Жанғали ЖҮЗБАЕВ, күйші, өнертанушы:
– Жанғали аға, өзіңіз қазіргі күй өнерінің ақылшы ағаларының біріне айналған жансыз. Бүгінгі күй өнерінің алған бағыты қалай және жастардың осы бір тылсым өнерге деген ықыласы қандай?
– Бұл күй деген жарықтықтың өзіне тән кезеңдері болады. Бір кезеңде дәуірлейді, енді бір кезеңдерде тоқырайды. Бір кезде дағдарысқа ұшырайды, тіпті кей кезеңдерде жоғалып та кетеді. Күйдің гүлденген уақыты Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Қожеке, Қазанғап, Бейсембілердің заманы – Қазан төңкерісіне дейінгі кез. Қазан төңкерісінен кейін күй өнері әжептеуір дағдарысқа ұшырады. Күй дегеніміз де ұлттың тілі ғой. ХХ ғасырдың басында қазақтың рухани мәдениеті әлсірей бастады. Коллективтендіру басталды, жаңа заманды жырлаған күйлердің қатары көбейді. Күйдің атадан балаға жалғасып келе жатқан мектебі өзінің дәстүрлі жолынан жаңылды. «Партия туралы», «Космонавт», «Сегізінші март» деген сияқты жаңа заманды жырлаған күйлер кең өріс алды. Осындай арнау күйлердің шыққанын есептегеннің өзінде, оның дәрежесі бұрынғы күйшілік дәстүрден әлдеқайда төмен болатын. Оның үстіне музыка әлемінде әуеннің маңайына ықпал ете алатын ұялары болады. Мысалы, Қытайдың музыкалық ұясы, ежелгі түріктің, оғыздың музыкалық ұясы немесе Еуропаның, әсіресе шотландықтардың сыбызғы мақамы сияқты үлкен музыкалық мәдениеттер болған. Сол секілді сан ғасыр бойына қаймағы бұзылмаған қыпшақ әуезі де өзінің ізін жоғалта бастаған кез осы уақыт болатын. Өйткені музыканы дамытудың еуропалық жүйесі батыл қолға алынды. Әуен атаулының барлығын нотаға жазу науқаны басталып кетті. Оркестр мәдениеті, ансамбль мәдениеті кірді. Бұлардың барлығы батысеуропалық мәдениет еді. Опера мен симфонияны қоспағанның өзінде, оркестр, ансамбль, камералық өнер түрлері салтымызға сіңісе бастады. Жалпы, түріктің музыкасында ұжымдасып өнер көрсетуді жоққа шығаруға болмайды. Өйткені түркі халқы отырықшылар және көшпенділер болып екіге бөлінеді. Қаны түрік болғанымен, діні басқа алтайлықтар, хақастар сияқты халықтарда ұжымдасып өнер көрсету формасы болған, сондықтан олардың күйі бұзылған жоқ. Ал біздің қазақта ондай жора болмағандықтан, күй өнері кәдімгідей дағдарысқа ұшырады. Сырттан қараған адамға дамып жатқандай көрінгенімен, ішкі жан дүниесі бөлшек-бөлшек болып шыға келді.
Содан бері келе 50-жылдар тұсында қазақ есін жинады. 55-жылдары қазақ күйшілігі қайта бой көтерді. Алаш баласы бұрынғы ата-бабасынан қалған күйлердің барлығын есіне алып, жадын жаңғырта бастады. «Ақсақ құланды» аңыратып тартқан Рүстембек Омаров, Бөкей ордасының биік күйлерін толғаған Қали Жантілеуов, Арқаның қырық буын қосбасарын шерткен Әбікен Хасенов, қобыз бен домбыраны қатар сөйлеткен Жаппас Қаламбаев, Аралдан Қарақалпаққа дейінгі қоңыр әуенді түгендеген Бақыт Басықараев, Сәдуақас Балмағанбетов сияқты күйшілердің арқасында күй өнері – дала мәдениеті қайта түрленді. Осы кезеңде ерекше күйшілік болды. Ғаламат күй мектептеріне жан бітті. Арқаның шертпе күйлерінің ішінде Аққыз, Уәли Бекенов, Мағауия Хамзин секілді мықтылар шықты. Кеңес өкіметінің тұғырына нық қонған кезінде кез келген ауылда радио торабы болатын. Сол радиодан үзбей тек қана ұлттық музыка, оның ішінде күй өнері таңертеңнен кешке дейін насихатталды. Бұл күйдің дәуірлеген кезі еді. Бұл кезең өзінің дәуірлегенімен қоймай, өзінен кейінгі күйшілік мектепті де қалыптастырып үлгерді. Осы кездегі дәулескер күйшілерден тәлім алған кейінгі буын ретінде мен Шәміл Әбілтаев, Қаршыға Ахмедияров, Таласбек Әсемқұлов, Генерал Асқаров, Төлеген Момбеков, Мұхаметжан Тілеуханов, сонымен бірге мына берідегі Секен Тұрысбековке дейінгі күйшілік кезең, сөз жоқ, сол мектептен сусындаған, қазақ күй өнеріне өзіндік үлесін қосқан азаматтар деп сенімді айта аламын.
Бұдан кейін жаңа ғасыр келді. Менің айтып отырғаным екінші мыңжылдық емес. Мәселен, 80-жылдардан бастап қазақтың тек қана әні емес, жалпы, күйіне батысеуропалық әуеннің кірігуі жаппай насихатталды. Кеңестің шекарасы тарс жабық болғанымен, музыканың шекарасы айқара ашық еді. Соның нәтижесі ретінде қазақ әндерін алғаш басқаша, дәстүрлі емес стильде орындаған «Дос-Мұқасан» тобын тілге тиек еткім келеді. Әрине, «Дос-Мұқасан» қазақ мәдениетінде өзіндік орны бар, жаңаша бағытта ән салған, өте жақсы, ел құрметтейтін ұжым. Дегенмен бұрынғы «Ләйлім шырақты», «Жайдарманды» қазақы қалыппен айтқан емес. Жаңаша бағытта орындады. Ал «Құдаша» әнін Beatles (Битлз) ансамблінің стиліне салып жіберді. Сол секілді нақ сол кездегі күйде де осындай бейшаралық болды. Күйді өңдеу, жөндеу, қысқарту, кесу, қосу, жетілдіру деген ұғымдар пайда болды. Одан кейін ол күйлерді камералық музыкадан бөліп алып, эстрадалық музыкаға қосу кең етек алды. Мен эстрадалық музыкаға күйді алғаш қосқан «қаһармандарын» да білемін. Мысалы, Марат Балтабаев, Тасқын Оқапов секілді азаматтарымыз – осы жанрды дамытқандар. Әрине, эстрадашылардың көзімен қарағанда, олар ерлік жасады. Бірақ бұл ісіміз қазақ күйін Еуропаға таныту емес еді. Сөз жоқ, бұл – қате пікір, қасаң қағида. Егер төл өнерімізді Еуропа тануы керек деп жаппай эстрадалық жанрға сала берсек, онда біздің рухани құндылықтарымызға орны толмас нұқсан келеді. Оның басын ашып айту керек. Ал енді Еуропаның біздің музыкамызды тануы тым қажеттілік те емес, қажеттілік туғызбайды да. Бұл жерде саяси да мұқтаждық жоқ. Өйткені Еуропа әл-Фарабидің заманында түріктің, оның ішінде қыпшақ жұртының музыкасының биік екенін таныған, мойындап қойған. Оны ежелгі Римнің оқымыстылары «Бұл халықпен сөз өнері және саз өнерінде таласатын ешкім жоқ» деп жазып кеткен. Музыка тарихынан азғана хабары бар адам оны айтқызбай-ақ білер еді. Дәл солай бүгінгі күні де кішігірім «топ» кұрып, ызыңдаған, шиқылдаған бірдеңелерді жинап алып, «…мен қазақ күйін шетелге, Еуропаға танытамын…» деп шіренетіндердің әрекеті де бекершілік.
– Сөзіңізге қарағанда қазақтың күйі өзінің даму тарихында көресіні көрген екен. Қазақтың басындағы қилы тағдыры секілді талай бұралаң жолдан өткен. Ал кейінгі гүлденген уақыты туралы не айтарыңыз бар?
– Күйдің тоқырауы қалай болғанын көзімізбен көрдік. Қазір күйдің тоқырауына солақай саясатты кінәлайтындар өте көп. Бірақ әңгіме саясатта емес. Жекелеген жағымпаздардың, «жантықтардың», құс төсек пен жұмсақ жастықты жақсы көретін «жампоздардың» әрекетінен күй осындай мүшкіл халге түсті. Мен байларды айтып отырған жоқпын. Қазақтың байлары Кеңес өкіметі көрсеткендей зорлықшыл болған емес. Өнерді қолдауға келгенде бірін-бірі басып озуға тырысатын бәсеке бар еді араларында. Менің айтып отырғаным, жілік майы жіліншігіне тарамайтын «жаңа заман» арқасында дәулетке ие болып, жаңа байығандар еді. Міне, осындайлар кеңес кезінде ойсыз бұйрыққа қол қоя салатын. Осы тоқыраудың жетегінде жаңа ғасырға келдік. Еуропа мәдениетіне басыбайлы берілгеніміз сонша – қазақ күйшісін сахнаға шығармайтын дәрежеге жеттік. Қазақ күйінің беделі қалмады. Консерваторияны бітірген, жаңаша сауат ашқан, ескі күйшілікті көрген мықты мамандарға мүлде сұраныс болған жоқ. Қазақ күйін эстрадаға салып, өңдеп тартушылардың түкірігі жерге тамбай тұрған шақ болды. Мен мұның барлығын керексіз деп айта алмаймын. Бұл тәсіл қоғамдағы белгілі бір топтың күйге деген ықыласын арттыруға қажет те шығар. Бірақ тұтас ұлт үшін дәл сондай зәрулік бар деп айтуға аузым бармайды. Бұл қып-қызыл сауда ғой. Сол кездегі жағдайларды, күйді табалдырыққа сүйрей «насихаттайтын» конкурстарды, концерттерді Алла тағала қазақ музыкасының басына енді бермей-ақ қойсын.
Қашанғы қазақ сорлай берсін, қалай дегенде де, текті халық қой. Заманның дамуы бір қалыпқа түскен соң рухани әлеміндегі бос кеңістікті толтыруға шарқ ұрып бабасының байырғы күйлерін іздей бастады. «Қазақстан» телерадиокешенінде, нақтырақ айтқанда, «Қазақ» радиосының бастамасымен тұңғыш рет «Мәңгілік сарын» деген атпен төл күйлердің антологиясы шыққан кезде халық біртүрлі абдырап қалды. Ондайды күтпегені соншалық – осынау жақсылықтың лебі қайдан еседі деп жан-жағына елегізе қарады. Не үшін керек деген де ұғым болған жоқ. Жұртшылық жапа-тармағай таласып, оқушылар да, мұғалімдер де құндылықты қолға түсіргеніне мәз-мейрам болысып жатты. Тіпті шенеуніктердің өзі бір-біріне сыйлыққа осы антологияны сыйға тартып, қолтаңбасымен табыстаған жағдайлар болды. Артынша «Мәңгілік сарынның» екінші томы шыққан кезде халық өзіне керек дүние осы екенін анық түсінді. Одан кейін «Қазақтың мың күйі» шықты. Осы үш антологияның жарық көруі қазақ халқының күйге, музыкаға деген талғамын, тоқырау заманынан қалыптасқан қате түсінікті түбегейлі өзгертті. Осы тарихи жинақ қазақ күйшілерінің миын, жүрегін бір шайып өткені шындық. Содан кейін жастар да ата-бабасынан қалған мәнерді, күйшілік мектепті сақтай тартатын деңгейге жетті. Қазақтың күй өнерінің байлығы – әрбір аймақтағы ерекшелігі анық көріне бастады. Осы еңбектердің шығуына бас болған М.Құлмұхамед сынды арда азамат екенін айта кетуіміз керек. Сондай-ақ ғалымдар тарапынан А.Тоқтаған, Б.Мүптекеев, С.Ақмолда, А.Мәулет, М.Әбуғазы сияқты азаматтар да күй жинақтауда күші мен қажырын аямады.
– Жанғали аға, қазақтың күй өнері төкпе күй және шертпе күй деп бөлінетінін білеміз. Бірақ күйді бөлу ұлтты бөлу деген желбуаз пікірді ұстанатындар бар. Оларға айтар уәжіңіз қандай?
– Қазақтың күйшілерінің арасында Кеңес өкіметі, қайта құру кезеңінен келе жатқан, күйге жадағай қарайтын, қазақта бір-ақ сарын болуы керек дейтін қате түсінік әлі күнге дейін бой көрсетіп қалады. Күйдің сарыны неғұрлым көп болса, ол – қазақтың байлығы. Қарапайым ғана бір мысал айтайын. Жыр өнерін бір деп танысақ, Маңғыстаудың, Ноғайдың жырын, Сырдың, Қарақалпақтың жыр-терме, толғауының барлығын бір мәнермен орында десек, жырдан қандай қадір-қасиет қалады? Онда біз жыр мен термені тақыр кедей етеріміз сөзсіз. Сол сияқты күйде де мектеп бар. Мектеп дегеніміздің өзі жетістік. Жалпы, шертпе күйді Арқаға тән десек қателесеміз. Өйткені Сүгір бастаған Қаратаудың сазы, анау Алтайдың көмекеймен айтатын әндері секілді шығыстың сыбызғы құсап сұңқылдайтын күйлері бар. Қаз дауысты Қазыбектің сөздері секілді шешен формаға құрылған Арқаның күйлері бар. Жетісуда Алатаудың лебіндей есіп тұратын Нұрғисаның шертпелері бар. Мысалы, «Арман», «Аққу» сынды күйлерінен қарт Алатауды тел емген екі халықтың әуені сезіледі де тұрады. Бұл бұзылмауы керек. Егер біз қазіргі кәсіби оқытудан осының барлығын жойып жіберетін болсақ, онда біз барымыздан айырыламыз.
Ал күйде мәнер деген жарықтық бір жоғалса, қайта қалпына келмейді. Бізде жоғалған мәнер өте көп. Тұтас бір күйшілік мектеп жойылып кеткен замандар болған.
Мысалы, Ақбаланың мектебі (Ақбала – беріректегі мәнер жеткізуші ғана, оның алдындағы күйшілердің аты бұл күнде аталмайды да) аталып кеткен көне Ташкент пен Шымкенттің аралығындағы, бергі жағы мына Қызылордаға дейін келетін Жиделібайсын күйшілік мектебінің басы бола тұра жойылып кеткен. Бұл мектептің өмір сүрген мекені – Түркістан, Қарақалпақ, Аралға дейінгі аралық. Ал енді қазір Қарақалпақтың күйі тірі, Аралдың күйшілік мәнері де өз тұғырына қонған. Түркістандағы мектеп де өз бағытын жоғалтқан жоқ. Себебі ол жерде Нартайдың, Әлшекейдің күйшілігі бар. Ал енді Ақбаланың өз күйшілігі жоқ. Оның мынадай себебі бар: Ақбаланың күйшілік мектебі бастау алған жерде отырықшы мәдениет қалыптасқан. Қазір сол өңірде атақоныстың мәнерімен күй тартатын жан жоқ. Ол өңірдегі ежелгі ән Жамал Омарованың «Бипылымен» тоқтады. Қазір сол мәнердегі әуезді ыңылдай алатын адам таппайсың сол өңірден. Ақбаланың күйін тартатындар бар. Бірақ ол Қазанғапқа еліктейді. Себебі Ақбала мәнерінің түп негізін танымайды. Осындай өзекті мәселелердің барлығы жоғарыдағы антологиялар жарыққа шыққан кезде талқылана бастады. Түрлі ғылыми еңбектер, талдау мақалалар жарық көрді. Сондай ғылыми мақалалардың ішіндегі маған ұнағаны – өнертанушы Берік Жүсіптің мақаласы.
Жалпы, антология деген жинақ қой. Енді бұл әрі қарай жалғасуы керек, зерттеу еңбектері керек. Мектептерге бөлу қажет және оны тәжірибеге енгізуге тиістіміз. Арқаның төріне уық қадаған өнердің белді ордасының бірі – біздің әлем әртісі Айман Мұсақожаева басқаратын Қазақ ұлттық өнер университеті. Сарыарқадағы өнердің қайнаған қазанында қазір дәстүрлі музыка өте жақсы жолға қойылды. Мәселен, әнді алатын болсақ, Жетісудің әншілігі бөлек, терме өнері өз алдына, жыршылық өнердің де жілігі басқа, Ғарифолла мектебі өз алдына жеке мектеп болып оқытылып жатыр. Сол сияқты біздің күй өнерінде де осы тәжірибені енгізіп жатқан майталман мамандар бар. Мысалы, анау Үсен төре, Шал мырзадан бері қарай келе жатқан Қазанғап мектебін жақсы меңгерген Еділ Баcықараев, кешегі Атырау күйшілік мектебінің алыбы Қаршыға Ахмедияровтың мәнерін алып қалған Ақбота Тұрымбетовалар, одан кейін Оралдағы атақты Қали Жантілеуов, ар жағы Сейтек, Динаның елі, Бөкей ордасының, жалпы, Орал төңірегіндегі күйшілікті жақсы меңгерген Абылғазы Ахмадиев деген күйші жігіт бар. Маңғыстаудан Абыл, Есір, Есбай, Шамғұл, Алым күйлерінің майталманы Жұмабек Қадірқұлов деген жас күйшіні атамасқа болмас.
Енді шертпе күйді алайық. Жетісу күйшілік мектебінің күйлерін зерттеген және соны өзі тарта алатын Батыржан Әбенов есімді шебер жігіт бар. Ол – Алатаудың арғы беті мен бергі бетінің толық күйлерінің сазын меңгерген, сол дәстүрді ұстанған күйші. Мұның бәрін айтпағанның өзінде, бізде «төрелер мектебі» деген өз алдына бөлек мектеп бар. Оның басында Дәулеткерей тұр. Сол кездегі өлшемге саятын болсақ, Дәулеткерейдің әкесі Шығай да, аталас туысы Жәңгір де хан болған, көзі ашық адамдар. Сондықтан төрелердің тартысы мен қағысы мүлде бөлек. Төрелердің күйі тек қана салтанатты шерулерде тартылатын күй екен деуге болмайды. Сол мектептің бүге-шігесін аралаған, сол мектептің күйшілік дәстүрін жаңғыртуға өмірін арнаған Тұрар Әліпбаев деген жігіт бар. Мұның бәрін тізбелеп айтып отырған себебім мен жоғарыда атап өткен күйшілердің барлығы – бір-бір күйшілік мектептің шырақшысы. Өйткені бізде сол бағытта ғылыми еңбек жасап жүрген, сол бағытта мектеп қалыптастыра алатын күйшілер бар. Сол себепті бізге күйдің ғылыми негізін қалыптастыратын орталық қажет-ақ.
– Жанғали аға, өзіңіз жоғарыда қазақтың күй мектебінің көпшілік біле бермейтін қырларын ашып бердіңіз. Бізге белгілісі – шертпе күй мен төкпе күй мектебі ғана. Ел аузында осы екі мектептің өкілдері арасында алауыздық бар дегенді жиі естиміз. Сіздің ойыңызша, осы екі мектептің күйшілерінің арасында бірлік бар ма?
– Мен өзім, негізі, шертпе күйдің өкілімін. Мен өнерге, әдебиетке қатысты бөліп тастау, қажетсіз деген ұғымдарды түсінбеймін. Алысқа бармай-ақ, осы пікірді қазіргі жағдаймен бажайлап көрейік. Мысалы, көбіміз төкпе күйдің ең мықты өкілі Қалидың шәкірті, маңғыстаулық Абылдың күйлерін, Нартайдың күйлерін керемет орындайтын Шәміл Әбілтаевтан аса қоймаймыз ғой. Бірақ осы Шәкеңнің шығармашылығын алып қарасақ, өзінің шығарған күйлерінің көбісі шертпе күй. Төкпе күйдің қайталанбас өкілі Қаршыға Ахмедияровтың күйлерін санайтын болсақ, жартысынан астамы шертпе күй. Шертпе күйшіміз Мағауия Хамзин Кұрманғазының «Серперін», «Ақсақ құланды» төкпешілерден артық тартпаса кем тартпайды. Мұның барлығы күйге деген бітпейтін махаббатты көрсетеді. Өзін таныған, болмысын мойындаған күйші ешқашан өзге мектеп өкілін даттамауға тиіс. Ал алауыздықты қасақана туғызатындар ел арасында болған, болады, бола береді.
Төкпе күйшінің шертпе күйге, шертпе күйшінің төкпе күйге деген ынтызарлығы қазақта ешқашан толастаған емес. Бірақ Кеңес өкіметінің идеологиясына сәйкес, бір кездері консерваторияда шертпе күй оқытылмасын деген арнайы бұйрық та шыққан. Себебі кеңестік идеология шертпе күйді алашордашылардың мүлкі деп санаған. Мұны ашық айтуымыз керек. Мәселен, Сәкеннің әкесі Сейфолла заманында өте беделді күйші болған және шертпе күйлерді шебер орындаған. Одан бөлек, Қыздарбек, Сембек, Әбди кешегі атылып кеткен, болмаса солақай саясат атын ұмыттырып жібере жаздаған Сайдалы Сары Тоқаның күйлеріне коммунистік партия әбден өштесіп алған. Сол шекпеннен шыққандар әлі күнге шертпе күйді жаратпайды. Ол рас, бірақ жалпы халықтың арасында күйді шертпе, төкпе болғандығынан жек көру деген ұғым жоқ. Төкпе күйдің топырағын мекендеген Адай болса, ол да шертпе күйді жақсы көреді. Өйткені қаны қазақ. Ал қазаққа дұшпандық ойлайтындар күй мектебін бір-біріне қарсы қояды. Бір сөзбен айтқанда, қазақтың күй өнеріне жік түсіру, ыдырату, тамырынан айыру Кеңес өкіметі үшін батыстың симфониялық шығармаларына шикізат әзірлеудің алғышарты болатын. Кейбір белсенділердің әлі күнге айтып жүргені осы қағида екені даусыз. Ал күйдің түрленіп, құбылып, мектепке жіктелуі Алланың қазаққа берген байлығы деп есептеймін.
Алашқа айтар датым…
Бүгінгі қазақ күйді де, күйшіні де құрметтесін! Жүрек пен сананы тазарту керек. Өз танымын мойындау керек. Қазақ тілі ешқашан жойылмайды. Ол – Қазақстандағы қазақтардың тілі жойылып кеткенде де жойылмайтын мәңгілік тіл. Өзбектің тілі жойылғанымен, қырғыздың тілі жойылмайды. Азиядағы түркітілдес халықтардың тілі жойылғанымен, Осман түркілерінің тілі өз қалпын сақтап қала береді. Қалайда түбірін тауып алады. Ал Алаштың күйі жоғалса, өзбек, қырғыз, түрік қайтадан сол мәнерді ешқашан тауып бермейді. Өйткені ол – осы топыраққа ғана тән өнер. Әр қазақтың таң атпай тыңдайтыны күй болса, жоғалған рухы жаңғырар еді.
Алашқа айтар тілек
«Жастар бұзылып барады» деген сөз мына менің замандастарымның аузынан шықса күлкі туғызады. Алайда жастардың арасында күйді тойға бейімдеп тартатындар бар. Оған қарсылығым жоқ. Себебі ол – күнкөрісі. Бірақ тойға бейімделген күйін сахнаға алып шықпаса деген ағалық ақылымды айтқым келеді. Күйдің де өзіндік сарыны болады. Мысалы, жазушы атаулының бәрі өз шығармаларын Ғабит Мүсіреповтің үлгісінде жазатын болса әдебиеттің құны қалмас еді. Сол сияқты кейінгі күй шығарып жүрген іні-қарындастарыма да бірсарынды күйден аулақ болсын деймін. Ата-бабамыздан келе жатқан байлығымызды, қазынамызды көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек.
Ең өзекті пікір
Нарыққа саудагердің ойы бейімделсе, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық ахуалы бейімделсе, қоғам бейімделсе, ғылым бейімделсе мен оны құп көремін. Ал нарыққа төл өнер бейімделсе, тіпті сөз бейімделе бастаса, онда руханиятыңа ауыр нәубет, жұт келді дей бер.
Ұлағат Ханзада, «Алаш айнасы».