебеков тосып отыр екен. Жүсекең салған жерден «Әлгі Жәнібектің айтқаны сенбісің, кәне тарт домбыраңды» деді.

Ұстазым Сапаржан Торсықбаев үйреткен Қытай қазақтарының иықтан асырып тастап, айналдырып тартатын «Арнау» күйін және 1967 жылы Қарағанды өңірінің күйшісі Аққыз Ахметова апамыздың тікелей өзінен қағып алған Тәттімбет күйлерін орындадым. Сәлден соң Жүсіпбек Елебеков ризалық кейіппен мені тоқтатып, басқа да өнерпаздармен бірге өзінің гастрольдік сапарына қосатынын басқадай да тапсырмалары болатынын шегелеп, мені өзінің қарамағына алды. Осылайша Жәнібектің ықпалымен қазіргі заман тілімен айтқанда «кастингтен» өтіп, Жүсіпбек ағамызбен төрт жыл бойы ел араладық.
Бір қызығы, Жүсекең жолға шыққанда киім-кешек салған қоржыны мен домбырасын алып жүруді тек маған тапсыратын. Барған жерімізде ұннан желім жасап, концерт афишасын көше-көшеге желімдеймін. Кешкілікте «Жүсекеңнің әнін тыңдаймыз, Жүсекеңді көреміз» деп, ағылған жұртты есіктен кіргізіп, билеттерін тексеретін жыртушы да мен бола қаламын. Сондайда жарықтық риза болып «Ана елгезектің сахнаға шығатын уақыты болып қалды, шақырыңдар» деп хабаршы жіберетін. Ондайда сахнаға жүгіріп шығып, күй орындап та үлгеремін. Жүсекең концерттен соң да жанынан мені қалдырмайды. Түнейтін сәтте аяқ-қолын, жон-арқасын уқалатады. Өзі биіктеу, мамық төсекке жайғасқанды дұрыс көретін. Мен «әй, бала» дегенде атып тұруға ыңғайланып, төменге, киізге жайылған жайма төсенішке бүктеліп жата кететінмін.
Содан не керек, бір күні Шу стансасына жеткенде, консерваториядағы күзгі оқуым басталуға таяп, тықыршып, мазам кетті. Осы күйімді оғаш көрген Жүсекең «Кәне, айт, не болғанын» деді. Абыздай даналығы былай тұрсын, Жүсекеңнің көзі өткір болатын. Бет-жүзіне тура қарай алмай, әдетке салып, кібіртіктей, басымды сипай бердім. Аузыма сөз түспей, абдырап қалдым. «Шыбындаған ат сияқты басыңды изеп, кекіліңді сипай бермей, айтсаңшы не болғанын. Тіл бар ма, сенде» деді қабағын түйіп. Бұл жолы дауысы тіпті қатқыл естілді.
«Жүсеке… консерватория… Алматы… оқу….» дедім үзіп-жұлып. Аузыма «ертең» деген тағы бір сөз қоса ілінді. Шындығын айтсам, менде Жүсекеңе деген тікелей сөз болмайтын. Ол кісі үнемі өзі сөйлейтін. Мен басымды изеп, айтқанын әп-сәтте орындауға ыңғайланатынмын. Сонымен іс бітетін. Арамызда қалыптасқан осы қасиеттерді тәрбие санайтын, бағалайтын.

Жүсекең мән-жайды ұққан соң, бірауыз сөзге келмей, әкелік қамқорлықпен жанашырлық танытты. Өзі вокзалға ертіп келіп, пойызға билет әперіп, қимастықпен Алматыға шығарып салды. Қоштасар сәтте күміс сағаты бар еді, соны төс қалтасынан алып, «мынау, өзіңе арнаған сыйлығым болсын» деді. Ән айтқанда маңдай терін сүртіп жүретін, қалтасындағы орамалын алып қолыма және ұстатты. Сонымен, пойыз жылжи берді. Көзіне жас ұялап мұңайған қалпы Жүсекең қалып қойды, — дейді өткенге көз жіберген өнер зерттеушісі.

Кейін Жүсіпбек Елебеков сыйлаған сол сағатты Жарқын аға Жәнібекке береді. Оның да үлкен себебі бар.
1980 жылы Жарқын Шәкәрім «Өнер» баспасынан пәтер алады. Жақсылық хабарды естіп, көшіп-қону жұмыстарына қолғабыс етуге қуанышы қойнына сыймаған Жәнібек жетеді. Тура өз үйіне кіріп жатқандай жанын салып жүгіріп, 8 қабатқа жүк тасып, он рет шығып, он рет түседі. Онысымен қоймай, шып-шып шыққан терін сүрте тұрып, «пәтер алғаныңа сыйым болсын» деп күміс шақшасын сыйға тартады. Арасында «насыбай атуды үйрен» деп әзілдеп алады.
Бұған қатты риза болған Жарқын аға тумаса да туғанындай болып кеткен досына «Жүсекеңнің көзі ғой» деп, әнші сыйлаған сағатты ұсынады.
- Қуанышыңа ортақ, қиналғанда демеу боп жүрген осындай жанашыр достан не аяуға болады?! Жүсекеңнің сағаты Жәнібекте жүрсе не айыбы бар?! «Жүсекеңнен — Жарқынға, Жарқыннан — Жәнібекке жеткен тәбәрік болсын» дедім. Бұл сөзіме жауап ретінде Жәнібек сағатты сып еткізіп, төс қалтасына сүңгітті де жіберді, — дейді Жарқын Шәкәрім.
Екі азаматтың айнымас достығының тағы бір белгісі — 1971 жылы түскен сурет. Бірде Жарқын аға әнші Жәнібектің милиция формасын киіп алғанын көріп, өз көзіне өзі сенбей тұрып қалады. Істің мәнісін түсінбеген әріптесіне де біреуін кигізеді. Сөйтіп, тойған қозыдай томпиған екеу аяқ астынан тәртіп сақшысы болып шыға келеді.

Кейіннен белгілі болғандай, Қазақ ССР Ішкі істер министрі Шырақбек Қабылбаев Жәнібекті осы министрліктің ән-би ансамбліне қызметке алып, пәтер берген екен. Сол құрметті ақтау үшін бірер жыл Жәнібек Кәрменов әнші-милиционер, Жарқын Шәкәрім күйші-милиционер атанады.

1971 жылдың 31 қыркүйек күні түсірілген фотосурет сыртына Жәнібек «Жәке! Екеуіміз погонға қызыққан емеспіз ғой, мынау басқа түскен уақыттың бір белгісі ретінде ескерткіш болсын, сақтайық» деп қолтаңбасын қалдырады.
«Жәнібек Кәрменов шын мәніндегі халық сүйіспеншілігіне бөленген адам ғой. Бүгінгі қазақтың әрбірінің өз Жәнібегі бар. Өзінше әңгімелейді. Ал менің Жәнібегімнің шақшасы мен фотосуреті жаныма оттай ыстық, киедей қастерлі» дейді күйші.


Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ, «Айқын».

Пікірлер